Қазақша сценарий: Алтын күз — Сценарилер — Bilim

0

Алтын күз

Залдың іші мерекеге арналып әсем безендірілген. Ортаға әдемі киінген Алтын күз шығады.

Алтын күз: — Саламатсыздар ма құрметті қонақтар! Сіздерді «Алтын күз» мерекесімен құттықтаймын. Күз мерекесі мол қазына, ырыс алып келсін.

—    Сіздер білесіздер ме? Бүгін менің туған күнім. Соған менің қонақтарым, достарым келу керек еді, соларды күтіп жүрмін. Мына жақтан дауыстар естіледі, мүмкін қонақтарым шығар келе жатқан.

(Әуен ойналып, залға қолдарында жапырақтары бар балалар кіріп, айнала тұрады)

1-жүргізуші: Саламатсың ба, Алтын Күз? Туылған күнің құтты болсын. Біз қонаққа құр қол келген жоқпыз. Өзіміздің ән, би, тақпақтарымызды ала келдік. Енді Алтын күз өзіңе арналған «Жапырақтар» биін қабыл ал.

Би: «Жапырақтар»

Орындайтындар: Ақзира, Жаннұр, Назым, Инабат, Назерке, Ұлжан.

(Қыздар билеп болғасын қолдарындағы жапырақтарын Алтын күзге сыйлайды)

Хор: «Алтын күз»

Алтын күз: Рахмет достарым.

Алтын күз: Құтты болсын тойымыз

Сәтті болсын ойымыз.

Бүгін менің мерекемде,

Той тойлайық бәріміз.

Күз туралы тақпақтар:

Нұртөре: Біздің елге келіпті ғой, Алтын күз,

Жомарттығын бақылайық бәріміз.

Кім табады, кім айтады?

Қандай екен Алтын күз?

Айзере: Шоғы толған гүлдей жайнап,

Жарқырайды Алтын күз.

Сайраңдадық күліп, ойнап,

Келді міне, Алтын күз.

Гүлфайруз: Дала сары секілді

Самал соқты салқындау.

Қырманға дән үйілді,

Алтын астық, алтын тау.

Айгүл: Қамба толы астыққа

Алғыс саған, Алтын күз!

Бір уыс дән шаштық та,

Қап – қап қауын алдық біз.

Елдос: Берекесін сыйлауға 

Өлкемізге күз келді.

Алма пісіп албырап,

Көзді тартқан қоңыр күз.

Каусар: Мәуе пісіп балбырап,

Маужыраған қоңыр күз.

Алма пісіп албырап,

Көзді тартқан қоңыр күз.

Алтын күз: Рахмет, сендерге.

1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, бүгінгі мерекеге арналған «Полька» биін тамашалаңыздар.

Би: «Полька» биі

Орындайтындар: Жандәулет-Назерке, Нұртөре- Жаннұр,

Нұртай-Инабат, Айдын- Ақзира.

Алтын күз: — Қане тыңдайықшы, есік жақтан бір дыбыс естіледі.

—    Сірә, біреу келіп тұр-ау деймін.

(Осы кезде есікті біреу қағады, есік ашылып, үш кірпі және жемістер кіреді. Осы үш кірпі жұмбақтар жасырады.)

1-кірпі: Доп – домалақ сары

Ішінде бар дәні.

Қызығасың көріп, 

Оның аты … (Өрік)

Өрік: Көктем келе бүрлеймін,

Ең алдымен гүлдеймін.

Шілде болмай пісемін,

Дастарханға түсемін.

2-кірпі: Пісетін кезі дәл күзде, 

Мезгілсіз оны үзбе.

Аузыңнан кетпес бал дәмі,

Оның аты … (Шабдалы)

3-кірпі: Бір сабақта көп түйме, Жей алмайсың көк күйде. Санап қара қанша, Оның аты … (Шие)

Шие: Мен моншақты шиемін,

Құмарсыңдар білемін.

Кетіп қалып жүрмесін,

Тамағыңа сүйегім.

—    Біз өзімізбен бірге достарымызды да ала келдік.

—    Келіңдер достарым.

Алма: Пісіп тұрған алмамын,

Тамсандырар бал дәмім.

Жерге сілкіп түсірме,

Ісіп кетер маңдайың.

Алмұрт: Тіл үйірген алмұртпын

Таңсығымын бар жұрттың.

Жақсы өсіре алмайды,

Қараса егер салғырт кім.


Әңгелек: Сары алтындай әңгелек,

Қандай тәтті әңгелек.

Дәмі аузыңнан кетпейді,

Барлығы оған жетпейді.

Қарбыз: Теңбіл – теңбіл қарбызды

Тентек Серік жарғызды.

Сонан соң оны жеді,

Жеді де былай деді:

—    Сүйек болмаса, еті

Неткен тәтті — деді.

Құлпынай: Піскен кезде құлпынай,

Қандай тәтті шіркін – ай.

Қарай бергің келеді,

Дүркін, дүркін, дүркін – ай.

Ойын: «Бейнені құрастыр»

Хор: «Күз келгенде»

1-    жүргізуші: Алтын күз, жеміс – жидектермен бірге көкөністер де келіпті енді соларды тыңдап көрейік.

Гүлнұр: Біздің елге келіпті ғой Алтын күз,

Жомарттығын бақыладық бәріміз.

Кім табады, кім табадыкеліңдер.

Көкөністер өнерін бір көріңдер.

Қызынақ: Бақшамызға көптеген,

Қызынақты өсірдік.

Күз болғанда шырынын

Дайындадық мол етіп.

Дәм татыңыз қып – қызыл,

Қызынақ деген мен болам.

Қияр: Қияр деген мен болам,

Ерте пістім бақшада.

Салат жасап өзімнен,

Қуантамын бәріңді.


Қырыққабат: Қабат-қабат тоным бар,

Капустаңыз мен болам.

Аспаз тәтей дәмді ғып,

Дайындайды әрдайым.

Сәбіз: Бақтан атам бақшаға 

Әкелді сәбіз қаншама?

Сол сәбізден дәм татып,

Бойым өсті соншама.

2-    жүргізуші: Ал енді, Алтын күз, бәріміз ойын ойнайық.

Ойын: 1. «Кім жылдам»

2. Ата – аналар жарысы.

1- жүргізуші: Алтын күз, енді біздің астықтарымызды тыңдап көрейік.

Бидай: Нан атасы бидаймын,

Нанды елге сыйлаймын.

Піскенімде мен қырда,

Қауызыма сыймаймың.

Тары: Ақ, қарамын, сарымын, 

Мен атақты тарымын.

Еңбегімнің жаз бойғы

Қайтарамын қарымын.

Сұлы: Мен сұлымын шырағым,

Барлық малға ұнадым.

Ауырлаған басымды,

Көтере алмай тұрамын.

Арпа: Қызыл мұртты арпамын,

Ырыс – құтты арнамын.

Машинаға мініп ап,

Малды ауылға тартамын.

Алтын күз: — Балалар, жарайсыңдар! Менің туған күнімді өте жақсы өткізіп жатырсыңдар. Келіңдер енді бәріміз бірге би билейік.

 

Сабырбаева Лаура Жанасбекқызы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақсу ауылы №116 орта мектептің «Ер Төстік» шағын орталығының тәрбиешісі