Қазақша сценарий: 6 Шілде — Астана күні (Балабақша | Жайнай берсін, Астана!)

0

Тақырыбы: «Жайнай берсін, Астана
Мақсаты: Балаларға еліміздің бас қаласы — Астана туралы мәлімет беру.
— Баланың ізгілік қасиетін дамыту. Ойын арқылы балалардың ой — өрісін, қимылын ұштау.
— Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, өз елінің отанын сүйетін патриот болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қ. Р — ның рәміздері, Астана қаласының ғимараттары.
Әдісі: Әңгімелесу, сұрақ — жауап.
Жүргізуші: Қайырлы таң, балалар!
Қайырлы таң, қонақтар!
— Сіздерді салтанатты мереке Астана күнімен құттықтаймыз!

Жылулық шеңбері: Ал, енді балалар бәріміз бір — бірімізбен сәлемдесіп алайық.
Амансың ба, Алтын күн!
Амансың ба, Жер ана!
Амансың ба, Астана!
Келдік саған қуана!

— Балалар, енді бүгінгі күнімізге сәттілік тілей отырып, жылы лебіздер айтайық.
Деніміз сау болсын!
Күніміз күлімдесін!
Еліміз аман болсын!
Ата — анамыз қасымызда болсын!
Бәріміз дос болайық!
Бәріміз бақытты болайық!
Аспанымыз ашық болсын!
Әнұран орындалады.

— Кәне, балалар отырайық. Біз бүгін Отан туралы әңгімелесеміз. Балалар Отан деген сөзді қалай түсінеміз?
Балалар: туған жерім, атамекенім, отбасым, халқым.
— Дұрыс балалар, Отан дегеніміз біздің еліміз, туған үйлеріміз, өзіміз туып өскен жеріміз.
— Біздің Отанымыз — Қазақстан. Қазақстанды Отанымыз дейтін себебіміз, бұл жерде ата — бабаларымыз тұрған, енді сол жерде біз тұрамыз. Адал адам Отанын сүйеді. Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны сияқты, Отансыз да өмір сүре алмайды. Біздің мемлекетіміз Қазақстан Республикасы, ұлтымыз — қазақ.

— Балалар, Қазақстан Республикасының президенті кім?
— Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
— Біз қай мемлекетте тұрамыз?
— Қазақстан Республикасы
— Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қандай?
— Қазақ тілі
— Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Қазақстанда әртүрлі ұлт өкілдері тұрады? Соның ішінде қандай ұлт өкілдерін білесіңдер?
— Орыс, өзбек, түрік, қытай.
— Мемлекеттік рәміздерімізді кім атап береді?
— Әнұран, ту, елтаңба.
— Ел ордамыз қай қала?
Астана.