Қазақша реферат: Тұлғалық бағытты оқыту жүйесі |
Тұлғалық бағытты оқыту жүйесі оқытудың тек адамның психикалық дамуына бағытталуы принциптеріне сүйене жүргізілуі мүмкін еместігін түсінген кезде пайда бола бастады. Тұлғалық бағытты оқыту жүйесі негізін құрайтын тұжырымдамалар: гуманистік педагогика, неопрагматизм, экзистенциализм, неопедоцентризм, еркін тәрбиелеу (70-жылдардағы АҚШ, Еуропадағы), ынтымақтастық педагогикасы (80-жылдардағы Кеңес Одағы). Бұл тұжырымдамалардың барлығын либералдық педагогика деп атауға болады. Педоцентризм идеясын дамытқан Д. Дьюи догматикалық оқытуды терістей отырып, педагогика өзінің барлық категорияларын (мақсат, мазмұн, оқыту әдістері) баланың қажеттіліктері мен қызығушылықтарына сәйкес қарастыруы керек деген пікірді дамытты.
Гуманистік психология өкілдері — А.Маслоу мен К.Роджерс оқытуды ұйымдастырудағы басты принцип «дамытушы көмек» көрсету деп көрсетті. Бұл принциптің мәні мұғалім оқушыға не істеу керек екендігін көрсетіп, проблеманы ол үшін шешпей, оның белсенділігін және ішкі күштерін ояту қажет, өзі таңдау жасап, шешім қабылдап, жауап бере білуге үйрету қажет деп есептейді. К.Роджерс: «Дәстүрлі мектепте өктемшіл, еріксіз оқыту (когнитивтік оқыту типі) жүреді, мұнда оқу үдерісінде білімдерді мұғалім таңдаған бағдарламамен меңгеру ғана жүреді. Ал оқыту типі «тәжірибелік оқу» болу керек. Бұл оқу типі бойынша окушылар ерікті, өз бетінше іс-әрекетте, өзінің тәжірибесінде, пікірталас пен шешім қабылдау барысында оқып білім алуы қажет», — дейді. Тұлғалық дамыта білім беру идеясы 80-жылдарда ынтымақтастық педагогикасында жүзеге асырылды. Ынтымақтастық педагогикасын жаңашылдар педагогикалық үдерісте үйлесімді дамудың қажетті шарты ретінде оған қатысушылардың ізгілікті өзара қатынасын орнату деп түсінді.
Ынтымақтастық педагогикасының негізін құрайтын ізгілік бағыттағы пікірлер:
«Бала қандай болса, оны сол күйінде сүю қажет» (Ш.А. Амонашвили).
«Тәрбие — ең қарапайым нәрсе — баланы сол қалпында сүюден басталады» (Е.Н. Ильин).
Тұлғалық дамыта оқытуды жүзеге асыру бірқатар инновациялық түрлендірулер енгізуді қажет етеді. Оқушылар белсенділігінің өзіндік құнды формаларын дамыту үшін пәндік жағдайлар жасап, өз бетінше жаңалық ашуға, жаңа тәжірибе жинақтауға және оқушылардың өзіндік құнды белсенділігін қолдайтын коммуникативтік жағдайлар жасау мүмкіндігін беретін дамытушы тапсырмаларды құру қолданылады. Мұндай амалды В.А. Петровский тұлғалық-бағытты амал деп атайды. Ол білім беру мазмұны және оқытушылар мен оқушылар қарым-қатынасы түсініктеріне бірқатар өзгерістер енгізіп, вариативтілік, аффект және әрекет, интеллект синтезі, басым бастау принциптерін тұжырымдайды.
Тұлғалық-бағытты амал адамның танымдық сферасын (түйсінуді, қабылдауды, есті, ойлауды) дамыту маңыздылығы мен қажеттілігін төмендетпейді, керісінше, баса көрсетеді. Объективті дүниені баланың меңгеруі үдерісі үйретуші бағдарламалармен, оқыту үдерісін құрудың ерекше жолдары және әдістері негізінде жүргізіліп, таным үдерісін қамтамасыз ететін психикалық үдерістердің жүруі, бағынатын заңдылықтары жайлы оқушыларға мағлүматтар берілу арқылы жүзеге асырылады.
Білім беруде ұзақ уақыт мұғалім оқушыны білуі керек және сабақ беру әдістемесін меңгеруі қажет деп талап етілді, ал бірақ танымдық, эмоционалдық жэне еріктік сфералар негізінде жатқан психологиялық заңдылықтарды оқушы да білуі қажеттілігі жайлы мэселе қойылмады. Көп жағдайда үлгермеушілік оқушы қабілеті, ұмтылуы жоқтығынан емес, тұлға қызметі және дамуы, оның үдерістері, қасиеттері мен күйлері жайлы заңдылықтарды оларға түсінікті түрде ашып көр-сететін психология элементтерін оқытуға көңіл бөлмеуге де байланысты. Оқыту субъектілерін тұлғалық дамытудың осы жағымен байланысты принциптерді бөліп алып тұжырымдаған — В.П. Зинченко, Е.Б.Моргунов. Бұлар оқушының таяу жатқан даму аймағы өлшемін анықгау қажет, оның азаюы немесе артуы оқушының дамуына кері әсер етуі мүмкін деп көрсетеді. Тұлғалық дамыта оқытудың философиясы: адамды қалыптастыру емес, оның өзін-өзі қалыптастыруына көмектесу. Мұндай дидактика мәдени-тарихи (немесе әлеуметтік-мәдени) педагогиканың құрамды бөлігі, мақсаты — жаңа (дүние үсті, планетарлық) сана мен өзіндік сананы қалыптастыру болып табылады.