Қазақша реферат: Сақтардың сан ғасырлық тарихи ерекшеліктері
Сақтар – б. з. б. 1-мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан, Шығыс Түркістан жерін мекен еткен ежелгі тайпалар. Бұларды грек тарихшысы Страбон «азиялық скифтер» деп жазды. Рим жазушысы үлкен Плиний де осылай деген. Оның жазуынша скифтерді парсылар «саға» («сақа», «сақ» аты осыдан шыққан) дейді. Қоныстанған жерлері Б. з. б. I мыңжылдықта Солтүстік Үндістанды, Ауғанстанды, Орта Азияны және Қазақстанның оңтүстігін қамтитын кең-байтақ аумақта жинақтап алғанда «сақ» деп аталатын көптеген тайпалар мекендеген. Геродот (б. з. б. V ғ.) және баска антик тарихшылары оларды Азия скифтері деп атаған.
Fылымда сақтардың бұл топтарының Орта Азия мен Қазақстан аумағында шоғырланғаны туралы көптеген болжамдар бар. Олардың біреуіне сәйкес Шаш (Ташкент ауданы), Солтүстік Қырғызстан аумағында және Қазақстанның оңтүстігінде тиграхауда-сақтар мекендегені, бұл сақ тайпаларының этникалық аумағы кеңірек болған, оған Оңтүстік Орал еңірі мен Таулы Алтайда енген. Ахемендік Иранның сына жазу ескерткіштерінде Сақтар үш топқа бөлінеді. Олар: хаумаварға Сақтар (хаому шарабын ішетіндер немесе амюрийліктер); тиграхауда Сақтар (шошақ бөріктілер); тьяй-парадарая Сақтар (теңіздің арғы жағындағылар). Бұлар Орта Азияның оңтүстігін, Арал теңізінің төңірегін, Сырдария бойын, Жетісу алқабын мекендеген. Сақтар одақтарына яксарт, массагеттер, исседон, дайлар, астақ, қамақ, аримаспы сияқты көптеген көне тайпалар біріккен. Бұлар Кавказ тауын «Қаз» тауы деп атаған. Сақ жерінде Яксарт (Сырдария), Оксус (Өкіссу – Әмудария) үлкен өзендер болған. Сырдарияны Бақтиярлар (бактрлар) Яксарт, ал Сақтар Сілес (Сіле, Сілеті) деп атаған. Сақтардың б.з.б. мәдениетті ел болғаны туралы дерек мол. Археологтар Қазақстанның оңтүстік ауданы мен Қырғызия, Тәжікстан және Алтай жерлерінен Сақтар тайпаларының қорғандары мен обаларын тапты. Парсы патшасы Дараявауштың Парсаға (гр. Persepolis) жақын Накширустамдағы тас жазуларында сақаларды үш топқа бөліп көрсеткен:
- парадрая (теңіздің арғы бетіндегі сақалар) — еуропалық сақалар-скифтер немесе Арал теңізі, Сырдарияның арғы жағындағылар;
- хаомаварга (хаома сусынын жасайтын сақалар) — Ферғана алқабын мекендеушілер;
- тиграхауда (шошақ бөрікті сақалар) — Сырдарияның орта ағынын және Жетісуды мекендеушілер.
Парсы және антик деректемелеріндегі тайпаларды Қазақстан мен Орта Азияның осы замангы картасына орналастыру туралы мәселе әлі түпкілікті шешілген жоқ. Теңіздің арғы жағындағы сақтарды оқшаулап бөлуде таяу уақытқа дейін екі көзқарас болып келді. Бірінші көзқарас (В.В. Струве) тұрғысынан, парадрайа-сақтарды Арал теңізінен шығысқа таман және Әмудария мен Сырдария өзендерінің төменгі бойларына орналастыру керек еді. Мәселені бұлайша коюға I Дарийдің сақтарға қарсы жорығының жүрген жолы туралы әңгімелейтін Бехистун жазбасынын бесінші бағанының екінші жартысын қайта құруды ұсыну негіз болды. Бехистуннан алынған мәтінінін қалпына келтірілген бөлігін, ал одан кейін Накши-Рустем және Персеполь жазуларын антик деректемелерінің мәліметтерімен салыстыру негізінде — парадрайа-сактардың және «Соғдының ар жағындағы» сақтардың массагетгерге, дайларға, каспилерге сәйкестігі туралы болжам жасалды.
В.В. Григорьев басқаша көзқарасын айтады, оған карағанда парадрайа- сақтар деп Оңтүстік Ресей және онымен шектес аймақтар аумағын мекендеген еуропалық скифтерді түсіну кажет болады. Бехистун жазбасын жаңадан зерттеу және аудару Бехистун жазбасының V бағанасын баскаша карап, басқаша түсіндіруге әкеп соқты. Қазіргі уақытта парадрайа-сақтарды Қара теңіздің солтүстік төңірегіне орналасты деу дұрысырақ деп саналады10. Орта Азия мен Қазақстан сақтарының басқа екі тобы (хаумаварга мен тиграхауда) Таяу Шығыстың халықгарына көбірек мәлім болған. Кир мен Дарий жорықтар жасаған тиграхауда-сақтар Ахеменид бедерлері мен мөрлерінде бірнеше рет бейнеленген. Олардың Скунха деп аталатын көсемінің тұлғасы баска да бағындырылған халықтардын патшаларымен бірге Дарийдің бұйрығы бойынша Ирандағы Бехистун деген жердегі жартасқа қашап салынған. Ежелгі Шығыстың ең көне және аса маңызды саяси кұжаттарының бірі деп әбден орынды саналатын Бехистун жазбасының сақ көсемін тұтқынға алумен байланысты оқиғаларға арналған V бағанасының 20—30-жолында былай делінген:
«Дарий патша былай дейді: содан кейін мен әскеріммен Сақтарға аттандым. Шошақ бөрік киетін сақтар шайқасқа шықты. Мен теңізге жеттім де, бүкіл әскеріммен арғы бетке өттім. Сөйтіп мен сақтардың бір бөлігін ойсырата талқандадым да, екінші бөлігін тұтқынға алдым… Скунха деген көсемін қолға түсіріп, маған әкелді. Сол жерде мен өз дегеніммен екінші біреуін (олардың) көсемі қылып тағайындадым. Бұдан кейін ел маған қарады».
Бұл мәтін шошақ бөрік киетін тиграхауда-сақтар туралы ақпарат беретін, сақталып қалған бірден-бір жазбаша құжат болып табылады. Онда тиграхауда-сақтар жері басталатын бір судың бар екендігі де айтылады. Сақтар мен массагеттер еліне Ахеменид патшалары Дарий мен одан бүрынғы II Кирдің жорықтары тарихи анықталған фактілер қатарына жатады.
Сондай-ақ тиграхауда-сақтар Шашты, Тянь-Шаньді және Жетісуды мекендеген деген пікір де бар. Страбонның айтуы бойынша, массагеттерден солтүстікке таман, «Меотидадан жоғары» (Страбон, XI, 9,2) жерлерде дай тайпалары қоныстанған. Сырдарияның арғы жағындағы олар Александр Македонскийдің замандастарына да мәлім болды. Антик авторлар оларды, бұрынырақта Геродоттың жазғанындай, массагеттердің иелігіндегі жерлерде орналастырады. «Дах» атауы неғұрлым ертеректегі деректемелер- «Авеста» мен Ксеркстің «дэвтер» туралы жазбасында да мәлім. Мұның бәрі дахтардың (дайлардын) әуелде массагеттердің солтүстігіне таман аймақты мекендегенін, не массагеттердің бірлестігіне кіргенін көрсетеді. Б. з. б. III ғасырдың орта шенінде дайлар тарих ересінде массагетгердің орнын алып, Каспий маңының оңтүстік-шығысынан, Парфия шекарасынан келіп шығады. Осы уақыттан бері «көптеген скифтер, Каспий теңізінен бастап, дайлар деп аталады».
Көне парсы сына жазулары мәтіндерінде сақтардан солтүстікке таман өмір сүрген тайпалар мен халықтар туралы ештеңе айтылмайды. Тек Авестада ғана сайрим деген атау айтылады, бірақ бұл халыктың кай жерді мекендейтіні туралы ешқандай мәлімет жоқ. Ежелгі грек деректемелеріндегі мәліметтер көбірек, оларда Авестаның сайримдерімен салыстыруға болатын савроматтар тайпасы туралы айтылады. Савроматтар туралы алғашкы деректер Геродотга бар: «Танаис өзенінің (казіргі Дон өзенінің) арғы жағы енді скиф өлкесі емес, бірақ ондағы алғашқы жер иеліктері савроматтардың қолында. Савроматтар Меотия көлі ойпатынан бастап солтүстікке карай он бес күнде жүріп өтуге болатын жерді мекендейді…» Мұның өзі Донның құйылысынан Еділдің сагасына дейінгі аумаққа сәйкес келеді.
Алайда «сақтар», «скифтер», кейініректегі «түріктер» терминдері сияқты, «савроматтар» терминін де авторлар көбіне екі мағынада: тайпалардың өз атаулары ретінде және тілі мен мәдениеті жағынан туыстас тайпалардың үлкен тобын біріктіретін термин ретінде қолданған. Грек-латын деректемелері көбіне бұл этнонимді жиынтық мағынада, савромат бірлестігінің әр түрлі тайпалар құрамын тікелей көрсете отырып (Үлкен Плиний, Эфор, Псевдо-Скилак, Эвдокс) колданады.
Археологиялық ескерткіштері бұлар қорымдар, жартастағы суреттер, сақ бұйымдарының көмбелері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан өлкелерінен табылған.
Сақалар көсемінің катафракт сауыт-сайманына бейнелі алтын қабырышақпен оқаланған тері сауыты, Есік обасы.
Бұл сақ тайпалары мекендеген аса көлемді аймақ: тиграхаудтар — Жетісуда, ал массагеттер Арал өңірі мен Сыр бойында. іле алқабында Бесшатыр, Есік, Түрген, Кеген, Алексеев обалары осы алқаптан табылды.
Жетісудағы сақ мәдениеті екі кезеңді: ерте кезеңі (б.з.д. 8-6 ғғ) және кейінгі кезең (б.з.д. 5-1 ғғ.).
Соңғы кезеңдегі патша обасына Бесшатыр қорымы мен Есік обасы жатады. Бесшатыр қорымы Іле өзенінің оң жағалауындағы Шылбыр деген жерде, ол 31 обадан тұрады. Қорымның барша обалары екі топқа бөлінеді, үлкен обалар — диаметрі 45 м-105 м-ге дейін. Биіктігі 6-18 м. Салынған уақыты б.з.д. 5 ғ.
Шығыс Қазақстан. Алтай аясынан, Шыңғыстау мен Тарбағатай бөктерлерінен кездеседі. Үлкен патша обалары бар. Ол Шілікті алқабында шоғырланған. Бұл өңірдің мәдениеті үш кезеңнен тұрады. Мәйемір кезеңі (б.з.д. 7-6 ғғ), берел кезеңі (б.з.д. 5-4 ғғ.), құлажүргін кезеңі (б.з.д. 3-1 ғғ.). Мәйемір кезеңінің соңында салт кісіні атымен бірге қоятын қабырлар пайда болады.
Орталық Қазақстан. Бұл жерден Тасмола мәдениеті (б.з.д. 7-3 ғғ.) ашылды. Бұл обалардың ерекшелігі — оларда тас жалы, «мұрты» болады. Бірнеше варианттардан тұрады. Негізгі обаға жанаса немесе оның шығыс бетінде, иек астында кіші оба тұрады, одан шығысқа қарай доғаша иіліп, ені 1,5-2 м, ал ұзындығы 2-200 м дейін кейде одан ұзыныда болады, екі жал кетеді. Үлкен обаға үйілген төбе астында жерден қазылған қабырда өлген кісінің мәйіті жатады, ал кіші қорғанда үйінді астындағы қабырға ат пен ағаш ыдыс-аяқтар қойылады.
Арал өңірі. Арал өңірі сақалар мәдениеті Тегіскен, Ұйғарақ, Оңтүстік Тегіскен қорымдары.
Батыс Қазақстан. Еділ мен Жайық арасындағы аймақтан қорымдардың көп шоғырланған жері — Үлкен және Кіші өзеннің бойлары, Қамыс-Самар көлдерінің өңірлері, Елек, Шаған, Ембі жағалаулары. Обалардың көбінде үйінділері бар, ал олардың аса үлкендері орлармен қоршалған. Тас үйінділері немесе топырақ пен уақ тастар араластырылған үйінділері бар обалар сирек кездеседі. Қабырлар шығыстан батысқа қарай ыңғайлай қазылады, ал өлгендер молаларда емес, обалар үйінділері астындағы арнайы дайындалған алаңдарға қойылады.
Сақтар мал шаруашылығымен де егін өсірумен де айналысқан. Жылқы өсірген. Оны қарулы жауынгерлер мінетін болған.
Қой бағумен де айналысқан. Сақтарда маңдай алды дөңесте ірі қойлар көп тараған. Олар қазақтың кәзіргі құйрықты қойлары тұқымына жақын болған.
Түйе шаруашылығы да кең дамыған. Ал сиырдың көшпелі тіршілікке бейімделген мұндай тұқымының өзгеден айырмасы — өнімділігі төмен, тірілей салмағы аз, жемшөпті көп талғамайтын. Суықта сыр бермейтін, жүні қалың, тебін малы болды.
Егіншілік пен суару. Қыстау маңындағы егін сақтарды астықпен қамтамасыз еткен. Олар тары, арпа, бидай еккен. Оңтүстік Сырдарья алқабында сақтардың Шірік Рабат, Бәбіш-молла, Баланды секілді қоңыстарында табылған.
Кәсіпшілігі.
Сақ тайпалары арасында металл өндіру және оны өңдеу, әсіресе қола құюға байланысты кәсіпшіліктері дамыған. Б.э.д. 1 мыңжылдықта Қазақстан және Орта Азияны мекендеген сақ тайпалары темірден заттар жасауды меңгерді.
Темір мен мыс, қалайы мен қорғасын, алтын мен күміс өндіру жоғары дәрежеде дамыған. Мәселен, Имантау кен орнында 3 млн. пұт мыс рудасы, ал Жезқазған мен Успенскіден 10 мың және 26 мың пұт руда өндірілген, сонда сол руданың көбісі сақтар заманында өндірілгені анықталды.
Сақ зергерлері қоладан қанжарлар, оқ жебелері мен сүңгі ұштарын, аттың қайыс әбзелдерін, әшекейлер мен айна, қазандар мен құрбандық ыдыстарын жасаған.
Саудасы.
Еуразия далаларын сақтар билеген кезде Батыс пен шығысты, Жерорта теңізі мен Қытайды байланыстырған халықаралық өтпелі сауда басталады. Б.з.д. 1 мыңжылдықтың орта кезінде дала жолы пайда болады. Геродот жазуына қарағанда, дала жолы Қаратеңіз өңірімен жүріп, Дон жағалауына сосын Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтар жерінен Ертіс бойына, одан әрі Алтайдағы аргиппейлер еліне жеткен, содан әрі Моңғолия мен Қытайға қарай кететін болған. Осы жолдың бір бөлігі Қазақстан жерімен өтті.
Қоғамы.
Сақ қоғамында халықтың үш тобы болды деген болжам бар. Ол рим тарихшысы Квинт Курций Руф айтқан аңызға сүйеніп айтылады. Бұлар:
- жауынгерлер — сүңгі мен оқ («ратайштар-арбада тұрғандар»),
- абыздар — құрбандық табағы және айрықша бас киімі бар,
- қауымшыл сақтар, яғни «сегізаяқтар» (соқаға жегетін екі өгізі барлар).
Осы үш жіктің өзіне тән дәстүрлі түсі болған. Жауынгерлерге — қызыл, сары-қызыл; абыздарға-ақ; қауымшылдарға-сары мен көк түстер. Сондай-ақ көсемдер мен патшалар да болды. Олар әскери жіктердің өкілдері болды. Гректер оларды басилевс — патша деп атаған. Патшаның белгісі жебелі садақ.
Мәдениеті
Сақтар аң стилін Алдыңғы Азия мен Иранға жорық жасаған кезінде қабылдаған. Бұл өнер б.д, д. 7-6 ғасырда қалыптасқан. Аң стилі дегеніміз түрлі жануарлардың бейнелерін дыс-аяққа, киімге, тұрмыс заттарына, түрлі әшекейлерге, қару-жараққа салған. Сақтар күнге, найзағайға, жел-дауылға табынған. Сақтар мифологиясында сәйгүлік ат күнмен, отпен байланысты болған. Дүниені жаратқан көк тәңірісі Митра, жердікі Варуна, жер астыныкі Индира секілді құдайлар болған.