Қазақша реферат: Педагогикада мақсат болжау проблемасы |

0






Педагогтiң кəсiби қызметi адамның барша iс-əрекетiндегiдей мақсат қоюдан басталады. Педагогтiң балалармен жүргiзiп жатқан iсiнде мақсат болмаса, ол iстi кəсiпқой маманның жұмысы деп бағалауға болмайды, оны əншейiн бiр əрекет, тəрбиелiк процеспен ешбiр байланысы жоқ, жəй белсендiлiк деп түсiну керек. Мақсатты сезiну əрқандай iс-əрекетке қуат бередi. Ұлы да шапағатты мақсат адамның бар шығармашылық күшiне қанат берiп, оны өрiстете түседi. Мақсатқа жету адам бағытының негiзi болған терең де толық қанағат-танушылық тудырады. Тəрбие мақсаты – педагогика ғылымының өзектi категориясы. Оны нақтылау, жобалау, дайындау – педагогикалық тұжырымдар жасаудың арқауы. Кейде педагог балалармен оқу-тəрбие жұмыстарын нақты айқындалған мақсатсыз-ақ орындаған сияқты болады. Бiрақ сол бағыт-бағдарсыз бастаған iсiнде қаншалықты сарсаңға түсiп, оңды-солды ұрынғанын, нəтижеге жете алмай шаршап-шалдыққанында бiр-ақ түсiнедi. Егер түсiнсе!

Шынында да, күнделiктi мектептегi педагогикалық тəрбиеде болмыс көрсеткендей, мақсат проблемасы өте нашар шешiлуде, кейде ол мəселе тiптi естен шығарылады, осыдан »мақсатсыз тəрбие», яғни жол-жөнекей тəлiм етек алған құбылыс. Осының салдарынан педагогтiң кəсiби қызметiнiң өнiмi жоқтың қасы, балалар мен ұстаздардың шығармашылық мүмкiншiлiктерi iске қосылмайды, ал кəсiптiк iскер не iстерiн бiлмей, ақырында түңiледi, жұмысынан қанағаттанушылық рахат көрмейдi. Тəрбиелiк iстiң мұндай келеңсiз жағдайларының объективтi себептерi мақсаттың əлеуметтiк-психологиялық табиғатынан туындайтынын түсiне бiлу қажет.

Мақсат — субъект санасында оның қоршаған ортамен өзара ықпал байланысынан туындайтын əрекеттiң нəтижесi туралы ой болжамы. Демек, мақсат — жағдайлар себептi пайда болуынан, нақты болмыстан алынатындықтан – ол объективтi құбылыс. Мысалы, өмiрiнде домбыра ұстап, үнiне зер салмаған педагог балаға музыкалық тəрбие беруi мүмкiн емес т.б. Мақсат объективтi себептерден бастау алумен бiрге субъективтiк те категория, себебi ол сана туындысы, ол адам ойында пайда болып, əр нақты тұлғаның сана-сезiмдiк ерекшелiктерiнiң көрiнiсiн бередi. Ертедегi латындар айтқандай: »Екi адам зат жөнiнде бiр əңгiме айтуы мүмкiн, бiрақ бiрiнiң əңгiмесi екiншiсiне ұқсамас». Бiр мақсатты жалау еткен педагогтар, сол мақсаттың өзiн əртүрлi баламада түсiнедi, себебi олардың əрқайсысы кəсiби əрекеттiң нəтижесiнде өз сана деңгейiнен баға бередi. Сондықтан, мақсат болжау проблемасы – тəрбиелi адамның идеалды образының дараланған саналардағы көптеген баламаларын қамтыған мақсаттың мүмкiн-дiгiнше нұсқасын анықтау – байсалды зердемен қоса, көп уақыт та, мамандық күш салуды да талап етедi. Адам өзiне ықпал етушi объективтi жəне субъективтi əсерлердiң нəтижесiнде өмiр бойы қалыптасады. Бiрақ педагогикалық жүйелер (мектепке дейiнгi, мектептiк, мектептен соңғы) жеке адамның қалыптасу деңгейi мен сапаларын нақты көрсететiн өзiнiң уақыттық шектерiне ие болғандықтан, əр саты аяғындағы тəрбиелiк нəтижелер жөнiнде сөз қозғауы мүмкiн.












.

Тəрбие мақсатының мазмұны неде, ол қалай айқындалады? өсiп келе жатқан ұрпақты тəрбиелеу мақсатының мазмұны қоғамның өркениеттiлiгiне (цивилизованность), оның демократиялық сипатына, экономикалық мүмкiн-дiгiне, педагогикалық жүйелер дамуын болжастыратын жəне нақты жағдайларды үйлестiрiп отыратын мекеме-лерiне байланысты. Мақсаттың жалпыланған сипаты жағдайлардың əртүрлi көрiнiске енуiне тəуелсiз, оның iске асып отыруын қамтамасыз етедi. Мақсат əрекетi адамның саналық (идеялық) өнiмi болғандықтан өте құбылмалы, тез өзгерiске түседi, себебi ол үздiксiз ауыспалы дүниемен, сонымен бiрге өзгерiстегi тұлғамен де əрекеттiк-қозғалмалы байланыста болады. Тəжiрибе, бiлiм, оқиға т.б. адамды байытып отырады, бiрақ құбылмалы сана иесi – субъект сол байлыққа жету жолында өзiнiң де өзгерiп жатқанын байқай бермейдi, не оған тiптi мəн бермейдi. Мысалы, педагог »кеше» де, »бүгiн» де өзiн бiр мақсат ұстағандай сезiнедi, ал сырттан қарағанға, оның кəсiби педагогикалық iсiнде өзгерiстердiң болғаны айдан анық байқалады. өмiрдiң өтпелi-ауыспалылығы мақсаттың да бiр қалыпта өзгерiссiз қалмауына ықпал жасайды. Мақсаттың өзгермелi қозғалысы педагогикалық процесте өте айқын көрiнедi. Себебi, баланың сыныптан сыныпқа қарай, жастан жасқа дамып өзгеруi қас қағымдай, сондықтан өсiп келе жатқан жеке адамның əлеуметтiк-психологиялық жаңа құрылымдары бiр мақсаттың ысырылып, орнына екiншiсiнiң қойылуы табиғи талаптар дамуының нəтижесi болып есептеледi. Ал, соңғы нəтиженi көздеген жалпыланған сипатты мақсат жастық өзгерiстер байланыстылығын сақтап, »тəрбиелi адамның» жеке образын баламаластырып қарауға, айқындауға мүмкiндiк бередi.






.

Момын да, айдағанға көнгiш бастауыш сынып оқушысы да, тынымсыз, беймаза жасөспiрiм де, менмен-сiнген »данагөй» жоғары сынып шəкiртi де – бəрi де мұғалiм бастаған бiр даму жолын басып өтедi, əңгiме сол жолдың кең болып, күтiлген жеке адамдық əртүрлiлiктi сыйғыза алуында. Осы мысалда көптеген əр жас деңгейiне бай-ланысты күтiлген нəтиже – нақты мақсатқа байланысты 6 жастағы балаусаның мектеп жолын түгелдей басып, 17 жасында жетiлетiн нəтижесi – жалпы мақсат өнiмi. Мақсаттың қозғалмалылығы мен ауыспалылығы оның ешқашан шектелмейтiнiн көрсетедi. Мақсатты, көр-кемдеп айтсақ, жақындаған сайын, алыстай түсетiн жұлдызбен теңестiрген жөн. Мақсаттың бiтуi – рухани не заттай жойылу деген сөз. Мақсат өзiн белгiлейтiн субъект — адаммен бiрге дамып отырады, себебi ол сол субъектiде жасалады, сондықтан да субъектiнiң өрлеуiмен мақсат та жоғарылай бастайды. өссем деген кəсiпкерге тəн қасиет: көңiл толмау, күйзелу, алас ұру; ал тоқтаған кəсiп иесi — мəңгi тыныштықтағы өлi жан. Мiне дамудың бiр көрiнiсi.

Жеткiзбес мақсат — мақсат болып қала беру үшiн, оған жетем дегендi шарш атып, шалдықтырмас үшiн, шексiз мақсатқа жетудiң қиындығынан адам бас тартып, бос арманшылдардың қатары толыспас үшiн, мақсат жалпы сипатқа ие болуы керек, сонда ғана ол iлгерiлеген сайын ұлғайып, iс-əрекетке бағыт-бағдар бола алады. Қарапайым мысал, бiр кiсi кiрiп, жасасам болар дегендей, баспана жоспарлап, бастады. Бiрақ көптi көрген бiр көршiсi келiп: »Бөлмелерiңдi былай жаса» – деп ақыл бердi: мақсат туды – бөлме өзгердi, екiншi көршi тұрып »Айна, есiктерiңдi олай ет»- деп ақыл айтты. Мақсат өзгердi – айна, есiктер көрiк алды. үшiншiсi келiп: »Шатырыңды сен олай қылма, былай қыл»- деп жəне бiр кеңес қосты: сəндi шатыр шықты. Ақыр аяғында кiсiнiң жалпы мақсаты – баспана да бiттi, бiрақ əншейiн баспана емес, көз тойдырар үй болды. үй салушының мақсатқа орай жоспары мен əдiсi негiзiнен сақталды, бiрақ ол жасаған өнiм бастапқы күтiлген нəтижеден айрықша болып шықты, оның себебi – мақсаттың жалпы сипатындағы шығармашылық еркiндiктiң болуынан туындады. Iскер мақсат аймағында əрекет еттi, бiрақ осы аймақ тар болғанда оның шеберлiкке жетуi күмəндi болар едi.





.

Сонымен, мақсат — өз қызметiн атқару үшiн жалпы сипатқа ие болуы тиiс. Сонда ғана тəрбие мақсатының жалпы тəрбие процесiне байланысты орны нақ көрiнедi: мақсат – бастау көзi, педагогтiң кəсiби қызметiнiң бiрiншi элементi. Схема түрiнде бұл былайша сипатталады. Бұдан туындайтын ой – мақсат тəрбие процесiнiң мазмұнын айқандайды, мақсат тəрбие нəтижесiне негiз болады, мақсат — педагогтiң кəсiби iс-əрекетiнiң баға-өлшемi, мақсат — педагог санасының үздiксiз айналымда жүретiн ой объектiсi. Бұған қосымша, тəрбие жүйесi толығымен мақсатқа тəуелдi, оған орай өз мəн-мағынасына ие болады. Сонымен, педагогикадағы мақсат болжау анықтамасы: Мақсат болжау – бұл қазiргi заман өркениетiнде жасап жаңартушы қабiлетке ие осы дəуiр жеке адамының қажеттi даму деңгейiн қамтамасыз ететiн объектив, əлеуметтiк-психологиялық жəне мəдени жағдайларды түсiну; бұл сондай адамның жалпы идеал бейнесiн мейлiнше нақтылайтын сөз жүйесiн iздестiру; бұл тəрбие мақсатын қабылдауға мүмкiндiк беретiн шарттар ретiнде балалық шақ табиғатына, жеке адам даму мəнiне жəне даралық болмысына талдау, баға бере алу; бұл нақты бала жасаған нақты жағдайларды талдай отырып, оларды қойылған мақсат мазмұнымен орайластыру.