Қазақша реферат: Омар Шораяқұлы (1878 — 1924)
Қазан төңкерісінен кейін Омар 3–4 жыл кеңес қызметіне араласып, жауапты жұмыстарда болады (болыстық атқару комитетінің төрағасы, сот т. б.), бірақ ертеден бойына жабысқан ауру белсенді қызмет етуіне жібермейді.
Өлең жазуды 16 жасынан машық ете бастаған ақынның көптеген толғау, терме, өсиет, мысалдарымен қатар, он бестен аса көлемді дастандары бар. Олар «Жарлы Тәліп», «Қара шекпен», «Әбу Шаһыма», «Һақ Сүлеймен», «Мағауия», «Мұхаммад», «Үш күлше» және т. б. хикая, дастандары. «Һақ Сүлеймен» дастаны жетпіс тоғыз (79) бөлімнен тұрады. Бұл шығарма өте көлемді шығармалардың бірі. Діни сауатты Омар Шораяқұлы «кітаби ақындар» қатарына осы терең фәлсафалық туындыларымен енген.
«Һақ Сүлеймен» дастанында Омар ақын шариғат жолын ұлықтай келе имандылықты уағыздайды. Мысалы:
Сүлеймен өткен сұлтан заты қалыс,
Зор дәулет бақытына болған бағыш.
Қараған бүтін дүние мемлекеті,
Ешкімге берілмеген ондай дабыс.
Патшалық, пайғамбарлық ырсалаты —
Жаһанға екі аты да бірдей таныс.
Жарандар, һақ шариғат үкімімен
Жолынан қадам түгіл, шықпа қарыс.
Діни уағыз сарынында айтылатын бұл шығармалар – ХІХ-ХХ ғасырдағы ақын-жыраулардың өзекті тақырыбы. Пайғамбарлардың өмірі, олардың ұлағатты істері, ғибраттық сөздері бұлардың барлығы дерлік үнемі дастандарда кездесіп отырады. Осындай дастанның бірі «Жарлы Тәліп» дастаны. Дастанның көлемі жағынан шағын болғанымен өзіндік айтар ойымен, ғибраттық сөздері жайлы сөз қозғаймыз. «Жарлы Тәліп» дастанында әдеттегідей, кіріспе алдында қолданатын философиялық ой-орамдар толғанбайды, бірден дастанның кіріспесінен басталады. Олай болса дастанға назар аударайық;
Өтіпті ілгеріде жарлы Тәліп,
Кітабын көрді бір күн қолына алып.
Әр пәнде бір мақсатқа етсе талап,
«Ақыры, — деген екен, — жетуі анық!»
«Онда мен, патша қызын аламын!» — деп,
Көңіліне біразырақ тұрды ойланып.
Дастандағы «тәліп» сөзі шәкірт мағынасын береді. Жарлы тәліп шаһардың сұлтанына барып, басқа жағдай немесе мәселе айтпай, тура сөзден жалтармай қызын сұрайды. Бұған сұлтан тіпті шамданбай, «бұл сөзді айтқызып тұрған Сұбһан Алла шығар» деп оған: «Менің мейірбан перзентімнің мейірі үшін, мүмкіндігің болса, бір қап гауһар алып кел. Бір қап гауһар әкел, саған басқа қоятын талабым жоқ, құпиям да жоқ – дейді. Ал, сонда әлгі жарлы тәліп «бұл бір қап гауһарды қайдан табам», – деп сұрайды. Алайда, гауһардың қайда болатынын білмеймін дегенде, оған сұлтан:
Құдайдың «гәніш махфи» қазынасы бар,
Астында ағып жатқан дария Нілдің.
Наздында ділдасы бар тау мысалдас,
Саны жоқ, інжу, гауһар, лағылы, дүрдің.
Омар ақын дастанда ғылым дария секілді, інжу, маржан асыл тастарды «білімің болса алуға болады», – деп тұспалдайды. Дастан кейіпкері еш нәрсеге мойымайды. Алға қойған мақсатына жеткенше тынбайды. Базарға барып бір мес сатып алады. Сондағы меске дарияның суын тасып, тауыспақ ойы болады. Автор бұл іске күле қарайтындарды кейіп кетеді. Бұл ғаріп Алланы жадынан шығармай меспен суды таси бастайды. Күні бойына суды тасып шаршап, біраз тынығып алған соң, түннің бір уағында тағы жалғастырады. Ойының бәрі дария суын тасып, уәж қылған сұлтан қызын алмақ. Тәліптің ғылымға туралығы сонша, осы кітапта айтылған сөз қате болуы мүмкін деп шүбә келтірмейді.
Нұр сипат ханның қызы Гүлайымша,
Сыр мінез, сынық дерттің мұнайынша.
Сол кезде: «Суды ірік!» деп періштеге,
Бұйырды қадір мәулен бұлайынша:
«Месіне Нілдің суын сыйғыз, — деді, —
Тәліптің талап қылған райынша!».
Дастан қазақтың «талапты ерге нұр жауады» деген мақалды нықтай түсіп, қайтпас қажырлықты көрсеткен кейіпкер, қалайда Алла пәрмен етсе, бәріде орындалады деп сенеді. Жаратқанның құдіретімен меске дарияның суы сыйып, дария кеуіп, ішіндегі бақа-балығы шуылдасады. Күллі табиғат, жан-жануарлар аң-таң қалады. Сарайдың жендеттері сол жерден өтіп бара жатып, әлгі таңғаларлық істі көзбен көріп оны патшаға баян етеді. Патша сол жерде болған жәйтті көріп, ол пақырға қызын береді. Местің ішіндегі суды дарияға ағызғанда, дария арнасынан тасып, қайта толады.
Дастанның қорытындысында бойынша Омар Шораяқұлы жарлылыққа қарамай ғылым іздеген, талаптанған адам мақсатына жетеді деген оймен тұжырымдайды. Діннің ықпалы зор әрі дидактикалық маңызымен күрделі болып келетін дастанның басты ерекшеліктері де осында. Ғылым мен білімді жырлаған соң, дастанның ағартушылық ролі, өзіндік нақышымен бояуы қаныға әрі арта түскен.