Қазақша реферат: АДАМНЫҢ РУХАНИ ДҮНИЕСІ

0

1. Ойлау туралы жалпы ұғым
Сыртқы дүниені толық тануға түйсік, қабылдау, елестер жеткіліксіз болады. Біз тікелей біле алмайтын заттар мен құбылыстарды тек ойлау арқылы ғана білеміз. Түйсік, қабылдау процестерінде сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстары жайлы қарапайым қорытындылар жасалады. Бірақ қарапайым қорытындылар сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының ішкі құрылысын, оның қажетті қатынастары мен байланыстарын жөнді ашып бере алмайды. Адамның ой — әрекеті, әсіресе, түрлі мәселелерді бір – біріне жанастыра отырып шешуде өте жақсы көрінеді.
Ойлау дегеніміз – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс – қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі.
Ойлау қабылдау, елестермен тығыз байланысты. Түйсік пен қабылдау танымның бірінші баспалдағы болғандықтан, олардан тыс ешбір ойлау болмайды. Ойлау сезім мүшелері арқылы алынған мәліметтерді өңдейді. Ойлау сезімдік мағлұматтардың негізінде ғана мүмкін болатын нәрсе. Елестерде жалпылағыш элементтер мол болғанмен, оның таным мүмкіндігі ойлаудан әлдеқайда төмен. Ойлаудың қамтитын шеңбері өте кең.
Адамның ойы әрқашан да сөз арқылы білдіріледі. Біреу екінші біреуге пікірін білдіргенде өзін естісін деп дауыстап сөйлейді. Ой толық сөз күйінде білдірілгенде ғана айқындалып, дәйектелініп, дәлелдене түседі. Ойлау мен сөйлеу бірдей нәрсе деп, бұлардың арасына теңдік белгісін қою дұрыс емес. Ой – сыртқы дүниені бейнелеудің ең жоғары формасы, сөз – ойды басқа адамдарға жеткізетін құрал. Ойдың сөз арқылы бейнеленуі арқасында адам өзінен бұрынғы ұрпақтар жинаған тәжірибе мен білімді сақтап қала алды, ойды өмірді онан әрі жақсарту мақсаттарына пайдаланды.
Бала тілі шықпай тұрған кезде де ойлай алады. Нәресте айналасындағы дүниені бірінші сигнал жүйесінің қызметі арқылы танып біледі. Ойлаудың бұл түрі оның танымын онша кеңіте алмайды. Баланың тілі шығып, сөз арқылы үлкендермен қарым – қатынасқа түскенде ғана оның ойлау шеңбері кеңейетін болады.
Сөз бен ойдың бірлестігі алғашқы адамдардың психикасында да үлкен орын алған. Сөз бен ойлаудың арқасында ғана олар бірінің білмегенін екіншісі біліп, ақыл – ойын молайта түскен. Тіл мен ойдың бір – бірімен тығыз байланыста болатындығын халық ерте кездің өзінде – ақ байқаған. Мәселен, халқымыздың «Ішімдегінің бәрі тілімде, тілімдегінің бәрі түсімде« деген мақалы адамның басындағы ойы тілінен көрінетіндігін, ал тілдің өзі адам психологиясын байқататын тамаша құрал екендігін жақсы көрсетеді. Сөйтіп, ойдың дамуы адамның нақтылы іс — әрекетімен шарттас болумен қатар, оның сөйлеу мәдениетін меңгере білуімен де, сөз өнеріне жетілуімен де тығыз байланысты.
Сөйлеумен тығыз байланысты жүріп отыратын ойлау процесі тек адам баласының психикасына ғана тән процесс болып табылады. Кейбір психологтардың айтатынындай, мәдени дамудан артта қалған халықтардың ойлауы төмен, логикасы шорқақ дейтін теориялар ғылыми жағынан дәйексіз болып есептелінеді. Адам ойлауының эволюциялық даму жолы өте ұзақ..Ойлаудың ішкі мазмұны қоғам дамуымен бірге өзгеріп отырады. Қоғам ілгері дамып, оның ғылымы мен техникасы өскен сайын жаңа ұғымдар пайда болып, қалыптасады, бұрынғылары ескіріп қатардан шығады. Мәселен, атом бөлінбейді деген ұғым болса, қазіргі ғылым атом ядроларын сансыз бөліктерге бөліп отыр. Тағы бір мысал. Белгілі АҚШ этнопсихологы Маргарет Мид ( 1901 – 1975 ) Тынық мұхит аралдарының бірінде, өзге дүниемен ешқандай қарым – қатынас жасамай өмір сүріп келе жатқан бір тайпа ел бар екенін анықтады. Бұл тайпаның тіршілігіндегі көп ерекшеліктің бірі балалар да, үлкендер де қуыршақ дегеннің не екенін білмейді екен. Ғалымның әкеліп таратқан қуыршақтарына ер балалар да, қыздар да қатты қызығып, өздерінше бөпе қылып әлдилеп, киіндіріп, ұйықтатып ойнай бастаған. Бұған қарап қыз балаларда биологиялық аналық түйсіктің оянғаны, ал ер балалар соларға еліктеген ғой деуге болар еді. Шынында да, балалардың біразы қуыршақтармен бір сәт қана ойнап, кейін жайына кетті, ал басқалары қуыршақтардың қасынан кетпей, ойындарын түрлендіре түсті. Ал, бір ғажабы, ер балалар қуыршақпен ойнауларын жалғастыра бергенде, бүл ойынннан тез жалыққан қыздар болды. Арал тұрғындары тұрмысының бір ерекшелігі де осындай еді, баланы күтіп – бағумен неғұрлым қолы бос еркектер айналысады екен.
Адам сыртқы дүние құбылыстарының сырын көбірек білген сайын оның ойлауы да жетіле түседі, қазір ойлаудың практикалық әрекетпен байланысқан сан – сакналы түрлері пайда болды. Адам өз ойлауының ақиқаттығын, яғни шындығы мен құдіреттілігін, өмрге жарасымдылығын практика жүзінде дәлелдеуге тиіс. Ой амалдары мен логикалық операциялар, оларды орындаудың белгілі ережнелері мен жүйесінің пайда болуы – адам ойлауының зор табысқа жетуінің, тарихы дамуының нәтижесі. Ойлау заңдылықтары мен ережелері сансыз қайталаудың және тәжірибеде тексерілудің нәтижесінде адам санасында бекіп, зор шындыққа айналды.
Ойлау адамның сыртқы дүниемен қарым – қатынас жасау процесінде туындап отырады. Адам ойлауының мазмұнын билейтін – объективтік шындық.. адамға алдына мақсат қойып, оны шешуге ұмтылдыратын – оның қажеттері .
Ойлау әр адамнан тыс дүниенің сырына да, оның өз сырына да, өзінен тыс объектідей қатынас жасап бойлай алатын және соның негізінде өзінің идеалдық дүниесін жасайтын адамның қызметі. Ойлау барлық психикалық процестерді қамтиды. Олай болатын себебі, белгілі дәрежеде қалыптасқан әрбір адамның сыртқы нәрснелерді түйсінуінің өзі де оның бұрын бойына сіңірген барлық өмірлік тәжірибесі, дүниені түсінуі, болмыстың мәнділігі хақындағы оның талғамдарына қатысады, сол түйсінуге мағына береді. Әрбір ұстап, көріп, түрін, түсін, қатты, жұмсақтығын, формасын т.т. түйсініп қабылдау жәй физиологиялық нәрсе емес, оның не нәрсе екенін анықтау, онымен сүйсіну, немесе жирену, яғни белгілі бір бағалаушылық сезімін де туғызады.
Ойлау — өзіндік ішкі қарама – қарсы қайшылықтарға толы процесс. Бұл оның дамуының және іске асуының қозғалушы күштері болып табылады. Ойлаудың пайда болуында жаңа, белгісіз нәрселерге зер салып, қызығудың да маңцызы зор. Әлде де белгісіз түсініксіз нәрсені білуге деген ынтызарлық, түрлі сұрақтарға жауап іздеп, ой — әрекетімен шұғылдануға адамды итермелейді. Ойлау – сұраққа жауап қайтарудан, мәселені шешуден, оның мән – амағынасына түсіне білуден жақсы байқалады. Мәселен, « Сырдария Арал теңізіне құяды« деген сөйлемде ой туғызуға негіз боларлықтай түрткі жоқ.. Мұнда біреуден естіген, не көріп білген мағлұматтарды жәй қайталау бар. Ал, затты не құбылысты тұспалдап айтатын жұмбақтардан, айтыс өнерінен ой процесінің небір көріністерін байқауға болады.
Адам әркез өзінің алдына мақсат, міндет қоя білуі қажет. Бұларды басқа адам да қоюы мүмкін, өмір тәжірибесі мен білімі жеткілікті кісі алда тұрған міндетті тез аңғарады да, мәселе қоя біледі, ой процесінің бағытын айқындайды. Бұдан соң мәселені шешу, яғни ойдың негізгі кезеңі басталады. Бұл адам психологиясына ерекше әсер ететін өзекті, аса мәнді кезең болып есептеледі. Ойдың кейде шындықтан «ауытқитын кездері де болады«. Бұл адамды шындықтағы құбылыстар жөнінде қате көзқарасқа, теріс пікірлерге де алып келеді. Қоғамдық тәжірибенің, адам танымының тарихи дамуының барысында ғана бұлар біртіндеп түзетіліп отырылады. Түйсік пен қабылдауға қарағанда ойлауда қателесуге мүмкіндік бар, әйтсе де, ойлау құбылыстардың мәнін екі жақтан (теория мен тәжірибе) бірде қарастырып, тереңірек біліп отыратындықтан, қабылдау мен елестерге қарағанда әлдеқайда жоғары тұрады. Сөйтіп, ойлау сыртқы дүниені мида бейнелеудің ең жоғары формасы.
Ойлау аса күрделі психикалық процесс. Оны зеттеумен бірнеше ғылым айналысады. Бұлардың ішінде логика мен психологияның орны ерекше. Осы екі ғылымның ойды зерттеудегі әдіс – тәсілдерінде де өзіндік айырмашылықтар бар. М әселен, психология түрлі жас мөлшеріндегі адам ойының пайда болу, даму, қалыптасу жолын, яғни жеке адамның ойлау ерекшеліктерінің заңдылықтарын қарастырса, логика – бүкіл адамзатқа ортақ ой әрекетінің заңдары мен формаларын айқындайды, адам ойының нақты нәтижесі болып табылатын ұғым, пікір, дәлел, ой формалаоының табиғатын зерттейді. Кей жағдайда бұл екеуі бірін – бірі толықтырып, ой мәдениетінің арта түсуіне көп пайдасын тигізеді.
Ойлаудың физиологиялық негіздері И.П.Павловтың бірінші және екінші сигнал жүйесі жөніндегі іліміне байланысты түсіндіріледі. Ойлау – ми қабығының күрделі формадағы анализдік – синтездік қызметінің нәтижесі, мұнда екінші сигнал жүйесінің уақытша жүйке байланыстары жетекші рөл атқарады. Екінші сигнал жүйесінде жүйке қызметінің өз алдына дербес заңдары бар деуге болмайды. Сигнал жүйелерінің мидағы заңдылықтары бірдей. Олардың айырмашылықтары мынада: егер бірінші сигнал жүйесіндегі реакциялар нақтылы құбылыстарға байланысты туса, екінші сигнал жүйесі оларды жалпылап отырады.

2. Ойлау және оның органы
Ойлаудың шын табиғатын түсінуде оның қамтамасыз ететін физиологиялық органға қатынасын да қарап өткен жөн. Ол жалпы адам табиғатының оның дене құрылымына қатынасына байланысты, соның белгілі бір жағы. Ғылым мен психологияның тарихында адамды және оның ойлауын физиологиялық органның, әсіресе мидың табиғатымен түсіндіру үлкен орын алған. Ғылымнан алыс адамдардың қарапайым ұғымдарында да осылай түсіну берік орын алған. Аракідік оны басқа физиологиялық органдармен байланыстыру да болды. Ондай көзқарастың негізгі мазмұны: әртүрлі адамдардың ойлауындағы негізгі айырмашылықтар, олардың әртүрлі ойлайтындықтары, мысалы, қарама – қарсы көзқарастарды, моральдық – адамгершілік принциптерді, эстетикалық талғамдарды ұстануы, әртүрлі өмірлік жолды таңдауы, еркіндікке немесе құлшылыққа, жақсылыққа немесе жамандыққа бейімділігі әркімнің биологиялық, организмдік жаратылысына тәуелді деп түсіну. Әртүрлі кәсіптерге, қызметтерге бейімділіктің де табиғаты сондай.
Осыған дейінгі адам туралы, оның еркіндігі, субъектілігі хақында айтқанымыздың бәрі де осындай көзқарастан туа алмас еді. Оның себебі түсінікті. Адамның ойлауы әркімнің биологиялық, физиологиялық органының ерекшелігімен ғана байланысты болса, онда адам алдын ала анықталып қойылған нәрсе. Онда еркіндіктің болуы мүмкін емес. Ол өзінің қандай болуын өзі қалай алмайды. Оның хайуанаттардан айырмасы шамалы. Еркіндік жоқ болса, жауапкершілік те жоқ, қоғамдық қатынастар, адамгершілік принциптері, адамдардың ырқынсыз – ақ автоматты түрде іске асуы тиіс.
Ойлауюдың мазмұны өзінің органы – миды бейнелемейтіндігінде. Ми, жалпы әр адамның организмдік тәні ойлауды қамтамасыз етеді, ойлау – олардың функциясы, қызметі. Осы тұрғыдан ғана немесе осы мағынада ғана ойлаумен оның физиологиялық органы ажырамас байланыста. Адамның жалпы тәнінің бітімі, құрылымы, соның ішінде адам миының да бітімдік ерекшелігі дүниеге адамдық қатынастың қалыптасу тарихында, эволюциясында өзгеріп, қалыптасқан.

3. Ойлау формалары
Ойлау ой операцияларымен қоса ой формаларынан да тұрады. Ойдың бастапқы формасы болып ұғым есептеледі. Ұғым дегеніміз заттар мен құбылыстар туралы ой. Ұғымда заттардың жалпы және негізгі қасиеттері бейнеленеді. (Мәселен, мектеп, оқушы, мұғалім т.б. әр текті ұғымдар). Ұғымдар арқылы адам танымының ұзақ процесінің нәтижесі қорытылады. « Адамның ұғымдары қозғалмайды емес, қайта мәңгі қозғалып тұрады, бірі екіншісіне құйылып отырады, мұнысыз олар нағыз өмірді көрсетпейтін болады«.
Ұғымда заттардың өзіндік қаситтері ғана көрінбейді, олардың бір – бірімен байланыстары мен қарым – қатынастары (себеп – салдарлық, кеңістік пен уақыттық функционалдық т.б.) бейнеленіп отырады.
Шындықтағы заттардың қарапайым байланысы пікірлерден көрінеді. Пікір – бұл бір зат туралы мақұлдау не оны бекерге шығаруда көрінетін ойлаудың формасы. Пікір грамматикада сөйлем делінеді. Пікір де ұғым сияқты тек тілдік материал негізінде, тілдік терминдер мен сөйлемдердің негізінде ғана туып, өмір сүре алады. Пікір мен сөйлем бір – бірімен тығыз байланысты. Өйткені бұл екеуінің негізгі мүшелерінің мазмұны біреу. Пікірлердің түрлері көп. Оны логика ғылымы жан — жақты қарастырады. Бұлар да шындықтағы әр түрлі нәрселер, олардың түрлі қасиеттері, сондай – ақ нәрселердің арасындағы түрлі байланыстар бейнеленеді.
Ойлаудың күрделі формаларының бірі – ой қорытындылары. Ой қорытындылары дегеніміз бірнеше пікірлерден жаңа бір пікір шығару тәсілі. Қорытынды шығару үшін оны белгілі бір тәртіпке бір – бірімен байланыстыруымыз керек. Қатар тұрған кездейсоқ пікірлерлен қорытынды шықпайды. Мәселен, « Барлық дельфиндер – жануар«, « Барлық металдар электр өткізеді« деген екі пікірдің арасында ешбір логикалық байланыс жоқ.Сондықтан бұл екеуінен үшінші жаңа бір пікірдің тууы мүмкін емес.
Ой қорытындыларының үш түрі болады. Біріншісі – дедукциялық, екіншісі – индукциялық, ал үшіншісі – аналогиялық ой қорытындысы деп аталады. Дедукция дегеніміз жалпыдан жекеге қарай жүретін ой қорытындысы. Мәселен, біз тірі организмдер оттегі жоқ жерде тіршілік ете алмайды, ал балық тірі организмнің бірі десек, олай болса, балық оттегі жоқ жерде тіршілік ете алмайды деген қорытындыға келеміз.
Индукция – жекеден жалпыға қарай жасалатын ой қорытындысы, мәселен, оттегі болмаған ауада өсімдік өсе алмайды, сондай – ақ, оттегі жоқ ауада жануарлар да, адам да тіршілік ете алмайды десек, осы айтылғандардан жалпылап оттегі жоқ ауада « барлық тірі организмдер тіршілік ете алмайды!« деген қорытындыға келеміз. Индукцияда жеке жағдайлардан жалпы ереже, фактілерден қорытындылар жасалады. Мәселен, Д. И. Менделеев химия элементтерінің периодтық заңын индукция заңымен ашқан. Анализ бен синтез операциялары бір – бірімен қандай тығыз байланысты болса, индукция мен дедукция да сондай байланыста болады.
Аналогия дегеніміз ұқсастық бойынша ой қорытындыларын жасау. Мәселен, И. Ньютон бүкіләлемдік тартылыс заңын тапқанда, ой қорытындысының осы түріне сүйенген. Ол жер үстіндегі денелердің қозғалуы, әсіресе, құлауы мен аспан денелерінің қозғалуы арасындағы ұқсастықты түсіндіруде аналогияны келтірді. Аналогия осындай ғылыми гипотезаның бастамасында елеулі рөл атқарады.

4. Түсіну – ойлаудың негізгі белгісі
Адамның ойлау әрекетінде шындықтағы заттар мен құбылыстардың негізгі қасиеттеріне, ерекше белгілеріне, мәніне түсіне білудің маңызы зор. Түсіну арқылы ғана біз айналамыздағы заттардың себеп – салдарлы байланыстарын, бір – біріне тәуелділігінің шығу тегі мен даму жолын ажыратамыз. Түсінудің басы шындықтағы заттар мен құбылыстарға танысудан, көріп, білуден басталады. Өйткені қандай нәрсені болмасын « ұғыну үшін, ұғынуды, зерттеуді эмпириялық жолмен бастау « қажет.
Түсіну күрделі ой жұмысын керек етеді. Мәселен, « Бұл не нәрсе?« деп сұрақ қоюдың өзі де түсінудің қарапайым формасы, « Бұл қалай және қашан пайда болған?« деген сұраққа жауап беру арқылы шындықтағы құбылыстардың негізгі белгілерін, олардың байланыстарын ашып, түсіну қабілетімізді білдіреміз.
Заттар мен құбылыстардың тек ішкі мәніне түсінудің арқасында ғана түрлі амал — әрекеттің себебін, олардың бір – бірімен байланысын, ішкі мазмұнын, яғни ғылымның тұжырымдарын аңғарамыз. Бұл айтылғандармен бірге түсіну сан алуан құбылыстың бөліктері мен ұсақ – түйектерін айыруда, басқа біреудің сөзінің мәнән ұғуда да ( мәселен, интонация, пауза, метафора, әзіл, қалжың т. б.) ерекше көрінеді .бірақ барлық жағдайда да дұрыс түсіну үшін адамға білім қоры, дағды, іскерлік қажет.
Түсіну сөз арқылы берілетіндіктен түрліше формаларда тұжырымдалады ( түсіну қысқаша, жалпы, кең, детальді т. б. Болып келуі мүмкін). Түсінудің бұлай түрліше болып келуі адамның алдына қойған мақсатына, жеке психологиялық ерекшеліктеріне, ана тілінің ішкі заңдылықтарын білуіне, сол адамның сөзі мен ісіне байланысты болады. Бір нәрсеге дұрыс түсінгендіктің көрінісі – сол материалды өз сөзімен түрлендіріп айтып, іс жүзінде орындап көрсету болып табылады.
Түсіну екіге бөлінеді: оның бірінші түрі – тікелей түсіну. Тікелей түсіну жанама түрде ой операцияларын керек етпейтін, қабылдауға ұқсас процесс. Мәселен, бізге жақсы таныс сөздер, сөйлемдер, белгілі құбылыстар, адамдардың қылықтары т. б. Түсінудің екіншісі — жанама түсіну. Жанама түсіну бірнеше аралық басқыштардан тұратын, ой операцияларын керек ететін, көмескі нәрсені анық – айқын етіп бейнелеуді бірнеше ой түйіндерін талап ететін процесс. Жанама түсінуде сұрақ қоюдан басталады, сұрақ пен жауап табудың арасында аралық түйіндері бар, осы аралық түйіндерді табу жаңа мәселені шешу кілті. Тіпті, қарапайым есептің өзінде де осы жолды көруге болады.
Ойлау дегеніміздің өзі мәселені шешу, оның мәнісіне түсіне білу деген сөз. Ойлау қашанда белгілі қажетке байланысты адамға әзірше белгісіз жайтты іздестіруден туындайды. Проблемалық ситуация адам ойлауының түрткі қазығы. Бізге әзірше белгісіз, ойланып – толғануды қажет ететін құбылыстың бір – бірі проблемалық жағдайға саяды. Мәселен, құйғытып келе жатқан жеңіл машина кенеттен тұрып қалды дейік. Мұндайда шофер машинасының әр тетігін басып көріп, осы жайттың неден болғанына ой жүгіртеді де, көп ұзамай өзіне бұрыннан белгілі нәрсенің енді жарамсыз екендігіне көзі жетіп, жаңа мүмкіндіктерді іздестіре бастайды.
Адам сұрақ қою арқылы алдындағы кедергіні сезеді, оны біртіндеп жояды, сөйтіп, өзінің әр түрлі тану қызығуларына жауап алады. Сұрақ қою, оны дәл тұжырымдау, мәселені ойда ұстай білу, сұрақты талдай білу және жинақтау, шығару тәсілі мен амалдың орталық түйінін табу, жорамалдар жасай білу т. б. ойлау процесіне мәселелерді шешу үшін аса қажетті жағдайлар болып табылады.

5. Ойлау саласындағы дара айырмашылықтар
Адам ойлауына тән жалпы заңдылықтар болғанмен, жеке адамның ойлау әрекеті даралық ерекшеліктерге толы. Әрбір адам бірінен – бірі ойының кеңдігі немесе тарлығы, орамдылығы, ұшқырлығы, дербестілігі, оның логикалық жүйелілігі, сыншылдығы т. б. сапалармен ажыратылады.
Ойының кеңдігі бар адам еркін ойлайды, мәселені ескі әдетпен, үйреншікті жолмен шешпейді. Ой – парасаты кең адам мәселені түрліше әдістермен шешеді, бұрын сыналып қате деп табылған әдіске жоламайды. Ой — өрісінің кеңдігіне қарама – қарсы қасиет ойдың тарлығы. Мұндай адам мәселені шешуге шорқақ, ойға шабан, ол баста ойына келген бір әдісті шырқ айналдырады да жүреді. Тіпті оның жарамсыз әдіс екенін байқаса да, басқаша пікірмен келуге батылы жетпейді. Мұндай адам ой әрекетін өз қажетіне жарата білмейтін, енжар адам . халық ерте замандардың өзінде – ақ ақыл – ойдың кеңдігін ерекше қастерлеген. Мәселен, «Ой ойласаң тең ойла, тең ойласаң, кең ойла« деген мақалда қандай мәселені болмасын тұтас, барлық жағынан қамти ойлау керектігі, ойлаудың кең, тианақты болуы оның белгілі логикалық талаптарға сәйкес құралуына қарай болатындығы айтылған.
Ойдың ұшқырлығы. Кейбір адамдар мәселенің барлық жақтарын көре біледі, оны тез шеше алады, ойы аса сергек және белсенді келеді. Мұндай адамдар орынсыз асып – саспайды, жағдаймен санасады, осындай қасиетті ойдың ұшқырлығы дейді. Бұған қарама – қарсы қасиет – ойдың асығыстық түрі. Мұндай адам ой жұмысымен онша басын ауыртпай «ауырдың үстімен , жеңілдің астымен« жүреді. Бұл адамдар енжар ойлылыққа әдеттенген, дайын тұжырымға жармасқыш, жеңіл ойлауға, мәселені үстіртін шешуге бейім келеді.
Басқалардан көмек күтпей, мәселені өз бетімен шешу – адамның жақсы қасиеттерінің бірі. Мұндай адам алдындағы мәселені шешуде басқа біреудің әдісін қайталамайды, оны қалай да өзі шешуге тырысады. Бұл нағыз творчествалық ойдың иесі. Кейбіреулер бұған қарама – қарсы өз бетімен ештеңе айта алмай, көбінесе, басқа кісіге сүйеніп, ойсыз өмір кешеді. Абай осындай адамның психологиясын тамаша көрсеткен:

Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды
Әдеті надан адамның.

Жеке адамның білім көлемі, өмір тәжірибесі, оның айналасындағылар, жүйке жүйесінің типтік ерекшеліктері, денсаулық жағдайы, жас ерекшеліктері т. б. осы секілді ақыл – ойдың дара ерекшеліктерінің қалыптасуына себеп болатын факторлардың бір тобы.
Ойлау саласындағы дара айырмашылықтарға тоқталғанда В. И. Лениннің адамның ақыл – ойы қандай болуы керек екендігі және қандай адамды ақылды деп айтуға болатындығы жөнінде айтқан мына бір пікірлерін ескермеске болмайды: «Ақылды адам дегеніміз – қателеспейтін адам емес. Ондай адамдар жоқ болуы да мүмкін емес. Ақылды адам дегеніміз – пәлендей мәнді емес қателер жіберіп, ол қателерді оңай, тез түзете білетін адам«.

6. Ойлау мәдениеті
Жаңа туған балада ешқандай ойлау болмайды. Ойлау баланың сыртқы орта мен белсенді қарым – қатынас жасауының нәтижесінде, оның өмір тәжірибесімен қосақталып дамып отырады. Мәселен, бір жасар бала әжесінің саусағындағы жараға жағылған йод ерітіндісіне көз салады. Он бес айлық бір бала өзі сүйрей алмаған жәшіктің ішіндегі нәрселерді көріп, біртіндеп оларды азайта бастайды, сонан соң оны жылжытатын болады.
Тілдің шығуы бала ойлауының дамуында елеулі кезең болып табылады. Мектепке түскенге дейін бала ойлауы дамудың ұзақ жолынан өтеді. Ойлау бұл кезеңде нақтылы – бейнелі болып, әрекетпен әлде де тығыз байланысып жатады.
Балалардың ойлауын дамытуда мектептегі оқу – тәрбие процесі шешуші рөл атқарады. Бастауыш мектеп жағдайында бала ойлауы қалайша дамып отыратындағы жайлы айтылды. Бала ойлауын дамыту үшін мұғалім тиісті жұмыстар жүргізіп отыруы тиіс. Осындай ойлау тәрбиесіне қатысты шаралардың кейбірі мына төмендегілер:
1. Балаларды белгілі ережелер ( грамматикалық, математикалық ) жөнінде өз беттерінше қорытынды жасай алуға үйрету үшін мұғалім сабақта мүмкіндігінше эвристикалық ( эвристика — грек сөзі, қазақша табамын деген мағынаны білдіреді) әдісті жиі пайдаланып отыруы қажет. Оқу материалдарын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей жас өзгешеліктерін ескере отырып ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндіктер туады.
2. Балалардың сөйлеу қабілетін дамытып отыру олардың ойлауын дамытуға үлкен әсерін тигізеді.
3. Ойлау қабылдаулар мен елестердің негізінде жасалады. Сондықтан оқушының сабақты мүмкіндігінше жақсы қабылдай алуына, елестердің тиянақты қалыптасуына мұғалім айрықша қамқорлық жасамаса болмайды.
4. Мұғалім балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс. Бұған оқу процесін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады.
5. Оқушылардың өз беттерінше жасаған ой операциялрының дұрыс – бұрыстығын текскрткізу, оларды бір мәселенің өзін түрлі жолдармен шешуге үнемі бағыттап отыру ( тапқыштық пен зеректік ) ойлауды қажет ететін мысалдар құрастыру, есептер шығару, шығармалар жаздыру – бала ойлауының тәрбиелеудің тиімді жолдары.
6. Ойлауды тәрбиелеу бала психологиясын жан – жақты дамытумен тығыз ұштасып жатады. Бұл оның білуге құмарлығын, тану қызығуларын, көзқарасы мен сенімін тәрбиелеумен қоса жүргізілуі тиіс. Мәселен, қораш сөз, солғын сезім ойдың айқын болуына бөгет жасайды, ал ақылға қонымды жақсы сөз жанға жылы тиіп, адамды небір тамаша сезімдерге жетелейді, қысқасы, ой тәрбиесі адамның психологиясын жан – жақты етіп тәрбиелеумен ұштасып жатады деген пікірді жақсы дәлелдейді.

Ұлылардан – ұлағат
Ойлау – заттардың жалпы қасиеттерінің және заттардың өзара қатынастары арасындағы заңды байланыстардың мида бейнеленуі…
болмысты жанама және жалпылай түрде тану процесі.
Б. М. Теплов

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қ.Әбішев. Философия. Алматы, 1999
Жылы, 59 – 66 беттер.
2. А.Құнанбаев. Шығармаларының бір
томдық толық жинағы. Алматы, 1961
жылы, 137 бет.
3. Н.Айғабылов. Қазақстан мектебі, 1964
жылы, 51 бет.

Алматы Технологиялық Университеті

Тақырыбы:

Орындаған:

Тексерген:

Алматы – 2007жыл