Қазақша реферат: АДАМ ЭВОЛЮЦИЯСЫНЫҢ БАҒЫТТАРЫ. ӨТЕ ЕРТЕДЕГІ АДАМДАР

0

Адам және адамтәрізді маймылдардың ортақ ата тектері. Мезозой заманының соңғы бор кезеңінде (бұдан 65 млн. жыл бұрын) жер бетіндегі ауа райы суыта түсіп, маусымдық құбылыстар орын ала бастады. Бұл кезде жорғалаушылардың көптеген өкілдері (динозаврлар, т. б.) жойыла бастады да, оның орнына сүтқоректілер пайда болды. Сондағы бунақденеқоректі сутқоректілерден алғаш рет приматтардың өкілдері пайда бола бастады. Бұдан 36—23 млн. жыл бұрын приматтардын өзі 2 тармаққа: тартанаулы және кеңтанаулы болып бөлінді. Тартанаулы маймылдар тобына геологиялық кезеңдерде жойылып кеткен барлық приматтардын түрлері, адамтәрізді маймылдар және адам жатады. Ал қазіргі кездегі тіршілік ететін маймылдардың көпшілігін кеңтанаулы приматтарға жатқызады. Демек зоологиялық жүйе бойынша адам тәрізді маймылдар мен адам өзара жақын туыстас топқа жатады.

Кайнозой заманындағы жер шарының солтүстік және оңтүстік ендіктерінде ауа райының салқындауының нәтижесінде бұрынғы орманды алқаптардың орнын далалы алқаптар басты. Осындай қатаң табиғат жағдайларында өте ертедегі адамтәрізді маймылдардың бір тобы еңбек құралдарын жасауға, ол үшін қолды еңбек кұралы етіп пайдалануға, әрі тік аяқпен жүруге және құрғақ далалы аймақтарда тіршілік етуге мәжбүр болды, яғни жаңа орта жағдайына бейімделу жолына түсті. Адамтәрізді маймылдардың тіршілік етуі үшін кейбір жыртқыш жануарлар аса қауіпті болды. Маймылдардың ондай жыртқыш жануарлармен тайталасуына шамасы келмеді. Олардың басқа жануарлардан артықшылығы — дене мөлшері шағын болса да ми көлемінің едәуір үлкен болуы, сондай-ақ олардың сезім мүшелері де жақсы дамыды. Сонымен бірге маймылдардың қолы да ағашқа жармасып, өрмелеуге, жабысып қатты ұстауға, заттарды лақтыруға икемді болды.

Маймылдар ағаш басында қолымен ағаштарды қармап, ұя жасауға бейімделе бастады. Эволюциялық дамудың бұл кезеңінде тұқым қуалайтын өзгергіштік белгілері табиғи сұрыпталудың нәтижесінде тұрақтала түсті. Маймылдардың бұл кездегі топтанып, тіршілік етуінің де маңызы зор болды. Олар жауларынан қорғаныш, өз ұрпақтарына камқорлық жасауда едәуір тәжірибелер жинақтап үлгерді және ұзақ уақыттар бойы далалы аймақтарда екі аяғымен тік жүріп тіршілік етуге бейімделе түсті. Тіршілік үшін күресте олардың қөпшілігі қырылып кетті, тек кейбір орта жағдайына бейімделе алған төзімділерінде тұқым қуалайтын өзгерістер ұрпақтан-ұрпаққа табиғи сұрыпталып беріліп отырды.

Бізге дейін 20—25 млн. жыл бұрын жоғары сатылы маймылдардың түрлері Африкада, Азияның және Еуропаның оңтүстігінде кеңінен таралды. Ең жоғары сатыдағы адам тәрізді маймылдар да, қазіргі кездегі адам да гоминидтер тұқымдасына топтастырыдды. Сонымен қатар, бұл тұқымдасқа адамның арғы ата тектері болып саналатын австралопитектер, архантроптар және палеонтроптар да жатады. Көпшілік ғалымдар адамның пайда болуын 4 кезеңге ажыратады. Олар: австралопитектер,  архантроптар (өте ертедегі адамдар), палеоантроптар (ертедегі адамдар), неоантроптар (қазіргі кездегі адамдардың арғы тегі) деп аталады.

XX ғасырдын 20—30 жылдары Африканың оңтүстік және шығыс аймақтарынан австралопитек (латынша — «аустралис» оңтүстік және грекше «питек» маймыл) деп аталатын адамтәрізді маймылдардың арғы ата тектерінің сүйектерінің қалдығы табылды. Сүйек қалдықтарын зерттей келе ғалымдар олардың қазіргі кезде тіршілік ететін адамтәрізді маймылдардан гөрі адамға едәуір жақын екенін анықтады. Ағылшын ғалымдары ерлі-зайыпты Л.Лики мен М.Лики, американ антропологы Д.Джохансон австралопитектердің сүйек қалдықтарын тауып, әрі зерттеп, антропология ғылымына өте құнды жаңалықтар енгізді. Олардың бассүйектерінің ми сауыты едәуір үлкен және тістері мен жамбас сүйегінің құрылысы қазіргі адамдарға ұқсас. Австралолитектер — екі аяғымен тік жүріп тіршілік еткен адамтәрізді маймылдардың өкілдері. Олар тастан қарапайым құралдар жасап, күнделікті тұрмысқа пайдалана білді. Бұған олардың сүйектері табылған жерлерден тастан жасалған қарапайым құралдардында табылуы толық дәлел болды. Соңдықтан ғалымдар оларды «епті адам» деп те атайды. Олардың бойының ұзыңдығы 120—130 см, салмағы 30-40 кг, ал миының көлемі 450—600 текше см. Соңғы кездегі ғылыми деректер бойынша австралопитектер адам эволюциясының бастапқы басқыштарының бір тармағы деп есептелінеді. Олар бұған дейін   5 — 5,5 млн. жыл тіршілік етті деғен ғылыми пікірлер бар. Қазіргі кезге дейін олардын Африкадан және Азияның оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймақтарынан 400-ден аса қаңка сүйектерінін қалдықтары табылды.

Австралопитектердің бір мезгілде бірнеше топтары қатар өмір сүрген. Олардың кейбір топтары эволюция барысында жойылып кеткен.

1974 жылы белгілі американ антропологы Д. Джохансон Эфиопиядағы (Африка) Афар шөлді аймағынан бұған дейін 3,5—4 млн. жыл бұрын тіршілік еткен алғашқы австралопитектің едәуір толық қанқаларының қалдығын тапты, ол әлемдік ғылымға «Люси» деген атпен әйгілі болды. Ғалымның пікірі бойынша «Люси» сол дәуірде өмір сүрген барлық австралопитек топтарының және қазіргі адамдардың жалпы тегі болып саналады.

Австралопитектердің бір тармағынан эволюция барысында адамның тікелей өте ертедегі ата тегі «епті адам» пайда болған. Оның тәнтанымдық құрылысы адамтәрізді маймылдарға едәуір ұқсас және ол өте қарапайым, яғни тастардан жасалған кесуге және шабуға арналған құралдарды ғана пайдаланған, соған орай оны «епті адам» деп атаған.

Адамның пайда болуы ұзақ уақытқа созылған дәуірлерді қамтиды. Бұл кезде табиғи сұрыпталу ықпалы елеулі орын адды. Бір мезгілде өмір сүрген адамдардың әр түрлі топтары арасында даму дәрежесіне сәйкес талас-тартыстар болып тұрды. Бұл кезде адамның арғы ата тектерімен бірге адам тәрізді маймылдардың да көптеген түрлері тіршілік етті.

Өте ертедегі адамдар. Оларды соңғы кезде шыққан ғылыми әдебиеттерде көбіне «архантроптар кейде питекантроптар» («маймыл адам») деп атайды. Олардың сүйектерінің қалдықтары Ява аралдарынан, Қытайдан, Эфиопиядан, Алмания жерінен табылған. Бұларды шын мәніндегі адамдар десе де болады. Өйткені, өте ертедегі адамдардың гоминидтер тұқымдасының өкілі екеніне ешбір ғалым күмән келтірмейді. «Маймыл адам» бұдан 2—1 млн. жыл бұрын өмір сүрген және олар тастан, жануарлар сүйектерінен құралдар жасап, отты пайдаланған. Олардың қоғамдық дамуы австралопитектерден едәуір жоғары дәрежеде тұрған. Сүйектерінің тәнтанымдық құрылысы да қазіргі адамдарға өте ұқсас. Бұлар тік жүрген, ірі денелі мандайы жазықтау, жақсүйектері үлкен, миының көлемі 800— 1220 текше см болған, үлкен ми сыңарларының тебе, мандай және самай бөліктері жақсы дамыған. Өте ертедегі адамдар топтанып тіршілік еткен, әрі сөз арқылы бір-бірімен қарым-қатынас жасаған және көбінесе үңгірлерде тұрған. Олардың мекен еткен орындары Орталык Азиядан, Кавказдан, Дон бойынан, Азон теңізінін жағалауынан, Карпат етегінен, Алтайдан табылды. Архантроптардың тіршілігінде еңбекке үйрену, дағдылану арта түсіп, оның өзі мидың дамуына ықпалын тигізген. Сөздің пайда болуы ақыл-ойының дамуына түрткі болды.

Қазақстан жерінде табылған археологиялық ескерткіштерге сүйене отырып, кейбір аймақтарда адам бұдан 800—700 мың жыл бұрын қоныстанғандығы анықталды. Қазақ даласьша алғаш келгендердің бір тобы Азияның оңтүстігінен, ал екінші бір тобы Африканың оңтүстік-шығысынан келіп қоныстанғандар деген пікірлер бар.

Архантроптардың енді бір тобы синантроптар деп аталады. Олар питекантроптардан кейін тіршілік еткендер, оны «қытай адамы» деп атайды, өйткені олардың сүйектерінің қалдықтары 1927—1937 жылдары Пекин маңындағы үңгірден табылған. Олар бұдан 400 мың жылдай бұрын өмір сүрген, сыртқы түрі питекантроптарға көбірек ұқсаған, бірақ миының көлемі үлкен болған. Питекантроптардың мекен-жайларынан тастан, сүйектен және мүйізден жасалған кұралдардың калың күл қабатынан (кейде қалындығы 6—7 м) табылуы, олардың отты пайдаланғандығына дәлел бола алады.

1907 жылы қазіргі Батыс Алманиядағы Гейдельберг қаласының маңынан тістері сақталған адамның астыңғы жақсүйегінің қалдығы табылды, ол ғылымға «Гейдельберг адамы» деғен атпен белгілі болды. Онын жасы шамамен 400 мың жыл дегі анықталды.

АДАМ ЭВОЛЮЦИЯСЫНЫҢ БАҒЫТТАРЫ. ЕРТЕДЕГІ  ЖӘНЕ ОСЫ ЗАМАНҒЫ АЛҒАШҚЫ АДАМДАР

Ертедегі адамдар. Оны ғылыми тілде палеонтроптар, кейде неакдертшылдықтар деп атайды. Олар қазіргі адамдардың тікелей арғы тегі болып саналады. Жалпы алғанда олардың тіршілік әрекеті, ақыл-ойы және әлеуметтік өмір сүру жағдайлары қазіргі адамдарға ұқсас. Олардың сүйектерінің қалдығы 1848 жылы Еуропада табылды. Ал 1856 жылы Батыс Алмания жеріндегі Неандер өзенінің аңғарынан ертедегі адамдардың қаңқа қалдықтары табылды. Кейіннен олардың қоныс-жайлары Ресейдің көптеген аймақтарынан табылып зерттелді. Ресейдің көрнекті антрополог ғалымы М.М.Герасимов ертедегі адамдардың бассүйегінің құрылыс ерекшелігіне қарап, сол кезде өмір сүрген адамның кейпін қалпына келтірді. Олардың бұдан 100—40 мын жыл бұрын өмір сүргендігі анықталды. Оның бойының ұзыңдығы 155—165 см, ал миының көлемі 1400 текше см, архантроптармен салыстырғанда көп белгілері едәуір жетілген, әсіресе сөйлеуге байланысты үлкен ми сыңарларының самай бөлігі жақсы дамыған және астыңғы жақсүйегі кішірейген. Олардын қоныстарынан табылған құралдардың жасалуы да күрделенген, олар тіпті жануарлардың терісін өңдейтін құралдар жасай білген. Ірі жануарлардын (зіл, т.б.) сүйектерін жинап, өздеріне баспана да жасаған. Олардың ойлау қабілеті дамыған. Бұл кезде түрлі қол өнер салалары да пайда болған. Қоғамдық сана қалыптасып, түрліше наным-сенімдер, тасқа, сүйекке ойып сурет салу және өлген адамды жерлеу салты болған. Мысалы, осы дәуірде көне түркілер мен монғолдарда көкбөріні (қасқыр) пір тұтып, оған киелі деп  сенген. Олар көкбөріні «біздің арғы бабамыз» деп қадір тұтқан. Аңыздардың айтуы бойынша бұл хайуанат шын мәнінде ежелгі тайпалардың кездейсоқ жұртта қалып қойған сәбиін тауып, өз емшегін тосып, емізіп оны ажал аузынан алып қалған. Мұндай жағдай, яғни қасқырдың жас баланы емшек сүтімен асырап, ұзақ уақыт оны өз үйірінде өсіргені тіпті ертедегі заман емес, қазіргі уақытта да мәлім болып  отыр.

Ертедегі адамдар ауа райы қолайсыз ауыр жағдайларда үңгірлерде тұрып, үнемі отты пайдаланған. Олар топтасып аң аулаған. Жер шарының көп аймақтарында қоныстанған. Африканың солтүстік өңірінен табылған ертедегі адамның сүйектерінің қалдықтары Еуропадан табылған қаңқа қалдықтарына өте ұқсас, сондықтан да олар бір мезгілде өмір сүрген деген пікірлер бар. 1938 жылы атақты ғалым А.П.Окладников Өзбекстандағы Тесіктас үңгірінен осы кезеңдерде өмір сүрген адамның сүйек қалдықтарын тапты, бұл ғылымда дүниежүзілік мәні бар үлкен жаңалық болды.

Бұл кезенде өмір сүрген ертедегі адамдардың мекен-жайлары, олар пайдаланған тас құралдар және күнделікті аулап жеген жануарлардың көптеген сүйек қалдықтары Қазақстан жерінен де көптеп табылды. Қазақстандық археолог ғалым  X. А. Алпысбаев 1958—1962 жылдары Оңтүстік Қазақстандағы қаратау өңірінен осы дәуірде өмір сүрген адамдардың қоныстарын тауып зерттеп, ғылымға үлкен үлес қосты. Ертедегі адамдардың пайдаланған тас құралдары Орталық Қазақстан, Бетпақдала өңірінен де табылды. Көрнекті ғұлама ғалым Ә.Х.Марғұланның бұл салада сіңірген еңбегі орасан зор. Ғылымда бұл дәуірді тас кезеңі (немесе ғасыры) деп атайды. Тас ғасырының асыл мұралары Шығыс Қазақстан (Алтай өңірі), Семей маңынан, Арал аймағынан, Сарыарқа жерінен, Маңғыстау алқабынан да табылған.

Ертедегі адамдар 50-100 адамнан топтасып өмір сүрген. Ер адамдар бірігіп аң ауласа, әйелдер жемістер, т.б. өсімдіктердің жетуге жарайтын бөліктерін жинаған, ал тәжірибесі мол қарт адамдар құрал-саймандар  жасап беретін болған. Олар алғаш рет өздері аулаған жануарлардың терілерін өңдеп, киім жасап киген.

Бұл кезде оқтын-оқтын болып тұратын мұз басу жағдайлары ертедегі адамдардың өміріне көп қауіп-қатер туғызып отырған. Табиғи сұрыпталудың нәтижесінде өте төзімді, батыл әрі ептілері ғана тірі қалып, ұрпақ жалғастырған. Бұл кезде әлеуметтік жағдайлар: ұжымдасып енбек ету, тіршілік үшін бірлесе отырып күресу және ақылға салып ойлау елеулі орын алған.

Осы заманғы алғашқы адамдар. Оларды ғылым тілінде қазба неоантроптар немесе көшпілікке арналған әдебиеттерде кроманьондар деп те атайды. Өйткені, бұл кезеңнің адамдарының сүйек қалдықтары алғаш рет 1868 жылы Франциядағы

Кро-Маньон үңгірінен табылған. Олар бұдан 30—50 мың жыл бұрын өмір сүрген. Бұл кезеңде де өмір сүрген адамдардың мекен-жайлары Қазақстанның да көптеген жерлерінен табылды.

Неоантроптар бойының  ұзындығы 170—180 см, 30—40 жыл өмір сүрген. Ми сауытының көлемі шамамен 1400—1600 текше см. Үлкен ми сыңарларының самай және маңдай бөлімдері жақсы дамыған. Маңдай сүйегі алға шығыңқы келген, қас үсті доға айқын байқалады, көз шарасы үлкен, сүйектері қалың, иегі анық білінеді. Бассүйегі онша биік емес. Олар өздеріне баспана салып, сонда тұрған. Негізінен етті тағамдарды пайдаланған. Аң  аулау үшін тастан, сүйектен әр түрлі құралдар жасаған. Өздері тұратын үнгірлердің қабырғасына түрлі түсті бояулармен, кейде

тастарды қашап та суреттер салған. Қолөнердің түрлі салалары дамыған. Қыштан ыдыс жасауды білген. Олар алғаш рет кейбір жануарларды қолға үйрете бастаған және егіншілікке де алғаш қадам жасаған. Тайпа, ру болып өмір сүру салты қалыптаскан. Айналасындағы табиғат туындыларына сыйыну, оларды қастерлеу, т.б. сияқты нанымдарға ерекше көңіл бөлген. Эволюция барысында олардан осы заманғы саналы адам келіп шыққан. Неоантроптарда биологиялық факторлардан гөрі әлеуметтік факторлар басты рөл атқарған. Олардың эволюциясында тәрбиелеу, үйрету және  тәжірибе жалғастыру негізгі орын алған. Олар көбінесе өздерінің ептілігі, батылдылығы және тапқырлығы арқылы жаңа өмір сүру салтына көшкен. Ұрпақтарына деген қамкорлық қарттарды қадірлеу және онымен санасу дәстүрі басым болған. Тайпа, ру және отбасы үшін күресе білу мен өзінің келешегін ойлау басты мақсат болып саналған.

Қазіргі адамның пайда болуы, дамуы және қалыптасуы ұзақ уақытқа созылған өте күрделі кұбылыс.

Атақты ғалым Я.Я.Рогинскийдің пікірі бойынша адам эволюциясында негізінен, мынадай морфологиялық өзгерістер басты рөл атқарады. Ол біріншіден — қол, аяқ және тұлға сүйектерінің өзгеруі арқылы тік жүруге көшуі; екіншіден — мидың дамуы мен көлемінің ұлғаюы; үшіншіден — жақсүйектердің кішірейіп, сөйлеу мүмкіндігіне көшуі екенін атап көрсеткен. Бұларға қоса ғалым әлеуметтік әрекеттер, еңбек құралдарын жасап, пайдалана білу және оларды жетілдіре түсу, қоғамдасып тіршілік ету, айқын сөз арқылы бір-бірімен қарым-қатынас жасау, ақыл, ой мен мәдениеттің дамуы адам эволюциясындағы сапалық өзгерістердің пайда болуына тікелей ықпал жасаған деп қорытындылайды.

Қазіргі кезде де жеке адамдарда болатын тұқым қуалайтын өзгерістер (яғни мутациялар) кездесіп тұрады. Ал оларды басқару, зиянды белгілердің болуынан сақтандыру тек биодогиялық зандылықтарды жақсы білген кезде ғана жүзеге асады.