Қазақша өлең: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы (Аққала)

0

Қазақша өлең: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы (Аққала) казакша Қазақша өлең: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы (Аққала) на казахском языке

Боран бар-тын,… бораудан ол жалықты.
Аяз да жоқ, қылпыған зарлауық тіл.
Өрнегінен тылсымның шашу шашып,
бүгін қайта жарықтық қар жауып тұр.

Айбөшім-ау, тәп-тәтті жүзімдей қыз!…
Екеуара аққала мүсіндейміз.
Мүсіндейміз… көрші үйдің жүгермегі
біз кеткен соң бұзарын түсінбейміз.

Дегенмен де, көңілге бұл күн – емші.
Бас мүсінші – үш жаста, дипломсыз.
«Таяқшамен дуалап» аққаласын,
сыбырлап жүр!
Бола ма сиқыр онсыз?!

Қошемет те жоқ емес қарқылдаған.
Балақайдың сыйы осы, бәлкім, маған:
аққаланың көзін-ай, – көгілдір мұз,
тынысындай перінің, жалтылдаған!

Танауы да – сүңгі-мұз – құлағы да.
Жүрегімен толғанар, сірә, бұ да?
Ең болмаса, бір күнге тұрсыншы аман,
қорғай көр, я, Құда!..

Е-ее-й…
Өте берер уақыт оқтай ағып.
Өкінішсіз бала кез жоқ баяғы…
Жан бітетін секілді аққалаға,
түрте қалса Қыдырдың көк таяғы.
Қасымдағы періштем пыс-пыс етіп:
– Ата, ол … тоңып қалмай ма?!.. – деп қояды.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз