Қазақша өлең: Төлеген Айбергенов (Барсакелмес)

0

Қазақша өлең: Төлеген Айбергенов (Барсакелмес) казакша Қазақша өлең: Төлеген Айбергенов (Барсакелмес) на казахском языке

Үрейлі сенің атың «Барсакелмес»,
Тұрады көз алдыңда қаншама елес.
Қысса да қандай сындар қыспағына,
Адамның жақсы үміті аңсауы өлмес.
Надандық санасы сап шырмауына,
Жылдардың жол беріпті зырлауына,
«Пайдалы нәрсе бермес» «Барсакелмес»,
Ешбір жан қана алмаған сырларына.
Төсінде сан ғасырлар жан баспаған,
Күрестер алмаспаған, жалғаспаған.
Бүгін мен Айға ұшам деп тұрғанымда,
Сен болдың жүрегімде ән бастаған.
Сүйдім мен сені туған мекенім деп,
«Соры бар» сор топырақ шекерім боп,
Жаныңда жүріппін де, біліппін бе,
Қойныңда бай қазына екенін көп?!
Кешегі шексіз дала қаймақтанған,
Мұнайдың кені болдың аймақты алған.
Кейде мен бар бақытым,
Табанымның
Астында екен ғой деп ойлап қалам…
«Бұл неткен есімі елге запы мекен,
Әлде бір соқыр сезім аты ма екен»,-
Деп саған көп қараушы ем,
Жанарымдай
Жаутаңдап мұнай толқып жатыр екен…
Еліммен дүниеге аян атым,
Жаным жоқ гүлдентуден аянатын.
Кендердің кезі келді,
Мен ұстаған
Бұрғының солқылынан оянатын.
Оятқан сол кендерді құрбылардың,
Мен талмай ерлік ісін жыр қылармын,
Заман бұл.- Дүйім халық
Найза емес,
Ұшымен бақыт тапқан бұрғылардың.
Жайнатқан «Үшқұдықтың» нұрлы аспанын,
Бәрі де менің ағам, құрдастарым.
Өмірге қожа болып, дәуір жасап,
Қиыны, қызығы мол күн бастадым.
Жалғасқан зәулім көкке мұнаралар,
Бір көрсең есіңе ой мың оралар.
Соғыста болдырмайтын қарауылдай,
Қасқиып дүниеге тұрады олар.
Сыпырды сыр — томаға аспанымыз,
Білмейміз биіктеуден басқаны біз.
Уақыт алыс емес,
Әр ашылған
Жұлдызбен есептелер жастарымыз.
Толтырып тоғандарды жұлқи ағам,
Жүйткимін бір қияға бір қиядан.
Аспанға қанша метр биіктесем,
Жерге де сонша метр сүңги алам.
Табынса ата-бабам күн көзіне,
Ол оны санамаған мін де өзіне.
Ал, мен ертең Шолпаннан көз тігемін
Күннен жарық Елімнің күмбезіне.
Қалайша бүрқап ақпай басылам жай,
Басқа нұр көргенім жоқ асылы ондай.
Шашырап жатыр сәуле сол күмбезден
Менің туған далама осынау бай.
Ойыма бала күннен бермей тыным,
«Барсакелмес» жанымды тербейтұғын.
Мен қуанам бүгінгі сол дала үшін,
Барған адам келгісі келмейтұғын!