Қазақша өлең: Танакөз Толқынқызы (Жартылай сүйе алмаймын)

0

Қазақша өлең: Танакөз Толқынқызы (Жартылай сүйе алмаймын) казакша Қазақша өлең: Танакөз Толқынқызы (Жартылай сүйе алмаймын) на казахском языке

Жартылай сүйе алмаймын,
Мен сүйсем өртенемін.
Ешкімді қызғанбайтын
Жандардан жеркенемін.

Өзіңді өзгеменен
Ешқашан бөлісе алман,
Бөлісе алмаған соң
Осылай дерт емемін.

Жартылай сүйе алмаймын,
Мен сүйсем жанып кетем.
Жан мен жан отасқанда
Қиылсын анық некем.

Қайраңда қалт-құлт етсең,
Толқын боп алып кетем,
Жаныңды күл парша ғып
Жарақат салып кетем.

Жартылай сүйе алмаймын,
Есіңнен тандырамын.
Өзіме сыймаған соң,
Бағытсыз қаңғырамын.

Айталық жаңбыр әнін,
Несіне абдырадың?
Мен сүйсем осындаймын
Жүректе шаттық емес,
Мұң ғана қалдырамын.