Қазақша өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Дүние мен өмір)
Адам үшiн уайым жеп жазады.
Байқап оқып отырсам, cоның бәрi
Дүниенi «сұм», «алдамшы» деп жазады.
Мен-дағы тiршiлiкке қадам бастым‚
Рахат, бейнет, әр iске араластым.
Өмiр бойы қуанбақ жынды iсi ғой,
Кейде асып, кейде қашып, кейде састым.
Рахат көрсем, сыйдырып мақтаныма,
Таласы бар кiмнiң деп тапқаныма.
Қарсы жалдап, қайраңдап шыға бердiм,
Көнбедiм деп жалғанның қаққанына.
Қайғы көрсем: «Дүниенiң жалғандығы,–
Дедiм‚ – алдап, мiнеки, алғандығы».
Ол не десең, бұрынғы жазғандардың
Сөзi орнығып көңiлiме қалғандығы.
«Мен де соққы жедiм‚ – деп‚ – сұм дүниеден»‚
Көп жазып ем, оныма өкiндiм мен.
Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы
Болыпты не бiреуден, не өзiмнен.
Дүниенiң ол туралы жазасы жоқ,
Бiз сөктi деп тоқтай ма Алла атқан оқ.
Пәрменiмен айналған шархи фәләк1 –
Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк.
Кiмде-кiм қайғы тартып, бейнет көрсе,
Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе,
Әлбетте, бұл – тағдырға наразылық,
Түбi Аллаға қарсылық, ондайға ерсе.
Кiм үйреттi дүниенi жамандатып,
Оны сөгiп, өзiңдi амандатып?
Mұны үйреткен – бiлiмсiз шала молда,
Қу қазыққа байлаған табандатып.
Кейбiреулер жазады: «Қу өмiр»,– деп,
«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмiр»,– деп.
«Көрген қызық, қылған iс – бәрi де ұмыт,
Иә, көлеңке, яки түс, у өмiр»,– деп.
Бұған да ерiп көп жаздым түшiркенiп,
Бiлiмдiлер сөзi деп ентеленiп.
Өмiр емес, алдаған өзiңдi-өзiң,
Пәленшекем айтты деп қалма сенiп.
Бұл екi сөз айтуға тым орайлы,
Жүрекке әсер берер сонша жайлы.
Терiстi де дұрыс деп сендiретiн
Шешендердiң келедi тiлi ыңғайлы.
Дүние деген қызыққан iсiң болса,
Қызықтырған кiм сенi оған онша?
Пайдасыз, баянсызын бiле тұра,
Қуа бердiң ойланбай неге сонша?
Өмiр деген жастықтан қартаймақ па,
Бейнет, рахат, байлық пен мал таймақ па.
Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл,
Жала жауып, салынба жантаймаққа.
Өмiр, дүние, жер мен көк, өткен заман,
Ажал алмай қоймайды ешкiмдi аман.
Өлмей, өшпей, қартаймай жүргiң келсе,
Ол болмай ма тағдырды жамандаған?
Тумақ, өлмек, қартаймақ болмай қоймас,
Қанша қызық көрсе де, пенде тоймас.
Сол тоймастық – дүниенi жамандатқан,
Сен сөктi деп тағдырды қайта жоймас.
Бейнет көрме, бiреуге бейнет берме,
Дүние – алдамшы, өмiр – қу деп елерме.
Қамдан, сақтан, қағып бақ бәле келсе,
Бәрiн құдай қылады дегенге ерме.
Қаза келсе, өзiңнен я бiреуден,
Немесе бiр нәрсенiң себебiнен.
Дауың дұрыс бола ма, ойласаңшы,
«Өмiр – қу, дүние – алдамшы» дегенiңмен?
Дүние алдамшы, өмiр қу – есерлерге,
Есерлiкпен жолығар кеселдерге.
Ол екеуi мiндi емес, мiн өзiңде,
Сөзiң бөлек өзгеден дeceңдep дe.