Қазақша өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек)
бұрынғы әннен өзгерек,
Бұған
ұйқасты өлең, сөз керек
Өзіне орайлы.
Денең
жан нұрлы болса, жөнделмек,
Өлең
әнге өлшеп айтса, өңделмек,
Ұйқасса қолайлы.
Ән – өлшеуіш,
өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу,
не кем салу,
Қапы қалу жарамас.
Ауыр
осы әнге тауып сөз салмақ
Тәуір,
татымды ұйқас жиналмақ
Тереңнен толғанып.
Сырын
бұл әннің айтып қарайын
Түрін
сипаттап, тізіп санайын,
Өлең тап ойланып.
Буыны сегіз,
алтауы егіз,
Үшем деңіз екеуі.
Кім дәл басты,
кілтін ашты,
Жақсы ұйқасты нешеуі?
Қайран
қайғысыз, қамсыз күндерім,
Сайран
сауықты рахат түндерім,
Сендерден не пайда?
Асқан
алпыстан мынау жасымыз:
Қашқан
шалдықтан ғарып басымыз,
Қаласың қай сайда?!
Ноқталы бас,
ағызып жас,
Қызусыз мас, желіксіз,
Хаққа көніп,
жалын сеніп,
Көрге төніп еріксіз.
Жастық
жалынсам және келер ме,
Мастық
денеме қызу берер ме?
Суынған тұла бой.
Маған
қарама, көңілім, мұңайып,
Саған
жеткізбес, кеткен ол ғайып,
Жас өмір – өткен той.
Бұл алпысты,
түскен тісті,
Тозған түсті жасымда
Сөгуші едім,
опық жедім,
Бәрі менің басымда.
Тағдыр
адамды айдап туғызбақ,
Әрбір
сүйгенін нәпсі қуғызбақ —
Өмірдің жолы бұл.
Жақсы
нәпсісін өзі билемек,
Тапшы
наданды нәпсі сүйремек,
Мақтанға болып құл.
Ата-анасы,
айналасы,
Замандасы қылған іс
Тәлім берер,
соған ерер,
Тағы келер бір туыс.