Қазақша өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Ақыл құсы адаспай аспандаса…)

0

Қазақша өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Ақыл құсы адаспай аспандаса...) казакша Қазақша өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Ақыл құсы адаспай аспандаса...) на казахском языке

Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас оған таса,
Жетi көк жерден оңай басқыш болып,
Ғарышқа қол жетедi қармаласа.
Жанның бәрi мендей жар табар едi,
Терең ой, сау ақылмен шамаласа,
Өлiм маған өмiрден мың есе артық,
Жарға құрбан қылуға жан жараса.
Дозақ отын күл қылып сөндiремiн,
Жаралы жүрегiмнен қан тараса,
Жарды көрген көзiмнен сүймек болып,
Ғажап па тамам айуан анталаса.
Хақиқат жар нұрына қанса бiреу,
Оның жаны өлмейдi балталаса,
Жар нұрының ұшқыны осы ой деп,
Жанған отқа шоқынам жар қараса.
От арқылы жарыма бас ұрамын,
Тыңдаман кәпiрсiң деп табаласа,
Адамға перiштелер сәжде қылған,
Адамнан жарым артық тым тамаша.
Жалтарып жардан нұрын жасырғаны,
Күн батып, жер жамылып қораласа,
Жер жүзiне қып-қызыл гүл бiтiрем,
Көзiмнен қанды жасым сорғаласа.
Жарды көрген көзiме шоқынып жүр,
Су бұраңдап, майысып, жорғаласа,
Тау тапжылмай, ағаштар қалғыр ма едi,
Бастарын жар сиқыры торламаса.
Көрсе, ерiксiз сайрай ма ақын бұлбұл,
Көңiлiне гүлдiң нұры орнамаса.
Асықсың деп айықтар сөккенiмен,
Ұялмай ма мас ақыл қорламаса.
Сау жүрек тесiле ме оқ батпаса,
Оқ орнынан бiздiң ой – шaққан маса,
Айық адам аңғармас iшкi сырды,
Байқайды сол тесiктен мас қараса.
Араққа ақыл, мастыққа ой билетпек,
Оңай емес ертерек ойланбаса,
Тәкaппар өзiмшiлдi құдай ұрар,
Ақылына бас имей шалқақтаса.
Сопыларға бiздiң жар бiр қараса,
Жарық нұрмен жүрегiн араласа,
Жанын жан, ескi иманын иман демей,
Байқұстар қалар едi-ау таң-тамаша.