Қазақша өлең: Мақпал Мыса (Ыстық, ыстық сезімдердің аралы…) » ZHARAR

0

Қазақша өлең: Мақпал Мыса (Ыстық, ыстық сезімдердің аралы…) казакша Қазақша өлең: Мақпал Мыса (Ыстық, ыстық сезімдердің аралы…) на казахском языке

Көңіл көкте,Біз де, жаным, көктеміз,
Қырғыз келсең мұнда соқпай өтпеңіз.
Ыстықкөлде ыстық сезімдерімдей
Көз алдымда толқып жатты көк теңіз.

Тірліктегі бұл бір кешкен нұр кеші,
Жастығымның үлдесі мен бүлдесі.
Жағалаудың құмы алтын боп сусиды,
Ыстықкөлдің шыжып тұрған шілдесі.

Құрбыларға қуаныш бар құштық дер,
Қол бұлғаса жетеміз ғой түстіктер.
Ыстық түгіл жылуы жоқ тірліктен
Қуат іздеп келіп едім, Ыстықкөл!

Аймақ екен кең пішілген қолтығы,
Ағысына байлап қойған шолпыны.
Аспанынан ай қарады сол түні,
Көк теңіздің аймалады сол түні.

Ыстықкөлде ысып кеткен кезімде,
Көгілдір тау көлбеп тұрды көзімде.
Сол арнаға ағысымды қосқалы,
Айдын болып бара жаттым өзім де.

Толқыныңнан күй тыңдайды ел ұйып,
Қызуыңа балқиық та ериік…
Ыстық-ыстық сезімдердің аралы,
Жұмыр жердің бетіндегі Жерұйық!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Дереккөз: zharar.com