Қазақша өлең: Мағжан Жұмабаев (Балалық шағы)
Балалық шағы —
Патшаның тағы,
Ала алмас оны бағалап.
Көп өтпей жыл,
Тек жүрмей, біл,
Ілгергі күнді сағалап.
Үйрен білім жастықта,
Білмесең, жанға қастық та!
Білімге жүгір,
Жоқ ойдан түңіл —
Ерікке қоймай, ентелеп.
Қайтпас уақыт,
Қал дәмін татып,
Бос өткізбе еркелеп!
Жастық деген — бағасыз,
Қадірін білмес санасыз.
Жастық — алтын,
Құрып қал салтын,
Салты оның — үйрену,
Өнер қуып,
Бел бекем буып,
Надандықтан жирену!
Тұрма, қарғам, ұмтыл!
Аты өшкірден құтыл!
Білімсіз — есек,
Опасыз десек,
Сөйлеп, күліп жүрсе де.
Өлікпен тең,
Ит-құсқа жем,
Тірі боп ғұмыр сүрсе де.
Сондай болма, қарағым,
Даяр болсын жарағың!
Білген жан — көсем!
Сөйлесе — шешен,
Жұртты аузына қаратар.
Істегені — өрнек,
Қор қылмас ермек,
Нәрсені іске жаратар.
Білімдінің сөзі — ем,
Мейірімі көп, етек — кең!
Жұртына мақтаулы,
Сыбаға сақтаулы,
«Пәлі!» деп қарсы алар.
Іс қылар тежеп,
Жан-жүрек өжет,
Бет келгенді арсалар.
Қайда барса — сыйымды,
Білімі — мал, бұйым-ды!