Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Жақсылық туралы жыр)

0
109

Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Жақсылық туралы жыр) казакша Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Жақсылық туралы жыр) на казахском языке

Ей, жарық күн, нұрыңды шаш далама,
шаш нұрыңды қарттарға, жас балаға,
ызғар сіңген жеріме шуақ керек,
мұқтаж оған ауыл да, астана да.

Сәулеңменен себеле үміт демін,
жер бетінен жылыссын күдіктерім.
Адамдардың сатқындық, сұмдығынан
қалжыраған жерімді жібіт менің.

Күңгірттенбей, көтерсін шыңым басын,
қарттарымның ұзартқын ғұмыр жасын.
Қорқыныш пен үрей жер кеуделерде,
қу бәрін де — соңына бұрылмасын!

Кетсін тағы шарықтап алысқа үнім,
қонақтасын ырыс пен табыс күнім.
Ұл-қыздары көтерсін қол ұстасып
қазағымның елдік пен намыс туын.

Жарқырасын шуақ боп алғашқы үміт,
жүректерді жүрекпен жалғастырып.
Адамзатқа бірлік бер, тыныштық бер –
ынтымақтан туындар бар жақсылық!