Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Білемін)
Білемін:
сүйем сүйсем әйтеуір құлап-талып,
дүниенің барлығы жырақ қалып.
Сені мен мен түсінер жай туралы
көргенім жоқ ешкімге сыр ақтарып.
Сені аңсаймын көзімнен жас ағыла,
көбейді ғой бұл күнде шаш ағы да:
Сыр ашпаймын еш жанға. Шағынғанда
біреу сенің орныңды басады ма…
Сезім қолдан ешқашан жасалмайды,
жасағандар ұзаққа аса алмайды,
не алдасып бір-бірін күн кешеді,
мен ондайға көнбесім қашанда әйгі.
Мен сондаймын.
Сүйсем егер, ғұмырлық сүйіп кетем.
Жұртқа менің жүрегім — тұйық мекен.
Аласарсам, ешкімге ұқсамайтын
сезіміммен көңілді биіктетем.