Қазақша өлең: Есенбай Дүйсенбайұлы (Қабылдауда)

0

Қазақша өлең: Есенбай Дүйсенбайұлы (Қабылдауда) казакша Қазақша өлең: Есенбай Дүйсенбайұлы (Қабылдауда) на казахском языке

— Қайтпайсың ба, ауып кетті екінді?
— Күтем әлі айналғанша іңірге.
Әкіматта есіктер бар не түрлі…
— Ашпадың ба?
— Аша алмадым бірін де.
— Қызметіңді болар ма екен білуге,
Атшымысыз?
— Иә, әрине, атшымыз.
— Кірмейсің бе?
— Рұқсат жоқ деп кіруге,
Жібермейді алдындағы хатшы қыз…
— Мұндай қысың бұрын-соңды болмаған.
— Қалаң анау ақ түтекке оранған.
— Балаң нешеу?
— Үскірікте он балам
Үсіп өліп қалмаса игі бораннан.
— Оңайлықпен тоқтай қоймас бұл еркең,
Кәсібің не, үйің бар ма, шырағым?
— Боқшанамен қоқыс тасып күнелтем,
Бір орыстың падбалында тұрамын.
— Әй, қарындас, кірсін мына кісіміз,
Жанашырлық жасасайшы пақырға-ай.
— Онда сіздің болмасын түк ісіңіз,
Рұқсат жоқ, бастық өзі шақырмай!
— Қой, кетелік, беті бетпақ, қатты екен.
— Қайта бергін, асықсаң сен жүруге.
— Аман боп тұр, бұлар бар ғой, атшекем,
Құдайға да: «Рұқсат жоқ!» дер кіруге.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!