Қазақша өлең: Есенбай Дүйсенбайұлы (Мойындамау) » ZHARAR

0

Қазақша өлең: Есенбай Дүйсенбайұлы (Мойындамау) казакша Қазақша өлең: Есенбай Дүйсенбайұлы (Мойындамау) на казахском языке

Ғұсманжан, мына күннің суығын-ай,
Барады ызғырығы қуырып-ай.
Жалп етіп жалын сөніп — ойладық па
Жастықтың жығылар деп туы бұлай?!
Заманым қазір кандай, бұрын кандай?
Жақ солып, ақша беттен нұрым тайды-ай.
Бір әке, бір шешеден туғандай-ақ,
Тұлғамыз шағын екен тұрымтайдай.
Қайтесің Құдай оны бермесе егер,
Ақынбыз адал еңбек, терге сенер.
Айтқаны Аманханның рас болса,
Өлеңге сен де шебер, мен де шебер.
Еп пен сеп әуенімен дөңгелемей,
Елеусіз жүргеніміз — елге мерей.
Баймын деп Байбота да айта қоймас,
Байқасам, сен де кедей, мен де кедей.
Қасқайып халтураға оқты атардай,
Қақпаймыз талғажауы жоққа тандай.
«Толстой толыспаған» толып жатыр,
Қауқар бар «тоғыз ханды тоқтатардай!»
Талайлар құты өрлеп тұрғандардан
Құтылмас Ардың соты кұрған дардан.
Егіздің сыңарындай, ей, қарағым,
Есен жүр бұлсыз елге бұлданғаннан!
Тұрса деп бұлбұл сайрап, терек гүлдеп,
Музаға артып едік ерек міндет.
Келеміз қызмет етіп мемлекетке,
Кергімей «Мен сыйлыққа керекпін!» деп.
Мансаптың баға берсін қойын малай,
Ғұсманжан, мына тағы ойым қалай:
Пысықай бас жүлде алса — таңсық емес,
Момынды пыш-пыштайды мойындамай.
Табынып Ілиясқа, Қасымға біз,
Беріппіз адалдыққа асыл маңыз.
Сен — 60, мен — 65: екеуіміз
Елерлік ЮНЕСКО жасындамыз.
Ғұсманжан, бойың — бала, ойың дана-ау,
Болжаусыз болашақта тойың бар-ау…
Ел салты — шенділерге шекпен жауып,
Атақсыз ақындарды мойындамау!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Дереккөз: zharar.com