Қазақша өлең: Ерлан Жүніс (Күйзеліске түскен ақын ініні қайрау) » ZHARAR

0

Қазақша өлең: Ерлан Жүніс (Күйзеліске түскен ақын ініні қайрау) казакша Қазақша өлең: Ерлан Жүніс (Күйзеліске түскен ақын ініні қайрау) на казахском языке

Сен əлі жас баласың,
Жастықпен, мастықпен де дос боласың,
Ұрылар тауларға да, тасқа басың,
Бəрі де біткендей боп тұрған сəтте —
Басталасың:
Басталған дəуір секілді данышпандардың демінен,
Дауыл секілді теңіздерді сапырған,
Жердің шегінен,
Көктің түбінен,
Дұға секілді мыңжылдар бойы оқылған!
Соғысы секілді жарық пен түнектің —
Ешқашан бітпейтін,
Қағысы секілді жүректің,
Ағысы секілді алапат өзеннің,
Кезеңнің —
Ешкімді күтпейтін!
Басталған мейрамдай мəңгілік тойланатын,
Жұлдыздар секілді Күнді айналатын,
Тіпті Күн секілді,
Ешкімді алаламайтын,
Ешкім де жақындай алмайтын,
Хат секілді оқылмай қалмайтын…
Жебедей — ешкімді жараламайтын,
Шексіздікке атылған,
Сүйісі секілді ғашықтың таңдарға ұласқан,
Азаншының дауысындай мінəжатқа шақырған,
Өзгелер есімін сұрасқан беймəлім жолаушыдай,
Алаушыдай — Олимпке ұмтылған!
Өмірдей — тастың да ішінде бұлқынған,
Ой дауысы секілді марғау ғасырды оятқан,
Қараңғы дүниені оятқандай Күн!
Аспандай жай атқан,
Өлеңдей —
Ешқашан аяқталмайтын!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Дереккөз: zharar.com