Қазақша өлең: Ерлан Ахмет (Жайсаным, аңсап жүрмін)

0

Жарысқан толқындарың
Жайсаң-көл, көркем едің.
Айнаңның жарқылдарын
ойнатып еркеледің.

Ақ таңда тарайды арай,
Жайсаңым, аңсап жүрмін.
Жолыңа қарай-қарай,
сағынып, ән сап жүрмін.

Жаңғыртқан дәуір үнін
жалаңтөс тау ұлымын.
Шақырды дауылды күн
серісін Сауырыңның.

Жер-Ана шаттанады
көктемнің жауынына.
Көңілім аттанады,
аунатшы шалғыныңа.

***

Аймалатып алтын нұрға,
Сауыр, Сайхан балқыдың ба?
Айнасы боп күміс Айдың,
ақ айдыным шалқыдың ба?

Жақұт жырым – жайсаң елім,
қырандарым,
қайсар елім.
Жәннат сендей қайда маған,
иран-бағым – Жайсаң жерім?!

Беу, Жеменей,
ағысыңнан
тас қамалдың сағы сынған.
Балбалдарда белгі қалған
Қазанаттар шабысынан.

Жалаулатқан арым үшін,
алаулатқан бағым үшін.
Таусылмайды әз-жанымда
саған деген сағынышым.

***

Сағындым, туған жер, тал-құрағың
сыбдырлап тілдесіп, сырласатын.
Сағындым алмауыт – арғымағың
сабасып желменен қырға асатын.

Сағындым, Жайсаң-көл, дарияңды,
сағымы құмартып, желіктірген.
Сағындым данагөй қариямды,
санама ақыл һәм ерік берген.

Сағындым Маңырақ, Сауырымды,
сарандыз жинаған бала шақта.
Сағындым қаракөз бауырымды –
самғаған аққұсым болашаққа.

Сағыныш арқалап барғанымда,
сезімді селдей қып селдеткен ем.
Сағынар ауылым тұрғанында,
сарқылмас жүректен өрнекті өлең.

***

Ақ таңның нұры өпкен бақтарды
көп кездім.
Аңсаймын сол шақтарды.
Жастанып мүкке оранған тастарды,
баянсыз махаббаттан жас тамды.

Толқынды бұйра бұлттар көшіне
ілесіп кете бердім есіле.
Саумалдай Сауырымның кеші де,
оралар албырт жастық есіме.

Маусымда Маңырақты жайлаған,
ақ әжем тарғыл бие байлаған.
Төбемде кемпірқосақ ойнаған,
күн қайда балалықты қоймаған?!

Еркелеп арасында екі елдің,
аңсаумен, тамсанумен өтер күн.
Туған жер,
сенсіз ғұмыр кешер кім?!
Сағындым…
Сағынады екенмін!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!