Қазақша өлең: Алмас Темірбай (Уақыттың қадірі)

0

Солай да солай, қарағым,
Жанымның таппай қалауын,
Мен дағы Мұқағалидай
Отыздан асып барамын…

Күндерім қайран, күндерім,
Кетті екен қайда, білмедім?
Жоғалған жастық шағымды
Қайтарып берер кім менің?!

Қыдырдық, жүрдік, тойладық,
Қызыққа ешбір тоймадық.
«Уақытым қайда кетті?» деп,
Отырмын енді ойланып.

Уақыттан бәрі жеңілер,
Жол да жоқ артқа шегінер.
Осы күн, осы сәт бізге,
Бір-ақ рет қана берілер…

* * *

Уақыттан асқан билік жоқ,
Уақыттан озған жүйрік жоқ,
Адамға Алла бұйыртқан
Уақыттан қымбат сыйлық жоқ.

Өзіңді-өзің алдама,
Уақытты салма саудаға.
Жиырма төрт сағат берді Алла
Балаға, кемпір-шалға да.

Өткізе бермей жай ғана,
Уақытты жарат пайдаңа.
Жиырма төрт сағат – тең уақыт
Берілген кедей-байға да.

Уақытты жарат пайдаңа,
Қолыңды босқа байлама.
Жиырма төрт сағат ─ сенде де,
Жиырма төрт сағат ─ байда да…

Осыған, досым, не дейсің?
Өзіңді кімге теңейсің?!
Уақытың ─ бірдей, о неге,
Анау ─ бай, ал сен ─ кедейсің?

Мейірімін төгіп саған да,
Мүмкіндік берді хақ Алла.
Денсаулық пенен уақытты,
Берген ғой тегін адамға.

Неге біз осы, неге біз,
Ұмытып кете береміз?!
Денсаулық пенен уақыттың,
Қадірін білмей келеміз…

Оңымнан туып тұрса Айым,
Уақытты дұрыс жұмсайын!
Несие уақыт берілген,
Жиырма төрт сағат күн сайын!

Осы бір мысал жетпей ме?
Ойыңа әсер етпей ме?
Бір күннің сегіз сағаты,
Ұйқыға ғана кетпей ме?

Сегіз-ақ сағат, не тегі,
Дейсің бе, уақыт жетеді.
Он екі айдың төрт айы,
Ұйқымен сонда өтеді…

Отыз күн жүріп табатын,
Алпыс мың болса жалақың.
Жұмыста өтер сол үшін ─
Екі жүз қырық сағатың.

Уақытың, ақшаң, табысың,
Жұмсалар бәрі тән үшін.
Ішесің, жейсің, кетеді,
Барлығы қарын қамы үшін.

Барлығы қарын қамы үшін,
Не істедің сонда жан үшін?!
Жаныңа бір сәт уақыт бөл,
Бойыңа иман дарысын.

Несіне жанды қинаймыз,
Дүние-байлық жинаймыз.
Бізге өмір берген Аллаға,
Бір сағат уақыт қимаймыз.

* * *

Әр сағат, әр күн, әр апта,
Бағынар ғұмыр сағатқа.
Уақыты жетіп піспей ме,
Қазанға салған тамақ та?!

Шуағын көктем төккенде,
Мерзімі келіп жеткенде,
Уақытқа үнсіз бағынып,
Өседі гүлдер, шөптерде.

Үгітіп, жолға тасталған,
Мына құм – бұрын тас болған.
Уақыты бітсе, мыңжылдық
Жұлдыз да құлар аспаннан!

Өз қамын ойлап жас бала,
Бұрмайды мойнын басқаға.
Ақырзаманның адамы
Уақытын сатар ақшаға…

Жаратқан Алла жар болып,
Жаралдық жоқтан бар болып.
Туғанмен бәрі бала боп,
Өлмейді бәрі шал болып…

Жас өткен сайын кісілер,
Уақыттың сырын түсінер.
Азайып сенен үлкендер,
Көбейер сенен кішілер.

Жастық шақ өтсе, оралмас,
Жас болып ешкім қала алмас.
Ақшасын төлеп әйелдер,
Қыз күнін сатып ала алмас.

* * *

Ойлама бәрін білем деп,
Шалқып та тасып жүрем деп.
Уақытың – алтын қазынаң,
Жұмсауың керек үнемдеп.

Айбының асып тұрса да,
Байлығың тасып тұрса да,
Уақытың – ақшаң қолдағы,
Ақшаңды босқа жұмсама.

Ойланып көрші, жарқыным,
Керек пе қымбат алтының?!
Өмірің қалса жарты күн,
Уақытың қалса жарты күн?!

Үйдегі затың тоналса,
Қалтаңнан ақшаң жоғалса.
Іздейсің жоқтап, өкініп,
Уайымға батып о қанша?!

Ойланбай неге келеміз?
Дүние десе ─ өлеміз!
Уақытың өтсе, жоғалса,
Уайымдамаймыз неге біз?!

Жас болып мәңгі жүрмейсің,
Мәңгілік өмір сүрмейсің.
Үнемдеп жұмса уақытты,
Бітеді ол қашан білмейсің.

Қалжыңбас ағам тойда жүр,
Қаңғыбас жеңгем қайда жүр?!
Жиырмадан асқан бір інім,
Бала боп әлі ойнап жүр.

Құрметке небір бөлендік,
Халыққа, қайтып не бердік?
Мемлекетімнің уақытын,
Жұмсап жүр қайда, шенеунік?!

Алданып жалған бес күнге,
Алдамшы ғұмыр кештің бе?
Жоғалтып алған уақытты,
Бере алмас тауып ешкім де.

* * *

Минутты әрбір бағала,
Секундты әрбір сарала.
Уақытты қайда жұмсадың,
Есептеп, үйрет балаңа.

Балаңды үйрет жасынан,
Іздесе, табыл қасынан.
Сенің бос өткен күндерің,
Өтпесін оның басынан.

Өмірдің – уақыт бөлшегі,
Тұрмайды күтіп ол сені.
Уақытты босқа жеп жатқан,
Іздеп тап артық нәрсені…

* * *

Мен үшін әр күн – ұлы күн,
Құдайға шүкір, тірімін.
Бір минут уақыт деген сөз,
Бір үзік менің ғұмырым…

Уақыт жоқ менде – кектенер,
Қызғанып іштей жек көрер.
Уақыт жоқ менде, уақыт жоқ,
Біреуге ренжіп, өкпелер.

Уақыт жоқ менде… біреуге,
Жамандық ойлап, тілеуге.
Уақыт жоқ менде, уақыт жоқ,
Біреуді сынап-мінеуге.

Уақыт жоқ менде ашуға,
Жылауға, бір сәт жасуға.
Уақыт жоқ менде, қысқасы,
Уақытты босқа шашуға.

Бір сағат бөліп балама,
Бір сағат бөліп анама.
Жақсылық қылсам біреуге,
Бір күнім менің садаға!

* * *

Әдемі сағат таңдайсың,
Көресің ұстап әрқайсын,
Он сағат сатып алсаң да,
Уақытты сатып алмайсың.

Күн батты енді, кеш деме,
Ісіңді істе кеште де.
Мерзімі өтсе қарызға,
Бермейді уақыт ештеңе.

Қайтарылмайды бұл уақыт,
Қайталанбайды бұл уақыт,
Таппайсың, ертең іздесең,
Қайта оралмайды бұл уақыт.

Уақыт-ай, уақыт, зырлайды,
Артына мойнын бұрмайды.
Кешіксең, бітті, ол сені,
Бір секунд күтіп тұрмайды.

Өткенді жалғай алмайсың,
Тағдырды таңдай алмайсың.
Қулығың күшті болса да,
Уақытты алдай алмайсың…

Уақытты жинай алмайсың,
Біреуге сыйлай алмайсың.
Уақытың бітсе, сен оны
Қарызға сұрай алмайсың.

Біреудің күні өтпейді,
Біреуге уақыт жетпейді,
Есептеп үйрен уақытты,
Еңбегің зая кетпейді.

Бұл өмір деген ─ қас-қағым,
Өтер де кетер жас шағың!
Сыйлатқың келсе өзіңді,
Уақытын сыйла басқаның…

Білмейсің, ертең не етесің,
Қай жерге дейін жетесің.
Өмірдің жолын сен қанша,
Уақытта жүріп өтесің?!

* * *

Сен қазір жассың, баласың,
Іздегеніңді табасың,
Қолыңда тұрған уақытқа,
Барлығын сатып аласың.

Ақшаны ойлап, құнықпа,
Күнәға батып, былықпа.
Ұмтыламын деп ертеңге,
Бүгінгі күнді ұмытпа!

Жаныңа шуақ нұр беріп,
Қуантты бүгін кім келіп?
Жазып жүр жақсы нәрсені,
Бүгіннен бастап күнделік.

Бүгіннен баста барлығын,
Бүгінің – жұмбақ тағдырың.
Ертеңнен емес, бүгіннен
Басталсын сенің әр күнің.

Бұл уақыт деген шынымен,
Өлшенбес сағат тілімен.
Өлшенер уақыт – іспенен,
Не істедің бүгін күнімен?!

Не істедің бүгін күнімен?!
Не істедің бүгін түнімен?!
Ісіңнен сол бір не қайыр,
Не пайда соның бірінен?!

Өмірдің құнын білдің бе?
Жоқ, босқа өмір сүрдің бе?
Жұмсадың қайда уақытты,
Не істедің осы бір күнде?

Түнімен жүріп көшеде,
Үйіңе жеттің нешеде?
Бір сағат уақыт күн сайын,
Бөлдің бе әке-шешеңе?

Ұйқымен өтті неше күн,
Күлкімен өтті неше күн?
Барғанда Құдай алдына,
Бересің соның есебін…

* * *

Қазаққа қарап таң қалам,
Құдайын ойға алмаған.
Уақытын босқа өлтіріп,
Өздерін-өзі алдаған.

Ішетін, жейтін жатып ап,
Байқашы жұртты бақылап.
Уақытша ғана нәрсеге,
Уақытын жұмсар ─ ақымақ.

Дүбірін сезіп алыстан,
Заманмен мынау жарысқан.
Уақытын дұрыс жұмсайтын
Адамдар ─ нағыз данышпан!

Өмірін ойлап талайдың,
Тарихын зерттеп қараймын.
Бір күні босқа өтпепті,
Яссауи, Шоқан, Абайдың.

Өмірдің мәнін ұғып ал,
Білім ал, бәрін біліп ал.
Қадірін білген уақыттың,
Қазақтан шыққан ұлылар…

Неге біз осы, неге біз,
Нәпсіге ғана ереміз?!
Бес уақыт намаз оқымай,
Бес сағат кино көреміз?!

Өтірік сөзбен, өсекпен,
Жастардың күні-ай бос өткен.
Агентке кірер көзі ісіп,
Ояна салып төсектен…

* * *

Не деген қызық жандармыз,
Ертеңге сеніп алғанбыз.
Бәрі алда тұрған сияқты,
Күтеміз бәрін алдан біз?

Қырық жыл шыдап, күт, мейлі,
Бітпейтін нәрсе бітпейді.
Ертеңгі күнді күтеміз,
Ал уақыт бізді күтпейді.

Басамыз сосын әттеңге,
Үлгермей соңғы сәттерде.
Бос өткен уақыт ─ күнә боп,
Жазылар Амал дәптерге.

Ажалың жетсе, өлерсің,
Қиямет күнін көрерсің.
Уақытты босқа өлтірсең,
Сол үшін жауап берерсің.

Өткізбе бекер күн, айды,
Ұмытып кетпе Құдайды.
Қарызға берген уақытын,
Сұрайды ертең, сұрайды…

Берілме бекер құр ойға,
Езілме, босқа мұңайма.
Ойланшы, не істеп отырсың,
Не дейсің ертең Құдайға?!

* * *

Аспанда тұрған Күн-сағат,
Барлығын байқап тұр санап.
Кірерсің мүмкін жұмаққа,
Сауапқа батсаң бір сағат?!

Жақсылық жаса, қайыр қыл,
Ажалың келсе, дайын жүр.
Уақытың өтпей тұрғанда,
Иманың үшiн уайым қыл…

Уақытың бітсе, не етесің?!
Жұлдыздай ағып өтесің.
Қара жер дейтін қуысқа,
Кіресің дағы кетесің…

Уақыт, қатал уақыт,
Тасты да тастар уатып.
Бос өткен менің уақытым,
Жанымды жатыр жылатып…

Қазағым менің, тұршы аман,
Қылармын қызмет бір саған.
Уақытым – менің бақытым,
Еліме арнап жұмсаған.

Тыңдашы, тыңда, шаршама,
Бір сөзім есте қалса да,
Айтам деп уақыт туралы,
Уақытым кетті-ау қаншама?!

Мейірімі түсіп Құдайдың,
Болсыншы ұзақ жыл, ай, күн,
Уақытын алсам бекерге,
Халқымнан кешірім сұраймын…

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!