Қазақша өлең: Айбек Бестенқұлов (Мұғалім махаббатым)

0

Қазақша өлең: Айбек Бестенқұлов (Мұғалім махаббатым) казакша Қазақша өлең: Айбек Бестенқұлов (Мұғалім махаббатым) на казахском языке

Бұл өмірге сен ерте мен кеш келдім
Сезімнің құдіретін енді ескердім
Кеткеніңе қайтейін бой ұсындым
Қатарынан болсам да көнбестердің

Сен дей алмай мен саған сіз дейтінмін
Сәл көрмесем сағынып іздейтінмін
Жігітіңнің білгенмін бар екенін
Үмітімді сонда да үзбейтінмін

Ол кезде жас едіңіз күмәні мың
Сезбеген сезімімнің шын анығын
Ішімнен айтқан кезде махаббатым
Сыртымнан айтқан кезде мұғалімім

Едік қой әңгімені күліп бастар
Жанымды түсінбейді шын ұқпастар
Әлі есімде өлердей ұялған күн
Сырымды біліп қойып сыныптастар

Сәтсіздік пе өзгермес бәлкім ол заң
Қызғаныштың қымбаттау нарқы болған
Мен өзіңді шығарып салар күні
Жігітің қарсы алатын жарты жолдан

Содан бері өзімді келем алдап
Бәрібір сол сезімді көрем ардақ
Қиялы бар ақының отыр міне
Күйеуі бар аруға өлең арнап

Ал қазір ше күйеуің, балаң бар ма?
Шаң қаптырып кеттіңдер шарам бар ма?!
Жасқа қарамайтынын махаббаттың
Сонда да айта жүрші адамдарға…