Қазақша өлең: 16 Желтоқсан — Тәуелсіздік күні (Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!)

0

Қазақша өлең: 16 Желтоқсан - Тәуелсіздік күні (Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!) казакша Қазақша өлең: 16 Желтоқсан - Тәуелсіздік күні (Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!) на казахском языке

Ендіктерді аралап еркін дүбір,
Алаулатты керемет көркіңді нұр.
Алақайлап аспанға атып тұрып,
Берекелі бастағы бөркіңді бір…
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!

Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?
Бұдан асар бақ бар ма?
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!

Әдіптеді арманды әуелгі үміт,
Кекете алмас қазақты жау ел күліп…
Тәуелсіздік туындай биік еңсең,
Кетті бүгін келмеске тәуелділік…
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!

Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?
Бұдан асар бақ бар ма?!
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!

Төрт түліктен майысып арқа, белдер,
Тойлап жатыр ой, қырда дарқан ерлер…
Танып жатыр, мойындап Қазақ Елін
Танығысы келмейтін тарпаң елдер…
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!

Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?!
Бұдан асар бақ бар ма?!
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!

Автор: Базарбай Исаев