Қазақша мақал — мәтел: Тәкаппарлық, менменшілдік, кекірттік, кесірлік, өр көкіректік, мақтаншақтық
Менменнің тобасы жүрмес.
Менмендік туған анаға да жақпас.
Тәкаппардың кісісі өлсе, жалғыз жылайды.
Тәкаппардың тәубасы қабыл болмайды.
Тәкаппарды Тәңірі сүймес.
Кең пейілге ас көп, менменге тас көп.
Тәкаппардың семірткен малы,
Ойнақтап жүріп қасқырға кезігеді.
Тасқан төгілер, іскен жарылар.
Сыңар етігі пұт жарым болып.
Көп асқанға бір апат,
Кесірліге бір кірапат.
Қаңтарда қатқан мұздай.
Шалдуар мінезді, шайпау сөзді.
Ойхой, көкірек,
Не демейді сұм жүрек.
Айттым болды, кестім үзілді.
Қарамық өзін бау санайды,
Төбе өзін тау санайды.
Кемтар болсаң,
Жоқ нәрсе де бар болар.
Менмен болсаң,
Бар нәрсе де жоқ болар.
«Сіз», «біз» деген ауызға «мен», «мен» деген түспесін.
Бақан аттаған жарымас,
Балта аттаған байымас.
Асқанға аспан да аласа.
Аузымен құс тістеп.
Өзінің қисықтығын білмей,
Өзгенің түзулігін білмейді.
Күн сүйіп, жел үріп.
Үзеңгі бауы алты қарыс.
«Туу» дегенде түкірігі жерге түспейді.
Тайлаққа артқан теңдей.
Өзім білем деген өлер,
Көп біледі деген күлер.
Шонтайына шойын қаптағандай.
Оқтау жұтқандай сіресіп.
Сырдың суы сирағынан келмейді.
Басынан Күн, аяғынан Ай туған.
Басы жұмырықтай,
Аяғы қылдырықтай.
Аяғы боқта, төбесі көкте.
«Мен», «мен» дей берме,
Меңдеп өлерсің.
Өзімшілдің іші тар, ойы шартық.
Өзім білем деген өрге баспас.
Өзгеге деген өседі,
Өзіме деген өшеді.
Мақтаншақ бар ақылын мақтанға тауысады.
Мақтанған мастан бетер.
Жақсыны мақтасаң сақтанады,
Жаманды мақтасаң қомданады.
Жетім бала жасқаншақ,
Жетесіз бала мақтаншақ.
Көзіне мақтаған — көлгірдің сөзі.
Сыртынан мақтаған — көңілдің сөзі.
Құлды мақтайын десең алысқа сат.
Мақтаншақ өз дамбалын былғайды.
Мақтаншақ қысыр сиыр сауады.
Үйде атан, түзде бура.
Құдайдың кенже ұлындай.
Құдайдың сақалын сипағандай.
Құдайдың үйін көргендей.
Меккеден тас көтеріп келгендей.
Бай мақтанса — бір жұттық,
Батыр мақтанса — бір оқтық.
Жақсы кісі мақтанса,
«Жаманнан қалдым» дер.
Жаман кісі мақтанса,
«Жақсының жағасынан алдым» дер.
Мақтамақшы болсаң, сақиды мақта.
Көзінше мақтағанша көтеріп апарып отқа сал.
Шуын сүйретіп келіп шүйдесін көтереді.
Дүрмек бар жерде даңғой бар.
Үстіне оттан көйлек киген.
Бір арқау, бір күзеу болып.
Көлмін деп мақтанасың,
Суыңда бір балық жоқ.
Құнанын Құдайындай,
Тайын Тәңіріндей көреді.
Сылдыры бар да, салмағы жоқ.
Елірменің емі жоқ.
Бірде бас, бірде тас болып.
Тасыған қазан төгілер.
Қырық жасқа келгенде домбыра үйреніп,
Ахиретке барғанда шертпекпісің?
Біреудің түйедейін көрмеген,
Түймедейді не қылсын?
Өзінің кетпендей мінін көрмеген,
Біреудің инедей мінін көреді.
Жапалақ құс мақтанса,
«Жардан тышқан алдым» дер.
Жаман адам мақтанса,
«Жақсының аяғынан шалдым» дер.
Айға бойымыз жетсе,
Күнге қолымыз жетеді.
Қотыр қолда қола сақина.
Жұтаған жұртын мақтайды.
Орынсыз мақтау орға жығады.
Көзіне мақтама, сыртынан даттама.
Өзін өзі мақтаған — өлімнің қара басы.
Тоңған тонын мақтайды,
Адасқан жолын мақтайды.
Бар мақтанса табылар,
Жоқ мақтанса шабылар.
Тігілмеген етігіңді мақтама.
Мақтаншақты мақтасаң, басыңа секірер.
Айды аспанға бір шығарды.
Мылтығыңның күмісін айтпа, тиісін айт.
Жегені — кебек, кигені — жібек.
Қызыл кебіс қисық аяқты әйгілейді.
Сырты жылтырағанның іші қалтырауың.
«Пұт болдым» деп мақтанба,
Одан да ауыр батпан бар.
Аттылыға жол, ауыздыға сөз бермейді.
Тағасының күмісіне мақтанба,
Атыңның жүрісіне мақтан.
«Бояушы, бояушы» дегенге сақалын бояйды.
Оттай орақшы, жаудай қарақшы.
Болған кісі «болдым» демес,
«Болдым» десе, оңғаны емес.
«Жақсымын» деп мақтанба, халық айтпай,
«Батырмын» деп мақтанба, барып қайтпай.
«Баймын» деп мақтанба, жарлылың бар,
«Көппін» деп мақтанба, жалғыздың бар.
«Алтаумын» деме, жетеуге жолығасың,
«Жетеумін» деме, сегізге жолығасың.
Ақсұңқар «ұшармын» деп мақтанба,
Алдыңда құрулы тор бар.
Арғымақ « жүйрікпін » деп мақтанба,
Алдыңда қазулы ор бар.
Бір жерде білгір, бір жерде міңгір.
Ісінбе — кеберсің, тасыма — төгілерсің.
Айдан ұл, Күннен қыз тудырады.
Көңілі көкте, басы жерде.
Өзі өрде, сөзі төрде.
Пышағыңның күмісіне қарап,
Өтпесіне болайын.
Білемін деп мақтанба,
Сенен де білгіш табылар.
Есердің мақтағанынан
Естінің даттағаны артық.
Үрлеп ішіп, шайқап төгеді.
Қасқыр ішігі бар кісі,
Жолдасының тоңғанын білмес.
Бақ-бақ еткен текені,
Қар жауғанда көр.
Батырсынған жігітті,
Жау келгенде көр.
Жапалақ мақтанса,
«Жерден қоян алдым» дер.
Жаман мақтанса,
«Жақсының жағасынан алдым» дер.
Кісінеген айғырдың үйірін көр,
Кісімсіген жігіттің үйін көр.
Күлегештің тісі алтын.
Қайратсыз қорқақ мақтаншақ.
Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісі.
Бай мақтанса, дәулеті шашылар,
Жарлы мақтанса, арты ашылар.
Тәңір атқанды
Тәңір атқан мақтайды.
Түбі түскен шелектей.