Қазақ жазуының бастаулары | Скачать Дипломдық жұмыс
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Тіл өзінің қатынас құралы ретіндегі қызметін ауызша да, жазбаша да атқарады. Дыбыстық тіл жазу арқылы белгіленеді. Кәкен Аханов өзінің Тіл білімінің негіздері еңбегінде жазу дегеніміз — адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал деп анықтама береді [1,548].
Ал Құралай Күдеринова Қазақ жазуының тарихы мен теориясы оқулығында жазу — адамзаттың ұлы мәдени құндылықтарының қатарына жататын, өркениет дамуының құрамдас бөлігі. Адамзат мәдениетінің өркениетке аяқ басуы дыбыстық жазу типінің пайда болуынан басталса, өркениеттің әлемиетке ұласуы жазба коммуникацияның, жазба тілдің жоғары даму сатысына жеткенінен хабар береді [2,5].
Жазудың қалыптасып, бүгінгі күнге жетуінің арасында қаншама ғасыр, қаншама кезең жатыр. Осы күйінде жазу қалыптаса қойған жоқ. Ең алғашқы жазу алғашында суреттер мен шартты белгілер арқылы таңбаланып отырған. Солайша адамдар арасында қатынасқұралы қызметін атқарған. Олар бір-біріне жол көрсету үшін арттарынан бұтақ тастап кету арқылы түсіндіріп көрсетеді. Сондай-ақ соғыс жариялайтын болса жауға айбалта жіберетін болған. Елші оны әкеліп жерге қояды, жау бет оны жерден көтерсе — соғысуды құптайтынын білдіретін. Мысалы, осы секілді өзге де таңбалар қолданылған. Осылайша жазудың алғашқы нұсқалары көріне бастаған. Одан кейінгі кезеңдерде де жазудың өзіне тән ерекшеліктері болған. Сонымен қатар қиыншылықтар да кездескен. Мысалы, сурет арқылы жазу дәуірінде барлығының сурет сала білуін талап еткен . Суретті олар көбінесе үңгірлерге, құмыраларға, жартастарға салған. Бір-біріне хабар беруде ойын сурет арқылы бейнелеп беретін болған.
Мұндай суретті хаттарды ғалымдар пиктография деп атайды. Уақыт өте келе, суреттер сөз мағынасын білдірген түрлі белгілермен ауысты. Бірте-бірте ойлаудың дамуы символдардың артына сөз жасыруға алып келді. Осылайша жазу пайда болды. Ежелгі Египетте пиктографиялық суреттер сына жазуымен ауыстырылды. Египеттіктер жазу үшін ұғым ғана емес, дыбысты да білдіретін белгілерді пайдаланғандардың алғашқысы болды. Египеттіктерден бөлек, белгі-иероглифтерді қытайлықтар, олардан кейін, жапондар мен корейлер пайдалана бастады. Бірте-бірте жылдам жазу үшін, иероглифтер жеңілдетіліп, дыбыстар мен буындарды білдіретін белгілерге айнала бастады. Мұндай жазуды ертеректе шумерлер мен өзге халықтар да пайдаланды. Финикиялықтар буындарды білдіретін белгілерден бас тартып, жазу кезінде тек әріптерді ғана пайдаланды. Финикиялық жазу еуропалық халықтардың барлығының арғы тегі болған грек алфавитінің бастамасы болды. [3,60].
Алғашқы жазу құралдарына тоқталар болсақ, бастапқы құрал — тас. Адамдар алғаш тасқа жазды. Бірақ тастағы жазу жақсы сақталғанымен, оған қашап жазу қиындау еді. Әрі алып жүру де ауырлық ететін. Кейбір саз балшықты аймақтарда балшыққа жазу да болды. Ол үшін балшықтан тақтайша жасап, таяқпен батыра отырып жазатын. Мысқа ойып та жазған. Кең таралған жазу материалы тері болды. Әсіресе, бұзаудың терісін өңдеп, үстіне қалам сияқты қысқа шыбықпен бояуды пайдалана отырып жазды. Кейінірек жазу үшін арнайы қара және көк түсті сия жасау пайда болды. Әр түрлі маталарға кестелеп жазу да болған. Қағазды алғаш ойлап тапқан қытайлықтар еді. Қағаз кейіннен кең таралған негізгі жазу материалына айналды. [4,22].
Осындай құнды мәліметтердің бізге жетуінің өзі жазу арқылы іске асқан. Жазу жөнінде зерттеумен түркологтар С.К.Малов, В.В.Радлов, А.Н.Самойлович, А.К.Боровков, А.М.Щербак т.б., қазақ түркологтары А.Байтұрсынұлы,Ә.Құрышжанұлы, Ғ.Айдаров, А.С.Аманжолов, Қ.Өмірәлиев, Қ.Жұбанов және өзге де көптеген ғалымдар айналысты.
Сонымен қатар қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі — қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі. Өткен жазудың жаңа бір басқышқа қадам басуы. Жаһандану заманында көштен қалмай — дамыған елдің қатарына қосылу мәселесі. Дипломдық жұмысымыздың өзекті мәселесі — қазіргі қазақ жазуының жағдайы. Жаңғыру барысындағы латын қарпіне көшу қарекеті. Қазіргі қазақ жазуын сақтап қалуда латын әліпбиіне көшудің артықшылықтарын баяндау. Жоғарыдағы айтылып кеткен жағдайлар диплом жұмысының өзектілігін айқындауға және оны қазіргі қазақ жазуының қалыптасуы деп таңдауымызға себеп болды.
Зерттеу мақсаты. Диплом жұмысының басты мақсаты — қазіргі қазақ жазуының жаңғыруы, кирилл алфавитіне дейінгі қазақ жазуының бастаулары және латын қарпіне көшу барысындағы өзгерістер мен пікірлерді салыстыру.
Зерттеу нысаны ретінде — өткен дәуір мен қазіргі уақыттағы әдебиет көздері алынды.
Зерттеу пәні. Қазіргі қазақ жазуының қалыптасуын зерттеу.
Алға қойылған мақсат мынадай нақты міндеттерді шешуге бағытталады:
— Жазу және жазба тілге шолу жасау;
— Жазудың шығуы және оның даму кезеңдерін қарастыру;
— Қазіргі қазақ жазуының қалыптасуын анықтау;
— Қазақ жазуының жаңғыруын айқындау;
Мәселенің зерттелу деңгейі. Егер латын әліпбиіне деген оң көзқарас қалыптасып,халық білуге ұмтылса, қолдау байқалса, халық арасында латын қарпінің жылдам жүзеге асуына әсер етеді.
Мәселенің деректік көзі. Зерттеу жұмысы нормативтік материалдар, зерттеу проблемасы бойынша шетел ғалымдарының жазу мәселесін зерттеу еңбектері,авторефераттар, ғылыми — көпшілік еңбектер, ғылыми журналдар, сөздіктер негізінде жасалды.
Ғылыми жаңашылдығы мен зерттеудің практикалық маңыздылығы:
-жазудың шығу тегіне библиографиялық шолу жасалды;
-өткен дәуірдегі латын жазуы мен қазіргі латын қарпін салыстыра қарастырылды;
-латын қарпін қабылдаудағы басты мақсат-міндеттер анықталды;
Диплом жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен қолданылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
I Жазу және оның даму кезеңдері
1.1 Жазу және жазба тіл
Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін ауызша түрде де, жазбаша түрде де атқара алады. Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады. Соның нәтижесінде оның қатынас құралы ретінде қолдану шеңбері кеңейеді. Жазу — адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Ауызекі тілмен сөйлесіп, қарым-қатынас жасаудың мүмкіндігі сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы кеңістікке байланысты болады да, оның шеңберінен шығып кете алмайды.Ауызша тіл күнделікті өмірде ауызба-ауыз сөйлесіп, қарым-қатынас жасауда, тікелей өз ара пікір алысуда айрықша қызмет атқарады [1,548].
Ауызша сөйлеудiң екi кемшiлiгi болды: таралу кеңiстiгiнің шектеулiлігі және уақыт жағынан шектеулiлігі.
Тiлдiң даму тарихы тұрғысынан келсек, тiл адам санасындағы ойды жарыққа шығарып, жазу ауызша айтылған ойды оптикалық құралдар арқылы визуалды дүниеге айналдырады. Сонда жазу тек қосалқы қызмет атқаратын құрал болып табылады. Алдымен аса маңызды қатынас құралы болған — тiл ауызша түрде өмiр сүрдi. Талай жүз жылдықтар бойы басқа қатынастың түрiн iздемедi. Сөйтiп, ойды жарыққа шығарудың және айнала-сына қатынас жасаудың жалғыз түрi ауызша сөйлеу ғана болды. Жазу ендi тiлдiң осы екi қызметiнiң көшiрме түрi ретiнде, қосалқы қызмет атқаруға келгендей. Оны сызба ретiнде былай нобайлауға болады:
Тiлдiк сана ⇒ тiл ⇒ ауызша сөйлеу⇒жазу [29,10].
Сондықтан да: Письмо — это вспомогательное к звуковому языку средство, общения [6,9]. Язык же написанный является до некоторой степени мертвым языком [45,15]. Произносительно-слуховое может возникать и мыслиться совершенно резависимо от исанно-зрительного: писанно-зрительное же имеет смысл осмысливается только в связи с произносительно-слуховым [46,219] деген анықтамалар әсіресе жазу тарихына барған ірі ғалымдардың еңбектерінде көп кездеседі.
В.А.Истриннің бұл ортадан ілгерілеуі — ол егер тілді ойдың материалды бөлшегі, адамдар арасындағы қатынастың негізгі құралы десек, онда жазу тілдің көмекші құралы ғана болады, яғни графикалық таңбалар мен кескіндеулер арқылы тілдің қандай да бір элементтерін хабарлау болып шығады, ал егер тіл сол халықтың өңдеуден өткізген сөздік қоры, жүйесі және олардың тіркесу ережелері, грамматикалық құрылысы десек, онда сол халықтың тілін бейнелейтін графикалық таңбалардың тарихи жүйесі, тілмен белгілі дәрежеде тең келетін жүйе [6,18] дегені болды.
Алдымен ауызекі сөйлеу тілі пайда болды, жазу тілі жазудың шығуымен байланысты кейін пайда болды [5,5]. Жазба тілдің ауызекі тілден кейін пайда болғаны, оның (жазба тілдің) жазудың шығып жасалуымен байланысты екендігі белгілі. Жазусыз мәдениет атаулыны, цивилизация атаулыны көзге елестетудің өзі мүмкін емес.Көрнекті жазушы Леонид Леонов жазудың маңызы туралы былай дейді: Адамдардың тегін қорлық жағдайдан бөліп алып шыққан, өткен замандарда ашылған ұлы жаңалықтардың ішінде жазу өте-мөте үлкен роль атқарады. Алфавиттің туған күнін адамның өзін-өзі біліп ұғынуындағы дәуір деп есептеуге болады, осыдан кітап басу станогының пайда болуына тура жол ашылды. Адам өзінің қазіргі биігіне нақ кітап арқылы баспалдақпен көтерілгендей көтерілді [1, 549].
Ал, жазу — адамдардың қашықтықта тұрып, қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ету. Өйткенi жазу қоғамдық қажеттiлiктен туындады. Адамдар арасындағы күрделi қоғамдық қатынастың дамып жетiлуiн ауызша сөйлеу тiлi қанағаттандыра алмады. Сондықтан жазудың шығуы ең алдымен қарым-қатынастың маңызды бiр құралына деген қоғамдық мұқтаждыққа қарыздар.
Жазу — тілді жаңғыртудың, бекітудің құралы. Жүйесi мен құрылымы бар тілдік таңба жазуға түсiп, денотаттық тұрпатқа ие болғаннан кейiн мәңгiлiк құндылыққа айналды. Өйткенi жазу ауызша сөзді таңбалап қана қоймайды, адамның тiл туралы түсiнiгiн кеңейтеді, тереңдетедi.Тiлдiң инвариантты, абстракті, күрделi құрылымдық деңгейге жетуiне әсер етеді. Соған сәйкес тілдегі синтаксистiк құрылымдар, күрделi фразалық тұтастықтар жазудың негізінде пайда болады [29,12].
Жазудың екінші қызметі тiлдiң жүйелi құрылымға айналуына әсер етуi болып табылады. Тiлдiң барлық потенциалды мүмкiндiктерiн ашып, пайдалануға әсерiн тигiзедi. Сондықтан да бүгінде жазылған дүниені сол тілдің жүйесі мен құрылымы ретінде тануға, қабылдауға, тілдің «өзі» деп түсіндіруге, түсінуге күмән қалмаған.
Үшiншiден, жазу — адам ойының материалданып, жарыққа шығуының, дәлiрек айтқанда творчестволық әрекетiнiң құралы.»Көңiлдегi көрiктi ойдың сыртқа шыққанда өңi қашатын» болса, жазудың арқасында қағазға түскен шашыраңқы ойды жүйелеуге болады. Жазудағы стандарттық құрылымдар, сөйлем мүшелерiнiң нормативтi орын тәртiбi ақыр соңында сыртқа шыққан адам ойын өзгеше сипат алдырады. Оның үстiне жазылған мәтiндi қайталап оқып, толықтыруға, қысқартуға, нақтылауға, қайта құруға мүмкiндiк бар. Мәтінді араға уақыт салып қайта қарап, жетiлдiруге болады. Ой үстiне ой жалғауға болады. Сөйтiп, жазу түптiң түбiнде адамның өз сөзiнiң бөгделенуi болып шығады. Жазудың арқасында сөз екiншi өмiрге, дербес өмiрге ие болады. Демек, жазу қарым-қатынас құралы емес, тiлдiк жағдаят болмаса да адам өз ойын монологті түрде жарыққа шығаратын сананың материалдану құралы болады. Төртiншiден, жазу адам санасындағы ойдың жетілуіне, жасалуына, жүйеленуiне, реттелуiне, нақтылануына қызмет етедi [2,12].
Ал жазудың коммуникативтік негізгі қызметін бүгінгі таңда ауызша коммуникацияның техникалық құралдары (телефон түрлері, интернет жүйесі) екінші қатарға ығыстырып отыр. Интернет жүйесін де ауызша коммуникация түріне жатқызып отырғанымыз, мұнда жазу графикасы мен таңбалары пайдаланғанымен, жазба тіл жүйесі сақталмайды. Ақпарат ауызша тіл жүйесінде құрылып, тіпті өздік коммуникация (аудиалды-визуалды) жүйесін жасауға айналды. Сонда жазудың коммуникация қызметі бүгінде екі формада көрініп отыр: 1)хабарласудың ресми, іскерлік сипатында (ресми іс-қағаз); 2)интернет жүйесі арқылы хат жазысу аясында. Алтыншыдан, жазу — адам жадының бiр түрi. Біз есте сақтауға тиіс ақпаратты жазып жадылайтын болдық. Информация мазмұны мәтінге көз жүгiрткеннен кейiн еске түсiруге, «түртiлiп» алынған ойды ауызша таратып айтуға, керiсiнше ауызша айтылған ойды қысқартып, «түртiп» отыруға болады [29,15].
Адамзат санасы ұрпақтан-ұрпаққа жазу арқылы жетедi, жазу арқылы сол дәуірдің бейнесін көреміз. Жазуы бар тiлдердiң тiл тарихын айқындауға мүмкіндік бар. Жазба тілескерткiштерi бар тiлдiң мәртебесi жоғары саналады. Сонымен, бүгінгі күн тұрғысынан жазудың мынадай қызметтері бар деп білеміз:
1) аргументтік қызмет (әлеуметтік қызмет);
2) тілжүйелеушілік қызмет;
3) ойжасамдық қызмет;
4) ойды жарыққа шығару қызметі;
5) жады қызметі;
6) тілтанымдық қызмет;
7) тілді нормалаушылық қызмет;
8) кумулятивтік қызмет (мәдениетті сақтайтын, жеткізетін
қызмет);
9) коммуникативтік қызмет;
10) ақпараттық қызмет.
Сонымен, жазу уақыт пен кеңiстiк шектеулiгiне тәуелсiз, адамдар арасындағы қатынас құралы ретiнде пайда болды деп түсіндірілгенмен, негізінен оның маңызы мемлекеттік құрылыс пен сауданың, мемлекетаралық саясаттың дамуына тіреледі екен, сонымен бірге оның маңызы тiлдi жетiлдiретiн, жүйелейтін, нормалайтын, ойжасайтын, бекiтетiн, сақтайтын қызметтерiмен өлшенедi екен [2, 14].
1.2 Жазудың шығуы және оның даму кезеңдері
Әлбетте, жазу — алғашқы мәдени типтердің пайда болуына негіз болған бірден-бір фактор. Мысал келтірер болсақ, алғашқы мәдени типтердің пайда болуына негіз салған төрт фактор бар десек:
1)Ніл, Тигр, Евфрат, Хуанхэ және Инд аңғарларында ирригациялық жүйелер ұйымдастырылуы;
2)Жазудың ойланып табылуы, оның суреттік жазудан (пиктограмма), сыналық және иероглифтер арқылы әліпбилік (идеограммалық) жазуға ауысуы;
3)Ортақ мәдениет, тіл, мифтердің пайда болуы, олардың бірлігін пайымдайтын халықтардың пайда болуы;
4)Мемлекеттер мен қалалардың қалыптасуы; Соның ішінде жазу да бар [5,5].
Жазу Көне Шығыс мемлекеттері тұсында пайда болған. Ғалымдардың болжамы бойынша, жазу б.з.д. 3300 жыл бұрын, Шумер мемлекетінде пайда болған. Бұдан 300 жыл кейін Ежелгі Мысырда (Египетте) бейнелеу арқылы ақпарат беру жүйесі дүниеге келген. Ал б.з.д. 2000 жылы көне Қытайда жазу пайда болғаны белгілі.
Аталған мемлекеттерде әліпбидің жасалуының кезеңдері бар. Алғашында белгілі бір мағынаның графикалық кескінін білдіретін сурет пайда болған. Екінші сатыда — суреттің қарапайым түрі пиктограмма, үшінші сатыда мағынаны шартты белгісінің нышаны ретінде иероглиф, төртінші сатыда Көне Карфагенде б.з.д. 1000 жылда абстрактылы форма әліпби (алфавит) пайда болыпты [5,6].
Алғашында өнер мен жазу бір-бірінен ажырамай, синкретикалық қалыпта болды. Суретті-синкретиялық жазу шығу тегі жағынан ең алғашқы көне өнерге, сурет өнеріне барып тіреледі. Зерттеушілер суретті-синкретикалық (пиктографиялық) жазу ең алғаш рет неолит дәуірінде пайда болды деп есептейді [1,551].
Сурет өнерінен бөлініп шыққан жазу да қоғамдық ортақ келісімнен шыққан жасанды қарым-қатынас құралы болды. Адам өзінің көрген-білгенін, басынан кешкен оқиғаларын немесе сезіміне әсер еткен заттар мен құбылыстарды, сондай-ақ шаруашылық есеп, мал, адам санағын тау, тас, ағаш, еңбек,тұрмыс құралдарына қашап, кертіп салды (towrite — «жазу», көнескандинавиялық rita — «керту», «тырнау» деген мағынаны береді).
Алғашында адам айналасындағыларды ескермей, тек өз басындағы ой, сезімді табиғат құралдарына белгілеп, сыртқа шығарып, қанағат тапты. Бара-бара оның «туындыларын» өзгелер де қарап, бірді-екілі оқиға, құбылыстарды түсінетін болды. Әрине, жазудың канондық сипаты сол дәуірлерде-ақ айқындалған болатын. Себебі қолынан сурет салу келетін қасиеті бар және өз ойын сыртқа көркемдеп жеткізе білетін адамдар бірді-екілі болды да, ол «жоғарыдан түскен», «құдай жіберген» адамдай көрінді. Бұл жазу тарихын зерттеушілердің көбі жазу түріне жатқызбайтын суретжазу еді. Ғалымдар оныкөбіне өнер, магия тарихына апарады. Д.Дирингер полеолит дәуіріндегі суреттер біреуге бірдеме хабарлау мақсатынан тумаған сияқты, олар тек өз сезімдерін сыртқа шығару үшін ғана керек болды деген [2,16].
Уақыт өткен сайын жазу ұстанымдары өзгеріп отырады. Жазу жүйесі таңбалардың жиынтығынан тұрады. Ол таңбалар бүтін сөзді, не буынды, не дыбысты белгілейді.Жазу жүйесіндегі таңбалардың не бүтіндей хабарды, не жеке сөзді, не буынды, не дыбысты белгілеуіне қарай жазудың да түрлері келіп шығады. Олар: 1) пиктографиялық жазу;
2) идеографиялық жазу;
3) буын жазуы (слоговое письмо);
4) әріптік не дыбыстық жазу [5,8].
Сурет жазуының өзгерген, жетілген түрі — пиктограмма. Сурет жазуы қол деген мағынаны білдірсе, пиктограмма алу, беру, істеу деген мағынаны білдіре алады [5,6]. Пиктографиялық жазудың ескерткіштері әртүрлі суреттердің жиынтығынан құралған. Әрбір сурет (пиктограмма) өздігінен бүтіндей хабарды білдіре алады. Ол хабар графикалық жағынан жеке сөздерге бөлшектенбейді. Осыған орай пиктограмма тілдік формаларды емес, оның мазмұнын бейнелейді. Осыла болғандықтан пиктограммалардың мағынасын әр түрлі тілдерде сөйлейтін адамдар түсіне алатын болған. Пиктографиялық жазу өте жабайы жазу болды, оның кең мазмұнды ойды түгелімен жазып жеткізуге мүмкіндігі болмады [1,551]. Бірақ бұл пиктографиялық жазуды көбінесе аң аулайтын, балық аулайтын халықтар жиі қолданған. Сондықтан бұны полисинкретикалық тілдерде сөйлейтін халықтар — ақтектер, әсіресе америкалық индеецтер т.б. жиі қолданған [5,8].
Ақтектер арасында пиктограмма XIV ғасырда кең тараған.Шумердің пиктограмма жазуы иероглифтер мен клин жазуларының жасалуына негіз болған.Шамамен б.з.д. 3000 жылдарғы Мысыр сөз пиктограммасы бірнеше мағыналы болып келген [5,6].
Ғалымдар арасында жазу типтері мен түрлері туралы пікірлер әртүрлі: И.Е.Гельб, Л.В.Зиндер суретжазуды жазу емес деп нақтылайды да, семасиография, яғни ойжазуды жазудың алдындағы саты деп көрсетеді. Бұған тарихқа дейінгі Египет пен ертедегі Грецияда жазу мен сурет ұғымдарының бір болуы (грекше graphein «жазу-сурет салу» дегенді білдіреді), шумер логограммаларына қарағанда египет логограммаларында бейнелі-символикалық таңбалардың көп болуы, түрлі-түсті бояудың пайдаланылуы да себеп болды [2,17].
Пиктографиялық жазудың біртіндеп даму барысында идеографиялық жазу пайда болды. Идеографиялық жазудың таңбалары идеограммалар деп аталады. Пиктографиядан идеографияға көшу өте баяу болды және пиктограммалардан пайда болған идеограммалардың алғашында пәлендей айырмашылығы да болмады. Идеографиялық жазудың даму барысында идеограммалар пиктограммалардан біртіндеп алшақтап, ақырында олар (идеограммалар) белгіленетін заттың сыртқы формасына дәлме-дәл негізделуден қалып, шартты таңбалар ретінде қолданыла бастаған. Идеографияның пиктографиядан басты айырмашылығы — таңбалардың формасында емес, олардың мағынасында. Пиктографиялық жазуға қарағанда, идеографиялық жазудағы идеограммалар өзінің мағыналары арқылы тілді дәлірек бейнелейді. Идеографиялық жазу сөйлеудің мазмұнын білдірумен бірге, оның бөлшектері — сөздерді, сөздердің синтаксистік орын тәртібін, кейбір жағдайда сөйлеудің фонетикалық жағынан да ажыратып бере алады [1,553].
Идеограммалар кейде логограммалар немесе иероглиф,ұғымжазу деп те аталады. Идеограмма ойжазуға сәйкес [2,17]. Идеография — грек тілінің idea — идея, grapho — жазамын деген сөздерінен алынған. Логография — грек тілінің logos — cөз және grapho — жазамын деген сөздерінен алынған [1,552]. Осыған орай, идеограмманы логограмма, идеографияны логографилық жазу деп атаудың қажеттілігі айтылып жүр [6,31].
Идеографиялық жазуды ең алғаш қолданған шумерлер (б.э.д. ІV-III мыңж.) болды, кейін ежелгі египет, ежелгі үнді жазуларында дамыды [2,17].
Көптеген ғалымдардың (Ф.Гоммель, Х.Йенсен, Дж.Болли, И.Гельб) айтуынша, барлық басқа жазу түрлері шумер жазуынан бастау алды.
Логограммалардың пайда болуына:
а) сол елдердегі қаланың өркендеуі,
ә) мемлекетті жазу арқылы жүйелеу қажеттілігі;
б) жеке тілдердің сөз ағынына оңай бөлінуі,
в) грамматикалық жағынан тұрақтылық себеп болды.
Қытай тілінің түбір, шумер тілінің жалғамалы сипаты логограммалардың жасалуын жеңілдетті. Шумерлер логограмаларды бірінші болып ойлап тапқанмен, оны жетілдіру жағынан Египет пен Қытайдан кейін тұрды. Оның себебі мемлекеттік құрылыстың баяу дамуы болды [2,18]. Қытай жазуының идеографиялық жүйесі осыдан төрт мың жыл бұрын жасалған болатын. Қытайдың жазу жүйесі әрбір таңбаның дыбыстық тілдегі белгілі бір сөзге сәйкес келіп, соған телінуіне негізделген. Қытай жазуындағы таңбалар біртіндеп өзгеріп, жетіліп, белгілейтін заттар мен құбылыстардың шартты таңбаларына айналған [1,552].Бүгінде олар қытай иероглифімен сақталған. Оған: а) қытай тілінің түбір сипаты, ә)сөздердің бір буыннан тұруы, б) жаңа сөздердің түбір қосындыларынан тұруы, в) ұқсас морфемалардың көп болуы, г) диалектінің көптігі, д) бір таңбаның әртүрлі оқылуы себеп. Иероглиф жазу иератикалық жазуға (тез, курсив жазу), одан демотикалық жазуға (халықтық) көшті[2,18].
Логографиялық(идеографиялық) жазудың жетіле түскен түрі — морфема-логографиялық жазу. Бұл жазудың таңбалары бүтіндей сөзді емес, күрделі сөздің құрамына енетін жеке морфемаларды белгілейді. Осыған орай морфемаларды белгілейтін таңбалар морфемограммалар деп аталады. Қазіргі қытай иероглификасы морфема-логографиялық жазу болып саналады. Қазіргі қытай тіліндегі көп буынды сөздердің түбір морфемаларына айналып кеткен. Осыған орай алғашында бір буынды сөздерді белгілеген иероглифтер кейіннен көп буынды сөздердің құрамына енген түбір морфемаларды белгілейтін болды . Пиктографиялық жазудан алып шыққан логографиялық (идеографиялық) жазудың бірсыпыра кемшіліктері бар. Олар мыналар: логограммалардың көптігі, логографиялық жазудың өте-мөте күрделілігі және логограммалар арқылы грамматикалық формаларды білдірудің қиындығы [1,560].
Логограммалар шумер тілінің жалғамалы сипатына дәлірек келгенмен, кісі есімдерін, жауланған жер, халық атауларын жазуда қиындық тудырды. Сөйтіп, шумер халқы тағы да алғашқы болып, буынжазу жасады (б.э.д. ІІІ мыңж.) [2,18]. Жазудың буын жүйесінде таңба буынды белгілейді[1,562]. Буынжазудың қалыптасуы:а) тілдегі ортақ аффиксті бір буынмен беру жеңілдігі, ә) бір буыннан тұратын омоним сөздің көптігі әсер етті. Егер ІV мыңжылдықта шумер логограммасы 1500-ден артылса, ІІІ мыңж.-та 600-ге дейін қысқарды. Шумер буынжазуында дауыссыз дыбыс таңбасы мүлде болмады. Логограммаларда де-ректі таңбалардың қосындысы көп болды. Буынжазу Ассирия, Финикий, Кипр, Жапонияда дамыды. Сонымен, ең алғашқы буынжазу Тигр мен Ефрат өзендерінің аралығындағы Месопотомия өлкесінде, шумер елінде б.э.д. 3100ж. пайда болды [2,18]. Жазудың буын жүйесі шығу тегі мен таңбалардың фонетикалық мағынасы жағынан бірнеше түрге бөлінеді. Фонетикалық мағынасы жағынан буынжазуын үш түрге бөліп қарауға болады. Бірінші түріне: ассиро-вавилон, элам, урарт, сына (клинописи), майя, лигтуралы дыбыстық корей жазуы жатады.Ерекшелігі — дара буындарды белгілейтіндігінде. Екінші түріне: крит-мекен, кипр, эфиопия және жапон (кана) буын жазулары жатады. Ерекшелігі — дара дауыстыларды және дауыссыздардың тіркесі мен белгілі бір дауыстың қосындысын белгілейді.Үшінші түріне: үнді жазуының әртүрлі жүйелері (кхарошти, брахми) енеді. Ерекшелігі — негізгі таңбалар жеке-дара дауыстыларды және дауыссыз бен дауыстының қосындысын белгілейді [1, 561]. Буынжазуын шығу тегі жағынан үш топқа бөлеміз: а) логографиялық жазудың даму барысында жасалған крит, майя, кипр буын жазулары; ә) эфиопия, индия буын жазулары; б) жапон буын жазуы мен лигатуралы — дыбыстық жазу жүйесі.
Логографиялық жазуға қарағанда буын жазуы оқыту ісі үшін де, қолдану үшін де қолайлырақ. Буын жүйесіндегі таңбалардың саны да ықшамырақ. Логографиялық-фонетикалық жазу жүйесінде мыңдаған таңбалар болса, жазудың буын жүйесінде таңбалардың саны отыз бес немесе қырықтан бастап екі жүзге дейін жетеді [1,564].
Әріп (дыбыс) жазуы — буын жазуынан кейін пайда болды [5,10]. Бір дыбысқа бір таңба сәйкескен бұл жазу дыбысжазу деп аталды [2,19]. Әріп жазуының пайда болуының дүние жүзілік мәдениеттің дамуы үшін үлкен маңызы болды. Жазу жүйелерінің ішінде әріп жазуы — ең қолайлы жазу. Дыбыстарды таңбалау үшін 20-дан 40-қа дейінгі таңба санының өзі жеткілікті болады. Әріп жазуы — сөздерді ғана емес, сонымен бірге, олардың дыбыстық жағы мен грамматикалық формаларын да дәлме — дәл белгілеу үшін өте-мөте қолайлы жазу . Логографиялық жазу мен буын жүйелі жазуға қарағанда, әріп жазуы бір елден екінші елге ауысуға икемді болды. Әріп жазуының өте-мөте қарапайымдылығы, әр түрлі тілдерге жанасымдылығы, халықтардың арасындағы сауда қатынасы мен мәдени қатынастың және т.б. қатынастардың дамуы — осының бәрі әріп жазуының дүние жүзіне кең тарауына мүмкіндік берген қолайлы жағдайлар болып саналады [1,569]. Дыбысжазудың екі түрі белгілі: консонантты, вокалды. Консонантты жазу таза консонантты (египет, батыс семит жазуы) және жартылай консонантты (жол үсті, асты дауысты дыбыс белгілері бар) болып бөлінеді [2,19]. Таза күйінде алдымен консонантты дыбыстық жазу 2 мың жылдықтың екінші жартысында пайда болған да,кейін вокалданған дыбыстық жазу дәуіріміздің 1 мыңжылдығының басында біздің дәуірімізге дейін пайда болған [5,10].
Дауыстыларды белгілеуіне қарай алфавит үшке бөлінді: Ітип — грек, латын алфавиті (дауыстылар арнайы таңбамен белгіленді). ІІ тип — арамей, еврей, араб әліпбиі (дауыстылар диакритикалық таңбамен беріледі). ІІІ тип — үнді әліпбиі (дауыстылар диакритикалық белгілермен немесе таңбалардың ішкі модификацияларымен берілді). Консонантты жазу ең алғаш египет жазуында пайда болды. Оның себебі, В.А.Истриннің айтуынша, ежелгі египет тілінің семит тілдерімен (ассиро-вавилон, финикий, арамей) ортақ белгілері болуында, яғни дауыссыз дыбыс ерекше грамматикалық мағынаға ие болды да, дауысты дыбыс көмекші функцияда жұмсалды. Египет тіліндегі 3300 түбірдің 2200-і үш дауыссыздан, 600-і алты дауыссыздан, 400-і екі дауыссыздан тұрған. Египет жазуының 26 әрпінің 4-еуі (a, e, j, w) кейде ғана дауыстының таңбасын берген [2,19].
Зерттеушілер ең алғашқы таза дыбыстық жазу деп финикий жазуын атайды. Жазу тарихы мамандарының пікірі бойынша, финикий жазуының ескерткіштері (Ахирам, Асдрубаал, Абибаал, Элибаал ) біздің заманымызға дейінгі Х-ХІ ғасырларда пайда болған [1,568]. Таза дыбысжазу жүйесін финикий және батыс семит халықтары (б.э.д. ІІ мыңж.) жасады. Финикийлер — б.э.д. ІІІ мыңж.-б.э. дейін Жерорта теңізінің шығыс жағалауын мекендеген, ірі сауда қалалары болған халық. Финикий жазуындағы 22 әріптің бәрі (алеф, бет, гимел,далет, хе, вав, зайн, хет, тет, йод, каф, ламед, мем, нун, самећ,айин, пе, цаде, коф, реш, шин, тов) дауыссызды, жартылай дауыстыны таңбалады. Әріп атауы реалий атауының алғашқы дыбысымен сәйкесті.Жазудың прогрестік жағына: а) әліпби ретінің болуы, ә) әріп атауы сөздің алғашқы дыбысына сәйкес келуі, б) таңба сөздің денотатына ұқсас болуы, в) жазу процесінің оңнан солға көлбеу бағытта жүруі жатады. Финикий әліпбиінің консонанттылығы туралы ғалымдар әртүрлі болжам айтады. Мысалы, Морис Дюнан әліпбидің тез таралуы үшін семит халқы саналы түрде дауыстыларды белгілемеді деді.Сондықтан финикий әліпбиіндегі дауыстылардың болмауын әліпби жетілмегендігінен емес, әліпбидің ұтымды жағы деп бағалаған жөн дейді Д.Дирингер [2,20].
Ертедегі әріп жазуы — финикий жазуы екі бағытта дамыған.
1.Финикий жазуы 2.Финикий жазуы
арамей жазуы грек жазуы
Азия халықтарының жазуы Славян жазуы
Шығыста финикий жазуының негізінде пайда болған арамей жазуынан Азия халықтарының жазу жүйелері жасалып таралған [5,10]. Алғашында арамей жазуының финикий жазуынан пәлендей айырмашылығы болмаған. Кейіннен арамейліктер жазуға кейбір өзгерістер енгізеді, жеке әріптердің таңбаларын оңайлатады. Арамей жазуын ежелгі семит халықтары қабылдай бастайды. Арамей жазуы персиялық сына жазуымен қатар Персияның мемлекеттік жазу жүйелерінің біріне айналады. Арамей жазуы мен тілі біздің заманымыздың ІІІ-ІV ғасырларында арамейліктердің оңтүстіктен қоныс аударған арабтармен ассимиляциялануының нәтижесінде жойылып кетеді [1,570].
Финикий жазуынан тараған алфавит түрлері мынадай: а) арамей жазуы; ә)архаикалық грек әліпбиі. Арамей жазуынан араб, парсы, ауған; соғды, ұйғыр, моңғол;еврей жазуы тарайды.Архаикалық грек бұтағынан шығыс грек пен батыс грек жазуы шығады. Шығыс грек жазуынан гот, армян; византия-славян жазуы (кирилше мен глаголша); грузин жазуы пайда болған. Батыс
грек бұтағынан итальян; этрусс — латын әліпбиі дамиды. Қазіргі батыс Еуропа халықтарының жазуына негіз болған латын графикасы грек әліпбиінен шығады [2,22]. Гректер әліпби ойлап таппаса да, оған өзгерістер енгізу жағынан алға озып, дамуына ат салысты. Олар дауыссыздарды ғана емес, сонымен бірге дауысты дыбыстарды да таңбалау үшін арнаулы әріптерді енгізді [1,572]. Гректер әліпби жетілдіруде мынадай өзгерістер жасаған: а) семит тілдеріндегі кейбір дауыссыздар таңбасымен дауыстыларды беріп, әліпбиге дауыстыларды енгізді; ә) семит тілдерінің кейбір дыбыс әріптерін басқаша қолданды; б) рh, ps, kh, х сияқты әріп тіркесін қосты [2,22].
Грек жазуынан барлық еуропа алфавиттері жасалып таралады. Мысалы, батыс грек жазуы негізінде этрус, копт және латын алфавиттері жасалып, латын алфавитінен күллі батыс еуропа халықтарының алфавиттері дамыды. Грек алфавитіне қарағанда классикалық латын алфавитінің құрамы басқаша болды. Грек алфавитіндегі кейбір әріптер латын алфавитіне енбеді. Көне дәуірдегі грек жазуы мн латын жазуында бас әріптер және кіші әріптер болып ажыратылмаған да, бас әріптің таңбалары болған. Кіші әріп таңбалары орта ғасыр дәуірінде ғана жасалған .
Латын алфавиті француздар, испандықтар, румындар, италияндар, ағылшындар, немістер, шведтер, датчандар, финдер, венглер, чехтар, словактар, поляктарға тарады. Америка мен Австралиядағы жазу жүйелері түгелімен, Африккадағы жазу жүйелерінің латын жазуына негізделген [1,574]. Латын графикасын қабылдауда мынадай кемшіліктер орын алды: әртүрлі дыбыстарды бір графемамен беру, мысалы, француз тіліндегі с таңбасы к мен с фонемасын берді, неміс тіліндегі s әрпі з және с дыбыстарын береді. Әріптер (диграмма, триграмма) тіркесі пайда болды. Мысалы, ш дыбысы француз тілінде сh, ағылшын тілінде sh, итальян sc, неміс тілінде sch графтары арқылы беріледі [2,23]. Латын графикасының 26 әрпін пайдаланған тек ағылшын жазуы, ал неміс, француз, голланд, швед, итальян, испан, португал, румын, чех, венгер, поляк тілдері диакритикалық таңбаларды қолданды, итальян, фин, поляк жазуында латын әліпбиінің барлық әрпі жоқ. Бұдан графика ережелері қиындады. Сөйтіп, латын әліпбиін қабылдаған бірде-бір жазуда бір әріп-бір фонема қағидасы ұсталынбады [6,38].
Латын алфавитіне негізделген еуропа халықтарының және т.б. халықтардың жазу жүйелерінің қалыптасуы грек алфавитіне (жазуына) негізделген славян жазуына, әсіресе орыс алфавитіне негізделген. Грек жазуының негізінде славян тілі айрықша алфавит жасалды да, ол көне славян тілінің өзіндік ерекшелігі бар дыбыстық құрамын дұрыс көрсете алды [1,574].
1.3 Қазақ жазуының бастаулары
Қазақ халқының пайдаланған жазу түріне көне түркі жазуы (КТЖ), ұйғыр, араб жазуы және А.Байтұрсынұлының төте жазу (ТЖ) үлгісі, латын графикасына негізделген қазақ жазуы (ЛГнҚЖ), орыс графикасына негізделген қазақ жазуы (ОГнҚЖ) жатады [2,152].
Қазақ жазуының түпкі атасы — түркі жазуы. Мәліметтерге сүйенер болсақ, түркі тілдері жазуы таңбалы (руникалық) жазу немесе табылған аймақтарына байланысты Орхон-Енисей жазуы деп аталып келеді. Бұл да әріп жазуына жатады. Орхон-Енисей және түркі жазуы — қазақ жазуының алғашқы түрі. Сол жазумен жеткен ескерткіштердің түркі туыстас халықтардың ру-тайпа кезінде бір орталыққа бағынған, жазу-сызу мәдениеті ортақ, тіршілік тұрмыс жағдайы ортақ замандағы жазба мұралары, олар қазақ халқына да тікелей қатысы бар көне мұралар [5,10]. Көне түркі жазуы туралы қазақ тіл білімінде бірыңғай пікір қалыптастырған Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, Ә.Қайдар, Ғ.Мұсабаев, Ә.Құрышжанов сынды ғалымдар көне түркі жазуының әліпбиін құрастырып, ондағы әріп таңбаларының мәнін, берілу тәсілдерін, дыбыстық заңдылықтары туралы еңбектер жазған. Көне түркі жазуындағы дауысты дыбыстардың таңбалану жүйесі мен ішінара дауыссыз дыбыстардың емлесін айқын көрсеткен. Көне түркі жазулы ескерткіштердің табылу аймағы үлкен: Хакасия, Алтай, Тува, Саян-Алтай, Енисей, Талас, Дмитриевск, Алта-Бай сайы, Орхон, Қарақорым, Тараз, Павлодар, Есік, Шемонайха, Ертіс, Қырғызстан Қошқар өңірі. Бұл әр аймақтың графикасы өзіндік дыбыстық ерекшелігімен көрінеді дегенді білдіреді [2,153].
Руникалық (таңбалы) жазумен жеткен көне ескерткіштер — Могилян, Күлтегін, Онгин, Селинга, Күлі Чор, Мойын Чор, Талас т.б. Көне жазудың алғашқы түрлері Қазақстан жерінен де табылғанын (пиктография, идеография), олардың сыртқы көріністерін жазу мен өнердің бір болғанын атап өттік [5,11]. Жалпы Орхон-Енисей жазбаларында қолданылған 35 графеманың 4-і ғана дауысты фонеманы, ал 31-і дауыссыз фонеманы және үнді қатаң тіркесін бергені бүгінде айқындалған жайт. Сонда көне түркі жазуы дауысты фонеманың 4 инвариантымен тілдегі 9 вариантын (а-е-ә, ы-і, о-ұ, ө-ү), дауыссыздардың 20-дан аса жуан-жіңішке вариантымен 10 инвариант фонеманы (б, д, ғ, й, қ, л, н, р, с, т ) берген түркі тілдеріндегі үндесім құбылысын дауыссыздар санын көбейтумен шешкен графика болып табылады [47,180].
Көне түркі жазуы жөнінде ғалымдардың пікірі де баршылық. И.Н.Кобешавидзе: Рунический алфавит замечателен тем,что он в большой мере отражает систему дифференциальных признаков фонем, нежели самых фонетических единиц дей отырып, морфонологиялық негізге құрылған деп анықтайды. Сонымен қатар, 90-жылдардың ортасында В.Г.Гузев В.Томсеннің екіойлы болғанына қарап, көне түркі жазуын буын жазуы деген шешімге келген. Себебі графика түркілердің төл жаңалығы болса, олар дауыстылар үндестігін беру керек еді, ал басқа елдің графикасынан алынды десек, й-дің жуан-жіңішке варианты (комбинаторлық түрі) таңбаланып тұр дей отырып, дауыссыз таңбасы дауысты — дауыссыз тіркесін береді дейді. Осы орайда академик Ә.Қайдардың мына сөзі еске түседі: Сол кездегі мемлекет құрамында болған тайпалардың (түркі, қарлұқ, түргеш, қырғыз, оғұз, тардұш, татабы, шұп, кенгерес, соғды, тоғұз-оғұз, оноқ) тілі өзгермей, бір орында тұрмауы, әр кезде ру-тайпа аймағында жазылған бұл ескерткіштер тілін жалпы, алып қарасақ, ол әлі бір тұтас болып, қалыптаса қоймаған түркі ұлыстары мен тайпа бірлестіктерінің өзара айырмашылығы бар тіл еді, жергілікті ерекшеліктер сақталған тіл еді, аударған ғалымның өз тұсынан қосып алғандары да аз емес еді [2,157].
Руникалық көне түрік алфавитінің келіп шығу тарихы туралы болған талқы-таластар осы жазудың алғаш жазба беттерінде мәлім етілгеннен кейін-ақ басталды. 1692-жылы Амстердам қала бастығы Widzen.N өзінің жазған еңбегінде Сібірдегі таңбалы тастардан көзге түскен бөтен жазулы ескерткіштерді баяндайды. 1893-жылы желтоқсанның 25-і күні Дания ғалымы V.Thomsen Орхон ескерткіштеріндегі жазудың сырын паш еткенге дейінгі екі жүз жылдың ішінде, ғалымдар бұл жазудың келіп шығу тегі жөніндегі бейнетті ізденуден тынбады. Осы жазудың этностық иесі жағынан, салыстырмалы жазу тұрғысынан, тұрпат құрамы жағынан түрлі зерттеулерді жүргізеді. Жазу паш болған соң, оның тегі жөні болған талқы онан да әрі мейірлене түсті. Алдымен бұл жазуды танытқан V.Thomsen бұл жазу таңбаларының көбі арамей жазуынан (кейбіреулері пахлави әрпінен) келген десе, жалғасты арамей-патия жазуынан, арамей-бактерия жазуынан, арамей-ескі соғдия жазуынан, идео-иероглифтік характерлі, жазудан келген деген пікірлер айтылып келді. Бұдан басқа көзқарастар да көп. Мысалы, скиф не гректер жазуынан, ғұндар арқылы семиттерден, грек-семит жазуынан келген деген сияқты. Руникалық көне түркі алфавитінің құрамындағы таңбаларын профессор V.Thomsen алғаш идео-иероглиф жазуы деп таныған [7,89].
Көне түркі ру-тайпалары руникалық жазудың заңды жалғасы ретінде көне ұйғыр әліпбиін қолданды. Бұл жөнінде әр ру-тайпалық топтар бұл жазуды VIII-XIII ғ.ғ қолданған, ұйғыр әліпбиінің шығуына Манихей әліпбиі, соғдыорта парсы жазуы графикасы негіз болады деген көзқарас бар. Ұйғыр жазуы дегенде қазіргі ұйғырлардың жазуы деген ұғым емес, сол кездегі Тоғыз оғыз ұйғыр немесе тоғыз тайпалық ұйғыр деген ұғымында түсінген жөн. Манихей әліпбиі жазуы — Орта Азия, Шығыс Түркістан аймақтарын мекендеген түркі тайпаларын кең тараған жазу. Сол жазу арқылы соғды, қытай, тибет тілдерінен әртүрлі мазмұндағы дінге, құдайға жалбарыну дұғалары, заң құжаттары, жылнамалары, діни ішірткі т.б. ата түркі тілдеріне аударылған [5,11].
Ал, кейбір деректерге сүйенсек,соғды жазуының негізінде ұйғыр алфавиті жасалған делінеді. Ірі туркологтар Ю.Клапрот, Готьно, В.Радлов, С.Е.Маловтың көне ұйғыр жазуы соғды жазуының негізінде пайда болған деп пікір айтады [5,95].
Ұйғыр алфавитін б.з. 790 жылдардан бастап Орталық Азиялық түріктер қолдана бастаған. Байырғы түріктердің рун жазуын кең көлемде қолданыста болған кезеңдердің бірі [7,95].
Жазулардың дамуы атты еңбегінде чех ғалымы Ч.Лоукотка: Түркілер үлкен соғды жазуынан ұйғыр жазуын жасады. Бертін келе бұл жазу жалпы түркілік болып қалыптасқан. Оны Түркістан мен Моңғолия жеріндегі түркі тайпалары мен моңғолдар кеңінен қолданды. Түркі тайпалары ислам дінін қабылдаған кезден бастап, бұл жазу бірте-бірте жойыла бастады , — дейді.
Көне ұйғыр жазуы XI-XII ғасырда араб жазуымен жарыса қолданылған. Орта Азия,Хорезмде ұйғыр жазуы XVI ғасыр аяғына дейін, сары ұйғырлар бұл жазуды XIX ғасырдың бас кезіне дейін қолданды.
Тілін (фонетикалық жүйесін, лексикасын, грамматикалық ерекшеліктерін) зерттегендер: А.Фон, Габен, Э.Р.Тенишев, А.М.Шербак. Бұлар — ұйғыр жазбаларының фонетикалық жүйесін, лексикалық қат-қабаттарын, грамматикалық құрылымын зерттеуге көп еңбек сіңіргендер [5,97].
Ұйғыр әліпбиі 22 әріптен, 28 дыбыстан тұрады. Ол жоғарыдан төмен қарай жазылған. Әр әріп сөздің басында бір түрлі, ортасында екінші түрлі, соңында үшінші түрлі бейнеленіп отырады.Сөйтіп, ұйғыр жазуындағы әріп 73 түрлі таңбаланады. 20 дыбыс сөздің кез- келген жерінде тұра береді. Ал ж,з дыбыстарының таңбасы сөз басында, ортасында ешқашан кездеспейді, тек сөздің соңында ғана жазылады. Екі дыбыстың біріктіріліп айтылатын кезі де болады. Кейбір әріптер үш түрде, кейбірі төрт түрде, кейбірі бес түрде, тоғыз түрде таңбаланады. Кейбір дыбыстар — о;ұ; ы; і; ө; ү; п; о; г; к; д; т; бір таңбамен беріледі. Ұйғыр жазуы кейде Сирияның эстрангело жазуынан келген деген көзқарас та бар, бұны В.В.Радлов, Ю.Клапрот қолдайды [5,99].
XI ғасырдан бастап-ақ жазу ұйғырдан араб жазуына ауыса бастаған. М.Қашқари бұл жөнінде де өз сөзінде ұйғырлар өз жазуынан басқа да жазуды пайдаланғандығы, бір-ақ ол жаңа жазуды көпшілігі түсіне бермейтін деп ескерткен [5,117].
Ұйғыр жазуын XIV-XV ғасырларда атақты Ақсақ Темір, оның қол астындағылар, Алтын Орда хандығы да пайдаланғандығы туралы деректер бар. Бұл жөнінде академик Қ.И.Сәтбаев тау-тас қойнауынан тапқан жазбалар арқылы көп мағлұмат берген болатын. Сол сияқты X ғасыр Ю.Баласағұнның Құтадғу біліг (Құтты, бақытты болу жанындағы білім) дастанының ұйғыр вариантымен жетуінің де, Алтын Ярух (Алтын жарық) атты дидактикалық шығармасының да тілдік мән-мағынасы зор. Бұлардың оқылуына, зерттелуіне еңбек сіңірген А.Вамберидің, В.В.Радловтың, В.Томсеннің т.б. есімдерімен, еңбектерімен танысудың орны бөлек [5,11].
Араб графикасына негізделген жазуды қазақ мәдениеті VIII ғасырдан бастап, ұйғыр жазуынан кейін XX ғасыр басына дейін қолданды [2,167]. Кейбір деректерге сүйенсек, XI ғасырда арабтардың Орта Азия, Қазақстан жеріне келуіне байланысты бұл жерлерді мекендеген халықтар өмір талабына орай араб жазуына көше бастады. Бұл сияқты қоғам тарихында болып жатқан өзгерістер тілге де өзіндік әсерін тигізбей қоймады, халықтардың жазу мәдениетіне де елеулі өзгерістер енгізді. Олар (өзгерістер) халқымыздың тілі, әдебиеті, жазба мәдениеті бұлағының әріде, түп негізі тереңде жатқандығынан хабар береді .
Бұл жазумен жеткен деректер Құтадғу біліг (араб жазуымен жеткен варианты — 1069ж. (дастаны) шамамен XII-XIII ғ. Көшірілген делініп жүр). Махмұт Қашқаридың XI ғ. Жазуы деп жүрген Дивании луғати ат-түрік сөздігі (түрік тілдеріне қатысты арабша жазылған атақты 3 томдық салыстырмалы-тарихи сөздігі) , XII-XIV ғ.ғ. араб графикасымен … жалғасы