«Қазақ тілі» пәнін оқытуда қолданылатын педагогикалық әдіс-тәсілдер — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека
ҚР білім беру ұйымдары (мектеп, гимназия, лицей т.б.) оқу үдерісінде «білім алу жолдарын білетін», өздігінен білім алуға, шешім қабылдауға қабілетті ынталы, қызығушылығы жоғары, өзіне сенімді, жауапкершілігі жоғары, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне талдау жасай алатын жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған қағиданы ұстанады.
Оқушылардың бойында бұл қасиеттерді түрлі оқыту стратегияларын қолдану арқылы қалыптастырады және дамытады. Атап айтқанда, олар: диалогтік негіздегі мұғалім мен оқушының өзара біріккен оқу-танымдық іс-әрекеті үдерісін ұйымдастыру;
— мұғалім мен оқушының «субъект-субъектілік» дидактикалық қатынаста білім іздеу үдерісіне бірдей енуі;
— оқу проблемаларын шешу барысында мұғалім мен оқушының ынтымақтасқан шығармашылық ізденіс әдістерін қолдану;
— оқу проблемаларын шешудің әдіс-тәсілдерін оқушыларға дамыта оқыту ұстанымына сай жолмен құру және көрсету;
— оқушының жеке пікірін тыңдау, олардың бұрын меңгерген білімдері мен қалыптасқан түсініктерін әрі қарай дамыту үшін оны қолданудың маңыздылығын мойындау, соның негізінде білім беру мен білім алу үдерісін ынтымақтасқан білім алмасу үдерісіне айналдыру;
— өмірдің түрлі салаларына байланысты тілдік және сөйлеу жағдаяттары мұқият іріктелген тапсырмалар мен оқу іс-әрекет түрлерінің көмегімен оқушыны қазақ тілін өз бетімен үйренуге ынталандыру;
— оқу ойындарын қолдану;
— ойын және зерттеу әдісі;
— қазақ ұлттық салт-дәстүрлерінен, қазақ фольклорынан театрландырылған үзінділер бойынша рөлдік ойындарды қолдану;
— қоғамдық ресурстарды (кездесулер, саяхатқа шығу) үйлесімді пайдалану;
— оқушылардың білім алуына «Оқыту үшін бағалау» арқылы қолдау көрсету;
— жоба әдісі негізінде оқушылардың зерттеу жұмыстарын жүргізуіне және зерттеу әдіс-тәсілдеріне негізделген белсенді оқуын марапаттау;
— сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту;
— жеке және жұптық, топтық, ұжымдық жұмыстарды өзара үйлесімділікпен қолдану.
— ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (интерактивтік тақта, компьютер, телефон, теледидар т.б.) орнымен қолдану арқылы оқушылардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын үнемі арттырып отыруды қамту .
— «Қазақ тілі» пәнін оқытуда басшылыққа алынатын ұстанымдар:
— қазақ тілінен оқушылардың ауызша сөйлеу және жазу бойынша функционалдық сауаттылығын қалыптастыру;
— оқушының қатесі үшін жазалап оқытуға болмайды, қателерін түзету үшін оқыту керек;
— оқушы мен мұғалім арасында сыйластық әрі ынтымақтастық қарым-қатынас қалыптастыру;
— оқушылардың жеке ерекшелігін ескере отырып, коммуникативтік іс-әрекет түрлерін меңгертуде арнайы деңгейлік тапсырмалар жүйесін қолдану;
— жоба әдісін қолдана отырып, топтық жұмысқа жағдай туғызу, топта өзге топ мүшелерімен еркін жұмыс жасауға баулу (мысалы: әр балаға топтың белсенді мүшесі, кейде топ басшысы болуға мүмкіндік жасау);
— өз ойларын еркін айтуға, жеке шешім қабылдауға мүмкіндік беру;
— тапсырмаларды өмірлік шынайы жағдаяттармен байланыстыра отырып қолдану және өз бетінше білімін жетілдіруге баулу;
— түрлі белсенді шығармашылық, практикалық жұмыстарды қамтитын оқу дағдыларын қалыптастыру;
— өзіндік ізденіс пен қосымша материал пайдалануды қажет ететін тапсырмаларды орындау;
— «Не білемін? Не білгім келеді? Нені үйрендім?» түріндегі кері байланысты жүзеге асыру; рефлексиялық жаттығулар орындату;
— оқушылардың біліміне жүйелі мониторинг жүргізу;
— оқушының өз білімін жетілдіру және бағалауға ынталандыратын мүмкіндіктер жасау;
— оқушыға алған білімін өмірде қолдана білуге үйрету.
Үш тілді оқытуға сәйкес пән мұғалімдерінің тілді меңгеруін қолдауы
ҚР білім беру ұйымдары (мектеп, гимназия, лицей т.б.) қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытатын мұғалімдер үш тілді оқытуды жүзеге асыруда тілді деңгейлеп меңгерту арқылы жеке тұлғалық, әлеуметтік және білімдік мақсаттардың орындалуын қамтамасыз етеді.
Қазақ тілі пәнін оқытуда әрбір жаңа тақырыпты үш тілді оқыту аясындағы ағылшын және орыс тілдерінің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық деңгейлердегі ұқсастығы мен айырмашылықтарын салыстыра отырып меңгертуге басты назар аудару керек. Мұғалім осылай, оқу үдерісінде оқушылардың үш тілді тең дәрежеде қатар үйренуіне әдістемелік тұрғыдан мүмкіндік туғызады. Қазіргі кездегі қазақстандық ортада пайда болып жатқан көптеген жаңа құбылыстар, жаңалықтардың көпшілігі көне латын тілінде, ағылшын тілінде аталатыны белгілі. Осы тұста мұғалім оны үштілділік бағытта тануға пайдалана алуы тиіс. Оқушылардың компьютерді, телефонды, интернетті еркін пайдалануы – қазақ тілі сабақтары үшін тек мол ақпарат алу мақсатында ғана емес, үш тілді үйренудегі ортақ нүктені табуға, тиімді қолдануға да тірек болуы керек.
Басқа пәндердің мазмұнын меңгертуде мемлекеттік тілді дұрыс қолдану пәнаралық байланыс арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, жыл мезгіліне байланысты бір тақырыпты жан-жақты талдау, себеп-салдарын түсіндіру, фактілер мен көзқарасты ажырату, қарама-қайшы тақырыпты талқылау кезінде оқушылар қазақша өз ойын жүйелеуге, түрлі ақпарат ресурстарынан алған мәліметтерін бағалауға, өзгелерге өзі білетін ақпаратты анық, түсінікті жеткізуге дағдылануы керек. Бұл оқушылардың басқа пәндер бойынша да қазақ тілімен қатар ағылшын және орыс тілдерін меңгеруде жетістікке жетуін қамтамасыз етеді.
Ал қазақ тілі мұғалімі басқа пәндер мазмұнына сәйкес тақырыптарды, мәтіндерді, тапсырмаларды пайдалану арқылы пәнаралық байланысты дамытады. Қазақ тілі мен басқа пәндер мұғалімдері арасында пайдаланатын мәтіндер мен тапсырмаларды орындату негізінде оқушылар арасында өзара ынтымақтастық қарым-қатынас орнатылады. Сонымен қатар, тіл мұғалімдері үш тілді үйренудегі басқа да қосымша қажеттіліктерді анықтау үшін барлық пән мұғалімдерімен тығыз байланыста болады.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!