Home Білім Қазақ пен орыс мектебінің айырмасы қандай?

Қазақ пен орыс мектебінің айырмасы қандай?

0
1164

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде баласын орыс мектебіне бергендер мен олардың бұл әрекеттеріне қатысты қызу талқы жүріп жатыр. Баласын кім қандай мектепте оқытады, әрине, жеке шаруасы ғой. Десек те, Қазақ жерінде бітеуі көлкілдеп іріңдеген жараның бірі – ұлттық мәселе, тіл проблемасы екені сөзсіз.

Бала болашағымыз десек, бүгінгі орыс сыныбына барған қаракөз қазақтың баласы ел ертеңі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда әлі талай уақыт екі түрлі қоғамның өмр сүре беретінін мойындайсыз. Ал енді негізгі мәселеге келер болсақ, қаны қазақ адам өз баласын өзге тілді мектепке жетелеп апаруының астарында не жатыр?

Тоғыз жыл бұрын тұңғышымызды мектепке апару, қандай мектепке берсек екен деген үлкен сұрақ тұрды. Алматының Түрксіб ауданын алты аралап шығып, таза қазақ тіліндегі мектепті жақын маңнан таппай дал болдық. Бұл аудандағы мектеп не аралас тілді не таза орыстілді мектептер еді. Өзіміз орыс тілін білмегені үшін қолындағысынан айрылып, қоғамнан шеттетілген ұрпақ өкіліміз. Бір жағынан баламыз да сол теперішті көрмесе деп, орыс мектебін таңдасақ па деп те ойладық. Өзіміз қазақ, баламыз орыстілді болып кетуінен расымен де қорықтық. Оның үстіне, сол шақта қазақ тілі, қазақ болып қалыптасу үшін көп шаруа атқарылып жатқаны үміт отымызды үрлей түскені рас. Қысқасы, баламыз таза қазақтілді мектепке барды. Биыл 9 сыныпта. Тоғыз жыл өтіпті. Нәтиже мен көзіміз көрген өзгерістерге шолу жасап көрдік.

Алдымен, өзгеріске келер болсақ, тоғыз жылдан бері өзгерген ештеңе жоқ. Ана тіліміз сол баяғы өгей баланың күйін кешіп, ұлтының төріне шыға алмай, әлі босағадан сығалап тұр. Тоғыз жылдан бері Алматыда ашылған таза мемлекеттік тілдегі мектептер саусақпен санарлық. Ал енді нәтижеге келер болсақ, қазақ тілінде білім алған баламыз дәл біз сияқты қазақы емес. Аты қазақ тіліндегі мектеп болғанымен, қалалық жердегі мектептерде орысша шүлдірлеген бала көп. Содан болса керек, орыс тілін баламыз өз ана тіліндей жетік меңгерген. Ал «қазақ мектебінде білім төмен» деген пәлсапаны соғушылар орыс мектебіндегі оспадар әрекеттерді сөз ете бермейді.

Өрімдей қыздардың үзіліс кезінде түтінін будақтатып, темекі тартып, кешкілік сыралатып жүретіні жасырын емес. Орыс мектебінен алған телегей теңіз білімі тасып кетсе керек, өзге тілді мектеп оқушылары қарапайым әдептіліктен бойын аулақ ұстайтыны тағы бар. Ал енді интеллектуалды деңгей мәселесіне келер болсақ, қазақ мектебінде оқып жүріп те баламыз ағылшын тілін тереңнен меңгеріп, болашақ арманының қабырғасын қалап қойған. Бұл жерде айтпағымыз, қазақ мектебінде білім төмен деген қисынсыз түсініктен арылатын уақыт жетті. Егер сіз баласының болашағы үшін расымен де бас ауыртқан ата-ана болсаңыз, бүгінгі қазақ мектебінде-ақ балаңызға жан-жақты білім алуына жағдай жасайсыз. Ал басқа себеп-салдарды алға тартушыларды жай ғана көбік сөзді көбейтушілер дер едім.

Ал енді еліміздегі жалпы білім беру жүйесіндегі олқылықтарға келер болсақ, бүгіп санар саусақ таппайсыз. Түкке керегі жоқ пәндер, былжыраған БжБ, түк пайдасыз ТжБ мен мұғалімдерімізді «көміп тастайтын» қағазбастылық шаруалар тұтас ел ертеңіне жасалып отырған қиянат дер едім. Мәселен, БжБ, ТжБ деген кімге керек? Бұл дүниелер алдау жұмыстары ғой. Былтыр бірінші сыныпқа барған танысым шырылдап хабарласты. «Бар жұмысымды жинап тастап, баланың сабағымен күні бойы отырамын. Әр күн сайын сабақтарын пысықтап, қадағалап мектепке жіберемін. Апайы «5» деген бағасын қояды. Ал енді тоқсанның соңында алған бағасы «4»! Қалайша десем, апайы БжБ, Тжб-дан төмен баға алды дейді! Күйіп кеттім»,- дейді. Содан үйдегі оқушыдан сұраймын ғой, «бұл қалай?» деп. «1 сынып қой, тәжірибесіз. Біз тоқсанның соңында болатын БжБ, Тжб-ға ғана дайындаламыз. Дайындалғанда, осы сынақтардан бірер күн бұрын интернеттен дайын сұрақ, жауапты аламыз да, соған дайындаламыз. Бітті!».

Бұл үрдіс қазір тұтас қазақстандық мектепте белең алған жайт. Олай болса, қазақ не орыс мектебінде білім алудың әлдебір айырмашылығы бар ма? Қазақ мектебінің оқушысы қазақша сөйлейді деу бекершілік. Қаланың әр баласы орысша сөйлеуге бейім. Әр қазақтың баласы дүниеге келген сәттен мектеп жасына дейінгі аралықта қазақша сөйлейтін ортада өсіп, тілі қазақша шықса, балаңызды орыс түгілі, моңғол тілді мектепке берсеңіз де, қазақы қасиетін жоғалтпайды.

Меніңше, Қазақстандағы білім туралы сөз қозғағанда, ең алдымен осы мәселелерге назар салу керек. «Баланы қазақша, орысша оқыту, оқытпау» деген тізесі шыққан дүниені тізбектемей, ең алдымен былығы әр жыл сайын быламыққа айналып бара жатқан білім саласын сөз етуге тиіспіз. Әр жердегі қазақ мектептерінің үлес салмағын арттыруды сөз етсек. Қазақ мектебінің жетістігін жеткізіп, қазақ мұғалімінің ерен еңбегін бағаласақ қана бүгінгідей «баланы орысша оқыту» деген пікірталас туындамас еді.

Асыл БАЛАБИ