Қазақ мектебі, орыс тілі, Назарбаев мектептері мен хиджаб жайлы – Асхат Аймағамбетовпен эксклюзив сұхбат
БАҚ-қа ең ашық министрлердің бірі – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов екені көпке мәлім. Үш жылдың ішінде қоғам мен сарапшылардың құрметіне ие болып үлгерген министр бұл күнде өз ведомствосының жартысын Ғылым және жоғары білім министрлігіне бөліп беріп, жұмысын жалғастырып жатыр. Асхат Қанатұлы сұхбат жөнінде UlysMedia ұсынысынан да бас тартпады. Білім мен бала құқығына байланысты қоғамды ең көп толғандырған сұрақтардың біршамасын министрге тікелей қойдық.
– Соңғы уақытта сіз басқаратын министрліктің екіге бөлінуі ең үлкен жаңалық болды десек те қателеспейтін шығармыз. Жалпы қазіргі уақытта бұл процес сізге қалай сезіліп жатыр? Министрлік бөлінді – жұмыс азайды ма?
– Жалпы министрліктің бөлінгені бізге нақты мектептің, балабақшалардың, колледждің мәселелерімен нақты айналысуға мүмкіндік берді. Әрине, мұның алдында ғылым да, жоғары білім де бізде болған. Уақыт көбейді деп айту қиын. Тек біздің назарымыз осы мәселеге көбірек бөлінетін болды.
– Асхат мырза, қазір талқыланып жатқан мәселе – мектептегі қазақ тілі мәселесі. Жаңадан мектеп ашылатын болса, ол қазақ тілді бола ма, әлде орыс тілді немесе аралас бола ма деген мәселе жиі туындайды. Қазіргі уақытта сіздің позицияңыз қандай?
– Осының алдында да болған білім беру саясаты ары қарай жалғасады. Бізде мектепте балалар үш тілде де оқиды. Әрине, мемлекеттік тіл – қазақ тілі қазақ немесе орыс, ағылшын тілінде оқитын мектептер үшін – олардың бәрі мемлекеттік тілде оқуы керек. Сондықтан, олар І сыныптан бастап мемлекеттік тілді игереді. Бұл ары қарай жалғасады.
Екіншіден, әрине, орыс тілі бар. Бұған дейін қазақша оқитын мектептерде де, орысша оқитын мектептерде де бірінші сыныптан басталатын. Биыл қыркүйектен бастап қазақ тілінде оқитын мектептерде орыс тілі екінші сыныптап басталады. Ал орысша оқитын мектептерде бірінші сыныптан қазақ және орыс тілін бірге алып жүре береді. Ағылшын тілі жаңа оқу жылынан бастап қазақша және орысша мектептерде де үшінші сыныптан басталады.
– Сонда бірінші және екінші сынып оқушылары ағылшын тілін оқымай ма?
– Иә. Бізде балалар мектепке 6 жасында келеді. Алты жаста бала бір тілді ең бірінші меңгеріп алуы керек. Әрине, ана тілін меңгеру – оған өте қолайлы әрі қажет. Сондықтан, біздің қазақша оқитын мектепке балалар келгенде ең бірінші қазақ тілін үйренеді. Қазақ тілінде жазып, оқып, бір жыл бойы үйреніп алғаннан кейін екінші жылы орыс тілі қосылғанда оған оңайырақ болады. Үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Негізінен мектепті бітіргенде күтілетін нәтижелері қазақ, орыс және ағылшын тілінде де балалар сөйлей білуі керек. Осы тілдерде ақпаратты алып, онымен жұмыс істей білуі керек деген мұның алдында да мақсат тұрды. Қазір осы жалғасады. Кейбір әріптестер, сарапшылар бірнеше сұрақ қойып жатыр. «Ағылшын тілін неліктен бірінші сыныптан бастап оқымаймыз?» немесе «Жоқ, бірінші сыныптан емес, алтыншы немесе жетінші сыныпқа дейін шегерейік» дейтіндер де бар. Бірақ біздің ойымызша, біз әртүрлі нағыз білім саласын зерттеген кісілерге емес, балалардың мүддесін ойлауымыз керек. Біздің шешім – кәсіби тұрғыдан қабылданған.
– Сонда бұған дейін үштілділікті қолдаған министр Сағадиев балалардың мүддесін ойламаған ба?
– Оны олай деп айтуға болмайды. 2016 жылдан бастап өте үлкен реформа жүргізілді. Жалпы білім беру мазмұнын жаңарту бойынша. 2016 жылғы шешімді біз қарадық. Іс жүзінде балаларға оңай ме, әлде қиын ба екенін тексердік. Өйткені бірінші сыныпқа келіп, бала алты жасында үш әліппені бірдей қолға алғаны қиын. Қазақ тілінен ең бірінші әріптерді үйреніп жатады. Одан кейін келесі сабаққа барып, ағылшын тіліндегі әріптерді үйренеді. Келесі сабақта орыс тілін үйреніп жатады. Әрине, кішкентай балаларымызға бұл жеңіл емес. Сондықтан, оны біз қарап, мониторинг жүргізіп, нақты көзіміз жетіп, дәлелдегеннен кейін осындай шешімге бардық.
– Менің балам, басқа да қазақ мектебінде оқитын балалар бірінші сыныпқа барғанда орыс тілін оқымаса ше? Мүлде оқымаса не болады?
– Біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Әлемде ақпараттың басым көпшілігі ағылшын тілінде шығады. Өзіміздің Қазақстанның ғылымын, мәдениеті мен әдебиетін алар болсақ та, Қазақстанның, еліміздің мұрамыздың көбі орыс тілінде де қалыптасты. Сондықтан біз бір ғана тілді біліп, басқасы бізге керегі жоқ деген ой ұлттық мүддемізге керек емес. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте дейді. Біз үш тілді біліп, төртінші тілді білеміз деп, үміттеніп, француз, испан тілін оқимын десе, баланың бәсекеге қабілеттілігі одан сайын артады. Сондықтан, тілді білу – баланың нейрондарын, ойлау қабілетіне, дамуына өте үлкен мүмкіндік береді деп санаймыз.
Еуропаның дамыған мемлекеттерінде бір ғана емес, екі-үш, кейбір мемлекетте тіпті төрт тілге дейін оқитындар бар. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін түсіріп отырған жоқ. Керісінше, жақсы жаңа мүмкіндіктерді беріп отыр. Бірақ әрине, бірінші орында мемлекеттік тіл тұруы керек. Оны білу, түсіну, оны игергеннен кейін басқа тілді үйренуе тырысу – алдымызда осындай мақсат тұр.
– Өзге тілді адам оқимын десе, адам біліп алады. Бірақ біз басқа тілді оқимыз деп, өзіміздің ұлттық тілімізді жоғалтайын деген деңгейге жеткізген жоқпыз ба? Жан-жаққа қарасақ, бәрі орысша шүлдірлейді. Орысша ойлайды. Осы кезге дейінгі саясаттың бәрі осыған әкелген жоқ па? Яғни қазақ тілінде оқуға келген бала орыс тілін оқымаса не болады?
– Орыс тілінде де, ағылшын тілінде де менің ойымша, өте маңызды. Ол баланың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бізде білім саласы бойынша көп идея бар. Кейбірі «математиканы базалық түрде тек санап үйреніп алсақ болды, бізге геометрия не үшін керек, өмірде ешқашан пайдаланбаймыз» дейді. «Балалардың миын ашытып, алгебраны не үшін оқытамыз» дегендер де бар. Біз хатты алып отырамыз кәдімгідей. «Балам ертең колледжге түседі, физиканың күрделі сұрақтары ол үшін не керек» деген ата-аналар да кездеседі. Бірақ оның бәрі балаға қажет. Орыс тілін айтып жатырсыз ғой. Көп адам бізге ағылшын тілі бойынша да сұрақ қояды. Біз неліктен ағылшын тілін білуіміз керек дейді. Мен айтам, өйткені бізде қазір жалпы ғылымның тілі ағылшын тілі.
– Ағылшын тілі бола берсін. Балам қазақша мектепке барса, неліктен орыс тілі қажет деген сұрақты қойып отырмын…
– Бізге ұнаса да, ұнамаса да мәдени мұрамыз да, қазақтар жазған қаншама туындылардың ішінде орыс тілінде де жазылғаны бар. Ғылым саласы бойынша дайындалған мақалалар, кітаптар – оның бәрі бар ғой. Сондықтан тарихымыздан бір дегенде бас тартып, оның бәрін ұмытуға болмайды деп санаймын. Әрине, осыны көріп отырған көрерменге бұл ұнамайтын шығар. Мен оны білемін. Бірақ ащы болса да, біреуге ұнаса да, ұнамаса да әртүрлі конъюктураға сай емес, бірақ балалардың мүддесімен қарау керек. Егер бала бірнеше тілді білетін болса, балаға ол тек пайдалы. Оның жалпы ойлау қабілетін арттырып, болашағы үшін өте маңызды болады. Осы саясат бізде бар, ары қарай жалғастырамыз. Бірақ оның ішінде ешқандай саяси астар жоқ. Бір жаңа шешімді қабылдадық. Бірінші сыныптағы балаларды тек қазақ тілін үйреніп дағдыланып алуы керек. Дәл осы тұжырымдаманы биылдан бастап енгізіп жатырмыз.
– Қазақ мектептерінде орыс әдебиеті бола ма?
– Бізде қазір орыс әдебиетінде де, дүние жүзі әдебиетінде де жалпы әдебиет болу мәселесі қарастырылып жатыр. Соның ішінде Достоевский де, Толстой да, Шекспир де, Маркес те қамтылады. Міне, осы тұрғыда біз ары қарай жұмыс жүргіземіз. Нақты осындай шешім қабылданды деп айта алмаймыз. Біз айтып отырған мәселеміз – балаларымызға барлық дүние жүзілік әдеби туындыларды білген маңызды. Осы тұрғыдан әдебиет бағдарламасын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Біз қазір «Оқуға құштар мектеп» деген жақсы жобаны бастадық. Екі жыл болды. Балалар әдебиетті оқымайды дедік бұған дейін. Бірақ олар неге оқымайды? Әрине, көп фактор бар. Соның ішінде мектеп кітапханасын дұрыс жабдықтау, оның ішінде қазақ тілінде балаларға өте қызықты, тартымды кітаптар болса, балалар оқушы еді. Мысалы Хәрри Поттердің өзі қазақ тілінде қолжетімді болуы керек. Робинзон Крузо, Достоевскийдің өзі де қазақша болуы керек. Балалар сонда өздері таңдап алады. Алдыңғы жылы кітапханаларымызға 2 млн-нан астам осындай көркем әдебиет сатып алдық. Биыл да 2 млн-ға жуық көркем әдеби кітап сатып алып жатырмыз.
ҚАЗАҚ СЫНЫБЫН ТАЛАП ЕТКЕНДЕРДІ ПОПУЛИСТ САНАЙСЫЗ БА?
– Асхат мырза, кішкене ремарка: біз бір мезетте бүкіл саясатты өзгертіп тастай алмаймыз. Бір мезетте бәрін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ менің айтып отырғаным, Жаңа Қазақстанда жаңа саяси реформаларды жүргізіп жатыр. Осы тұрғыда меніңше, біз дәл мектептегі білім беру саласында қазақ тіліне қатысты месседжді қайта қарастыруға мүмкіндік бар сияқты. Сізге дейін оннан аса министр болды. Сіз 13-ші министр болып отырсыз. Әр министр келіп, өз жаңашылдығын, білгені жасайды. Бірақ тіл мәселесі, ұлттық рух сияқты мәселеде биыл болмаса да, бәлкім бір уақыттан кейін тіл мәселесін қолға алу керек секілді…
– Өзгерістер бар. Әліппе бойынша өзгерістер болды. Биылғы жылғы өзгерістер де күшіне енді. Одан басқа жалпы біз пәндердің сағаттарын ғана санамай, оның сапасы туралы айтуымыз керек. Ата-аналар «неге бізде қазақша мектеп оқитын балаларымыз орысша көп сөйлейді» деп сұрайды. Біз оларға «мектепке келгенге дейін көп нәрсе қалыптасып қалатынын» айтамыз. Анаугүні бір ауылға бардым. Кәдімгі қазақы ауыл. Басқа ұлттың өкілдері де қазақша сөйлейді екен. Бірақ сол ауылда балабақшаға балалардың өздері басқа тілде сөйлеп жүр екен. Неге? Ол мектепке немесе балабақшаға байланысты емес. Ол ата-аналарға, контентке байланысты. Балам көп сұрақ қоймасын деген оймен кейбір ата-аналар оған телефонын беріп қояды. Интернетті қосып береді. Сосын бала жалпы ақпаратты басқа тілде қабылдайды. Сонда біздің мектепке бала келгенде тілі басқаша шығып келіп жатыр. Сондықтан білім беру саласында осы үрдіс туралы айтамыз. Екіншіден, тілдерді оқыту әдістемесі туралы айтып жатырмыз. Үшіншіден, біз қазақ тілін оқытсақ, оларды оқыту әдістемесі маңызды. Өйткені басқа тілде оқитын мектептерде бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін қазақ тілін оқиды. Жұмасына 4-5 сағаттан. Яғни күніне бір сабақ болады. Сонда соны оқып жатып, неге бәрі қазақ тілінде жетік сөйлемейді деген сұрақ туындайды. Біз ол сұрақты қабыл аламыз. Өйткені шын мәнінде мұндай мәселелер бар. Сондықтан біздің бүгінгі күні жүргізіп жатқан жұмысымыз – осы әдістемені жөндеу, мазмұнын, бағдарламасын жөндеу. Сондықтан мәселеге кешенді түрде қарастыру керек.
– Мектепте қазақ тілін оқытуды талап ететін адамдардың бәрі сіз популист деп санайсыз ба?
– Біз мәселені тек бір санатпен айтпаймыз ғой. Жалпы бізде әртүрлі азаматтар ойларын айтады. Біз әрине, бәрін тыңдап, тиісті талдау жүргіземіз. Қандай топтар айтса да, бізге барлық пікір маңызды. Біз оларды тыңдаймыз. Бірақ шешім қабылдағанда біреуге ұнау үшін емес, саяси ұпай жинау үшін емес, ғылыми тұрғыдан ғана шешім қабылдаймыз. Бала үшін не керек? Егер ол балаға шын мәнінде пайдалы болса, онда бұл шешімді қабылдаймыз.
Біз туралы қазір оқу жылын ұзартты деп айтып жатыр. Бізде студенттер оқу жылын бітіріп, дипломын алады. Бірақ мектепке жұмысқа тұру үшін біз оларға «енді дипломмен ғана мектепке тұра алмайсыздар, сіздер міндетті түрде ұлттық біліктілік тестін тапсыруларыңыз керек» деп міндет қойып жатырмыз. Ол ұнамай жатыр. Ротация да ұнамайды. Ол – 7500 директорға ұнамаған шешім. Біз оны түсінеміз. Өйткені бәрі үйреніп алған ғой. Басқа директор келсе бәрі өзгереді деген сияқты. Сондықтан біз батыл шешімдерді қабылдап, өзгертіп жатырмыз. Қазіргі уақытта кейбір пәндердің бөлінуі, бөлінбеуіне де байланысты сұрақтар туындап жатыр. Бірақ әрине, біз шешімдердің бәрі барлығына ұнай бермейтінін түсінеміз. Бірақ ондай шешімдерді қабылдай білу керек.
Университеттерді жапқыздық. Ол да көбіне ұнамайды. Соның ішінде теріс ақпарат та тарады. Бірақ оны барлығына ұнамайтынын біле тұрып, өзімізге көп жау жинап алатынымызды біле тұра сондай шешімді қабылдаймыз. Сондықтан, біздің шешіміміз барлығына ұнамауы мүмкін. Шешімдердің бәлкім 70-80 пайызы ұнамайтын шешімдер. Мысалы балабақшаларды лицензиялау мәселесі. Ол да үлкен әртүрлі пікірлерді туындатып жатыр. Жекеменшік балабақшалардың қауымдастықтары басым көпшілігі бұл мәселені қолдады. Бірақ кейбір топтардың өзіндік бөлек пікірі бар. Бұл пікірді де сыйлап, тыңдаймын. Бірақ балаға ол қажетті ме? Содан бағдарланамыз. Мәселен, балабақшаларды лицензиялаудан өткізу мен үшін қолайлы емес. Жай шенеунік ретінде. Неге? Өйткені 10 мыңға жуық балабақша бар. Оларды лицензиялауға біздің жергілікті департаменттен қаншама уақытын жоғалтып, тәуекелдер пайда болады. Көп адамдарға ұнамайтынын білемін. Бірақ маған сол мәселелерді ғана емес, балалардың қамын ойлауым керек. Егер бұл балалардың қауіпсіздігін арттырып, жұмыс сапасын көтеретін болса, қиын тәуекелдер болса да, мен ол шешімді қабылдауым керек. Жаңа Қазақстанда біз осындай батыл шешімдерді қабылдауымыз керек. Барлығына жалпақтап қарап отыра берсек, бос уақыт кетірсек, жұмыстың ешқандай тиімділігі болмайды.
МЕКТЕП ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ – НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ
– Жыл сайын бізде жаңа мектептер салынады. Соған қарамастан орын жетіспеушілігі мәселесі әлі де бар. Тек Алматы мен Нұр-Сұлтанның өзінде 45 мың орын жетіспейді. Кейбір болжамдарға қарағанда 2026 жылға қарай жалпы дефицит 1 млн орынға жетуі мүмкін. Бұл мәселені қалай шешпек ойыңыз бар?
– Дұрыс айттыңыз. Өте үлкен проблема. Мұны жасыратындай ой жоқ. Президенттің өзі бұл мәселе жайында алдыңғы Жолдауында да, биылғы Жолдауында да ашық айтты. Егер ештеңе істелмейтін болса, 2025 жылға дейін мектепте 1 млн орын тапшылығы болады. Үш фактор бар. Біріншіден, бала туу көрсеткіші бар. Соңғы 10 жылдың ішінде мектептегі бала саны 1 млнға өсіп отыр. Екіншіден, урбанизация. Ауылдағы мектептерден қалаға көшу. Үшінші, ең қиыны біз үшін бұл — мектеп салынады. Ол мектепті салғанда, жанында екі үй тұрады. Ол екі үйдің жанына тағы бес үй салады. Бірақ ол ең басында мектеп салғанда жаңағы бес үй болады деп ешкім жоспарламаған. Әрине, жаңағы мектеп 1 күннің ішінде үш ауысымды, төрт ауысымды болып кетеді. Былай қарағанда, бұл – қолдан жасалған проблема.
Бұл мәселені шешу – бүгінгі күнгі білім саласындағы ең түйткілді проблеманың бірі. Мысалы, өзіміздің елордамыздың өзінде мектептер бар – жалпы қуаттылығы 1200 балаға арналған. Оған 5000 бала барып жүр. Онда дәретханалар 1200 балаға арналған, жаңағыдай ішіндегі асханалары, спортзалдары сонша балаға арналған. Балалардың мектептерге кіріп-шығуының өзі үлкен сұрақ. Бізде қандай тәртіп, қандай сапа болады? Сондықтан «Қолайлы мектеп» деген жоба басталды. Біз мысалы, алдыңғы жылы мұның алдында болмаған 277 мектепті 1 жылда салып бітірдік. Биылғы жылы кем дегенде 250 мектепті салып бітіреміз деп дайындалып отырмыз. Енді жаңағы «Қолайлы мектеп» деген жобаның шеңберінде тағы да 800 мың орынға мектеп саламыз. Мысалы, келесі жылы біз осы елорданың әкімімен күні кеше ғана келістік. Келесі жылы осы елордамызда кем дегенде 20 мектеп жаңадан салына бастайды. Әр мектеп 2000 балаға арналған. Былай қарағанда 20 мыңды 2 мыңға көбейтсеңіздер онда сол мектептерде 40 мың орын беріледі. Ол бір ауысымда. Егер екі ауысымды санайтын болсақ – онда 80 мың орын. Жалпы осы мектептерді салғанның өзінде осы елорданың проблемасын шешуге мүмкіндік алып отырмыз. Және де басқа облыстарда да келесі жылы… Мұның алдында бізде бюджеттен бөлінген қаражатпен келесі жылы бөлінген қаражатты салыстыратын болсақ, 5 есе көп бөлінді. Жалпы бұл жергілікті әкімдіктердің шешетін мәселесі болатын. Заң бойынша солай. Бірақ жергілікті әкімдіктер «бізде бюджетте қаражат жетіспейді» дейді. Сондықтан республикалық бюджеттен келер жылы 5 есе көп қомақты үлкен қаражат бөлінеді. Сонда біз халық ең көп шоғырланған елордада, Маңғыстау, Түркістан, Алматы облыстарында, басқа да өңірлерде осы бір-екі жылдың ішінде осы проблеманы толығымен шешуге мүмкіндік болып отыр.
– Тек мемлекет сала ма? Әлде жеке меншік кәсіпкерлер де сала ма?
– «Қолайлы мектепте» біз бөлген қаражат нақты мемлекет тарапынан салатын. Біз үшін тек қана мемлекеттің инвестициямен салатын мектептері маңызды емес, бізге жеке меншік сектордың да дамығаны да өте маңызды. Біз соңғы үш жылдың ішінде жеке меншік мектептердің санын үш есеге көбейттік. 3 есе! Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Неге жеке меншік секторды тарту бізге тиімді? Бұл мәселе барлығына ұнай бермейді. Бірақ бұл, біріншіден, дүниежүзілік үрдіс және дүниежүзілік тәжірибе. Егер біз тек қана мемлекеттік мектеп қана салатын болсақ, сол мектепті салуға бөлек қаржы жұмсаймыз. Оны саламыз 1-2 жыл. Одан кейін сонда оқитын балалар үшін ақша беріп, сол балалардың оқытылуына ақша төлейміз. Ал мемлекеттік жеке меншік немесе жалпы жеке меншік мектептер салғанда инвестор өз қаржысын салады. Біз тек қана мектепті салып болғаннан кейін сол мектепте оқитын балаларға жан басына қаржыландыру тетігі бойынша ақшаны беріп, ол мемлекеттік мектепте оқыса да, жеке меншік мектепте оқыса да сол ақшаны мемлекет береді. Сол ақшаны берген соң мектеп ары қарай қызметін көрсетеді. Сондықтан бұл тұрғыдан қарағанда, бұл мемлекет үшін өте тиімді.
Бірақ тәуекелдер бар. Ол туралы бізге ата-аналар, эксперттер айтып отырады. Бұл деген осы жеке меншік мектептерде сапасы қаншалықты жоғары болады және мемлекеттің стандарттарын, талаптарын орындай ма? Мемлекеттің, біздің Қазақстан тарихы деген сияқты, басқа да маңызды пәндерді жүргізе ме деген сұрақ пайда болады. Ол үшін бізде лицензиялау бар. Ол үшін біз алдыңғы жылы әдейілеп тұрып мемлкеттік аттестацияны кіргіздік. Өйткені, аттестация арқылы біз уақыт өткен сайын барып мемлекеттің стандарты сақталып жатыр ма, сақталып жатқан жоқ па деген сұраққа жауап беруіміз керек. сол үшін аттестацияны қайтадан мектептерге енгіздік. Өйткені, жеке меншік мектептерге, әрине, біз сенеміз. Біз оларды қуанышпен қарсы алып, оларға жағдай жасаймыз. Бірақ дегенмен мемлкеттің бақылауы, талабы да болуы керек.
– Ал жеке меншік мектептердің оқу бағасы сізді шошытпай ма?
– Бізде әртүрлі жеке меншік мектептер бар. Әсіресе, бізде оңтүстіктегі, Шымкенттегі көп мектептер, басым көпшілігі Түркістан облысындағы, олардың көпшілігі бүгінде толығымен мемлекеттің берген ақшасын ғана алады, оған қоса ата-аналардан ешқандай ақшаны талап етпейді. Бұл жерде де әртүрлі мектептер бар. Кейбір мектептер ата-аналардан шынымен ештеңе алмайды. Мемлекеттің берген ақшасына қанағат дейді. Ал басқа мектептер бар, олар қосымша ақша аламыз деп айтады. Енді бұл нарықтық экономика. Жалпы егер ата-ана оған жаңағы жеке меншік мектепке берем десе, ата-ананың өзінің шешімі. Егер бермеймін десе, мемлекеттік мектептер, яғни альтернатива ретінде, баламасы ретінде бар. Онда мемлекеттік мектепке беруге болады. Біз оның бәрін тек қана бір шеңберге кірігізіп қойып, «жоқ, барлықтарыңыз тек қана осылай болу керек» десек, бұл – менің ойымша, бұл енді қазіргі нарықтық экономиканың заңдылығына сәйкес келмейді.
МЕКТЕПКЕ ЕҢ ҮЗДІК МАМАНДАР КЕЛСЕ ДЕЙМІЗ
– Асхат мырза, кейінгі 3 жылдың анализі республикалық бюджеттен білім беру саласына жыл сайын 10 пайызға дейін қысқарғанын көрсетіп отыр. Бұл білім беру саласына қалайда әсер етті ме? Бұл динамика сақтала ма, әлде өзгере ме?
– Негізі біз статистиканы қарасақ та, нақты өзіміздің ақпаратты қарайтын болсақ та, негізі жағдай өзгеше. Бізде 2018-2019 бен қазіргі 2022 жылды салыстырсақ, жалпы білім саласына салған инвестицияның көлемінде де, осы жалпы ішкі өнімнен (ЖІӨ) бөлінген қаражаттың көлемінде де айтарлықтай өсіп отыр. ЖІӨ көлемімен салыстырғанның өзінде кемінде 1 пайызға мемлекеттен берген қаражаттың көлемі өсіп отыр. Сонда негізі бүгінгі күні мемлекет білім беру саласын дамыту үшін қомақты қаражат беріп отыр. Тек қана мұғалімдердің, педагогтердің статусын көтеру бойынша тек қана бір заңды қабылдау үшін республикалық бюджеттен 5,3 трлн теңге қаржы бөлінді. Басқа салаларға енді менің ойымша, білуімше мұндай қаражат бөлінген жоқ. Әрине, бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Өйткені, мұндай қомақты қаражат бөлініп жатса, бізден ертең сұрайды. «Біз жалақыны көбейттік. 5,3 трлн теңгені бердік. Сапа қайда?» дейді. Сондықтан бүгін біздің алдымызда тұрған мәселе – сапа. Бізде қандай проблема болды? 2019 жылы бізде мұғалімдердің орташа жалақысы жалпы экономика бойынша орташа жалақыдан әлдеқайда төмен болды. Қазіргі уақытта онымен тең болды және кейбір мамандықтар бойынша одан жоғары. Бұл – біздің ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жеңісіміз.
Мұның алдында қалай болды? Көп жылдар бойы мектепте сонша алдыңғы қатарда болмаған, үлгерімі төмен балалар осы педагогикалық мамандықтарға барды. ҰБТ бойынша орташа балы 55 бал болды. Бізде максималды балл – 140 бал. Сонда шекті балы ең аз дегенде 50 бал. Сонда 55 бал алғандар қаншама жыл бойы осы педагогикалық мамандыққа барды. Оны қалай оқытсаң да әрине, түсінікті. Мектепке одан кейін қандай мамандар келетіні түсінікті. Сондықтан біз шекті балдың өзін 75 балға дейін бірақ көтердік. Осы мәселе бойынша өте көп наразылықтар болды. Десе де көтердік. Және де жалақыны көтеріп, педагогтердің статусын көтергеннің арқасында қазіргі уақытта педагогикалық мамандықтарға ең үздік балалар келіп жатыр. Орташа балы 100 балға жетті. Алтын белгі алған балалардың үлесі бірнеше есе артты. Сонда Финляндия дейміз, Сингапур дейміз, басқа мемлекеттерді айтамыз, олардың ең басты құпиясы не – осы мамандыққа ең үздік мектеп бітіруші түлектер келеді. Осы үрдіс бізге де бірте-бірте келіп жатыр.
Қазір университетте оқып жатқан 1,2,3 курс студенттері – көздері жанып тұрған өте білімді, білікті азаматтар. Ертеңгі күн олар бір жылдан кейін мектепке келгенде, біздің мектептерде айтарлықтай өзгерістер болады. Біз тағы да бір маңызды мәселені істедік. Мұның алдында университет бітірді ме, диплом алды ма , дипломмен келе салады. Содан директор өзі шешім қабылдап, «мен сені алам» деп өзі жұмысқа ала салады. Біз екі мәселені өзгерттік. Біріншіден, дипломың бар ма? Рақмет. Жақсы. Үйіңе барып іліп қоюыңа болады. Мектепке келем десең, онда емтихан тапсыр! Біз емтиханды тапсырттық. Емтихан тапсырғанның, мәселен, математиканы 4 жыл бойы оқыды. Сол математикадан емтихан алдық. Солардың басым көпшілігі емтиханнан өте алмады. Әрине, олар бізге наразылығын білдіреді. Бірақ балаға сабақ беру үшін білімдеріңіз жеткілікті болу керек дейміз. Сондықтан осындай тосқауыл қойдық. Екіншіден, мектепке келгенде мектеп директорлары өздері дербес оларды жұмысқа алуға мүмкіндігі болды. Біз айттық. Жоқ. Бізде ашық жария конкурс болу керек. Екі резюмені беріп, мен мынаны алам деп айта салу, ондай уақыт кетті. Сондықтан біз қазір конкурс арқылы ашық, жария форматқа көшіп жатырмыз. Әртүрлі тәуекелдерден, түрлі сыбайлас жемқорлық мәселелерінен кетуге жақсы мүмкіндік беріп отыр. Бұғанда көп адамдар қуанбайды. Осындай қадамдарды қабылдап, енгізбесе болмайды.
– Жалпы соңғы уақытта 9 сыныптан кейін колледжге түсіп жатқандардың саны өсіп жатыр дейді. Бұл маған түскен ақпарат. Ол қаншалықты рас?
– Енді бүгін бізде керісінше. Жан басына қаржыландыруды енгізудің ықпалы деп әріптестер де айтып жатыр. Осы жуырда ғана мен колледждің директорларымен Тамыз кеңесінде кездескенде, олардың көтерген сұрағы осы болды. Ол кісілер айтады. Енді әр мектепте жан басына қаржыландыру ғой. Егер мектепте көп бала болса, әр балаға мектеп қаражат алады. Бюджеті көп болады. Сондықтан кейбір мектептер оны 9 сыныптан кейін жібермеуге тырысып жатыр. Түсіндіңіз ғой. Колледждерде айтып жатыр. Бізге балалар келу керек. Бірақ мұның алдында айтқандай, егер 9 сыныптан кейін біраз балалар колледжге кететін болса, оның саны азайып жатыр деп айтып жатыр негізі. Бірақ оны қатты азайып кетті немесе одан сайын көбейіп кетті деп айтқан дұрыс емес. Өйткені, ол үрдіс енді-енді басталып жатыр. Бірақ біз оған өз ықпалымызды жеткізіп, олай дұрыс емес екенін айтып, осы мәселеге біз өзіміз араласып отырмыз. Бұл бір. Екіншіден колледжге биылғы жылы түскен балалардың саны артты. Неліктен? Өйткені, осы жылы президенттің тапсырмасының арқасында республикалық бюджеттен 45 мың грантты қосымша бердік. Сонда рекордтық 128 мың грант республика бойынша берілді. Сәйкесінше, колледждерде оқитын балалардың да саны өсіп отыр. Сондықтан сіз берген ақпарат толығымен сәйкес келмейді. Бірақ проблемалық мәселелер бар.
НАЗАРБАЕВ МЕКТЕБІНІҢ КЕЛЕШЕГІ НЕ БОЛАДЫ?
– Сұрақтардың келесі блогына көшсек. Соңғы уақытта көп көтеріліп жүрген мәселе. Бұл – Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қатысты мәселе. Мектеп өзіне жүктелген міндетін атқарып отыр ма? Кбінесе сіздердің жауаптарыңыз «олар автономды, ешқандай қатысымыз жоқ» деген жауапты алып жатамыз. Бұл қаншалықты дұрыс? Енді өзіңіз Оқу-Ағарту министрі болғаннан кейін жалпы мектеп жүйесін қолға алу жоспарда бар ма? Әлде осылай автономдық болып қала бере ме?
– Негізі бұл мектептерді жабу керек деген оймен мен келіспеймін. Жалпы олардың бүкіл қаражатын алып қою керек, оларды жабу керек деген әрине, былай қарағанда… Онда оқып жатқан біздің Қазақстанның балалары. Кәдімгі көбі ауылда оқыған, қарапайым жанұялардан шыққан балалар сонда оқып жатыр. Мәселе Зияткерлік мектептерді астыға түсіріп тастау емес, мен қашанда айтам, біздегі орта мектептерді солардың деңгейіне көтеру. Міне, осылай қарайтын болсақ, онда мәселе басқаша көрінеді. Сондықтан біздің ойымызша, әрине, биылғы жылы проблемалар болды. Мысалы, іріктеу мәселесіне қатысты ата-аналардың біраз наразылығы болды. Оны біз көріп отырмыз. Сондықтан қабылдау ережесіне өзгерістер енгіземіз. НЗМ басшылығымен осы мәселені талқылып, тиісті өзгерісті енгізу бойынша жұмысты бастап кеттік. Сондықтан осы жұмысты қыркүйек-қазан айында бітіріп, келесі жылы балаларды басқа тәртіппен қабылдайтын болады.
– Қандай тәртіппен?
– Ол тәртіп жалпы талқыланып жатыр. Жобасы мұның алдында егер нақты квота бойынша болса, тілге байланысты біз оны енді білімге байланысты бөлеміз. 2019 жылы мен министр болып тағайындалған кезде мен осындай шешім қабылдадым. Біз тіл бойынша гранттар санын квотамен бөліп тастамай, біліміне сәйкес, балына сәйкес бөлейік дедік. Меніңше, бұл әділ болады. Сондықтан, біз осы НЗМ-деріне түсу тәртібіне, қабылдау ережесіне өзгеріс енгізіп, келесі жылы басқа принциппен қабылдау бойынша жұмысты жүргіземіз. Қазан айында осы жұмысты бітіреміз.
Тағы да бір маңызды мәселе: мұның алдында біздің ата-аналар не үшін наразылық білдірді? Өйткені қай мектепте қанша орын нақты болатынын ата-аналар алдын ала білмейді. Олар «50 орын болады» ойласа, 30 орын болып қалады. «60 орын болады» деп ойласа, 50 орын болып қалады. Сондықтан, біз енді мәселен, Түркістандағы зияткерлік мектепте осыншама орын бар деген. Сонда балалар сонша орынға бәсекеге түседі. Яғни емтихан тілге байланысты емес, өзінің көрсеткен біліміне байланысты болады. Осындай ұсыныстар екі айдың ішінде толығымен қабылдап, қоғамға жария етуге дайын болып отырмыз.
– Ата-аналар «баламыз НЗМ-ге түсе алмай қалды» деп көмек сұраған кезде нейтралды позицияны көбінесе ұстанамын. Өйткені ата-аналар арасында Назарбаев мектебіне түсуді культ деңгейінде жасап жіберген секілді. Балалардың бәрі стрессте «не болса да осы мектепке түсуім керек» деп жүретіндей. Әрине, қарапайым мектептердің мәселесі де бір бөлек мәселе ғой…
– Сол деңгейді көтеру ғой. Бізде гимназия, лицей, зияткерлік мектептер бар. Басқа дамыған мемлекеттердің дәрежесін көрсетеміз. Олардың тәжірибесі қандай? Оларда мектептердің басым көпшілігі бірдей сапалы білім беруге тырысады. Ал біз гимназияларда оқу бізде тиімдірек секілді көрініп тұрады. Бұл білім саласындағы теңсіздікті туғызады. Сондықтан, бізде мысалы білім инновация лицейлері бар. Жалпы бізде жүзден астам дарынды балаларға арналған мектептер бар. Осы мектептерге биыл әдейі квота енгіздік. Әрине, бұл жағдай бәріне ұнаған жоқ. Ауылдағы үлгерімі төмен және әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың балаларын сол жерге алу үшін арнайы квота енгіздік.
– Қанша көлемде квота?
– Қазіргі уақытта 15 пайыз деп енгіздік. Әрине, ең басында кішкене түсініспеушілік болды. Бірақ біз министрліктің ұстанымы осылай болу керек деп айттық. Өйткені осындай топтардың балаларына да әлеуметтік лифт болу керек.
– Анық солай ма? Ығай-сығайдың балалары емес, 30 пайыз осал топтағы отбасыларға беріле ме?
– Иә, гранттардың 30 пайызы сондай отбасылардан шыққан балаларға беріледі. Менімен әріптестердің көбі дауласады. Оларды да түсінуге болады. Олар «қалай болса да, кімнің білімі жақсы – солар осы мектептерге түседі» дейді. Бірақ мен «бұл мектептерге түсу үшін қосымша дайындыққа бару керек» деймін. Осы мектептерге түсетін адамдардың көбі қосымша ақшасын беріп, репетиторларға барып, содан кейін ғана түсіп жатыр. Солай ғой? Ал ол әлеуметтік осал топтағы отбасылардың ата-аналары үшін қолжетімді ме, әлде қолжетімді емес пе? Егер қолжетімді болмаса, ол қаншалықты әділ? Осылай деп, аталған топтар үшін міндетті түрде 15 пайыздық квотаны енгіздік. Мұның алдында да алдыңғы жылы да осындай тапсырманы бізге берген. ЖОО мен колледждерге де осындай квоталарды бердік. НЗМ-ге қабылдап алғанда да осы квота мәселесін қазір талқылап жатыр. Әлі шешім қабылданған жоқ.
– Ал Назарбаев мектептері қанжа бюджет алып отыр?
– Енді олардың бюджетін айту…
– Жарайды. Ал бірақ оларда гранттардан бөлек бір баладан 4 млн теңге алып отыр екен.
– Ондай балалардың саны көп емес. Түсем дегендер көп. Бірақ ол мектептер бүгінгі таңда соншалықты көп балаларды қабылдап алып жатқан жоқ. Бұл мәселені де талқылап, бір шешімге келеміз.
– Сіздің позицияңыз қандай? Ақылы түрде мектептерде оқуға мүмкіндік беруге болады ғой иә?
– Жалпы бізде мұндай мүмкіндіктер бар. Мемлекеттік стандарт бар. Қосымша үйірмелер болса, басқалары болса, ондай мүмкіндіктер бар. Жекеменшік мектептерді де бүгінгі таңда біз бір шеңберге кіргізіп қойып отырған жоқпыз. Ал бірақ осы мектеп бойынша бір-екі айдан кейін бір ортақ шешімге келіп, оны да жариялаймыз.
– Ал НЗМ-ның атауына байланысты не дер едіңіз? Күні кеше Астана атауын қайтару туралы ұсыныс болды…
– Ондай мәселе бойынша ешқандай комментарий бергім келмейді. Болашақта бұл мәселені өздеріңіз көресіздер.
– Сіздің өз позицияңыз жоқ па? Бәрібір ме?
– Бұл жерде мәселе онда емес. Жалпы уақыт өткеннен кейін… Біз қазір күн тәртібінде тұрған басты мәселелерді шешуіміз керек. Көбінесе сөз қуып кетпеуіміз керек. Мәселе атауда емес. Мазмұнында болу керек. Энергиямызда мазмұнды және жалпы процестерді жөндеу, оның тиімділігін арттыруға жұмсап жатырмыз. Сондықтан, әртүрлі басқа сұрақтарға уақытымызды бөліп, оған назар аударып жатқан жоқпыз.
Ол мектептерде оқып жатқан балалар басқа мемлекеттің азаматтары емес. Олар керемет бір ақшасы көп топтардың ғана балалары емес. Барып қарасаңыздар, әлеуметтік мәртебесі әртүрлі отбасының балалары. Бұл – біздің Қазақстанның балалары. Сондықтан, оларды шеттетіп, басқа мемлекеттің балалары секілді көру дұрыс емес. Шеттетпей, бөлмей, барлығын біріктіруіміз керек.
– Бүгінгі таңда қандай мектеп пәндерінің мұғалімдеріне ерекше сұраныс бар?
– Ең бірінші кезекте, бізге бастауыш пәнінің мұғалімдері керек. Екіншіден, математика, үшіншіден физика, химия, биология, жалпы жаратылыстану бағыты бойынша мұғалімдер тапшылығы бар. Сондықтан, біз грантты кейінгі жылдары сол бағытта көбірек бөлдік. Мысалы бізде дене шынықтыру мамандығына студенттер өте көп түседі. Бірақ бүгінгі күні мектептерге соншалықты көп дене шынықтыру мамандары қажет емес. Осыған орай гранттарды дәл осы жетіспейтін мамандықтарға көбірек бөлдік.
ТӨРТ ӨҢІР НЕГЕ ҰБТ-ДАН АРТТА КЕЛЕ ЖАТЫР
– Осы жылдың шілдесінде сіз ҰБТ-дан ең нашар бал алған өңірлерді тізіп өттіңіз. Оның ішінде Маңғыстау, Атырау, Түркістан облыстары аталды. ҰБТ тапсырған оқушылардың үштен бірі шекті балды ала алмады. Мәселен, Маңғыстау облысында білім сапасының төмен болуының себебі неде?
– Бірінші кезекте, біз әлеуметтік-экономикалық жағдаймен, инфрақұрылымның даму мәселесімен байланыстырамыз. Ол біздің зерттеулер емес. Халықаралық зерттеулер бар. Соның ішінде PISA деген халықаралық зерттеу бар. Ол Қазақстан ғана емес, басқа да мемлекеттерді қамтып, біз сол зерттеуге қатысып отырмыз. Сол зерттеудің өзі де білім беру сапасының айырмашылығы дәл осы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты. Жалпы бұл мәселені шешу бойынша кешенді жоспарды қабылдап жатырмыз. Мысалы биылдан бастап төрт өңірдегі педагог тапшылығын шешу бойынша және ол өңірлерге ең білімді педагогтарды жіберу үшін арнайы жобаны дайындадық. Сол жоба шеңберінде Қазақстан бойынша конкурс өткізіп, сол конкурстың нәтижесі бойынша ең мықты мұғалімдерді іріктеп алып, айтылған төрт өңірге жібереміз. Егер ол өңірлерге барса, олардың жалақысы екі есе көбейеді. Олардың үй жалдау қаражатын біз бюджеттен төлейміз. Коммуналдық шығындары да бюджеттен жабылады. Яғни осындай өте қолайлы мүмкіндік беріп жатырмыз. Сол бойынша біраз мұғалім өз өтініштерін берді. Оларды біз қазір қабылдап алып, қосымша курс өткізіп, өңірлерге жіберіп, олар сол өңірлердегі білім беру сапасын көтеруге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Дәл осы өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымдар да жеткіліксіз. Мектептердің жеткіліксіздігі де осы өңірлерде. Сондықтан, мектептердің басым көпшілігі осы өңірлерде салынады. Одан кейін мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша кешенді жоспар бар. Сол бойынша да барлық назарымызды өңірлердегі мұғалімдерге аударып жатырмыз. Оларды пән бойынша курстардан өткізіп, курстан кейін де қолдау жүргіземіз.
Бұл өңірлердегі балалардың еш кінәсі жоқ. Көбі ҰБТ-да шекті балды ала алмай қалады. Яғни олар университетке түспей қалады. Неге? Олар да дарынды бала. Бірақ олармен жұмыс істеу керек. Оларға тиісті жағдай жасау керек.
– Біз көбінесе сараптағанда алаңға шығатын жастар, базарда арба тасыған жастардың көбі кезінде оқуға түсе алмай қалған ауыл жастары ғой. Бұл тұрғыда әрине, қазақ жастарының білімді болғанын қалаймыз. Барынша білімнің қолжетімді болғаны жақсы. Өзіңіздің алдағы уақытта миссияңызды қалай елестетесіз? Әрине индикаторлар түсінікті. Ал өзіңіздің «қазақ мектептері осындай болса ғой» деген азаматтық ұстанымыңыз, миссияңыз бар ма?
– Әрине, миссия үшін жұмыс істеп жатырмыз. Негізі біздің Қазақстанның болашағы – мектебімізге, балабақшамызға, колледжімізге байланысты. Ол пафоспен айтылып отырған мәселе емес. Дәл солай. Мен елімізде қандай проблема болса да, бәрі білімге байланысты деп айтам. Бір жерде қылмыс болса, екінші жерде жол жөнделмей жатса, ереуілге шықса, ол – білім саласына байланысты деп айтам. Өйткені жалпы ұлтты, болашақ азаматтарды тәрбиелеу білім саласына байланысты. Біз қандай құндылықтарды дамытамыз? Қандай құндылықтар шеңберінде балаларымызды тәрбиелейміз? Олар бәсекеге қабілетті бола ма? Ертең олар осы елін ойлай ма? Әлде басқа елге кеткісі келе ме? Ол біздің жұмысымызға байланысты.
Әрине, білім саласы өте күрделі сала. Үш жылдың ішінде өте жылдам жеңістерді көрсететін сала емес. Егер біз жылдам жеңістерді көрсетеміз деп жұмыс істесек, әдемі сөз есту үшін онда бұл салада жұмыс істеп керек емес. Ол үшін кешенді шешімдер қабылдауымыз керек. Кейбір шешімдер наразылықты туғызса да, ұлтқа керек болса, сондай шешімдерді қабылдауға дайын болуымыз керек. Дәл осындай жұмысты біз жүргізіп жатырмыз. Сондықтан мектеп балаларын қазір құндылықтарға негіздеп жатырмыз. Балаларымыз еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, білімге деген терең құштарлығы, патриот болуы керек. Осы құндылықтарды білім беру бағдарламаларының ішіне кіргізіп, дамытып жатырмыз. Ол әрине бір дегенде көрінбейді. Ағылшын тілін оқып жатқанның өзінде сол әртүрлі текстер оқиды ғой.. Оның біреуі мына Бурабай туралы болса, енді бірі бір әжені жолдан өткізу туралы мәтін болса, басқа да мәтіндер болса, сол ағылшын тілі арқылы әртүрлі құндылықтардың өзін қалыптастыруға болады. Тәрбие жұмысын тек қана тәрбие сағаттарымен шектелу деген емес, оны біз математика бойынша да экологиялық мәдениетті қалыптастыруға болады. Экологиялық мәдениетті математика арқылы да қалыптастырамыз. Математиканың өзінде берілетін әртүрлі тапсырма бар. Тапсырманың экологиялық проблемалардың шеңберінде берсек, ол тапсырманы математика заңдылықтары негізінде шешеді. Бірақ жаңағы экологиялық мәдениеттің мәселелері де қалыптасады деп ойлаймын. Біздің ойымызша, қай уақытта да мектеп, балабақша колледждер халықаралық деңгейдегі сондай бір деңгейге жету керек. Ол үшін ең бірінші рөл ойнайтын – біздің ұстаздар. 5,3 трлн теңге бөлінді. Кейбір сарапшылар, белсенділер не үшін беріп жатырмыз дейді. Одан да сол ақшаға жол салған жақсы еді дейді. Бірақ осы шешімнің арқасында білім саласына мұғалім боламын деп, мектеп түлектері келіп жатыр. Ол бірден бізге нәтиже бермейді. Бірақ 2-7 жылдан кейін біз басқа Қазақстанда өмір сүретін боламыз. Біздің бәсекеге қабілеттілігіміз одан сайын жоғарылайды. Сондықтан, біздің миссиямыз – ұлтымыздың болашағын қалыптастыру.
ДИРЕКТОРЛАР ҰНАТПАСА ДА ОЛАРҒА МІНДЕТТЕДІК!
– Жалпы бала құқығы мәселесін көтереміз. Балалар арасында суицид өте көп. Түрлі жантүршігерлік оқиғалар болып жатады. Бала құқығын қорғау мәселесіне байланысты қандай жұмыс істеп жатырсыздар? Бір жағдай болып жатқан бала құқығы жөнінде омбудсменді мен естімеймін. Министрліктің бір позиция беріп жатқанын естімейміз. Әлбетте, өз жұмыстарыңыз да бар. Бала құқығы деген бөлек қалып қоятын блок секілді көрінеді кейде.
– Бала құқығы деген ең басты мәселе. Білім беру саласында басты адам – министрліктің де адамы емес, мұғалім немесе директор емес. Ол – бала. Біз ең бірінші кезекте, бала мен оның құқығын қоюуымыз керек. Педагог мәртебесі туралы заң қабылдадық қой. Ол заңның түбінде баланың құқығы, білім алуы тұр. Егер педагог білікті болса, баланың жақсы білім алуына, құқығының сақталуына әсер етеді.
Жалпы көрсеткіштерді айтар болсақ, балалар баратын қылмыстардың саны азайды. Балаларға қарсы жасалған қылмыстар азайды деп бізге ІІМ ақпарат береді. Бірақ мұндай ақпаратпен жұмыс істеп жүре алмаймыз. Неге? Өйткені 5 адамның құқығы тапталар болса, балалар өз-өзіне қол жұмсаса, бұл да біздің қоғамның проблемасы. Оны тек мектеп пен мұғалім шеше алмайды. Оны біз қоғам болып шешуіміз керек.
Бізде балалардың құқығын қорғайтын комитет бар. Ол комитетте бүгін 20-дан астам жұмыс істейді.
– Ол комитет немен айналысады?
– Олар барлық балалар үйін қамтиды. Жетімдердің мәселелерін қарайды. Әлеуметтік осал топтарға жататын балалардың мәселелері осы комитеттің мойнында, бірақ әрине көбінесе біз әлімжеттікті, суицидті айтар болсақ, балалардың жыныстық құқықтарының бұзылуы жайлы айтар болсақ, олардың басым көпшілігі жанұяда. Қоғамдық жерлерде емес. Сондықтан, қоғамды тәрбиелеу де біз беретін білімге байланысты.
– Отбасында болған күннің өзінде мұғалімдер білсе да айтпайтын жағдайлар болатын секілді…
– Көбінесе деп айтуға болмайды. Осы екі жыл бұрын ғой деймін, міндетті түрде осы мәселені шешу үшін заңға өзгеріс енгіздік. Егер педагог осындай ақпаратты біліп, бірақ ішкі істер органдарына ол ақпаратты бермесе, өте үлкен жауапкершілік қарастырылды. Біз оны әдейі енгіздік. Мұғалім таңертең мектепке келген баланы астына түсіп, қарсы алып алу керек. Директор тұрып, бала таңертең келе жатқан баладан-ақ көп нәрсені көреді. Бір баланы анасы, екіншісін әжесі, үшіншісін көршісі әкеле жатады. Баланың көңіл-күйі, киімі қандай? Ол кеткенде анасының бетін сүйе ме, әлде сүймей ме – қалай басқа балалармен кездескенде бір-бірін қарсы алады. Сол бойынша отбасындағы жағдайды біліп отыруға болады. Сондықтан, біз директорларға балалар келгенде жарты сағат тұрып, балалардың қалай келе жатқанын көріп, психологтармен сөйлесіп, ата-аналарға қоңырау шалып, бірге сөйлессе, ол да жақсы. Мұндай тәжірибе бар.
– Бала құқығын қорғаушы омбудсмен Аружан Саин сіздерге көмектесіп тұра ма?
– Әрине. Біз бірге жұмыс істейміз. Биылдан бастап өңірлерде де әр әкім өздері тағайындайтын уәкілдер жөнінде ақпарат бердік. Әкімдер ол ұсынысты қабылдады. Қазір барлық өңірде қоғамдық белсенділер ішінен баланың құқығын қорғайтын өкілдерді әкімдердің өзі анықтап жатыр.
БАЛАҒА САБАҚТА ХИДЖАБ КИЮГЕ НЕЛІКТЕН ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛАДЫ?
– Басты миссия бала құқығы дедіңіз. Ал мектептерде балалардың хиджаб кию мәселесіне байланысты министрлікте қандай ұстаным бар?
– Бізде мәселе хиджаб, басқа да проблемаларға байланысты. Бізде хиджапқа байланысты мәселе жоқ. Бізде мектеп формасы бар. Ол 2016 жылы қабылданған министрліктің бұйрығы. Ол бұйрықтың діни ұстанымдарға қатысы жоқ. Онда тек бір ғана мәселе бар: әр мектеп өзінің мектеп формасын белгілейді. Қамқоршылық кеңесімен келіседі. Сол мектеп формасы сақталуы керек. Болды! Басқа мәселе жоқ. Егер джинсымен келер болса, оол мектеп формасына сай болмаса, оны да киіп келуге болмайды. Егер ол қысқа бір юбкамен келсе, оны да кіргізбейді.
– Хиджаб киюге болмай ма?
– Бізде мектеп формасымен келу керек.
– Құқықтық мемлекетпіз ғой?
– Хиджаб, юбка немесе қысқа топик, басқа да киімдер келетін болса, мектеп формасына сай келмесе – соған қарайды.
– Бірақ мәселен Финляндияда балалар мектепке хиджаб киіп келе береді ғой?
– Франциядағы мектептердің жағдайын да қарау керек. Бұл жерде мәселенің бер жағын үзіп алып, сол жаққа ғана қараудың қажеті жоқ. Хиджаб немесе джинсы туралы бірде-бір сөз жоқ. Біздің айтып отырғанымыз – мектеп формасы. Оны қамқоршылық кеңесі мен мектептің өзі белгілеп, бекітіп алады. Біз оған араласпаймыз. Сол форма бойынша балалар мектепке келеді. Болды!
– Баланың мысалы орамал тағы келуіне бола ма, болмай ма?
– Ол мектептің формасына сәйкес келмейді ғой. Қысқа юбка да солай. Принцип бір. Ол – мектептің формасы. Болды! Жақында ғана қоғам пікірін көрдіңіздер ғой. Біреу мысалы «мектепке неге джинсы кимейміз» деп бізге шағымданады.
– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Қоғам пайдасы үшін тәуекелге бара алатын министрлердің қатарынан сізді де көрем. Сондықтан, алға қойған миссияларыңыз орындала берсін деп тілейміз.