Қазақ көркем публицистикасы | туралы қазақша

0

Тәуелсіздікке дейінгі көркем көсемсөз жанрында жазылған шығармалар сол замандағы ресми идеологияның ұстанған бағытынан бір елі де ауытқымастан, Кеңестер Одағының мызғымас қуатын, коммунистік партия мен интернационалистік рухтың биіктігін, Кеңес адамының жасампаз бейнесін жасауға бағытталғаны тарихтан жақсы мәлім. Және «Осындай Совет адамы» деп аталатын айдарларда адамның жай бейнесін ғана емес, кеңестік шындыққа негізделген үлгі тұтарлық мінсіз тұлғаның бейнесі жасалу тиіс болатын. Мұндай жанрдағы шығармаларды жазу барысында қоғамда орын алып жатқан алуан түрлі кемшіліктерге, орыс отаршылдығының зардаптары мен аз ұлттар тарихындағы бұрмалаушылықтарға көзжұмбайлықпен қарай білудің өзі үлкен өнерге саналды.

Идеологиялық тар құрсаудың шеңберінде өлшеп-тамап сақтықпен ғана айтуға тура келген қатаң бақылаудағы тұншықпа кезең артта қалғаннан кейін, ой еркіндігі атқа мініп, көркем көсемсөздің де көрігі қыза бастағаны жасырын емес. Халқының ауыр тағдыры жайлы небір ой-пікірлерді ашып айта алмай, іштен ғана тынып жүрген қаламгерлер қауымы көсемсөздің қуатты күшін пайдаланып қалу үшін батыл қадамдарға бет бұрды. Бұл шығармашылық белсенділікті тәуелсіздіктің бір үлкен рухани жетістігі, жас мемлекеттің тәуелсіздік мүддесіне әбден лайықты идеологиялық құбылыстың бірі деп бағаласақ, артық айтқандық бола қоймас.

Қазақ көсемсөзшісі осындай шоқтықты мәселелерді кейде жалпылама, енді бірде сала-саласымен жіктей талдап, оқырман алдына толып жатқан проблемаларды көлденең тарта білді. Көркем көсемсөздің міндеті — қара мақалаға тән мінезбен мәселені маңдайдан ұрып, тоқ етерін айтып салу ғана емес, жекелеген тұлғалардың тағдырлары, Төмірде жиі ұшырасатын типтік ситуациялар арқылы оқырманды ойға жетелеу, көркем сөзге тән эстетикалық қуатты пайдалана отырып, танымдық, эстетикалық қабылдауды кеңейту. Демек, көркем публицистиканы өз деңгейінде игеру ең алдымен өзекті проблеманы көре білумен, оны оқырман алдына сол қалпында келдснең тартумен шектеліп қалмайды. Уақыт ұсынып отырған ділгір мәселені өз деңгейіндс альш шығу үшін белгілі бір дәрежеде көркем ойлау жүйесін, сөз өнерінің эстетикалық қарымын пайдалана білу арқылы алған тақырыпты шеберлікпен меңгере білу шарт.

Тәуелсіздік жылдары өмірге келген қазақ көсемсөзі осы аталаған басты талаптарға толығымен жауап бере алады деп қуануға ерте де шығар, Жанрдың биік деңгейінен көріне алмай, бірді айтып бірге кететін немесе біржақты ұстаныммен ғана шектеліп қалатын үлгілер де баршылық. Шсіп-жетілмеген ондай шығармаларды талдау өзегіне айналдыра беруге болмайтыны анық.

Еліміз өз алдына отау тіккен кезеңнің бастапқы жылдарында өмірге келген көсемсөз үлгілерінің талайы жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығы төрге озып жатқан кезде де тарихи құндылығын жоғалта қойған жоқ. Қазақ көсемсөзінің шеберлерін танытқан да — осы жылдары өмірге келген жекелеген шоқтықты туындылар. Ондай туындыларды өмірге әкелген авторлардың алдыңғы легінде С. Әсіпов, С. Тәнекеев, Ж. Ысмағұлов, К. Смайылов, Ә. Ыдырысов, С. Ақтаев, С. Ақатай, А. Сейдімбек, Н. Муфтах, М. Мәжитов, С. Шүкіров, У. Қалижанов, М. Тоқашбаев, Ж. Аупбаев, Б. Айнабеков, Н. Жүсіп, Е. Жүсіпов, Ж. Елшібек, Қ. Боқаев, М. Кенжебай, С. Әбдрахманов, С. Байхонов, О. Жолдыбай, К. Адырбекұлы, Е. Ералиев, С. Парманқұлов, Ж. Кенжалин, Е. Айғалиұлы, Қ. Тәбей, 0. Қауғабай, С. Ибраим, С. Хасан, Б. Омарұлы, Т. Тәшенов және т.б. көптеген қаламгерлер көрініп жүрді.

Сонымен бірге негізгі шығармашылық бағыттары, игеруді мақсат еткен жанрлары басқа бола тұрып, көсемсөз саласъшда да өз күштерін сынап көрген ақын-жазушыларымыз аз емес. Атап айтар болсақ, Ә. Нұршайықов, Қ. Исабай, Ш. Елеукенов, Ш. Мұртаза, Б. Тілегенов, Қ. Мырза-Әли, Ғ. Қабышұлы, Ә. Кекілбай, М. Мағауин, А. Сейдімбек, М. Қожахметова, Д. Досжан, А. Бақтыгереева, Б. Айнабеков, М. Байғұтов, Н. Қапалбекұлы, Н. Дәуітаев, Ұ. Есдәулетов, Қ. Түменбай, Е. Раушанов, Д. Рамазан және т.б. осы жанрдың қызығы мен шыжығын, қиындығы мен жемісін бір кісідей-ақ көрген қаламгерлер. Бұлардан басқа осы кезең ішінде ғана буындары бекіп, қаламдары қатая бастаған жастардың қатары өз алдына.

Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ көсемсөзшілерінің сен тұр, мен атайын дейтіндей қуатты бір армиясы қалыптасты. Бұл талдаулардың нысанына айналып отырғандар да нақ осындай жекелеген қаламгерлердің шығармалары болмақ.

Реті келіп тұрғанда бүгінгі таңдағы көсемсөздің көркемдік болмыс-бітімінің қандай екендігін көз алдымызға бір елестетіп алудың артықтығы жоқ. Елімізде тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде көсемсөздің көкжиегін кеңейтуге сүбелі үлес қосқан журналистердің ең егдесі де, бетке ұстар ардагері де Әзілхан Нұршайықов пен Сапабек Әсіпов болды. Жастарының ұлғайып қалғандарына қарамастан, бұл қарымды қаламгерлер жиырма бірінші ғасырдың алғашқы онжылдығында да өздерінің шығармашылық биіктерінен түсе қойған жоқ. Жазған туындылары оқырмандар тарапынан жылы қабылданып, оларда көтерілген мәселелер қалың оқырман тарапы-нан көбінесе қолдау тауып жатқандары да рас.

Осы еңбегіміздің алғашқы жолдарынан бері жиі қайталанып жатқан бір сөз бар, ол — «Тәуелсіздік». Қазіргі таңдагы оқырман қауымды қызықтыратын — тәуелсіздіккке Қазақ елінің қолы қалай жетті, осынау тарихи процесті заңды түрде бекітіп берген қандай құжаттар, сол бір тарихи маңызды оқиғалардың даму барысы қандай болып еді деген сияқты маңызды мәселелер. Соның ішінде қазіргі және болашақтағы жас буын өкілдері үшін де бұл тақырып үнемі назар аудартуы тиіс. Осынау келелі тақырыпты халыққа май-ын тамызып, орайтын келтіре отырып жеткізген жандар, әрине, ең алдымен қазақ көсемсөзшілері. Бұл қатарда тынымсыз еңбек етіп жүрген журналистер тобының ішінде қаламы ұшқырлары да аз болған жоқ.

#Қазақ #көркем #публицистикасы