ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ 1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІ — Тарих — Қазақша рефераттар — Қазақша тесттер мен шпорлар

0

ӘОЖ 958

 

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ 1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІ

 

С.Д. Тоқбергенова

Төле би атындағы №8 гимназиясы, Тараз қ.

        

Қазақстан Республикасы-қазақ халқының тәуелсіз ұлттық мемлекеті. Тәуелсіз мемлекетіміздің құрылуы-қазақ халқының талай ғасырларға созылған ұлт-азаттық күресінің заңды нәтижесі. Халқымыздың даму тарихында мүлдем жаңа мазмұндағы саяси кезең басталды.

ХХ ғасырдың басында Қазақстан, Ресей империясының капитализмге дейінгі өндірістік қатынастар үстем болған аграрлы отарлық өлкесі болды. Қазақ халқының басым көпшілігі, бір жағынан, патша үкіметінің отарлау саясатының қасіретін, екінші жағынан, ауылдағы бай-шонжарлардың езгісінің ауыртпалығын көтерді. Қазақстанның экономикасы мен жер байлығына, Ресей алпауыттарымен қатар шетелдік капитал да қол сұға бастады.

Патша үкіметі қазақ халқының ата қонысын мемлекет меншігі деп жариялап, шұрайлы шабындық пен құнарлы егіндікті қоныс аудару қорына, орыс-казак жерлерін (казачествоны) орналастыру және басқа да отарлаудан туындайтын мақсаттар үшін тартып алып отырды. Күштеп өзіне алу саясатының екі ғасырға созылған жылдарында ресейлік отарлаушылар  Қазақстанның 45 миллион десятинаға жуық жерін, басқаша айтқанда, ең құнарлы 16 пайыздай бөлігіне иелік етті. 1917 жылы екі революция қарсаңында бұл жерлерге келіп орын тепкен ресейлік қоныстанушылар (негізгі орыс ұлттарының өкілдері) сол кездегі Қазақстанды мекендегендердің 23,1 пайызын құрды [1, 30 бет].

Отарлаушылар қазақ халқының жері мен табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп қана қойған жоқ, олар қазақтарды рухани жағынан да отарлады. Халықты тілінен. Дінінен, ділінен біртіндеп айыру бағында қатыгездікпен ойластырылған шараларды жүзеге асырды.

Бұл жөнінде Міржақып Дулатов «Қазағым менің, елім менің» атты мақаласында былай деп ашына жазған еді: «…Ең алдымен қазақ халқы-Россияға тәуелді халық… Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті керек емес нәрселерге жұмсалады…өздерің көз жазбай байқап отырғандай…чиновниктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып, малдарын тартып, ойына не келсе соны істеді…

Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдеп-ғұрыптарымызға, біздің молдаларға ғана тиісті неке мәселелеріне араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды…

Енді бұл чиновнитер қазақ даласына мыңдаған мұжықтарды жер аударып, қазақтардың суы мен шұрайлы жерлерін еркін иемденуде…Бұлар сорлы қазақтарды ұрып-соғып, бар мүлкін тартып алып кетуде…» [2, 211 бет].

Патша үкіметінің отарлау саясаты өзінің шырқау шегіне жетіп, отарлау саясаты өзінің шарықтау шегіне жетіп, отарлау саясаты күшейген сайын халықтың қарсыласу қозғалысы да арта түсті. Соның бірі — 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы еді.

Ғылыми жұмысты жазудағы мақсатым: биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің болғанына 90 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде қазақ халқының басынан әр түрлі кезеңдер өтті. Қазақ халқы қайсарлық, қайтпас күрестердің арқасында тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздікке жету — қазақ халқы үшін даңғыл жол болған жоқ, ол ұлы белестерден, қиын-қыстау асулардан тұрды. Болашақ ұлттық мемлекеттің іргетасы осы тарихи кезеңдерде қалыптасқан болатын, сондықтан да азаттық жолындағы қасиеті де, қасіретті күрестің тарихын зеттеу қазіргі таңда зор маңызға ие болып отыр.

Кеңестік тарихтану 1916 жылғы көтеріліске байланысты оқиғаларды баяндауда, тарихи шындықты ашуды мұрат тұтпай, қалай болғанда да көтеріліске қатысушыларды реакциялық бағыт ұстанған күш ретінде көрсетуді көздеді. Шын мәнінде мәселе анағұрлым күрделірек болатын. Бұрын азды-көп мәлім, сондай-ақ зеттеу жұмыстарына әлі тартылып үлгермеген тың деректік материалдарға сүйене отырып, көтеріліс қарсаңындағы және барысындағы жағдайлар шынайы түрде жазыла бастады. Әрине, Қазақстанның шынайы тарихын жазу- тәуелсіздікке қол жеткізудің жемісі.

Дегенмен де, осы тақырыпқа тікелей қатысы бар жекелеген мәселелер әлі де болса жан-жақты, әрі терең зерттелген жоқ. Солардың бірі, атап айтқанда, осы көтеріліске байланысты кезінде көптеген өлең-жырлар шықты. Олардың көпшілігі уақыт өте фольклорға айналып кетті. Көтеріліске тікелей қатынасушы Көдек Маралбайұлы кезінде 1916 жылға арналған дастан шығарған. Ол қазақстандық оқырмандарға әлі толық таныс емес. Осындай дүниелердің қазақ әдебиеті тарихынан алатын орны мен олардың көтеріліс тарихнамасына қатысы мен дерек көздері ретіндегі маңызын да ғылыми тұрғыдан қарастырған жөн.

Мен осы ғылыми жұмысты жазуда тың материалдарды пайдалана отырып бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси хал-ахуалын, бірінші дүниежүзілік соғыстың Қазақстанға тигізген кері әсерін, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басты себептерін және көтерілістің негізгі ошақтары Жетісу мен Торғай өңіріндегі көтерілістің барысын, Әулиеата уезіндегі Меркі бөлімшесіндегі көтерілістің ерекшеліктерін, ондағы Ақкөз батырдың өмірін ашу және көтерілістің тарихи маңызын атап көрсету міндетін алға қойдым.   

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында былай деп жазған еді: «Тарих бәрін де сыйға тарта алады, бірақ ішкі еркіндіктің формасы ретіндегі тәуелсіздікті сыйға алуға болмайды. Тәуелсіздік – бұл тарих толқынында субъект болу құқығын түсінетін және осы үшін жауап беретін халық болмысының бірден-бір формасы… » [3, 277 бет].

1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында аса көрнекті орын алады. Шындығында да, өз тәуелсіздігі үшін ұзақ жылдар бойы жүргізген ерлік-күресінің дәстүрінде тәрбиеленген қазақ халқы 1916 жылы ұлттық және саяси бостандық алу мақсатымен Россия империясының езгісіне қарсы жойқын күреске шықты. Жаңа тарихи кезеңде, империализм мен бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайында Амангелді Иманов, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов және басқа халық батырлары кезінде, Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Кенесары мен Наурызбай Қасымовтар көтерген бостандық үшін күрес туын қайтадан өз қолдарына алды. 1837-1847 жылдардағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысынан кейін 1916 жылғы көтеріліс бүкіл Қазақстандық сипатқа ие болып, ұлан-ғайыр Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыды. Көтеріліс ең алдымен отарлыққа қарсы бағытталды да, қазақ халқының ұлттық және саяси тәуелсіздігін көздеді, ал оның әлеуметтік мәні екінші кезекте болды да негізгі мақсатпен салыстырғанда екінші дәрежелі рөл атқарды.

1936 жылдан бастап Кеңес Одағында, әсіресе Қазақстанда, қандай да болмасын оқиға, коммунистік идеологияға бағындырылды, соның ішінде 1916-1917 жылдың тарихи мәселелеріне көзқарас күрт өзгерді: жеке адамға табынушылық саясаты жүргізілді. Доғал соғысында, жанын-тәнін аямай ерлік көрсеткен азаматтар әдейі ұмыт болды, аруақтарын аяқ асты етті. [4, 5 бет].

Тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің арқасында гуманитарлық ғылымдардың маңызды салаларының бірі — тарих ғылымында да бұрынғы коммунистік көзқарастар мен тұрғыда баға берілген тарихи зерттеулерге жаңадан өз бағасын беруге мүмкіндіктер пайда болды.

 

Пайдаланған әдебиеттер

1. Нүрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995

2. Дулатов М. Шығармалары. Алматы, 1991

3. Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. «Атамұра», 1999

4. Мырзағалиұлы М. Төрғай көтерілісі. Егемен Қазақстан. 2006,29 тамыз, №204

 

Иманов Амангелді Үдербайұлы

 

Иманов Амангелді Үдербайұлы (1873-1919) – халық батыры, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, Кенесары Қасымовтың үзеңгілес серігі Иман батыр Дулатұлының немересі.

Бұрынғы Торғай уезі Қайдауыл болысында туған. Әкесі шаруа баққан, момын кісі болған. Шешесі Қалампыр Қақуқызы медресе бітірген. Амангелді әуелі ауыл молдасынан 2 жыл оқып, кейін Тасыбай, Тәшмағамбет ишандардың медресесіне түсті. Медреседе 4 жыл оқыған ол түрік, парсы, араб тілдерін меңгерді.

Әкесінен 7 жасында жетім қалып, жоқшылық тауқыметін ерте тартты. Ел ішіндегі дау-шарға ерте араласып, сол себепті Ресей империясының жергілікті билеушілерінің қудалауына ұшырап, 1896-1911 жылдары аралығында бірнеше рет түрмеге қамалды.

Амангелді батырдың ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты 1916 жылғы Ресей императорының маусым айындағы жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтеріліс барысында айқын көрінді. 2-3 ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлады. Әбдіғапар мен Амангелдінің ұйымдастырушылық іскерлігінің нәтижесінде көтеріліс саяси сипат алды және әскери-ұйымдық жағынан нығайып, оған қатысушы сарбаздар қатары 50 мың адамға жетті. Амангелді Торғай қаласын 27 күн бойы қоршауға алды. Ол көтерілісшілердің Шошқалы, Күйік қопаларындағы шайқастарына, подполковник Тургеневтің жарақты үлкен жасағына қарсы 1917 жылы ақпанның 21-23-індегі Құмкешу-Доғал-Үрпектегі соңғы айқасына тікелей басшылық жасады. Жазалаушылар Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісті тұншықтыра алмады. Көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне жалғасты.

Амангелді 1918 жылы наурыздың 21-і мен сәуірдің 2-і аралығында Орынборда өткен Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысып, Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалды. 1919 жылы сәуірдің 20-ында Торғайда Кеңес өкіметі құлап, Амангелді тұтқынға алынып ату жазасына кесілді. Мәйіті бір жылдан кейін әуелі Алакөлге, кейін аудан орталығына әкелініп жерленді. Қабірінің басына және 1947 жылы Алматы қаласында ескерткіш орнатылды. Батырдың есімі Қазақстанның көптеген қалаларындағы көшелерге, Қостанай облысының бір ауданына берілді. 1939 жылы «Ленфильм» киностудиясы «Амангелді» фильмін түсірді. Бұл көркемөнер туындысы қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі болды.

Амангелдінің ерлікке толы ғұмыры көптеген ақын-жазушылардың, суретшілер мен композиторлардың шығармаларына арқау болған.

 

Дереккөзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том

 

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!