Қазақ фольклористикасы туралы қазақша реферат

0

Қазақ фольклорының жиналуы ХІХ ғасырдан бастау алады. ХХ ғасырдың бас кезінде көптеген әнші, ақын -әдебиетшілер ел аузындағы фольклор үлгілерін жинап, газет-журнал бетінде, басқа да жинақтарда жариялай бастайды. “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қобыланды”, “Алпамыс” жырлары Қазанда жеке-жеке жинақ болып басылады. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ауыз әдебиетінің көркем үлгілеріне арналған төрт томдық қолжазбасы болған. М. Сералин “Шаһнаманың” кейбір тарауларын қазақ тіліне тәржімелеп шығады. Сонымен қатар орыс ғалымдарының халық поэзиясын жинауға бағытталған іс-әрекеттері де бұл ғылымның ілгері басуына көп септігін тигізді.

Қазақ фольклористикасы ХХ ғасырдың жирмасыншы жылдары айрықша бой көрсетеді. Бұл кезде Ә.Диваев, Х.Досмұханбетов, М.Әуезовтердің қатысуымен қазақтың батырлық жырлары басқа да фольклор туындылары дүркін-дүркін жарық көреді. Москвада Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов құрастырған “Жиырма үш жоқтау” (1926) басылса, “Сана”, “Терме”, “Шолпан” журналдарында да фольклор шығармалары жарық көріп тұрады.

Отызыншы жылдары  қазақтың эпостық жырлары жарық көре бастайды. “Батырлар жыры”, “Алдар Көсе”, “Сексен өтірік” атты жинақтарды айтпағанда, С.Аманжоловтың “Жұмбақтар”, Ө.Тұрманжановтың “Қазақтың мақал мәтелдері” М.Әуезов тапқан “Қозы Көрпеш Баян сұлу” жырының жаңа нұсқасы, айтыстың бірінші кітабы (С.Мұқановтың сөз басымен) басылады.

Ертегілер. Халықтың фольклорлық шығармаларының бір мол саласы – ертегілер.

Қазақ халқы ертегіге бай елдердің бірі. Қазақ фольклорындағы ертегілердің сан алуан түрлері бар. ХІХ ғасырдан бастап қазақ  ертегілерінің ғажап та, көркем үлгілерін В. Радлов, Г. Потанин, И. Березин, А. Алекторов, П. Мелиранский, Ш. Уәлиханов сияқты беделді де белгілі ғалымдар жинап, жариялай бастады. Қазақ фольклорының кейбір нұсқалары “Дала уалияты”, “Айқап”, “Туркистанские ведомости”, “Туркистанкая газета”, т.б. мерзімді баспасөз бетінде жарияланып келді.

Қазақ  фольклоры Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов сондай-ақ М. Әуезов, С. Сейфуллин еңбектерінен де мол орын алғаны бар. Кейінгі кезде қазақ ертегілерін зерттеуге М. Әуезов, Қ. Жұмашев, Е. Ысмайыловтар белсене араласты.  Қазақ ертегілерін тақырыбына қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Олар а) мифологиялық, (қиял-ғажайып) етегілер; ә) хайуанаттар (жан-жануар) жайындағы ертегілер; б) тұрмыс – салт ертегілері.

А) Қиял-ғажайып ертегілер тым ерте замандарда адам табиғат сырын толық түсініп болмаған кезде туған. Мұнда өмір көрінісі аздау болады. Мифологиялық ойлау адамдардың топ-топ болып орман, тау-тас үңгірлерін мекендеп жүрген кезеңінен бастап туса да ғажап емес. Күн, ай, от судың  жойқын күштерінің сырына түсінбеген алғашқы қауым адамдары табиғатқа сиынып, табынған: бірінен қорықса, бірін қастерлеген. Оларды адамша ойлап, әрекет жасайтын құбылыстар деп ұққан.

Кейбір елдерде киелі аңдарға сиыну дәстүрі де болған.  Қиял – ғажайып ертегілердің сюжетінде адам иланбайтын, көңіл сенбейтін сан түрлі қызық-қызық оқиғалар болатыны рас, бірақ бұған қарап халықтың ертедегі творчествалық күштерінде бей-берекет жалған көріністер басым болды деп ойлауға болмайды. Мейлі, көз көріп, құлақ естімеген неше түрлі суреттер бола берсін, ол халықтың сергек санасын, этика, эстетикалық көз-қарастырып бүркемелей алмайды. Бұл тектес ертегілер қазақ халқының өмір тарихымен бірте қос өрім қатар жасасып келеді, мұнда халықтың бесіктегі бала, бозбала, жігіт ағасыездері айқын бейнеленген.

Фольклордың өзіне тән табиғаты бар. Соның ішінде қиял-ғажайып ертегілердің өз заңы, өз  тәсілдері бар. Мәселен, әйелдердің көпшілігі “ай десе аузы, күн десе көзі” бар шетінен сұлу болып келеді. Олардың тұрған жері мұз тауының ар жағында, оң тауының бер жағында. Аспандағы жұлдыздай алыстағы аруды алып келуге кәдімгі қарапайым шаруаның өзі атанады. Сол  жолаушы жалғыз өзі не көрмеді: жыландар елі, аждаһа, айдаһарлар ордасы. Ол неге осыншама қауіпті жолға шықты? Әлбетте, сұлуды сүймеске2.

Қиял-ғажайып ертегілердің басты бір ерекшеліктері — өмір үнемі қозғалыста көрінеді. Бір орында тұрған зат болмайды: от тауы, мұз тауы, ұшқан құс, жүгірген аң, сұлулар еліне жол тартқан жолаушы бәрі бір нүктеден шығып, екінші бағытқа бет алып бара жатады. Аң адамға, адам аңдарға кездеседі. Олардың арасында жамандық пен  жақсылық үшін күрес бір сәтке  тоқтамайды. Өте ерте дәуірде пайда болған ертегілерде адамның сұлуы, құстың әдемісі, сән-салтанаттың сарайы бұлар көбінесе перілер елінде деп бейнеленеді. Олардың мекені көбінесе жер асты, не су асты болып келеді. Соған орай тоғыз қабат жердің, тоғыз түрлі  теңіздің астына перінің сұлу қызын іздеп, жер үстінен біреу аттанады. Оның да жолы тым ауыр. Сондай жұмбақ елді тауып, ақыры арманына жететін тағы да шаруаның бейнетшіл баласы болып көрсетіледі.

Халықтың неше түрлі қызық таңғажайып аңыздарды шығару себебі —  бір жағы діни нанымдарға байланысты болса, екіншіден, өзіне жұмбақ, жауабын іздеген заңдылықтарға жұмбақтық сипат берген. Мысалы, дөңгелек жердің арғы жағында не бар, ол нендей затқа сүйеніп тұр. Міне, осы сұрақтың төңірегінде жерді ұстап тұрған көк өгіз, мамонт, тасбақа сияқты мифтік ертегілерінде айтылатын осындай беймәлім үлкен жәндіктерді әдетте батырлар өлтіреді, олардың денесінен – жер, сүйегінен –тау, қанынан-өзен, көзінен күн мен ай, тісінен- жартастар жаратылған деп дәлелдейді. Бұлар өте ерте дәуір қоғамының сенім-нанымдары. Олар табиғаттағы әрбір заттың екі сипаты бар деп қараған: ой мен күн, аспан мен жер, құрғақшылық пен су, құс пен бауырымен жорғалаушылар, ақ пен қара.

Мұндай көне дәуірдегі логикалық жіктеу-жер үсті және жер асты, онда мекендейтін адамдар мен перілер деп екіге бөлуге әсерін тигізген.

Бір ғажабы сол, қиял-ғажайып ертегілерде еңбек пен еңбекке құштарлық өте жиі көрсетіледі. Жатып ішер жалқауды адамның қоры деп сипатайды. Ол ауру секілді өмірге масыл. Бұның қарама-қарсы ұғымы –еңбек сүйгіштік. Адам бесіктен түскен бетте қолын жерге тіреп еңбектейді, өзіне-өзі қызмет көрсетеді, өрістен жылқы қайырады, үйінде от жағады. Осының барлығы тынымсыз тірліктің, қозғалыстың белгісі болып табылады. Ондай адамадарды ертекші дегеніне жеткізуді, бақыттың балаң болуы құсын соның бөркіне қондырады, жаннан асқан сұлу қызды соған жар етіп қосады. Осының бәрі еңбектің арқасында  болған нәтиже, кімде-кім еңбек етсе, сол адам өзін бақыттымын, өмірлімін деп санауға болады деген сенімді аңғартады. Ондай адамның әр жерде жолы болғыш-ақ.

Фольклорлық сюжеттерде үздіксіз ағып жатқан суға ау тастап телміріп отыратын кім, әлбетте кедей шаруа. Асылы, ау жастау дегеніміз ауға не түсер екен деп күту ғой, сол секілді қарапайым халық та өмірге ау тастаған, бірақ соған ілінгені шамалы болған. Мейлі, өмірде кедейдің күткен арманы орындалмаса да, ең құрыса өзі шығарған ертегіде өзін-өзі алдасын ба, жоқ. Кедейдің құрған ауы судан бос көтерілмейді, не үлкен алтын балық, не ділдә толған сандық, не сұлу бала жатқан жәшік шығады. Ақыры жәшіктен шыққан бала елге ақылы асып хан болады, әрі өзін құтқарып қалған кедейді мұратқа жеткізеді. Асылы, қиял, фонтазия араласқан ертегілерде бәрі өзіне -өзі орнамайды, орнататын адамның қолы. Еңбек иесінің қолындағы сәнді тұрмысын, сұлу қызын тартып алу үшін араға ханның іштарлық қызғанышы араласады, кедейдің отбасы бірлігін бұзу үшін олардың күшін әлсіретіп, алыс жолға жібереді. Тапсырмасы – шаһардың сәулесімен жарқырататын гауһар тас тауын әкелу. Мұндай сапарға бармаймын, ондай гауһарды таба алмаймын деп шаруа да кері шегіншектемейді, сен сынасаң мен сыныңа татимын деп ханның қаһарына қарсы жүреді, өмірдің ағымынан қорықпайды, қайта  ағысы қатты толқынға қарсы жүзеді.

Адам және жер, жер және адам деген мәселеде: дүние о баста неден жаратылады деген сұраққа фольклорлық шығармалар әр  түрлі жауаптар бермек болады. Дүние судан ба,  оттан ба, неден жаратылды? Жұмбақтың шешуі әр алуан, бір ертегілер айтады: алдымен дүние қараңғы болған, содан аоң жарық жаратылған дейді. Мәселен, жарық және қараңғылық деген үғым о бастан ақ философия мен дінің риторикалық басты сұрақтары болған, соған жауап беруге әрқайсысы әр түрлі болжамдар айтқан дейді. Ф.Энгельс “табиғат диалектикасы” деген еңбегінде Халықаралық мифтерде күн мен түннің, суық пен жылылықтың, қараңғылық пен жарықтың алма-кезек ауысу құбылыстарын түсіндіргенде, жарық қараңғылықпен күреседі, түннен перде түріп күн шығады, жылылық суықтықты ерітеді, жаз қысты жеңеді. Дүние осылай алма-кезек қозғалыста көрінеді. Сол сияқты жоғарыды аты аталған ертегілерде басты кейіпкер қараңғылықтан халықтың көзін ашу үшін жер астындағы жасырын жатқан отты әкеледі. Ол от кейде жеті басты жалмауыз кемпірдің қолында (“Қара үйрек”) болады, оның барған адамға қоятын талабы мынау: “Бармағыңнан бір сорғысаң, от беремін, болмаса от бермеймін”, — дейді. Бақсақ, от үшін адамзаттың күресі қазақ халқына да оңайға түспеген. Соны іздеп тапқанға шейін тыным таппаған, әрекет істеген, жол жүрегі, әйтеуір ақыры қолына отты түсірген.

Бұл адамзатқа от әкелген ошақты көне дәуірдің кейіпкері Прометейді еске  түсіреді. Прометей адамдарға  ғылым мен қолөнерді берумен бірге, Гефест құдайдың ұста дүкенінен от ұрлап, оны адамзаттың қолына табыс еткен. Зевс құдай бұған ашуланады. Зевс  айтады: егер адамзаттың қолына от тисе, олар құдайларды мойындамайды, сондықтан отты адамзатқа апарған Прометейді жартасқа таңып жазалау керек деп үкім етеді. Прометейдің бауырын бүркіт күнде келіп шоқиды. Осындай азаптан Прометейді Геракл құтқарады. Прометейдің адамзат үшін жасаған жақсылығын бейнелеу үшін ХҮШ ғасырдағы Италия суретшісі Пьетро Стаджи мрамордан оның суретін ойып жасаған. Осы тектес от әкелу оқиғасы қазақстанға қалай келеді, оған кім қай жерден, қандай қиындықтармен әкеледі деген аңыз-ертегілердің бірнешеуі екенін ескере кеткеніміз келеді.

Қазақ ертегілерінде отбасылық салттардың кейбір әлсіз жақтары да сыналады, оған көбінесе әйелдердің қанғыштығы аңқаулығы себеп болды деп түсіндіреді. Соның барлығын білдіретін жалмауыз кемпірлер. Ол сұлуларды арбайды, жолдан тайдырады. Бұқара халық осындай мінездерді сынай отырып, отбасы бірлігін, тұтастығын сақтауға ерлі-зайыптардың сақ, сергек болуына үндеп отыр. Ұсқынсыз, тұрпайы кейіпкерлерге жататын образдардың бірі- бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шал. Заттың сыртқы өлшемі, оның биіктігі мен  тереңдігі, қаттылығы мен жұмсақтығы бәрі түйсікке әсерін тигізетін құбылыстар. Адамдар әрбір өлшемнің атқаратын міндеті бар, ол ішкі рухани салмақтың сыртқы көрінісі деп қараған. Мәселен, бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс дегенде адамның азған, әлсіреген түрін елестетеді. Бұлар күнделікті қарым – қатынасына іштарлықтың ролін ойнайды. Олар нендей іске араласпасы да рәсуасын кетіреді, бүтінді бөлшектейді, әрі ыдыратады. Ендігі бір пікір дегеніміз не?. Бақыт пен байлық туралы армандағанда, іздеп-іздепп шаршаған халық оны қолы жетпейтұғын, әуеде ілініп тұрған тылсым секілді елестейді, ол кейде жүзік түрінде, кейде аттың қылы, құстың қауырсыны ретінде кездеседі. Сол бір бақыт іздеген адамға аттаған қадамын ілгері бастырмайтұғын айдаһар, жезтырнақтар тағы бар. Бақыттың, байлықтың жатқан жері жеті қабат жер астында, оған жолаушы жігіт кездейсоқ кездеседі: түн, енді не істеу керек, көрге паналайды. Шұқылап отырса, ар жағынан жанып тұрған гауһарды көреді, арғы жағын ашса, үйдің төрт қабырғасы толған алтын. Соны алмақ болады, бірақ жеті басты жылан ысқырып алдынан шығады, ақыры адам жеңіп, бақ дәулетті күреп қайтады. Әркім де бақытты болғысы келеді, ал бақыт ағып жатқан судың бетімен қалқып жүрмейді, ол еңбекпен, қайратпен келмек, оны іздемек керек.

.


Тағы рефераттар

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!