Қасым хан слайд,презентация — Тарих
Қасым хан слайд,презентация
XVI ғасырдың бас кезінде Жәнібек ханның ұлы Қасым таққа отырды. Керей ханнан кейін хан тағы оның ұлы Бұрындық ханның үлесіне тиген еді. Бастапқы кезде Қасым сұлтан әкесінің жолын қуып, барлық істе Бұрындық ханға бағынып, соңын алдында бас иді. Алайда Бұрындық пен Қасымның арасында билік үшін шиеленіскен күрес Қасым сұлтанның жеңісімен аяқталды.
Бұрындық хан жеңіліс тауып, елден кетті. 1511 жылдан бастап Қасым хандық билікті қолына алды.Қасым хан Қазақ хандығының тағына отырысымен ішкі- қайшылықтарды –феодал-ақсүйектердің наразылығын бәсеңдетіп, хандықты нығайтуға кірісті. Сөйтіп Қазақ хандығының жер көлемін кеңейте түсуге бар күшін,ынта-жігерін аямай жұмсады. Нәтижесінде Қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда нығая түсті.
Қасым ханның билік құрған кезіндегі қазақ хандығының қуаты мен беделі алыс елдерге танылды. Қасым ханның Қазақ хандығына хан болуы кездейсоқ емес, XV – XVI ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы ішкі саяси дамудың заңды қорытындысы. Қасым хан – хандықтың кеңеюімен нығаюына белсене араласып, өз елін алыс-жақын елдердің бәріне танымал еткен тарихи тұлға. Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшақтың ханына айналды. Қасым хандығының нығаюына онымен көршілес отырған, сол кезде ауыр дағдарысты басынан көшірген Ноғай Ордасының әлсіреуі себепкер болды. Руларды билеуші мырзалар билік үшін өзара күресіп жатты. Соның салдарынан Ноғай Ордасының жеріне көшіп жүрген рулардың бір бөлігі- қыпшақтар, қаңлылар және басқалары Қазақ хандығының құрамына келіп қосылды. Ноғай мырзаларының қол астында болған көптеген қауымдар Қасым ханға бағынды.