Қарлұқтар туралы мәлімет | туралы қазақша

0

Қазақтардың этногенезінде қарлұқтар айтарлықтай із қалдырды, олар Жетісу, Тарбағатай және Жоғарғы Ертістің жағалауын мекендеген байырғы тұрғындардың бірі. Қарлұқтар туралы алғашқы рет орхон жазбаларында және Сюань-Цзянда (VII ғ. бірінші ширегі) еске алынады. Араб деректері бойынша қарлұқтардың жоғарғы билеушісі джабгуй, ал орхон жазбаларында ябагу деп аталған. Ябагу тайпалық атауы XI-ғасырда өмір сүрген Гардизиде кездеседі. Ол қарлұқтардың шығу тегі туралы Шығысқа тән аңызды келтіреді. Бұл жау талқандаған тайпаның аман қалған жалғыз өкілі ретінде болған баланың тарихы. Аңыз бойынша екі бөлек жабағы жүнін жамылған кішкентай қарлұқ табиғаты суық елді-мекеннен табылады (ябагу атауы осыдан шығады). Ябагу сөзі жабағы күйінде біздің күнімізге дейін сақталған, ол көктемде қырқылған қойдың жүнін білдіреді. Сапасы бойынша ол бір жағынан түкті болса, оның екінші жағы жұмсақ болып келеді. Жабағыға оранған бала суықтан қорғалады. Баланың қорғаны болған жабағыны халық қастерлеген. Жабағыда өскен бала ер жеткенде мығым болады деген пікір қалыптасқан. Жабағы эпонимі ерліктің рәмізіне айналып, кейіннен ол қарлұқтардың, оғыздардың және өзге де халықтардың тайпалық атақтарын білдіре бастады. Жабағы ұғымы қазақтардың ішінде кеңінен тараған және бек, сұлтан, дархан деген сөздермен қатар тұрады.

Огуз-намеде қарлұқтардың оғыз тайпасының бір тармағы екені айтылады. Қытай деректері бойынша, қарлұқтар батыс түркілерінің династиялық тұқымынан шыққан. Махмұд Қашғари бойынша қарлұқтар мен оғыздар түркімен этносын құраған. Аңыздар бойынша қарлұқтардың ата тегі Елік болған (кермарал). VІІ ғ. орта тұсында қарлұқтар Алтай тауларынан бастап оңтүстік батысқа қарай үлкен кеңістікті алып жатқан: ол аумақ Қара Ертіс жағасы, Тарбағатай тауларының, Шыңғыс жоталарының және Жоңғар Алатауының айналасындағы аудандардан Шу және Талас өзендеріне шейін созылған.

Қара Ертісті мекендеген шығыс қарлұқтарының құрамында VІІғ. мэу-ло, джисы және ташлы тайпалары болған. Солармен бірге Қара Ертісте өздерімен туыс болып келетін чеби (чебни) оғыз тайпасы, қазақша айтқанда жеменейлер (джебеней) өмір сүрген. Кейіннен қарлұқтар оңтүстікке, Жетісуға қоныс аударған. Қарлұқтар тайпасының басшысында үш текті «жабағы» титулы болған. Сауыр және Тарбағатай тауларында Койманграк және Козыманграк деген екі эпоним сақталған, олар қытай иероглифімен мэу-ло (манграк) дегенді білдіреді.

Н.А.Аристов мэу-ло сөзін ақмарқа және қарамарқа деп аударады, марқа сөзі Марқакөл көлінің атауында сақталған. Манграк сөзінен XX ғ. дейін бұрынғы Ресей империясының құрамында болған Манграковская болысының атауы шыққан.

Батыс-Түрік қағанаты құлаған соң, 756 жылы қарлұқтар ұйғырларға қарсы шығып, өз биліктеріне барлық жетісулық тайпаларды қаратып алды, олар «он оқ» құрамына кірген Батыс Түрік қағанатын құруға атсалысқан ежелгі ғұндардың, үйсіндер мен қаңлылардың ұрпақтары болатын, қытай деректері бойынша Дулу мен Нушибидің он тайпасы болса, орхон жазбалары бойынша — «он оқ». Осы уақыттан бастап моңғол шапқыншылығына дейін Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы үстемдік қарлұқтарға тиесілі болды.

766 жылы қарлұқтар Жетісуда Қарлұқ мемлекетін құрды. Деректерге сәйкес, жетісулық «он оқ» тайпалары VІІІ-ІХ ғ.ғ. Қарлұқ мемлекетінің негізгі күшін құраған. Қарлұқ мемлекетінің саяси және мәдени орталығы VIII-ІХғ.ғ. бұрын Батыс Түрік қағанатының астанасы болған Суяб қаласы болды. Шу алабындағы Суяб көптеген елді-мекендермен қоршалып жатқан. Қарлұқ және чигиль бектері Шу, Талас, Арыс өзендерінің алаптарындағы елді-мекендердің қамалдары мен бекіністеринде өмір сүрді. Мерке, Құлан, Талас, Сайрам, Баласағұн, Тонг, Қойлық, Ашпара, Субаникент және басқа қалалар қарлұқтарға тиесілі болды. Худуд ал-Алем деректері бойынша, қарлұқтардың иеліктері шығысында Тибетке және тоғыз оғыз облыстарына дейін, оңтүстігінде Мавераннахрмен, ал батысында гуз /оғыз/ облыстарымен шектесіп жатты. Солтүстігінде қарлұқтардың иеліктері Тарбағатай, Шыңғыс және Қарқаралы тауларына дейін созылып жатты. Осы аудандарда қарлұқтардың тас мүсіндері кездеседі.

Қарлұқтар мал шаруашылығымен, жер өңдеумен, бау-бақша өсірумен, жоңышқа егумен айналысқан. Ерте орта ғасырларда Шу, Талас, Арыс алаптарында қалың ирригациялық арық жүйелері бар суармалы жер өңдеу гүлденді. Елді-мекендерде қолөнершілер қыш және металл өндірісімен айналысты, осыған археологтар тапқан көптеген қыштан және металлдан жасалған заттар куә болады. «Қозы Көрпеш және Баян Сұлу» эпосы — қыпшақтар мен қарлұқтардың бірлескен шығармашылығының нәтижесі болып табылады, олардың басты кейіпкерлері Сарыбай қыпшақ және Қарабай қарлұқ болған.

Халық аңыздары бойынша, ғашықтар — қыпшақ Қозы Көрпеш пен қарлұқ ханы Қарабайдың қызы Баян Сұлудың сүйегі жатқан Аягөз өзеніндегі «дің» тас мұнарасын қарлұқтар салған. Осыған мұнараның ішіндегі қарлұқтар дәстүрімен орындалған тас мүсіндер дәлел бола алады. Жетісу, Шу және Талас алаптарының, Қаратау жоталарының бай жерлерін иемдену қарлұқтарға Х ғ. Жоғарғы сюзерені, тең басқарушысы және вассалдық бағыныштылары бар мықты феодалдық мемлекет құруға мүмкіндік берді. Мемлекеттің атауы қараханидтердің жоғарғы қағаны, чигилдер арасынан шыққан Қараханның атымен байланысты, олардың астанасы Баласағұнда, ал жазғы ордасы Баласағұнға жақын жердегі Құз Ордада болған. Қағанның тең басқарушысы Буграхан титулын алған және ордалары Таразда, Қашғарда және Нарын өзеніндегі, Сырдарияның жоғарғы жағындағы Үзкентте болған. Жоғарғы қаған қайтыс болған жағдайда оның орнын таластық Буграхан мұрагерлікке алған. Көбінесе буграхандар жетісулық қаңлы және наймандардан шыққан, тіпті бугра найман деген тайпа болған. Деректерге сәйкес, қарлұқтар қала мәдениетінің иеленушілері және классикалық феодолизм түріндегі мемлекеттік ұйымдастыруы бола отырып, түркі тайпаларының арасында алғашқы болып оғыздармен бірге мұсылман мәдениетін түсініп, VІІІ ғ. исламды қабылдаған.

ХІІғ. Қараханидтер мемлекеті құлаған соң жетісулық қарлұқтар, қаңлылар және чигилдер саяси одақ құрады, олардың күш-жігерлері қарақытайлармен күресті ұйымдастыруға бағытталады. Кейінірек оларға сырдариялық қыпшақтар мен Хорезм қосылады. Осы уақытта қаңлылар Іле өзенінде орталығы Алмалық болып табылатын мемлекеттің негізін қалайды. Құлаған Қараханидтер мемлекетінің барлық ірі шенеуніктері Баласағұннан Алмалыққа қоныс аударды. Іле өзенінің жоғарғы жағы, Алмалыққа жақын жерлердің барлығына негізінен қаңлылар мен бекрендер (мекрен) қоныс тепті. Джемаль Карши және Әбілғазы бойынша, қаңлылар (қара қаңлы, қызыл қаңлы, мекрендер) Алмалық, Баласағұн және Тараздың негізгі халқы болды. Алмалық пен Тараздың арасындағы аумақты да қаңлылар мекендеді.

Моңғол шапқыншылығының алдында Жетісуда алмалықтық қаңлы династиясы мен қарлұқтар династиясы болған, олар Жетісудың солтүстік жағын мекендеген және орталығы Қойлық болған, оның қираған орны Талдықорғанға жақын жерде орналасқан.

Қаңлылар мен қарлұқтар өзара тату болған, осы тайпалардың одағы шығыстан келетін шапқынышылыққа және батысындағы Хорезмшахтан шығатын дау-дамайларға төтеп бере алған. Алмалық мемлекетінің басшысы Тұғрұл хан болған, ал Қарлұқ мемлекетін Арслан хан басқарған. Олар моңғолдарға вассал болған, моңғолдар олармен сыпайы қарым-қатынас жаса-ған, тіптен өздерінің қыздарын бере отырып, туыс болып кеткен.

ХІХғ. кейбір еуропалық ғалымдар ұйғырлардың түбірін қараханидтердің династиясынан көруге бейім болды. Осы жөнінде В.В.Бартольд былай деп жазады: «Біздер ұйғырларды Қараханидтер мемлекетінде көріп отырған жоқпыз, ал онда қарлұқтар болса селжүктер билігіндегі гуздар /оғыздар/ тәрізді рөлді атқарды… Қараханидтер шынайы Уйгурияны, яғни, Турфан, Үрімші, Хами және т.б. билемеген болар» (II, 288-289).

Қараханидтер династиясы X ғ. соңында Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның үлкен бөлігін өз билігіне біріктірген қарлұқтардан шығады. Қараханидтер династиясының қарлұқтардан бастауын алатыны туралы О.Прицак еңбектерінде тиянақты талданған. Оның пікірінше, қараханидтер династиясын қалыптастыруда қарлұқтардың чигиль, ягма, сондай-ақ қаңлы тайпалары шешуші орынды алған.

Қараханидтер мемлекеті моңғолдардың Жетісуды жаулап алуына дейін өмір сүрген. «Худуд ал-Алем»-де жазылған ежелгі түрік эпсаналары бойынша, чигильдер Ыстықкөлде және Шу мен Талас өзендерінің алабында өмір сүрген түркі тайпаларының ата-бабасы деп саналады. Чигиль атауы (чеглы, чеклы) орхон жазбаларында, сондай-ақ Махмұд Қашғариде, Рашид-ад-динде, Шарафеддин Иаздиде кездеседі. Чигилдер Батыс Түрік қағанатын құруға қатысады, кейіннен қағанаттан шығып, «он оқ» тайпасының одағындағы руластарына қосылады да, батысқа көшіп кетеді. Саяхатшы Әбу Дулефтің мәліметінше, Тараздың маңындағы Чигил қаласында өмір сүрген чигилдер арасында манихейшілдік тараған. Манихейшілердің тәубе дұғаларының түрікше аудармасы болған (мани).

Махмұд Қашғари бойынша оғыздар Әмудариядан Қытайға дейінгі барлық түркітілдес тайпаларды чигилдер деп атаған, бұл белгілі бір дәрежеде қарлұқ тайпасы чигилдерінің Қараханидтер мемлекетіне үлкен әсері болғанын білдіреді.

Селжүк сұлтанының уәзірі Мелик Шах Низам аль-Мульктің мәліметі бойынша, қарлұқтар тайпасынан шыққан чигиль Самарканнан Шу өзеніне дейінгі аумақты алып жатты. Ибн аль-Асир бойынша қараханидтер мемлекетінің әскері негізінен чигилдерден құралған. Х-ХІ ғғ. чигилдердің өмір сүру мекені олардың байырғы жерлері — Іле, Шу және Талас өзендерінің алабы болып қала берді.

X ғ. жетісулық қарлүқтар мен қаңлылар неғұрлым қуаттана түсті. Олар Баласағұн, Талас және Алмалық тәрізді елордалық қалалардың негізгі халқын және қараханидтер мемлекетінің басты күшін құрады. Қарақытайлардың шапқыншылығы кезінде олар біріккен күшпен Баласағұн, Талас және Алмалықты, сондай-ақ Жетісудың басқа да қалаларын қорғады.

Осы уақытта олар Баласағүн мен Таласта билікті ұстап тұру үшін қаңлы, қарлұқ және чигилдерден құралған мықты саяси одақ құрады. Қарақытайлармен күресу үшін оларға кейінірек сырдариялық қыпшақтар мен Хорезм қосылды.

XI ғ. ортасында мемлекет билеушісі Тұрғұл Қарахан болды, оны ел ішінде Әулие ата деп атаған. Оның кесенесі Тараз қаласында орналасқан. Осы уақытта қараханидтердің қуаты өзінің биік шыңына жетті. Қараханңдтер Мавераннахрды алып, Хорезммен одақ құрды. Қарлұқтардың Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы үстемдігі бес жүз жылға жуық, моңғол шапқыншылығына дейін жалғасты. Қойлықта шығыс қарлұқ-тарының соңғы ханы Арслан моңғолдарға бодандықты қабылдады. Қарлұқтар тайпасы Ұлы жүзде сақталған. Шекті (чигил, чекты) арғын тайпасының құрамында жоғарғы шекті және төменгі шекті болып, сондай-ақ алшын тайпасында сақ-талған. Шектілер сондай-ақ башқұрлар, қарақалпақтар арасында кездеседі, олар өздерін үйсін Майқы бидің ұрпағы деп санайды.

Бегазы, Абыралы тауларындағы тас мүсіндерден кыпшақтың да, қарлұқтың да дәстүрінің ізі байқалады. Қытай деректері бойынша қарлүқтардың көші Ертістің жоғары жағынан Шыңғыстауға дейін және Қарқаралы тауларына шейін таралғаны туралы белгілі. Бичурин былай жазады: «Гэлолу [карлұқтар] тукюес үйінен тарайды, Бэй-тьхиннен солтүстік батысқа, Алтай тауларынан батысқа қарай, Пугу-чжень өзенінің екі жағымен де көшіп жүрген. Көлденең жоталар көп» (I, 347). Пугу-чжень — Ертістің қытайша атауы. «Көлденең жоталар» деп Тарбағатай, Қалба, Шыңғыстау және Қарқаралы таулары айтылып тұр. Осы ендік бағытта Ертістен батысқа қарай орналасқан өзге тау жүйелері жок.

Қарлұқтар Жоңғар қақпаларына дейін (Бэй-тьхиннен солтүстік батысқа, яғни, Турфан оазисіне қарай) көшкен, сол жақтан олардың солтүстікке Қарақаралы мен Шыңғыстау тауларына жыл сайын көшуге мүмкіндіктері болған. Қарқаралы тауларының ежелгі «Қазылық» атауы қарлұқ тайпасы этнонимінің бір нұсқасы болып табылатын термин. Қазақтың тарихи жәдігерлерінде Қарқаралы таулары «Қазылық тау» деп аталады, кейбір деректерге сәйкес, «қазылық» сөзі «қарлұқ» сөзінің синонимі болып саналады. Осылар Тарбағатай, Шыңғыстау және Абыралы тауларындағы тас мүсіндерді қарлұқтар мәдениетіне тиесілі деп анықтауға негіз болады.

Біздерге жеткен эпикалық аңыздар бойынша, үйсін, қыпшақ және қаңлылармен бірге қарлұқтар тайпасы қазақ халқының қалыптасу үдерісінің негізгі құрамдас бөлігі болған.

Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.

#Қарлұқтар #туралы #мәлімет