Қарағандыда жаппай төбелесте қаза тапқан жігіттің әкесі оқиғаны өзі баяндады
Әкесінің айтуынша, Рақымжан биылғы жылдың жазында шаңырақ көтеруді жоспарлап жүріпті.
Сонымен қатар Бақытжан Рахманұлы баласының көлік алып, жаңадан құрылысын бастаған үйді де тезірек бітіргісі келгенін, оның спортқа жақын болғанын баяндады. Рақымжан өзінің алдыға қойған мақсаттарын әкесімен үнемі бөлісіп отырған.
Әлеуметтік желіде Қарағандыдағы оқиғаға байланысты қаңқу сөздердің желдей ескені де жасырын емес. Алғашында көпшілік «мейрамханада отырыпты» десе, кейінірек «сол түні қарындасын мейрамханадан әкетуге барған екен» деген әңгіме таратты.
«Иә, неше түрліні жазып жатыр ғой. Менің де олай-бұлай деуге уақытым болмай кетті. Шындығында оның бәрі жалған сөздер», — дейді Бақытжан Рахманұлы.
Жұрттың қарындасы деп жүргені Рақымжанның әкесінің әпкесінің қызы екен. Оның сол мейрамханада болғаны рас көрінеді. Оның сонда отырғанынан Рақымжанның өзі де хабардар болыпты. Бірақ Рақымжанның онда барудағы мақсаты мүлде басқа болған. Ол қарындасын әкетуге емес, достарына көмектесу ниетінде барыпты.
«Рақымжан Жаңа жыл мейрамын жылда достарымен бірге сыртта қарсы алатын. Бізге таяу жерде қара шаңырақта шешеміз тұрады. Былтыр сол апасының үйінде болды. Жаңа жылды бізбен қарсы алғаны биыл ғана. Рақымжанның Қарағандының маңайында да достары көп болатын. Қазіргі біз тұрып жатқан Бұхар жырау ауданының Жаңаөзен ауылына 2008 жылы көшіп келдік. Прихшахтинскийде тұрғанымызда да жолдастары жетерлік еді.
Рақымжан 31-і күні түнгі 12-ні отбасымен бірге қарсы алған болатын. «Биылғы Жаңа жылда қастарыңызда боламын. Рас, ешқайда бармаймын» деп өзі де бізге айтып жүрген. Содан үйге келген бес досы ұлыма дискотекаға барайық деген өтініш айтады. Рақымжан «Бұл жолы үйде боламын, шықпаймын. Әйтпесе әке-шешем ренжиді» десе де жолдастарының көңіліне қарағыштаған. Түнгі 00:30 — да үйден шығып, достарымен бірге ауылдағы ойын-сауық орындарының біріне бас сұғады.
Ал жаңағы Михайловский ауданындағы «Древний Рим» деген армяндардың мейрамханасында ауылдың 3-4 баласы отырады. Солар армяндармен өзара жаға жыртысып қалады. Сөйтіп олардан бұларға «бізге жабылып жатыр» деген қоңырау түседі. Содан дискотекада жүрген бұлар әлгілерге көмектесеміз деген ниетпен 15 бала болып жиналып, үш көлікке бөлініп мінеді де, сол жақтан бір-ақ шығады. Соның ішінде, әрине, менің ұлым да бар. Балам қақтығыс кезінде тіпті күртешесін де кимепті, жемпірмен ғана жүр. Оны полиция қызметкерлері көрсеткен бейнебақылаудан көрдім.
Бізге: «Осындай жағдай болды. Рақымжанды таба алмай жатырмыз» деп хабар келгеннен кейін досымды шақырып алып, соның көлігімен оны іздеуге шықтық. Жолай ауруханаларды қарадық. Осы төбелеске қатысып, пышақталған бірнеше балалардың арасынан Рақымжанның аты-жөні шықпаған соң Майқұдықтағы екінші ауруханаға бардық. Қақтығыстан жеңіл жарақат алғандар ол жерде де бар екен.
Таба алмаған соң оқиға орнына бардық. Бізбен бірге Рақымжанның достары да жүрген еді. Олардың көлігі тоқтай сала артынша біз де тоқтадық. Олар сәл алдымызға түсіп, «фонарикпен» қарап жүрген болатын. Рақымжанның досы Бекзат «Ағата-а-ай» деп айғай салған бетте жүгіріп бардым.
Балам сол жерде жатыр екен. Жүрегін, тамырын ұстап көрдік. Бірақ баланың денесі қатып қалыпты. Өзі намазға жығылғандай басы жерге тиіп қалған, тура сәждеде отырған секілді қалыпта көз жұмыпты. Нақты білмейміз. Бірақ пышақтаған соң, оны сыртқа шығарып тастаған болса керек. Тергеу барысында ол жағы анықталатын шығар», — деп Рақымжанның әкесі болған оқиғаны баяндады.
Ол кісінің айтуынша, ауыл балалары негізі өте ұйымшыл көрінеді. Үлкен-кішісі бар, жас аралығына қарамай өзара сыйласып, араласа береді екен. Не нәрсе болса да бір-біріне хабарласып, мәселені бірге шешуге тырысатын көрінеді. Рақымжанның да бойында ұйымдастырушылық, лидерлік қасиеттер болған екен.
«Осыған әкелген баланың рухының мықтылығы шығар. Соған туған бала болып тұр ғой. Оны жұрт та айтып жатыр. Кім баласын өлімге қияды дейсіз? Бірақ маңдайға жазылғаннан кете алмайды екенсің…
Олар иіліп тұрып өзімнен де кешірім сұрады. «Бізді кешіріңіздер, бұл балалардың қателігінен болды. Қазақ жұртына біз қонақпыз. Осы жерге сіңісіп кеткен ұлтпыз» дегенді айтып жатыр. Мұнда бастысы – кінәлілердің барлығы тиісті жазасын алатыны белгілі», — дейді Бақытжан Рахманұлы.
Айта кетейік, «халық арасында сенімсіздік танытқандар болмасын» деп ол кісіге барлық тергеу ісіне қатысып отыратын мүмкіндік беріліпті. Комиссия мүшесі ретінде өзі де тергеушілермен бірдей жүріп, жағдайды бақылап отыр екен.
Естеріңізге сала кетейік, елді дүр сілкіндірген оқиға 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні таңғы төрттер шамасында Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында болды.
Мейрамханаға Жаңа жылды қарсы алуға келгендер мен персонал арасында жанжал шығып, соңы жаппай төбелеске ұласқан.
Салдарынан төрт адам пышақ жарақатын алып, Рақымжан Жансейіт оқиға орнында қайтыс болды.
Полиция бұзақылық әрекеттері үшін және 23 жастағы жігіттің өліміне күдікті ретінде 8 адамды ұстап, қамады.
Күдіктілердің бірі Армения азаматы Нарек Гурурянға халықаралық іздеу жарияланды.
Ол 1 қаңтар күні кешкі 22.00-ден кейін Павлодар облысындағы бекет арқылы Ресей аумағына өтіп кеткен.
7 қаңтар күні 21 жастағы күдікті желіде бейнеүндеу жариялады.
Онда Гурурян Қазақстан билігіне берілуге дайын екенін мәлімдеп, адам өліміне қатысы барын жоққа шығарған болатын.
Сондай-ақ 9 қаңтар күні Гугурян Ресейде ұсталды. Ол полицияға өзі берілген.