Қаңлы хандығы | туралы қазақша

0

Зерттеушілердің көпшілігі қаңлының б.з.д. соңғы ғасырларда Сыр бойы мен Қаратау алқабын мекендегенін мойындайды. Сондықтан да «Қазақ Совет энциклопедиясында» кезінде былай деп көрсетілген еді: «Қаңлы тарихын зерттеушілердің көпшілігі-ақ Жұңғо жылнамалары мен Авеста тарихынан белгілі біздің заманымыздан бұрынғы III — I ғасырларда Сыр бойы мен Қаратау алқабын мекендеген, өзінің дербес мемлекеті болған канғұй, қаңға тайпалары бірлестігі мен содан кейінгі дәуірлерде де дәл сол өлкені қоныстанып, көрші түркі тайпаларының саяси-әлеуметтік өміріне әр кезде түрлі ықпал жасап келген қаңлылар, сайып келгенде біртұтас этностық қауымның негізі екенін мойындайды». Ал енді Сырдың орта ағысына дейін барған және кейіннен өздеріне көрші қытай жылнамаларында айтылатын бес аймақты басып алған кандықтар (қаңлылар) Сырдарияның орта ағысына өздерінің есімдерін берді.

Г.Е, Грумм-Гржимайло қаңлылардың ешқашан да Соғдиананы басып алмағанын, сондай-ақ қытай деректерінің кангюйларды ешқашан да сақтармен шатастырмағанын нақты көрсетуге күш салған еді. Шындығында да қаңлылар бүрын Алтайдан оңтүстікке қарайғы өңірлерді мекендеген болса, олардың сақтардан шығуы мүмкін емес. Бұл өңірдегі тайпалардың байырғы атаулары Геродоттың еңбектерінен б.з.д. V ғасырда-ақ белгілі болған болатын. Сондықтан да жоғарыдағы ғалымның пікіріне қосылуға тура келеді.

Қаңлы мемлекеті туралы қытай жылнамасынан мынадай жолдарды оқимыз: «…Бұлар бұрын Келентаудың солтүстігіндегі Жау-у қаласын мекендеген. Ғұн талқандалғанда батысқа ауып Көгарттан асты да өз алдына мемлекет құрды.

(бөліп көрсеткен біз — Т.О.). … Ел тізгінін уәзірлер үштігі ұстайды. Ханы айдар қойып, басына інжу-маржандармен әшекейленген алтын тәж, үстіне мәулім, бүлде, қымқап, құлпы және ақ берен және т.б. асыл кездемеден киім киеді. Әйелдері шашын түйіп, бетіне қара жаулық салады. Ерлері шашын қырқып, қаптал шапан киеді. Мемлекеті белді ел ретінде Батыс өңірдегі ұсақ елдердің денін билейді. Алайық, Маймарғ, Кеш, Кебұт, Қай, Кушан, Бұқара, Кіші Бұқара, Нақсаб, Анағар, Мургаш түгел соған қарайды. Ғулардың өз жарғылары бар. Оны ғибадатханаларында сақтап, біреуді жазалауға тура келгенде, соны алып шығып кесік кеседі. Қылмысы ауырлар үрім-бұтағымен құртылады. Қылмысы онан біраз жеңілдері өлімге бұйырылады. Ұры-қарылардың аяғы шабылады».

Қаңлылардың дербес мемлекет құрғандығын олардың қоластындағы иеліктері туралы мәліметтер де дәлелдей түседі. Қытайлық қазақ тарихшысы Н.Мыңжан осыған байланысты былай деп жазған еді: «Жазба деректердің айтуына қарағанда, қаңлы елі өз ішінен 5 иелікке бөлінген. Әр иеліктің кіші хандары болған. Олар Ұлы ханға бағынған. Бұл иеліктер өздерінің орталық қалаларының атымен аталған». Осы деректерді қытай мәліметтерімен нақтылай түсер болсақ, мынадай жолдарды оқыр едік: «Қаңлыда бес кіші хан бар. Оның бірі — Сағай хан. Ордасы Сағай қаласында. Бұл Басқақтықтан 5776 ли, Яңгуаннан 8025 ли шалғай. Екіншісі — Бомық хан (Кашания). Ордасы Бомық қаласында. Басқақтықтан 5767 ли, Яңгуаннан 8025 ли шалғай. Үшіншісі — Раунық хан (Ташкент ханы). Ордасы Раунық қаласында (Бынкентте). Басқақтықтан 5266 ли, Яңгуаннан 7525 ли шалғай. Төртіншісі — Ге хан (Бұхар ханы). Ордасы Ге (Бұхара) қаласында, Басқақтықтан 6296 ли, Яңгуаннан 8555 ли шалғай. Бесінші — Оған хан (Үргеніш ханы) ордасы Оған (Үргеніш қаласында.) Басқақтықтан 6906 ли, Яңгуаннан 8355 ли шалғай. Осы бес кіші ханның бәрі Қаңлыға бағынады».

Көріп отырмыз, деректерге берілген түсініктер қаңлылардың қоластындағы бес аймақтың қайда орналасқанын және қалай басқарылғанын нақтылай түседі. Н.Мыңжан — Чжан Цзяннің (Жаң Чианның) жазбаларынан және жапон зерттеушісі Сираторидың «Соғдылар туралы зерттеу» еңбегінен мынадай пікірлерді келтіре кетеді: «Тарихи жазбалар, Дауан шежіресінде» қаңлылардың бес иелігі жөнінде ешқандай дерек жоқ. Жаң Чиан батыс өңірге елші болып келгенде, бұл жөнінде ештеңе естіп білмеген. «Хан патшалығы тарихындағы» дерек бұдан әлдеқайда кейін жазылған. Бұған қарағанда, қаңлы елінің бес иелікке бөлінуі, кейінірек болған оқиға болуы мүмкін. Бұл бес иеліктің орны мен орталығының нақ қай жерде екенін анықтайтын жазба дерек жеткіліксіз. Сиратори: бұл бес иеліктің орталықтары Сырдарияның солтүстігі мен Қаратау аралығында деп ұйғарады». Осы айтылғандарды нақтылай түсер болсақ, кангюйдің немесе қаңлының Талас өзенінен батысқа қарай Шу, Сарысу өзендерінің төменгі ағыстарын ала орналасқанын, яғни олардың Жетісуға көрші аймақты қамтығанын аңғарамыз. Тегінде, айтылғандарды бір сөзбен қорытындылар болсақ, қаңлылар VІІІ ғ. Жетісуға жақын маңға орналасты деген қазақстандық зертеуші Ю.А.Зуевтің пікірінде шындық бар.

Біздің заманымызға дейінгі белгілі бір кезеңде Қаңлы елінің күшейгені шынында да тарихи ақиқат ретінде қабылдануы тиіс. Көшпелі мемлекетке жатқан қаңлылар жоғарыда атап көрсетілгендей, айтарлықтай үлкен аймақты иемденді. Оның үстіне қаңлылар мекендеген аймақтар көшпелілер өркениеті мен отырықшылық мәдениетінің қойындасқан, яғни шектескен аса маңызды аудандары еді. Мұның өзі қаңлы елінің рухани және экономикалық деңгейінің айтарлықтай жоғарылай түсуіне де ықпал етті деп ойлаймыз.

Ежелгі Қытай жылнамаларынан Қаңлы мемлекетінің астаналары туралы да нақтырақ мәліметтер алуға болады. Мысалы, «Хәннаманың» 96-бумасының 66 баянында Батыс өңір туралы берілген деректер арасында қаңлы туралы мынадай жолдарды оқимыз: «Қаңлы (қаңға немесе қаңғу) елінің ханы қыста Логатнұқта тұрады да, Бетен қаласына көшеді… Қаңлыда 120 мың түтін, 600 мың жан, соғысқа жарамды 120 мың адам бар… Әдет-ғұрпы Ұлы нүкістермен ұқсас. Бұл ел шығыс жағындағы ғұндардың шыжымында».

Бұл айтылған деректерден байқайтынымыз, қаңлы елінде екі үлкен елді мекен немесе астана болған. «Шыңжяң жергілікті тарихында» көрсетілуінше, қаңлы ханының жазғы қонысы Балқаш көлі мен Арал теңізінің аралығында болған». Назар аударар бір мәселе, кейінгі жылдары Қытай жылнамаларын қазақ тіліне аударған Шыңжаң ғылым академиясының ғалымдары қаңлылардың қысқы астанасы Логотнұқ қаласының атын «Алакок» деп қайта аударды және қытай дерегі бұл астананың Сарбу өзені жағасында орналасқанын атап көрсетеді. Біздің ойымызша мұндағы Сарбу Сарысу өзені болса керек.

Әрине, қаңлыға бағынған оның бес иелігі де қаңлының орталығы бола алмайды. Жоғарыда келтірілген қытай деректерін қайталап оқысақ, бұған көзіміз жете түседі. Қытай деректерінде «Осы бес кіші ханның бәрі қаңлыға бағынады», — деп нақты атап көрсетілген. Мұнда назар аударатын тағы бір нэрсе, қаңлыға бағынатын хандардың ішінде, бесінші Оган хан (Үргеніш ханы) атап көрсетіледі. Бұдан шығатын қорытынды, Үргеніш қаласы қаңлыға бағынышты болған оңтүстіктегі ең іпеткергі бесінші аймақтың орталығы болып табылады. Қаңлы мемлекетінің астанасын анықтауға байланысты кезінде Н.Мыңжан мынадай қорытындылар жасаған еді: «Кейінгі кездерде жүргізілген археологиялық зерттеулер жоғарыда келтірілген жазба деректердегі олқылықтарды заттық айғақтармен толықтырып отыр. Қазақстан археологі К.Ақышев бастаған археологиялық экспедициясының анықтауы бойынша, қаңлылардың I ғ. саяси орталығы — Отырар (Фарап). Яғни, Орхон ескерткіштеріндегі қаңғу-тарбан (С.Г. Кляшторный) болып есептеледі. Отырар қаласы тарихи деректерде «Тұрар банд», «Тарбан», «Тарбанд» деп аталып келген, Ал араб тіліндегі деректерде «Фараб» делінеді. Алғашында «Фараб» деп сол қала тұрған аймақ — Отырар көгалы аталып, одан соң осы аймақта қала Отырар да «Фараб» деп аталған екен. Алайда кейбір тарихшылар Қаңлы мемлекетінің саяси орталығын байырғы Отырар өңірінен іздестіру туралы бұл ұсынысты макұлдай қоймайды. Осы пікірге ашықтан-ашық қарсылық білдірген Б.И. Вайнберг мұндай көзқарастың қытай деректеріндегі мәліметтермен де және ежелгі «Шахнамадағы» мәліметтермен де сәйкес келмейтіндігін, өйткені Отырар Испиджабтан солтүстікке қарай емес, батысқа қарай орналасқандығын, ал аталмыш «Шахнамада» «Кангх» айдан айқын Испиджабтың солтүстігінде орналасқан деп көрсетілгенін айтқан еді. Мұның өзі Кангхты Отырар аймағында орналастырудың шындыққа сәйкес келмейтінін айқындап береді. Фирдоуси Кангхты қытай деректерінде көрсетілген ауданға орналастырады. Бұл арада көрсетілген «Испиджабтан солтүстікке қарай» деген мэліметтің Қаратау аудандарына, Сауран қаласынан солтүстікке қарайғы және қытай дерегінде көрсетілген Сарысу өзені бойындағы өңірлерге сілтеме жасап түрғанын байқау қиын емес.

Ежелгі қаңлылар кейінгі замандарда да тарих сахнасынан біржолата кете қойған жоқ. Олар өздерінің атақонысы болып есептелінетін Қаратау алқаптары мен Сырдарияның орта шенінен басталатын және Шаш (Ташкент) өлкесіне дейін созылатын үлкен алқаптарда осы аймақта әртүрлі қағанаттар бірін-бірі ауыстырып, жаугершілік соғыстар үздіксіз орын алып отырса да өздерінің тұрмыс-тіршіліктерін жалғастыра берді. Рас, қаңлылардың үлкен бөліктері басқа елдердің қысымымен атақоныстан қол үзіп, алыс аймақтарға көшіп кетуге мәжбүр болды. Сондықтан да, қаңлылар түркі тілдес әртүрлі халықтардың (өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрік) құрамында кездесе береді.

Олар Сырдарияның төменгі бойындағы қыстау ларында қыстап шығып, ал жаз мезгілінде Арыс, Шу, Талас өзендерінің алқаптарына және Сарысу бойындағы шүйгін жайылымдарға көшіп баратын. Негізінен малшаруашылығымен, сонымен қатар егіншілікпен де айналысқан олар шаруашылығын өркендетті. Әрине, этникалық тұрғыдан олар өзгерістерге де ұшырады. Шығыстан ығысып көшіп келген оғыздармен, онан соң Сыр бойына дейінгі Ұлы Далаға орналасқан қыпшақтармен туыстық байланыстарды, қарым-қатынастарды нығайтты.

Олар VI — VIII ғғ. аралығында Батыс Түрік қағанатының қоластына қараса, кейініректе оғыздарға бағынып, онан соң қыпшақтармен араласып кетті. Сондықтан да қаңлылардың бір бөлігі «қаңлы-қыпшақ» атанды. XI ғасырда өмір сүрген атақты Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» атты еңбегінде «Қыпшақ тайпасының жақсы-жайсаң ұлықтары — қаңлылар еді» деп көрсетілген. Мұның өзі қаңлылар мекендейтін аймаққа қыпшақтар келген соң да қаңлылардың мемлекет билігінде ықпалды саяси күш болып қала бергенін байқатады. Іле өңіріндегі Алмалық қаласында туып өскен әйгілі тарихшы Жамал Қарши өзінің шығармасында XII ғасырдың басынан XIII ғасырдың аяғына дейін қаңлылардың Жетісудағы ең мықты ұлыс болғандарын, олардың аталған аймақты Алмалық қаласында отырып билегенін, ал Жетісуға қарақытайлар шабуыл жасаған кезде қаңлылардың қарлық елімен бірігіп, сол кездегі елдің сәулетті астанасы — Баласағұн қаласын жаудан қорғағанын жазған болатын. Қаңлылардың Жетісудан Ертіске дейін үстемдік құрғанын белгілі ортағасырлық тарихшы Рашид әд-Дин де жазған болатын. Шыңғыс хан өзінің әскерімен Жетісуға келген кезде қаңлылар оған қарсылық көрсетпей оның әскеріне қосылған. Сондықтан да қаңлының бектері Шыңғыс ханның Жетісуды билеген баласы Шағатайдың ұлысында аса құрметті болған. Қазақ халқын қалыптастыруда қаңлылардың өзіндік орны бар. Кейінгі қазақ қаңлылары бұрынғы қаңлылардың атамекенінде отыр.

Күні бүгінге дейін қазақ халқында «Келелі елде қаңлы бар, қаңлыны хан көтер», «қаңлыдан өзге хан болмас» деген мақалдар сақталып қалған. Зерттеушілер дің пікірінше, қазақ құрамындағы қаңлылардың тайпалық таңбасының көсеу таңба болуы олардың ерте замандағы бабаларының зороастризм дініне сеніп, Ай мен Күнге және отқа табынуына байланысты болса керек. Бұл тегінде отқа табынған ерте замандағы діни нанымнан туған түсінікті байқататындай. Қазақ шежірелік деректері қаңлыны үйсіндердің атасы болып табылатын Төбей бидің немересі Байтерек деген адамнан таратады. Мұның өзі бұл екі халықтың ежелден көрші-қоңсы болып, бірге көшіп жүргендерінен, бауырластықтарынан хабар береді.

Бұл ұлыстар қазақтың халық болып қалыптасуына негіз қалаған ежелгі халықтардың жұрнағы болып табылады. Көптеген жаугершілікке қарамастан ежелгі қаңлылардың ұрпақтары сандаған ғасырлар бойы «Қаңлы» атауын жоғалтпай бүгінгі күнге дейін жеткізді. Жер бетінен көптеген халықтар өздерінің атауларымен қоса жоғалып кетсе де, қаңлылардың дамуындағы тарихи сабақтастық сақталып қалды. Кейінгі қағанаттар мен хандықтар қаңлылардан көп нәрсе үйреніп, олардың мемлекет құру дәстүрлерін жалғастырды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Омарбеков Т., Қазақ мемлекеті: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны. Алматы, 2017. – 342 б.

#Қаңлы #хандығы