«Қамар сұлу» қысқаша мазмұны | туралы қазақша

0

Мазмұны: Қамар Омар деген жаңашыл, ашық пікірлі адамның қызы. Қамардың Қасен деген орысша оқып жүрген ағасы бар. Осы Қасенмен бірге оқып жүрген Ахмет Жəуке баласы дейтін, шаруасы кедей, бірақ жігітшілігі оңды жігіт бар. Осы Ахмет Қамарға ғашық болады. Қамар Ахметті жақсы көреді, бірақ ол кездегі əдет-ғұрыптың күштілігін ойлап, Ахмет сықылды кедейге үйінің бермейтінін болжап, жақындаспайды. Ахмет хат жаза бастағасын Қамар жауап қайтарып күдерін үздіреді. Сүйетіндігін, бірақ ол сүюден іс шықпайтындығын көрсетеді. Ахмет бұған əуелгі кезде қарсы болса да, артынан Қамардың қиналғанын, шынын айтқанын көріп, оған разы болады да, құмартуын ішіне сақтап, сөз салуын тоқтатады. Хат жазысу дəуірінде жүргенде, елдің Қамарға қолы жете алмаған боз балалары Ахметтің бір хатын қолға түсіріп ап, неше түрлі өсектер қосып, Омардың ағасы Оспанға береді. Оспан елдің жуан ақсақалы мынадай кемшілікті (ерте кезде кедейдің бай қызын алам деуге де байға кемшілік көрінді ғой) көргесін, Ахметке пəле жауып, 18 айға абақтыға жаба жаздатып аллалатып əзер тастайды.

Сол елде жорға Нұрым дейтін өзі бай, өзі болыс, өзі беделді, жасы қартаң тартқан бір адам болады. Осы адам Қамарды көңіл етеді. Омар оған көнбейді. Бірақ Оспан еріксіз деп, Омарды талдырып көндіреді. Өзіне несіп болмаған Қамарды Ахмет жорға Нұрымға қимай, теңіне бармағанына назаланып «жар- жар» орына «зар-зар» деген өлең шығарады.

Жорға Нұрым малын беріп болғасын Қамарды алмақ боп келеді. Қамар бармаймын дейді. Əкесі берейін дейді. Той жасалып неке қияр оқылатын кезде Қамар көнбей отырып алады. Неке қиюға шақырған молда Жорға Нұрымның сойылын соғып, Қамарды көндірмекші болады. Бірақ Қамар көнбейді. Молда айтып көндіре алмай, ақырында зорлай алмаймын деп кетіп отырады. Оспан мен жорға Нұрым молданы кеткеніне кінəлап, айыпқа астындағы атын алып қалады. Сол күні кешке Қамарды қатындар зорлап күйеуге апарады. Еріксіз барған Қамар, мен саған араммын деп, Нұрымның қасына жатпай қашып кетеді. Қызының мынандай еріксіздігін көрген Омар «бермеймінді» енді табан тіреп айтады. Оспан мен ел адамдары айтқанға көнбейді. Ақыры, Оспан мен Жорға Нұрым жасырын алып қашу шартын жасасып, Нұрым қайтып отырады. Артынан қапысын тауып Нұрым көп адаммен келіп Қамарды тартып əкетеді.

Қамар көнбейді. Құсамен ауруға шалдығады. Елі оны Ахметтің дуасы деп түсінеді. Доктор чахотка деп таниды. Нұрым оған сенбей бір ишанды алдырып, ишан емдейді. Жазылады дейді. Қамар оған да жазылмайды. Ишаннан кейін бақсы емдеп, өлуге жақын отырған Қамарды «ауруын көшіруге» өлген адамдардың моласына апарады. Сол арада Қамарды іздеп Ахмет пен Омар кеп қалады. Қамар Ахметті тани кетеді. Жылайды, Ахмет те жылайды. Қамарды үйіне апарғанда Нұрымның ренжігеніне қарамай Ахмет те барады. Жанжал, төбелес болады. Романның бұдан былайғы жері жоғалған. Ақыры немен тынғаны жоқ. Жалғыз аяғында емес, ортасында да жоғалғандары бар, бірақ, олар романның жалпы мазмұнын ұғынуға кемшілік келтірерліктей емес.

#Қамар #сұлу #қысқаша #мазмұны