Қайта дәуірлеу философиясы туралы қазақша реферат
XV ғ. аяғында өндірістің, сауданың, әскери құралдың жедел қарқынмен өсуі техниканың, табиғаттану ғылымдарының, математиканың, механиканың дамуына себепші болды. Ал, қоғамдық өмірде қалыптасқан бұл жайлар схоластикалық ойпікірлерден тазарып, таза табиғаттану ғылымдары тұрғысынан әлемдік процестерді және адам табиғатын түсініп-білуге жол ашты. Адамдардың өмірі мен іс-әрекеттері тікелей бағынышты табиғат заңдылықтарын танып-білуде барлық ғылымдарға тән универсалдық (әмбебаптың) тәсілдің маңызы зор деп есептелініп, соңдай әмбебаптық тәсіл ретінде көбінесе логикалық ойға және тәжірибеге сүйенген математикалық, кейінірек механикалық тәсіл ұсынылды.
Қайта өрлеу кезеңі философиясының гуманистік сарында болуына католиктік шіркеудің рухани қыспағынан құтылуға ұмтылған адамдардың еркіндік, бостандық туралы идеялары ықпал жасады. Жалпы алғанда, қайта өрлеу философиясы негізгі үш бағытта дамыды. Біріншісі (Н. Кузанский, Пико, делла Мирандолла, Леонардо да Винчи, т.б.). Адамның еркін, бостандығын өздерінің философиялық ілімдерінің негізгі өзегі етіп қабылдап, рухани өмірде, мәдениетте гуманизм деген бағытты дүниеге әкелсе, екіншісі — (Н. Макиавелди, Томас Мор, Томазо Компанелла) адам бостандығын жүзеге асыруға кедергі болып отырған қоғамдық құрылысты сынап, утопиялық социалистік идеяға бой ұрса, үшіншісі (Н. Коперник, Д. Бруно, Г. Галилей) – табиғаттану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, христиан дінінің әлемнің пайда болуы және оның құрылысы туралы іліміне сәйкес келмейтін, табиғат құбылыстарын өз заңдылықтарына сүйеніп түсіндіруге болатын көзқарастың дамуына үлкен әсер еткен революциялық жаңалықтар ашты.
Схоластикалық философиядан гуманистік идеяға толы философиялық көзқарасқа жол ашқан неміс ойшылы Николай Кузанский шын аты-жөні Николай Кребс (1401—1464 жж.) болды. Негізгі еңбектері: «Мүмкіндіктің болмысы туралы», «Жер шарының айналуы туралы», «Құдайдың көріпкелдігі туралы», т.б. Кузанский пікірі бойынша, әлем қарама-карсы заттардан тұрады және олар математикадағы теңдеудің екі жағындағы мүшелерінің бір-біріне өте алатыны сияқты, бір-біріне ауысып отырады. Ауысқан қарама-қарсылықтардың теңесуі тек құдайға ғана тән. Жалпы алғанда, материалдық денелер құдай жаратқаннан кейін өз заңдылықтары бойынша дамып өзгеріп отыратын болғандықтан, оларды танып білуге болады. Бұл ретте адамдарға математикалық тәсіл мен тәжірибе комектеседі. Кез келген теориялар мен концепцияларды тәжірибеде дәлелдеуге, не болмаса теріске шығаруға болады. Адамдар да заттар сияқты микрокосмосқа жатады және ол құдайдың көрінісі болып табылады. Бірақ өзінің ақыл-ойының, іс-әрекеттерінің арқасында құдаймен қатар тұрады. Осыдан келіп, «адам дегеніміз оның ақыл-ойым», деп тұжырымдайды. Ақыл-ойды табиғаттың заңдылықтарын білу арқылы үздіксіз толықтырып отыру қажет.
Гуманистік ойды қалыптастырып, оны жалпы-адамзаттық мәдени құбылысқа айналдыруда Италияның ұлы суретшісі, табиғат зерттеуші ғалымы, көрнекті философы Леонардо да Винчидің(1452—1519 жж.) қосқан үлесі өте зор болды. Да Винчидің фи- лософиясы беделділіктің әсерінен бас тартып, тәжірибеге, адамның ақыл-ойының күшіне сену негізінде табиғаттың бірлігін, адамзат мәдениетінің өміршендігін дәріптеумен ерекшеленеді. Ол осы тұрғыдан орта ғасырлық схоластиканы сынға алып, оны софистика сияқты пайдасы жоқ ілім деп есептеді. Жалпы алғанда, да Винчи «философиялық тас» іздестірудің өзі пайда бермейтін іс, себебі табиғат құдайдың заңдылығына емес, өзінің қажеттілік заңына бағынады да, үздіксіз өзгерісте, даму үстінде деп тұжырымдайды, Мысалы, белгілі бір жағдайда су буға, бу мұзға, мұз қайтадан суға айналады.
Да Винчи әл-Фараби мен ибн Руштың «екі ұдайы ақиқат» теорияларына қарсы болды. Оның ойынша, діни ақиқат деген жоқ, себебі құдайдың өзі жоқ, шын ақиқат — тек ғылыми ақиқат қана. Ғылымда табысқа жетудің бірден-бір жолы — математика тәсілі мен тәжірибе. Жалпы ғылыми жетістіктердің құңдылығы олардың практикада қолданылу мүмкіндігі болуымен айқындалады. Осы тұрғыдан ол механикаға (теория мен практиканың бірлігі ретінде) аса зор көңіл бөліп, өзі осы айтылған қағидалар негізінде көптеген инженерлік идеяларды жүзеге асыруға тырысты (парашют, ұшатын қанат, тоқыма станогі, т.б.)
Да Винчи алғашқылардың бірі болып сурет өнері саласында сынның мазмұны туралы пікір айтып, эстетикалық талғамның қалыптасуына үлкен әсер етті.
Адам — еркін, бостандығын жүзеге асыруда қоғамның мемлекеттік рөлін кәрсететін ағымдардың ішінде ерекше орын алатын италяндық саяси қайраткер және тарихшы Николай Макиавеллидің (1469—1527 жж.) ілімі еді. Негізгі шығармалары: «Билеуші және Тит Ливийдің бірінші декадасы туралы пікірлер», «олардың принциптері (қағидалары), т.б. Макиавелли Тит Ливийдің шығармалары негізінде саяси іс-әрекет тәртібін жүйелеп, христиандыққа дейінгі Рим империясының этикасы мен күшін дәріптейді. Мемлекеттің қайсысы болса да римдіқтердің күші мен ұлылығы сияқты қасиетке ие болуы үшін, өз іс-әрекеттерінде дұрыс деп тапқан тиісті шараларды қолданулары қажет. Ал бұл жолда әдептілік қағидалары мен азаматтық бостандық ығыстырылып, ескерілмей қалса, онда тұрған ештеңе де жоқ, билеуші оған көңіл бөлмеуі керек. Макиавеллидің бұл ілімі «макиавелизм» деп аталып кеткен, саясатта өз мақсатына қалай жетсең де дұрыс деген қағиданың қалыптасуына әкеліп соқты.
Сол кездегі қоғамның халықтың әлеуметтік талап-сұраныстарын шеше алмауы негізінде утопистік (қияли) социалистік идеялар пайда болды. Томас Мор (1478— 1535 жж.) «Утопия», Томазо Компанелла (1568—1639 жж.) «Күн дала» атты шығармаларында «беймәлім жерде», «күн қалада» әділетті қоғам орнаған, оларда байлар да, кедейлер де жоқ, бұл мемлекеттерде меншік иесі қоғам, ал жеке адамдар сол қоғамның мүшелері ретінде еңбек нәтижелерін тең бөліседі, оларда билеушілер де, қарапайым адамдар да заң алдында тең және олар әр түрлі діндерге дәйектілікпен қарайды. Бірақ діндерде өндірістік процестерге кесел келтіретіндей әр түрлі тыйым салатын қағидалар аз болуы керек. Жастарды тәрбиелеу ісі қоғамның қолында болады да, оны дінбасылары басқарады.
Т. Мор мен Т. Компанелланың идеалды мемлекет пен қоғам туралы ой-пікірлері әлжуаздығына, қиялилығына қарамастан кейінгі социалистік ілімдердің қалыптасуына үлкен әсер етті.
Әлемдегі процестерді өз заңдылықтарына сүйеніп, түсіндіруге бағытталған Н. Коперниктің(1473—1543 жж.) негізгі еңбегі «Аспан денелерінің айналуы туралы» әлемнің күн орталық жаратылысы қағидасы негізінде Джордано Бруноның (1548— 1600 жж.) философиялық көзқарастары қалыптасты. Негізгі еңбектері: «Себептілік, бастама және біртұтастық туралы», «Әлемнің және заттардың шексіздігі туралы», т.б.
Бруноның пікірінше, табиғаттан тыс ешқаңдай күш жоқ. Ол кеңістікте де, уақытта да шексіз, ал қозғалыс оның өмір сүру тәсілі. Табиғат өз заңдылығымен дамиды. Әлем мен құдай бір. Әлем — универсум (әмбебап бастама), жалғыз ғана мәнділік. Сондықтан, ол мәңгі және өзгермейді. Ал әлемге кіретін денелер сансыз көп, олар үздіксіз қарапайым және өзгерісте болады. Барлық заттар өшпейтін, мәңгі қозғалыстағы бөлшектерден тұрады. Оларды Бруно — монада деп атайды. Монаданың материалдық денелерге ғана емес, психикаға да қатысы бар. Ал психикалық құбылыс барлық заттарға тән болғандықтан әлемде жансыз денелер жоқ. Осыдан келіп Бруно әлемде шексіз және сансыз көп тіршілік түрлері болуы әбден ықтимал деген тұжырым жасайды. Бруноның көзқарасынан жүйеленген түрде қолданылған Демокрит пен Гераклиттің ілімдерінің ықпалын байқаймыз.
Коперник пен Бруноның ілімдерін әрі қарай жалғастырған итальян астрономы, физигі, математигі, философы Г. Галилей (1564—1642 жж.) «Ғылымның жаңа екі саласына байланысты математикалық дәлелдемелер мен пайымдаулар», «Табиғат туралы кітап», т.б. еңбектер жазған. Галилейдің ғылымда ашқан екі жаңалығы: 1) қатты және серпілмелі заттардың сыртқы күштерге қарсылығы; 2) денелердің құлау заңдылықтары — оның философиялық көзқарасының қалыптасуына үлкен әсер етті. Оның пікірінше, философия алфавит әріптерінен басқаша әріптермен жазылған табиғат кітабын оқуы керек. Табиғаттың кітабы үшбұрыш, квадрат, дөңгелек, шар, т.б. тәріздес. Оларды оқу үшін схоластикалық ойланып-толғанудың қажеті жоқ, керісінше, таза тәжірибеге сүйенген математикалық тәсіл керек. Ғылыми зерттеу жұмысында ешқаңдай беделді мойындамау керек, тек күмәндану ғана оны ілгері дамытады. Теория, концепцияларды — бақылау, эксперимент негізіңде, индуктивтік тәсілді қолданып тұжырымдауға болады. Тек механикалық әдісқана әлемдегі құбылыстарды және олардың мәнін түсініп-білуге мүмкіндік беретіндіктен, бос схоластикалық ойлауға әкелетін дедуктивтік (жалпыдан жалқыға) тәсілдің өміршеңдігі жоқ.
Ол Коперник пен Бруно сияқты жер өз осі мен күнді айналып жүреді және ол күн жүйесіндегі көптеген планеталардың бірі ғана, ал күн жүйесі сияқты жұлдыздар жүйесі әлемде сансыз көп және олардың көпшілігінде жердегідей тіршілік болуы ғажап емес деген пікір айтты.
Жалпы алғанда, қайта өрлеу философиясы антика философиясындағы гуманистіқ дәстүрді, ортағасырлық шығыс мәдениетінің алдыңғы қатарлы ойларын өз заманының талаптілегінің қажетіне жаратып, жаңа заман ғылыми көзқарасының қалыптасуына зор ықпал етті.
.
Тағы рефераттар