Остеопороз ауруы | туралы қазақша
Остеопороз — қаңқаның барлық сүйектерін зақымдайтын едәуір таралған ауру. Ол организмнің қартаюы мен тозуының салдарынан пайда болады және ер адамдарға қарағанда, әсіресе климакстан кейінгі кезеңде әйелдерде жиі кездеседі.
Остеопороздың дамуында сүйек тінінің жүйелі жоғалуы рөл атқарады, ол адам организмінің табиғи қартаю үдерісін құраушы болып табылады. Бұл әсіресе әйелдерде менопаузадан кейін қатты білінеді, өйткені осы кезеңде аналық без сүйек кемігін сақтауға жәрдемдесетін эстроген гормонын жасауды тоқтатады. Қаңқа сүйегі — организмнің басқа тіндері сияқты тірі жүйе. Онда адам өмірінің бүкіл кезеңі ішінде жаңа сүйек тіндерінің түзілу және көнелерінің ыдырау үдерісі жүреді. Сүйектер 30-35 жаста қатаю шегіне жетеді. Жастың ұлғаюымен сүйек тіндерінің ыдырауы, оны түзілуіне қарағанда шапшаңырақ жүреді.
Остеопорозбен зақымданған омыртқа құрылысын электронды микрографтың жәрдемімен тексеруге болады. Сүйек массасының тығыздығы едәуір азаяды, және ол кеуектене бастайды.
Сүйек заттары коллаген сияқты протеиндерден және бейорганикалық минералдардан, негізінен кальций тұздарынан тұрады. Протеин сүйек тінінің шамамен 40%-ын, ал кальций тұздары 60%-ын құрайды. Остеопорозда бұл пропорция өзгермейді, бірақ сүйек салмағы біртіндеп азаяды. Сүйектердің сынғыштығы артады, сыну қаупі ұлғаяды.
Остеопороздың түрлері
Дәрігерлер остеопорозды бірнеше түрлерге бөледі:
- Алғашқы идеопатиялық остеопороз — балаларды және жас адамдарды зақымдайтын сирек ауру түрі.
- Алғақшы остеопороз (1 тип) — әйелдерде менопаузадан кейін 50 жастан 75 жасқа дейін кездеседі.
- Алғашқы остеопороз (2 тип немесе кәрілік) — организмнің жалпы қартаюымен байланысты ауру, еркектерде де, әйелдерде де шамамен 70 және одан үлкен жаста кездеседі.
- Екінші қайтара болатын остеопороз — азырақ таралған ауру, басқа ауруларда асқыну ретінде немесе белгілі бір дәрілік заттарды ұзақ қабылдау салдарынан пайда болады.
Остеопороз симптомдары
Остеопороздың өзіне тән көбірек белгісі өсудің біртіндеп кемуі болып табылады. Бұл тікелей компрессияның — омыртқадағы омыртқа денесінің қысылуының салдары. Осы үдеріс кезінде жекелеген омыртқалар және олардың арасында жатқан омыртқааралық дискілер үгіле бастайды, олар ілгері қарай жылжып, бұрын қатты сүйек тіні болған кеңістікті толтырады.
Егер омыртқалардың осылай ыдырауы кенеттен орын алса немесе компрессия біркелкі жүрмесе, онда емделуші омыртқаның зақымданған бөлігінен өткір ауырсынуды сезеді. Мұндайда омыртқа түрін өзгертуі мүмкін. Бүйір проекциясында омыртқаның қисаюы сколиоз, ал алға қарай күшті қисаю кифоз немесе еңкіштік (өркеш силуэт) деп аталады. Остеопорозбен ауыратын адамдарда сан мойнының және білезік сүйектерінің сынулары өте жиі болады.
Остеопороздың себептері
Остеопороз 30 жастан асқан барлық адамдарда біршама дәрежеде байқалады. Алайда остропороздың алуан түрі әртүрлі жағдайларда пайда болады. Жалпы, бүкіл тұрғындардың ішінен әйелдердің 30%-ы және еркектердің 8%-ы остеопороздың осындай немесе басқа түрлерінен зардап шегеді.
Олардың 95%-ында остеопороз алғаш рет пайда болады, ол идиопатиялық (кездейсоқ пайда болатын), тиісінше менопаузадан кейінгі және қарттық — 1 тип және 2 типке бөлінеді. Остеопороздың алғашқы түрі неден пайда болатыны нақты белгісіз, алайда адамдардың белгілі бір тобында бұл аурудың дамуына бейім ететін кейбір факторлар бар.
Қайталанбалы остеопороз
Екінші рет болған остеопороз тіпті сирек кездеседі және 5% жағдайды ғана құрайды, ол түрлі себептердің бірінен ғана туындайды. Мұндай себептер сүйектердің түзілу үдерісіне кейбір дәрілік препараттардың, мысалы, стероидтардың әсері болуы мүмкін. Остеопороз гормондардың шамадан тыс мөлшерінің әсер етуі нәтижесінде де пайда болуы мүмкін, бүл гипертиреоидизм (қалқанша бездің аса жоғары қызметі) және Кушинг синдромы сияқты эндокринді ауруларда байқалады.
Егер қаңқа ұзақ уақыт өз қызметін атқара алмаса, мысалы, егер адам әртүрлі себептерден төсекке таңылса, онда сүйек тінінің бүлінуі күшейе түседі. Бұл тіпті денсаулығы және басқа да параметрлері бойынша остеопороздың даму қаупі бар топқа жатпайтын адамдарда да болады. Сүйек сау болуы үшін дене жаттығуларын жасау қажет.
Остеопороз кезінде сүйектердің сынуы
Остеопороз өздігінен симптомсыз (яғни ауру елеусіз, айқын симптомдарсыз өтеді), адам өзінің ауру екеніне күдіктенбеуі мүмкін. Остеопороз көбіне қаңқа сүйектері едәуір әлсізденгенде болатын сынулар болған кезде ғана анықталады. Құлаған кезде кез келген сүйегі сынуы мүмкін, алайда сүйек ауруларына білезік сүйектері (Коллис сынуы), сан мойны және омыртқа көбірек сезімтал. Мұндай жағдайға егде жастағы адамдар орнықсыздау болуы және жасы ұлғайған сайын жиі құлауы жағдайды қиындата түседі.
Омыртқалардың сынуы
Остеопороздық арқа сынуларының нәтижесі арқаның созылмалы аурулары, омыртқалардың қисаюы («жалғыз өркеш» немесе «ақсүйек өркеші») және бойдың кішіреюі болып табылады. Омыртқа жотасының бел және кеуде бөлімдері осалдау келеді.
Сынық зардаптары
Ұлыбританияда әр жыл сайын шамамен 60 000 санның мойын жағының сынуы, 50 000 білезік сынуы және 40 000 арқа сынулары жағдайы тіркеледі. Сан мен білезік сүйектерінің сынуына қатты ауру және сүйектердің қисаюы тән, ал санның мойын жағының сынуы емделушінің мүгедектігінің негізі белгісі болып табылады. Ұлттық денсаулық сақтау қызметі жыл сайын санның мойын жағы сынған емделушіге 950 миллион фунт стерлинг жұмсайтынын, ал шамамен бір емделушіге 12 000 фунт стерлинг кететіндігін есептеп шығарды. Егер сынулар санын азайтуға болатын болса, онда жасы үлкен адамдардың денсаулығы мен тұрмысының жақсаруына пайдасы тиер еді, әрі Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің шығындары едәуір азаяр еді.
Остеопороз: анықтау және емдеу
Дамуының ерте сатысында анықталған остеопорозды емдеу оңайға түседі. Сәулемен анықтау осы аурудың даму қаупіне көбірек ұшыраған емделушілерді анықтауға және әртүрлі емдеу әдістерін дер кезінде қолдануға жәрдемдеседі.
Остеопорозды клиникалық тұрғыдан анықтауға сүйек тінінің минералды тығыздығын өлшегенде ғана қол жеткізу мүмкін, нәтижесінде оның төмендегенін байқауға болады. Қанға талдама жасау остеопороздың бар екендігіне жеткілікті деректер бере алмайды, өйткені бүл ауруда кальций мен фосфаттардың деңгейі өзгермейді.
Қалыпты сүйек тіні қатты тығыз құрылым болып табылады, ол рентген суретінде анық көрінеді. Остеопорозда сүйек тіні ыдырайды, ондағы минералды заттардың мөлшері төмендейді, оның тығыздығы кемиді және кеуекті болады. Рентген суретінде остеопорозбен зақымданған аймақ қара дақ түрінде көрінеді. Алайда рентгеноскопия сүйек тінінің массасы шамамен 25%-ға төмендеген кезде ғана ауруды анықтайтындығын ескеру қажет. Емделушілер рентгенологиялық әдістер әрдайым дұрыс бола бермейтіндігін ұмытпағаны жөн.
Екі фотонды денситометрия (сондай-ақ қос энергетикалық рентгендік абсорбциометрия немесе DEXA деп аталатын) -бұл сүйек массасының минералды тығыздығын өлшеу негізінде анықтау әдісі. Жіңішке сәуле аса осал жерлеріндегі -бел бөлігіндегі немесе ортан жіліктің басындағы, яғни остеопорозға шалдыққан науқастарда жиі сынатын жердегі сүйек массасының кесіндісін сканирлейді. Сәулемен сканирлеу нәтижелері компьютерде өңделеді және экранда сандық кескіні пайда болады.
Остеопорозды алдын алу
Остеопорозбен ауырғанда оның дамуын тоқтату қиын, сондықтан осы аурудың алдын алу және сүйек сынбай тұрғанда, оның ерте сатысында анықтау айтарлықтай маңызды.
Ықтимал себептерін жою: Темекі тартудан бас тарту өте маңызды: бұл остеопороздың даму қаупін төмендетіп қана қоймайды, сонымен қатар жалпы денсаулыққа жағымды әсерін тигізеді. Осы дәрілердың ішінен остеопороздың туындауына түрткі болатындарын қабылдамас үшін сізге басқа дәрілерді тағайындайтын дәрігерден ақыл-кеңес алыңыз.
Жаттығулар және дене белсенділігі: Спортпен айналысу және дене белсенділігі кез келген жастағы адамға қажет. Бала кездегі дене жаттығулары өсіп келе жатқан организм қаңқасында кальцийдің жиналуына жәрдемдеседі. Оның қоры адамның өмір бойғы денсаулығына оң әсерін тигізеді. Кемеліне келген жаста да дене жаттығулары қаңқада кальцийдің деңгейін сақтайды және жүрек-қантамыр жүйесіне пайдасын тигізеді.
Емдәм: Остеопороздың алдын алу мен емдеудің Ұлттық орталығы күн сайын кальцийді мынадай мөлшерде қабылдауға кеңес береді: жас адамдар мен гормонды алмастыратын емді қолданатын әйелдер: 1000 мг; жүкті әйелдер және бала емізетін аналар: 1500 мг; 65 жастан асқан еркектер: 1500 мг. менопаузадан кейінгі кезеңде, гормондық препараттарды қабылдамайтын әйелдер: 1500 мг Кальцийді қабылдаумен қатар кофеинді тұтынуды азайту және алкоголь қабылдауды шектеу маңызды.
Гормонды алмастыратын ем: Менопауза кезінде көптеген әйелдерге гормонды алмастыратын орнын басатын емді (ГАЕ) қолданады. Гормондық дәрілер таблетка түрінде немесе жапсырғыш (пластырь) түрінде үнемі немесе 21 күн бойы, етеккір оралымы кезеңінде жеті күндік үзіліс жасай отырып, қабылдануы мүмкін.
Қаңқа сүйегін остеопороздан қорғай отырып, гормондық препараттар бір мезгілде жүрек-қантамыр ауруларының алдын алуда да жақсы көмектеседі. Гормондық емнің негізгі кемшілігі етеккірдің қайта басталуы болуы мүмкін. ГАЕ қабылдап жүрген әйелдерде тромбоэмболияның біршама даму қаупі бар және сүт безенің қатерлі ісігі ауруларының аздаған қаупі пайда болады. Гормондық емді менопауза алдындағы кезеңде әйелдердің, сүт безенің немесе жатыр қатерлі ісігі бар, инсультті немесе тромбоэмболияны бастан өткерген науқастардың немесе жүректің, бауырдың ауыр сырқаттары және бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілердің қолдануына болмайды. Дәрігерлер қазіргі таңда ГАЕ-ні 5 жылдан 10 жылға дейінгі ұзақ уақыт бойы қабылдауға кеңес береді.
Басқа да дәрілер: Биофосфаттар (этидронаттар мен алендронаттар) — бұл қаңқа сүйектеріне тікелей әсер ететін және сүйек массасынан шайылатын кальций мөлшерін төмендететін дәрі-дәрмектер. Олар егде жастағы ер адамдарда және гормондық емге қарсы көрсетілімдері бар әйелдердегі остеопороздың алдын алу үшін пайдалы. Биофосфаттарды сынықтарда остеопорозды емдеу үшін пайдаланады. Әдеттегідей, оларды бірнеше ай бойы кальций үстемелерімен біріктіріп қолданады.
#Остеопороз #ауруы