Осман империясы туралы мәлімет | туралы қазақша
XI ғасырдың соңына таман Кіші Азияда аса күшті Осман империясы дами бастады. Бұл мемлекеттің негізін XI ғасырдың басында Сырдария алқабынан қоныс аударған оғыз (түрікмен) тайпасының қайы руы қалады. XI ғасырдың 30-жылдарында ағайынды Тоғрыл-бек пен Чағрыл-бек бастаған салжұқтар Иранға қоныс аударды.
Тоғрыл-бек (993-1063) сұлтан атанып, 1040-1050 жылдар аралығында Хорезмді, бүкіл Иранды, Әзірбайжанды, Күрдістан мен Иракты басып алып, өз билігін орнатты. 1055 жылы Бағдад қаласы да салжұқтар қол астына көшті. Алып Арыслан (1063-1072) кезінде, 1064 жылы Арменияны басып алды. 1071-1081 жылдар аралығында селжұктер Кіші Азияны т.б. жерлерді жаулап алды.
Монғол шапқыншылығынан кейін ыдырап кеткен Салжұқ мемлекетінің орнына, 1299 жылы Осман түріктерінің мемлекеті келді. Оның негізін 1220 жылы Сырдария маңынан қоныс аударған түріктердің басшысы Ертоғрұлдың баласы Осман сұлтан (1258-1326) қалаған еді. XIV ғасырдың екінші жартысында Осман империясы көрші елдерге жорықтар ұйымдастыра бастайды. 1352-1354 жылдары түріктер Дарданелл жағалауын, Галлиполь және бірқатар қалаларды басып алады. Бұдан кейін осман түріктері Балқан түбегінде тұрып жатқан оңтүстік славян тайпаларынан құрылған Болгар патшалығы мен Серб мемлекетіне қарсы соғыс бастайды.
1363 жылы сұлтан I Мұрад Андрионопольды алады да, өз астанасын сонда көшіреді. Андрионопольды жаулап алуы Балқан түбегіндегі славян мемлекеттерін бағындырудың негізгі базасына айналады. Бұл кезде Балқан түбегіндегі Болгар және Серб феодалдық мемлекеттері өзара қырғиқабақ болып, бытыраңқылықты бастан кешіріп жатқан еді.
1389 жылы түріктер Сербияға шабуыл жасайды. Шешуші ұрыс 15 маусымда Косово даласында болады. Серб королі Лазарь мен түрік сұлтаны I Мұрадтың арасында болған шайқаста түрік әскерлері ірі жеңіске жетеді. Серб сарбазы Милош Обилич I Мұрад отырған шатырға кіріп келіп, оның ту сыртынан қанжар салады. Соғыста Лазарь тұтқынға түсіп, өлтіріледі. Балқан түбегін бағындыру I Мұрадтың баласы Иылдырым Баязит (1360-1403) кезінде жалғасты. Соғыс майданында көрсеткен ерлігі үшін оған Иылдырым (Найзағай) деген ат берілген. Түрік әскерлері Баязит сұлтанның басшылығымен бөлшектеніп кеткен болгардың Тырнова патшалығын бағындырады. 1402 жылы Әмір Темірдің Баязит сұлтан әскерін Анкара түбінде талқандауы, түріктердің Балқан елдеріне одан әрі жорық жасауына тоқтау салды. Қайта күшейген түріктер Византия мемлекетінің астанасы Константинопольге шабуылға шығады.
1453 жылы сәуірдің басында II Мехмед сұлтан 200 мың түрік әскерімен Константинополь қаласын қоршайды. 1453 жылы 29 мамырда түрік әскерлері Константинополъ қаласын жаулап алады. Византия мемлекетінің соңғы императоры Константин XI Палеолог (1444-1453) шайқас үстінде қаза табады.
Константинопольдің құлауы Византия империясының өмір сүруін тоқтатты. Константинополь Стамбүл (Истанбул) атымен Осман империясының астанасына айналдырылды. Түркия Осман империясы болып жарияланады. Осман түріктері ХІV-ХVII ғасырлардың бірінші жартысында ұлы империя құрды. Түріктер Балқан түбегіндегі жаулап алған жерлерін әкімшілік-басқару жағынан санжакқа (облыстарға) бөлді. Санжактарды түрік сұлтаны тағайындаған бейлер басқарды. Балқан түбегіндегі жер түрік сұлтанының иелігіне көшті. Мешіт иелігіндегі жерлер вакуф (вақф) деп аталды.
Балқан түбегіндегі халықтарға өте ауыр мемлекеттік салықтар салынды. Жер салығы харадж енгізілді. 5-7 жастағы ер балаларды Түркияда тәрбиелеп, әскери янычар құрамдарына алып отырды. Ұшыр (үшір) салығы өнімнің түсімінен алынатын салық (оннан бірі) түріне жатты. Шаруалар жергілікті өкіметтің рұқсатынсыз өз үлесін тастап ешқайда кете алмады.
Дін жағдайы өте ауыр болды. Болгар, серб жеріндегі христиан шіркеуіне тыйым салынды. Ислам дінін қабылдағандарға жеңілдіктер жасалды. Ежелгі славян тайпаларынан бері сақталып келген мәдениет орындары жабылды. Балқан түбегінде Осман империясы мұсылмандандыру саясатын жүргізді. Болгар, серб халықтары түрік үстемдігіне қарсы күреске шығып отырды.
Осман империясының құрылымы. Осман империясы орта ғасырдағы әскери-феодалдық құрылымдағы мемлекет болды. Империя уәлаяттарға (облыстарға) бөлінді. I Сүлейман (1520-1566) кезінде Осман империясы 21 уәлаяттан құрылды. Уәлаяттар санжактарға бөлінді. Уәлаяттарды бейлер басқарды. Олар санжактарға да билік жүргізді. Ол азаматтық және әскери басқару түрінде жүргізілді. Бұлар сонымен бірге өз аймақтарындағы ірі жер иелері болды. Феодалдық иерархиялық жүйеге кірді.
Осман империясында сот жүйесі де болды. Сот жұмысын мұсылман қазы (кадилар) жүргізді. Сот ісін жүргізу орталықтандырылып, жоғарғы сот уәзірдің қолында болды. Діни бағыттағы сот істерін шейх-улъ-ислам жүргізді.
Осман империясы 4 әлеуметтік топтан тұрды: 1) Рухани феодалдар; 2) Әскери феодал; 3) Көпестер мен қала тұрғындары; 4) Шаруалар. Қала тұрғындары мен шаруалардың құқықтары шектеулі болды. Барлық жер мемлекет меншігі саналды. Жердің едәуір бөлігі феодалдарға уақытша меншікке берілді. Бұл уақытша берілген жер лен деп аталды. Леннің иелері сипахилер болды. Олар сұлтанның атты әскерінде қызмет атқарып, өздерінің лендерінің мөлшеріне сәйкес жорыққа белгілі бір әскер шығаруға міндетті еді.
Империяның қол астында қалған халықтар түрік езгісіне қарсы күресін тоқтатпады. Болгар және серб партизандары өздерін «гайдуктер» деп атады. Олар мұсылман мекендерін өртеді, тонады, түрік әскерлеріне шабуыл жасап отырды. Ресей империясы славян халықтары болгар, сербтерді қолдап отырды. Алғаш рет ұйымдасқан көтеріліс 1598 жылы Тырново қаласында болды. XVI ғасырдың соңында, 1594 жылы серб халқы Австрия мемлекетінің көмегіне арқа сүйеп, түріктерге қарсы көтеріліске шықты. Болгар және серб халықтарының көтерілісшілері арасында бірлік болған жоқ, Осыны пайдаланған Түрік сұлтандығы Косово жеріне албан мұсылмандарын жер аударып, ондағы мұсылмандардың санын көбейтті. Түрік билігінен қашқан сербтер Воеводин жеріне орналасты. Түрік үстемдігі Балқан түбегінде 1389-1878 жылдарға дейін созылды.
#Осман #империясы #туралы #мәлімет