Ортағасырлық философияның ерекшеліктері — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Тарихшылар Орта ғасырларға Көне Рим Империясының құлауынан бастап, Қайта Өрлеу (Ренессанс) заманына дейінгі уақытты жатқызады (V ғасырдан XIV ғасырға дейін). Яғни бұл заман — құл иеленушілік қоғамның Дүниеден кетіп, оның орнына феодалдық қоғамның келіп өмір сүрген уақыты. Демек, оның — белгілі өндіріс тәсілінің орнауында.

Философтар бұл мәселеге біршама басқаша қарайды. Олардың ойынша, Орта ғасырлар Европа топырағына Христиан дінінің пайда болуымен бірге келіп, Қайта Өрлеу заманына дейін созылды Ал мұның өзі бірқұдайлыққа көшуменен (монотеизм), философияда адам және Құдай  мәселелерінің бірінші  орынға көтерілуімен байланысты.

Сонымен тарихшылар Орта ғасырларды 1 миллениум (мыңжылдық) теңесе, философтар оны 1.5 мың жылғы уақыт дейін созады.

Көп жылдар бойы Орта ғасырларға көп көңіл бөлінбей, оны бір-екі ауыз сөзбен айтып өтіп, әрі қарай кете беретінбіз. Орта ғасырлар тарихтағы бір кертартпалық, діни түнек, бір орында тұрып қалу, алға жылжымау, ғылым мен    техниканың алға баспауы, адамдардың  рухани  езіліске  түсуі,   ерікті  ойдың  қудалануы, өндіргіш күштердің тұрақтап қалуы ретінде суреттелген болатын.

Мұның негізгі себебі — Кеңес заманындағы Орта ғасырларды атеистік (құдайсыздық) идеологиясының тұрғысынан сынау, бағалау болды.

Бүгінгі таңда біз Орта ғасырлар дәуірінің қызыға қарап жатырмыз. Әңгімені өндіргіш күштерден бастасак, әрине, құлдық қоғаммен салыстырғанда, бұл заманда үлкен алға жылжу байқалады. Шаруалар байларға тіркелгенмен, олардың өздерінің отбасы, малы, жері болды. Олар жартылай ғана тәуелді адамдар болды.

Ғылым мен техникада да белгілі жаңалықтар болды. VI ғ. Қытайда фарфор өндірісі дами бастады. Бұл елде 1041 ж. алғашқы баспа дүниеге келіп, кітаптар шыға бастады, шараптан спирт шығарыла бастады.

1010 жылы Солернода (Италия) алғашқы медициналық мектеп ашылды. XII ғ. ауыр соқамсн жер жырту басталды, компас дүниеге келді.

1215 ж. Париж университінің жарғысы жарияланып, 1222 кылы Падуя (Италия) қаласында университет ашылды (салыстыр: Ресейде — 1725 ж., Қазақстанда — 1934ж.). XIII ғ. аяғында көзілдіріктер істеле бастады. Осы кезде механикалық сағаттар жасала бастады. 1320 жылы күкіртпен атылатын зеңбіректер пайда болды. Бұлардың бәрі де қоғам өмірінде алға жылжулықтың болғанын көрсетеді.

Ал Орта ғасырдағы рухани ахуалға келетін  болсақ, ондағы ғажап өзгеріс — адам өзінің ішкі жан дүниесінде рухты тауып, өзінің Құдаймен байланысты пенде екенін аңғарады. Мұның өзі философияның жаңа түрінің пайда болуына әкелді. Ол — сенім шеңберіңдегі философия, pyx саласын зерттеу философиясы.

Еуропа топырағында бұл заманда дүниеге келген философия, негізінен, діни көзқарасқа жақын, екінші жағынан, адам тағдыры, ел қандай болуға тиіс т.с.с. мәселелерді қамтыды.

Бұл жаңа рухани ахуалдың бірінші ерекшелігі — монотеистік (бірқұдайлық) көзқарастың негізін жасау. Ертедегі гректер Құдай біреу ме әлде көп пе? деген ой шеңберіңде болды. Аристотель аспандағы жұлдыздарды құдайлықпен теңеп, ал Плотин Ғарышты «Көрінген Құдай» деп есептесе, енді бірде Құдайдан басқа еш нәрсе жоқтығы айтылды.

Екінші ерекшелігі — креационизм, (creatura — лат. Сөзі, жасау,  жарату). Бұл — Дүниені жоқтан бар қылып жасаған Құдайды мойындау. Грек философиясында Дүние әртүрлі стихияның қосындысы ретінде, я болмаса Платонның Демиург туралы ілімі, Аристотельдің «Мәңгілік қозғалтқышы» арқылы түсіндірілсе, Орта ғасырда Дүние мен адам Құдайдың құдіретті күші арқылы жаратылды деген пікірден таймайды.

Үшінші ерекшелік — Антропоцентризм (antropos — адам, centrum- орталық). Грек философиясының негізгі мәселесі — ғылым. Адам мен ғылым бір-біріне қарсы қойылмайды, Ғарыш макрокосм болса, адам — микрокосм. Адамды қандай дәріптеп биікке қойғанменен, ол Ғарыштың шеңберінен шықпайды. Аристотельдің айтуынша, «адамнан да гөрі анағұрлым жетілген заттар табиғатта көп, оларды көруге болады: мысалы Ғарыштағы жұлдыздар». Басқаша көзқарас Орта ғасырда пайда болды. Ол бойынша адамды еш нәр­семен салыстыруға болмайды, өйткені оны Құдай өзіне ұқсас қылып, ерекше басқадан бөліп жасады. Олай болса, ол — жаратылған Дүниенің қожайыны, бәрінен де биік тұр. Сонымен қатар оның Құдай алдындағы ерекше пенде екендігі оған үлкен жүк артады: ол әрқашанда өзінің ар-ұжданын, жан дүниесін таза ұстауға тырысуы керек.

Төртінші ерекшелік — Құдайдмң еркіне көну мәселесі.

Егер Грек философиясында табиғат (физис) заңы деген ұғым пайда болса, оған адам да, құдайлар да көнуі керек. Өйткені оны ешкім жасаған жоқ, ол мәңгі болатын болса, Орта ғасырда керісінше, адамға заңды беретін — Құдай, адам оның еркіне көнуі қажет (ешқандай қарсылықсыз). Ал Құдайдың еркіне көнбеуден жаман күнә жоқ.

Иса пайғамбардың өзі Құдайдың еркіне көніп, талай-талай зардаптан өтіп өлді. Олай болса, адам да өзінің Құдайға деген сүйіспеншілігін көрсетіп, Иса пайғамбар жасап кеткен жолмен жүруі керек.

Бесінші ерекшелік — Құдайдың құдіретті көрегендігі. Егер гректер тағдырға (фатум) табынса, ал оның өзі табиғаттың қажетілігінен шығатын болса, Құдай өзі жаратқан бүкіл Дүниені басқарып қоймай, ондағы әрбір адамның – күнәлі, кемтар, данышпан болса да, жүріс-тұрысын, іс-әрекетін бағалап отырады. Оған сенген адамға «Сұраса — беріледі, іздесе — табылады, қақса — ашылады».

Алғашқы тектік күнә, оның салдары және одан құтылу алтыншы ерекшелік. Алғашқы адам Құдайдың айтқан ізгілік пен жамандықты танитын ағаштың жемістерін алмау жөнінде ескертуін тындамады. Ол адамның тәкаппарлығында, өзімшілігінде ешқандай шектеуді жаратпауында, өзінің Құдай болғысы келуінде Керісінше, адам шайтанның «Сендер алманың дәмін татқан кездеріңде Құдай сияқты ізгілік пен жамандықты білетін боласыңдар деген ақылын тындап, күнәға батып, жердегі жұмақтан қуылды. Құдай оларды жамандық, зардап өлімге толы дүниеге өзіне алыстатып қоя берді. Адамның жасаған күнәсі бүкіл адамзат күнәсіна айналды, сонымен «өлім адамдың тағдарының үстінен өтеді, өйткені бәрі де күнәкар» (апостол Павел ).

Сонымен алғашқы тектік күнә жеке адамды, ол қалай тырысса да өзінің шегінен шығармайды, одан құтылу үшін құдайдың қолдауы керек; бұл рухани жаңа көзкарас грек ой-пікірінен қанша алшақ тұр десеңізші! Грек философиясында күнә ұғымы бар болғанымен, оның мәні жөнінде сұрақ әлі қойылмаған болатын, сонымен қатар, олар жан-дүние өлген адамнан тірі адамға   көшкен кезде жаңарып отыратына сенген, ал философтарды алатын болсақ, олар  дүниетаным   арқылы   өздерінің  ақыл-ойының  арқасында   жан дүниесін тазарта алатынына күмән келтірмеген. Ал Орта ғасырдың адамы   Құдайдың   қолдауынсыз   күнәліктің   шеңберінен   шыға алмайтынына сенеді.

Жетінші  ерекшелік — Рухани  сенімнің  дүниеге келуі. Гректердің ойынша, сенім сезімдік танымнан шығады, ал сезіммен қабылданатынның бәрі — жалған, өтпелі, өзгергіш т.с.с. сондықтан Олар ақыл-ой арқылы (episteme) Дүниені тану, игеруге көп көңіл бөлді. Орта ғасырдағы ахуал ақыл-ойды шектейді, ғылымның әр жағында сенімнің бар екендігін мойындайды. Сонымен адамның үшінші өлшемі ашылады: егер гректер адамды тек дене және жандүние деп алып қараса, қазір оған рухани сенім қосылып, «дене-жан-рух» адамның үш құрамды бөлігіне айналады.

Сегізінші ерекшелік — Құдайдың сүйіспеншілігі. Егер Гректердің эросы адамды жетілдіруге ұмтылдыратын күш, сезімдік құдіретті әлеммен байланыстырушы ретінде қаралған болса, Орта ғасырдағы діни түсінік бойынша, сүйіспеншілік («агапэ») ол адамның жоғарғы игілікке ұмтылысы емес, ол Құдайдың адамдарға түсуі. Ол адамдарға берілген сый және ол қайырымды талап етпейді.

Егер гректердің ойынша сүйетін — адам болса, жаңа рухани ахуалда — ол Құдай, оның сүйіспеншілігі — риясыз, ол күштіні де, әлсізді де, кемтарды да – бәрін сүйеді… Сондықтан адамдар Құдайға еліктеп, бірін-бірі сүю керек. Кімнің сүюге қабілеті жоқ, ол әлі Құдайды таныған жоқ, өйткені Құдай дегеніміз — ол сүйіспеншілік. Христиан діні жақыныңды, алысынды сүйіп қана қоймай, сонымен бірге жауыңды да сүй деп, адамның мүмкіншілігінің шеңберінен шығып кететін талап қояды.

Адамзат Тарихының жаңа мән-мағынасы — соңғы ерекшелікгердің бірі.

Гректердің ойынша, тарих Ғарыштың тағдырымен тығыз байланысты. Ғарыш оттан пайда болып, дүниежүзілік өртте құрып, тағы жаңа Дүние келеді. Ол тағы да өртте құрып, тағы да жаңарады.

Ал жаңа Дүниеге келген көзқарастың шеңберінде тарих қайталанбайды, ол өзінің соңына бара жатыр. Уақыттың соңы сонымен қатар жаратылған Дүниенің сарқылуымен тең. Соңғы сот-Құдайдың патшалығының толыққанды келуіне тең.

 

Орта ғасырдағы алғашқы діни философтар

Александриядан шыққан Филон (1 ғасырда өмір сүрген) Грек философиясындағы кейбір ұғымдарды Христиан дінінде пайдаланып, христиандық діни философияның негізін қалайды.

Филонның айтуынша, Библияны екі түрде оқуға болады: бірінші — ондағы жазылғанды тікелей түсіну; екінші — ондағы сөздермен    көмкерілген    астыртын    жатқан    метафизикалық моральдық, рухани мән-мағынаны ашу.

Ол ақиқаттарға жету үшін адам жан дүниесі ерекше жағдайда болуы керек. Филон Грек философиясына беймәлім «Жарату» ұғымын кіргізеді. Құдай Дүниені жоқтан жаратты. Бірақ материалдық Дүниеден ерте ол «интеллигибелдік Дүниені», яғни «идеяллр әлемін» тудырды. Оны ол гректердің «Логос» ұғымы арқылы береді. Сонымен Логос — Құдайдың ойы, сөзі, сол арқылы Дүние өмірге келеді.

Филонның айтуынша, Құдайдың екі потенциясы бар: біріншісі — жаратушылық, екіншісі — басқарушылық (жаратылған дүниені).

Адам мәселесін де Филон жаңаша көзбен қарайды. Он адамның хайуандық жағы — дене; 2 — жан, ақыл-ой; 3 — рух — Құдайдан пайда болған. Олай болса, адамның жаны табиғаттан шыққаннан кейін құрып кетуі де ғажап емес. Бірақ ол рухпен бірге өмір сүрсе, онда өлместік дәрежесіне көтерілуі мүмкін.

Сондықтан адам Ғарышты танудан гөрі, ең алдымен өзінің ішкі өмірін тануға тырысуы керек. Адам өзін танып — біліп, сыртқа серпіліс жасаған кезде, өзінің толығынан бишара екендігі мойындайды. Тек қана өзінің пенделігінен өтіп, жаратылмаған мәңгілік Құдаймен байланысқа түссе ғана масайрайды.

 

Гностиктер ілімі

«Гносис» деген грек сөзі «тану-білу» мағынасын береді, Алайда бұл сөзбен біздің дәуірдің басында өмір сүрген, ақыл-оймен танудан гөрі, мистикалық, (құпия) жолмен Дүниенің сырын ашушы болатынына сенген діни сектаны айтамыз.

Гностикалық ағым Құдайды және адамды құтқаруға арналған. Оған мынандай сұрақтар кіреді:

1. Біз кім едік, енді не болдық?

2. Біз қайда болып едік, енді қайда қуылдық?

3. Енді қайда болғымыз, неден құтылғымыз келеді?

4. Туу және, қайта туу дегеніміз не?

Гностикалық тәжірибеде қамығу мен алаңдау арқылы сананың астары ашылып, сонда игілік пен зұлымдықтың бір-бірімен ымыраласпайтыны анықталады. Адам өзінің жаратылысы бойынша игілікке жаратылған. Өйткені ол зұлымдықтан зардап шегеді, одан аулақ жүргісі келеді. Ал бұның өзі адамның басқа Дүниеден шыққанын және сол Дүниеге қайтып оралуы керек екенін көрсетеді.

Ол үшін адам өз-өзін терең танып-білуі керек. Бұл қайта оралуда Құтқарушы-Иса пайғамбар көмектеседі.

Гностиктер адамдарды үшке бөледі:

1. пневматикалық адамдар, олардың рухы басым; (pnevma -грек сөзі, алғашқыда — тыныс, соңында — рух);

2. психикалық адамдар, олардың жаны — псюхе басым psусһе — грек сөзі, жан);

3. гиликалық адамдар (gile — грек сөзі, материя, зат) дене қажеттіктері басым.

Соңғылар өмірін өліммен бітіреді, біріншілер құтқарылады; екіншілер біріншілердің жолын қуса, құтқарылуы мүмкін, бірақ үшіншілердің ізімен жүрсе, Дүниеден мәңгі кетеді.

Гносиктердің айтуынша, бұл Дүние — зұлымдыққа толы, сондықтан оны Құдай жаратқан жоқ. Оны жаратқан Құдайға қарсы, арам пиғылды — Демиург.

Олар гностикалық ілім — Христостың өзінің ең жақын оқушыларына ашқан аяны, ол «Ізгі Хабардан» (Евангелие) бөлек деген пікір айтқан.

Әрине, мұндай гностикалық көзқарастар әлі христиан дінінің философиясы күш ала алмай, сонымен қатар ескі грек ілімдері, рухы әлі біршама өзінің рухани өмірге әсерін тигізіп жатқан кезде пайда болса керек.

 

Неоплатонизм (жаңа платонизм) ілімі

Осы кезде пайда болған жаңа ілім — неоплатонизм платонизмнің іліміне жаңа тыныс беріп, «идеялар әлемі» мен «жердегі әлемді», «Эманация» ұғымы арқылы қосты (emanatio — лат. сөзі-тасу, ағу, тарау). Ілімнің негізін қалаған — Плотин. Сатылы болмыстың ең биігінде Бір игілік ұғымы жатыр, оны ақыл-ой елегінен өткізугe болмайды, оған тек құдыретті экстаз жолымен ғана жетуге болады (extasis — грек сөзі, ерекше буырқану сатысына жетіп ақыл-ой елегінен тыс тікелей аңғару).

Бір игілік соншалықты жетілгендігінен арнасынан шығып, шалқып-тасып, эманациялайды (ағады). Сол себептен Дүниеге таза болмыс — ақыл (нус) әлемі келеді Ол да шеңберінен шығып, жан-дүние (псюхе) әлемін тудырады.

Плотиннің жүйесінде дүниежүзілік ақыл-ой Платонныи «идеялар әлеміне» тең келеді.

Жанға келер болсақ, дүниежүзілік ақыл-ой соншалықты жетілген әлем болғаннан кейін, басқаны тудырмай қоймайды, oл жан әлемін дүниеге әкеледі.

Ал жанның өзі барлық тіршілікті Дүниеге әкеледі, жердегі, судағы, аспандағы ма – бәрі дүниежүзілік жанның туындыларі. Аспан пен күнді де тудырған — сол жан. Сонымен жан-дүние материяны жарып өтіп, оған мән-мағына, құндық, әсемдік береді «Жан-дүниесіз материя — күңгірт тұңғиық, өлі, мүлде бейболмыс, одан Құдайлардың өздері де қорқады», — дейді Плотин.

Қорыта келе, біз неоплатонизм ағымының философиялық ой елегінен гөрі діни шеңберіне қарай жылжып бара жатқанын байқаймыз. Эманация жөніндегі ой-пікір — осы дінге қарай қозғалыстың айғағы.

 

§ 2. Патристикалық философия. Киелі Августиннің ілімі.

(patris — лат. сөзі, — әке).

Патристикалық философияның негізгі мақсаты христиан дінінің қағидаларын белгілі бір жүйеге келтіріп, оған философиялық тірек жасауда болды. Ертедегі Грек философиясындағы ерікті ой елегі патристикада аян идеясына келіп тіреледі. Яғни философияның мақсаты Библияның негізгі қағидаларын терең түсіндіру мәселелеріне келіп тіреледі.

Патристикадағы онтологиялық (болмыс) мәселелері Құдайдың төңірегінде қаралады. Патристика монотеизмді (бірқұдайлықты) қорғайды, көне замандағы көпқұдайлыққа қарсы шығады.

Құдай идеясы патристикада, бір жағынан, толық игілік әділеттілік, құдіреттілік тұрғысынан қаралса, екінші жағынан, ол абсолютті болғаннан кейін, оның ешқандай қасиетін сипаттауға болмайды, ешқандай анықтама берілмейді, өйткені Құдай — бұл болмыстың аржағында. Бұл Дүние — жаратылған, сондықтан жаратушыдан анағұрлым төменде; материя жаратылған нәрсе болғаннан кейін, оның шырмауынан құтылуға болады.

Сонымен қатар бұл Дүниені Құдай мақсатқа лайықты әсем игі қылып жаратты.

Патристикалык философияның терең түп-тамыры мистикаға кетеді. Мысалы, христиан дінінің «дүниені жоқтан жарату», троица (үштік) қағидасы — қарапайым сананың да, теоретикалық ойлаудың да  шеңберінен шыққан түсініксіз мистикалық нәрсе. Сондықтан Тертуллианның «credo, quia absurdum est» (сенемін, өйткені ақыл-ойға сыймайды) деген нақыл сөзі сол кездегі философиялық ахуалды шынайы бейнелейді. Енді патристиканың көп өкілдерінің ішіндегі аса ірі тұлғасы киелі Августинге тоқтап, оның философиялық көзқарастарын талдайық.

Бүкіл Христиан философиясының ірі тұлғаларының бірі -Киелі Августин. Ол 354 ж. Тагаст қаласында (Африка) Дүниеге келеді.

19 жасқа келгенде Августин манихейлік дінді қабылдайды. Бұл діннің негізін қалаған — парсылық Мани (3 ғ.). Ол өз ілімінің Қайнар көзі Зороастра, Будда және Христос деп есептеген.

Манихейлік ілім Дүниеде екі бір-біріне қарсы тұрған негіз бар дейді. Олар күн мен түн, игілік пен зұлымдық.

Алғашқы уақытта олар бір-бірінен бөлек өмір сүреді. Екінші дәуірде зұлымдық (материя) сәуле әлеміне кіріп, екі негіз бір-біріне араласып кетеді.

Уақыттың үшінші сатысында сәуле мен түнектің өзара күресі ізгіліктің жеңісіне әкеліп, материяның қалдықтары дүниежүзілік өртте құриды.

Адамға келер болсақ, ол — түнектің туындысы. Оның денесі жанды (сәуледен шыққан) өз ішінен жібермей тұтқындап тұр. Иса пайғамбар осы адамдардың жанын құтқару үшін жіберілген.

Күнә мәселесіне келер болсақ, манихейліктер ол адамның еркінің ауытқуынан емес, ол Дүниенің екінші түнек жағының адамның жан дүниесіне кіруінен шығады дейді.

10 жылдан кейін Августин манихейлік дінді тастап, көп ізденіс, зардап шегіп, ақырында Христиан дінін қабылдап, өмірінің соңында осы діннің үлкен тұлғасына айналады.

Августиннің негізгі философиялық еңбектері: «Құдай қаласы жөнінде», «Сыр шегу», «Академиктерге қарсы», «Жанның өлместігі» т.с.с.

Августиннің шығармашылық жолында оның христиан дініне өтуі және оны бүкіл жүрегімен, жан-тәнімен қабылдауы үлкен із қалдырды.

Егер жас кезінде ол ақыл-оймен дүниені тану — ең биік жетістік, ал диалектика — ойлаудың ең негізгі құралы деп есептесе, Христиан дініне өтіп, оны іштей қабылдағаннан кейін, оның философиясында негізгі орынды Құдайға сену алады. Сенімнің арқасында пайда болатын «ішкі сәуле» анағұрлым биік санала бастайды.

Бірақ, Августиннің ойынша, сенім ақыл-оймен қайшылыққа келмеуі керек. 2 ғасырда өмір сүрген Тертуллианның: «Сенемін, өйткені абсурдты» (credo guia absurdum), яғни ақыл-ойға сыймайды, қарсы келеді», — деген пікірін Августин қабылдамайды. Керісінше, ой елегінен өткізілмеген сенім — сенім болмайды. Ақыл-ой арқылы адам өзінің Құдайға деген сенімін әрі қарай нығайтуы керек, Сонымен сенім мен ақыл-ой, зерде бірін-бірі толықтырады, «Сенемін түсіну үшін», «Түсінемін сену үшін» деген көзқарас жол ашылады.

Августин «Сені шақырамын, Құдай — ақиқат, сенде, сенен сенің арқаңда барлық ақиқат — ақиқат. Құдай — дана, сонымен содан, сол арқылы даналыққа жететіндер жетеді. Құдай — зерделі сәуле,  сонымен,  содан,  сол  арқылы  қайсыбір зерделі  сәуле жарқырайды», — деп толғанып айтады.

 

Адам мәселесі

«Адамдар алыс жолға шыққанда қалайша таудың биік шыңна, қаһарлы теңіз толқынына, мұхиттың кеңістігіне, жұлдыздардың ағуына   тамсана   қарап,   сонымен   қатар   өз-өздерін   ұқыпсыз қалдырады?» — деген Августин сөздері, әрине, әр адамды толғандырады. Философиядағы шынайы мәселе — ол Ғарыш емес, ол адам. Құпия — Дүние емес, ол — біз. «Қандай сыр жатыр адамнның ішінде! Сен, Жаратқан, адамның басындағы шаштың санына шейін білесің, сенсіз оның бірде-бірі түспейді. Сонда да адамның шашы есептеу — оның жан-дүниесіндегі   іңкәрлері мен… қобалжуын шайқалуына қарағанда анағұрлым жеңіл», — дейді ұлы ойшыл.

Августинді адам мәселесі өзінің жалпылығымен емес, керісінше, нақтылығымен қызықтырады. «Мен өзім өзіме үлкен мәселеге айналдым», — дейді ойшыл. «Мен өзімдегі барды қамти алмаймын», — деп ол қынжылады.

Өзінің «Сыр шерту» деген еңбегінде Августин ешнәрсені жасырмай, өзінің жан дүниесін толығынан сыртқа шығарады, ішіндегі   талай  қайшылықтардың   қаншама   зардап   әкелгенін, соларды шешу жолында қалайша Құдайды мойындағаны жөнінде айтады.

Августин адамның терең қайшылығын оның еркінен көреді Ол Құдайдың еркімен көп жағдайда сәйкес келмейді. Осы қайшылықты аңғару адамның өзінің «Менің» ашуға көмектеседі.

Августинге Христиан дініндегі құдайдың үш кейіптігі зор әсерін тигізді. Егер адам Құдайға ұқсатып жаратылған болса, онда оның тұлғасында осы үштікті табу керек. Олар — біздің өмір сүріп жатқанымыз, болмысымыз, біз өмірді сүйеміз. Және біз айнала коршаған ортаны танып-біле аламыз. Сонымен өмір сүру, білу, сүю — адам болмысының үш жағы, олай болса, біздің жан-дүниемізде Құдай бейнеленеді.

 

Ақиқат және оған жету мәселесі

Августин философиясында ақиқат — жан-дүние мен Құдайды бip-бірімен қосатын ұғымдардың бірі. Таным үрдісі түйсіктерден басталады. Қоршаған заттар біздің сезімдерімізге өзінің әсерін тигізеді, ал жанымыз олардың бәрін белгілі бір тәртіпке келтіріп, заттың қабылдануына әкеледі.

Ал ақыл-ойға келетін болсақ, ол диалектикалық жолмен жүреді. Мысалы, «Егер дүниеде 4 стихия болса, ол 5 емес; Егер күн біреу болса, ол екі емес; Бір жан-дүниені алсақ, ол өліп, сонымен қатар тірі болмайды. Бір адамды алсақ, ол масайрап, сонымен қатар бақытсыз бола алмайды».

Августиннің айтуынша, сезімдік Дүние бізді тұрақтылыққа әкелмейді, ол өне бойы өзгереді. Адамның денесі де өзгерісте, ал ақыл-ой — тұрақты.

Олай болса, «ақыл-ой» дегеніміз — жан-дүниенің жанары мен жүзі, сол арқылы ол ешқандай дененің көмегінсіз ақиқатты көре алады.

Айнала қоршаған заттарды көру үшін күннің сәулесі керек; сол сияқты ақиқатқа жету үшін ерекше сәуле түсү керек. Ол үшін құдай идеясы керек. Онда танымның 3 бастауы бар. Ол — оның өмір сүріп жатқандығы, тануға-білуге болатындығы және соларды біліп танылатын қылатындығы.

Августиннің ойынша, Құдай мен ақиқат — тең. Бірақ олардың арасында, сонымен қатар айырмашылық та бар. Акиқат — Құдайдың ойы. Бұл арада бізге Платонның «Идеялар әлемі» есімізге келеді. Тек қана Августиннің идеялары Жаратушының дүниені тудырар алдындағы ойлары ретінде түсініледі.

Сонымен Құдайда ойлау заттардан ерте, ал адамдарда заттардан кейін жүреді. Енді, міне, біз Августиннің Құдай ұғымына тікелей жетіп қалдық.

 

Құдай мәселесі

Августин христиан философиясында Құдай болмысының 3 дәлелдеуін ұсынады.

Бірінші дәлелдеуде ол Дүниенің жетілгендігін ұсынады. Дүние қаншалыкты әртүрлі және өзгерісте болғанменен, ол хаос емес, онда тәртіп, әсемдік бар. Дүние ешқандай сөзсіз-ақ бізге Жаратушыны, оның құдіретті күшін көрсетіп тұрғандай.

Екіншіде бүкіл адамзаттың Құдайдың болмысы жөніндегі келісімі, оны мойындауы, көнуі жатыр. «Құдайдың Дүниеде билігін, адамның ақылы болса, аңғармайтын адам жоқ. Егер біз аз-мұз табиғаты бұзылған  адамдарды  есептемесек, қалған  бүкіл адамзат Құдайдың болмысын мойындайды».

Үшінші дәлелдеу игіліктің баспалдақтық табиғатынан шығады. Ең соңында біз ең жоғарғы игілікке — Құдайға келіп тірелеміз.

Расында да, Дүниеде тегіс дала бар. Соқпақтар, таулар бар. Дүниеде бір зат әсем, ал екіншісі одан да әсем, бір зат пайдалы, ал екінші зат одан да пайдалы. Ал олардың бәрін салыстырып анықтау үшін, біз еш нәрсемен салыстырылмайтын өзіне-өзі тең, таза игілікті қажет етеміз, ол — Құдай.

Сонымен  Болмыс,   Игілік,  Ақиқат  —  Құдайдың   мән-мағыналық қасиеттері. Олай болса, біз Августин Құдайдың үштік (троица) табиғатын қалай түсінетініне назарымызды аударайық.

 

Үштік мәселесі

Христиан дінінің негізгі ерекшеліктерінің бірі — үштің сиқырлы мағынасын ашу (шамасы, пифагореизмнің жұрнағы болса керек). Құдай біреу болғанымен, оның үш тұлғалық жақтары бар, Ол — Құдай-әке, Құдай-ұл және киелі рух. Құдайдың осы үш тұлғалық жағының біреуі де басқаларынан басым емес, сондықтан бір: Құдай — ол әке де, ұл да, киелі рух та, бір-бірінен Болмыста бөлінбейді.

Бірақ оларды бір-бірінен айыру керек. Августиннің айтуынша, «киелі рухты айырамыз, бірақ басқа Құдайдың жақтарынан бөле алмаймыз. Ол мәңгілік игілік пен тұрақтылықта. Бұл үш тұлға-бір Құдай. Әке болған жерде ұл бар, және ол үл емес; ұлдың әксі бар, бірақ ол әке емес. Егер ұл белгілі бір уақытта Дүниеге келсе, онда күндердің бір күнінде ол Балалық шағын тастар еді, бірақ Құдай-ұл – мәңгіліктен. Сондықтан Құдай-әке де, Құдай-ұл да мәңгілікті, тұрақты».

Құдай үш тұлғалық болғаннан кейін, жаратылған Дүниеден де оның іздерін табуға болады. Дүниедегі заттардың бірлігі, бітімі және тәртібі бар. Ал адамның ақыл-ойына келер болсақ ол да бір мен үш: ақыл, таным, сүю. Сонымен біз айнадағы өзіміздің сәулемізді көргендей, Құдай біздің жан-дүниемізде, сондықтан Құдайды тану — жан-дүниені танумен, жан-дүниені тану — Құдай арқылы танумен тең.

 

Дүниенің жаратылу мәселесі

Августин Дүниенің жаратылу мәселесін ертедегі гректерге қарағанда басқаша шешеді. Плотиннің Демиургі Августиннің Құдайынан тіпті бөлек. Өйткені оның жоғарысында «Идеялық әлем» үлгі ретінде, ал төменгі жағында мәнгілік өмір сүріп жатқан еш бітімі жоқ материя жатты. Сондықтан Демиург бір нәрседен екіншіні жасаған ұста сияқты, өйткені материя мен «Идеялар әлемін» ол тудырған жоқ, олар мәңгілік өмір сүріп жатты.

Августин мұндай көзқарасқа үзілді-кесілді қарсы шығып: «Дүние жоқтан (ex nigilo — лат. сөзі, еш нәрседен) Құдайдың құдіретті күші арқылы пайда болды», — дейді. Ойшылдың айтуынша, шындықтың пайда болуының үш жолы бар.

1. Генерация жолымен (generatio — лат.сөзі, туу, ұрпақ) яғни тіршілік өзін-өзі тудырып отырады. Мысалы, сиырдан бұзау, жылқыдан құлын, шешеден бала туады;

2. Фабрикация жолымен (fabricatio — лат. сөзі, жасау), яғни бір заттан екінші затты жасау. Мысалы, ағаштан үй жиһазын, я болмаса үйді жасау, салу, саздан кірпіш құю т.с.с.

3. Жоқтан барды тудыру (creatio — лат. сөзі, жарату) яғни өз денесінен, я болмаса басқа сыртқы заттан емес; Ол — тек Құдайға ғана тән нәрсе.

Адамға келер болсақ, ол бірінші және екінші жол арқылы өмір сүреді, өз-өзін тудырып, табиғаттағы заттарды өзгертіп, өзіне лайықты керек нәрселерді Дүниеге әкеле алады.

Бірақ ол нағыз жаратудың не екенін білмейді, өйткені оның өзі жаратылған, олай болса, мәңгілік емес.

Олай болса, адамдардың тудырған заттары мен Құдайдың жаратуының арасында шексіз айырмашылық бар.   Өйткені Құдай бұрынғы-соңғы болмаған нәрселерді Дүниеге әкеледі. Бұл Құдайдың «өлшемсіз сыйы», өйткені ол еш нәрсені талап етпейді, ол -оның құдіретті еркінің, игілігінің туындысы.

 «Құдай қаласы» деген еңбегінде Августин: «Біз жаратушы деп бақты өсіргенді, тіпті бәрін асырайтын ана-жердің өзін « айтпаймыз. Тек қана Құдай — барлығын жаратқан, әртүрлі жолмен өзін солар арқылы көрсеткен… Егср ол болмаса, онда еш нәрсе болмас еді», — дейді.

Дүниені жарату жолында Құдайдың ойының алатын орны ерекше. Августиннің айтуынша, «идеяларды мойындамау — Дүние ақыл-ойсыз жаратылды дегенмен тең… әрбір заттың өзінің идеясы негізі бар. Ал идеялардың бәрі қайда, егер Жаратушының ойында болмаса?» — деген сұрақпен Августин бұл мәселені қорытады.

 

Мәңгілік пен уақыт мәселесі

«Дүниені жаратпастан бұрын Құдай-тағала не істеді?» — деген сұрақ Августинді үлкен ойға қалдырды. Оның берген жауабы мынандай:

«Бұл сұрақ мәнсіз, өйткені уақыт жаратылған дүниемен бірге берілген».

Құдайдың өмірі – мәңгілік қазір, ол қайсыбір болашақта басым,  өйткені  болашақ  әрқашанда  ертелі-кеш  өткен  шаққа айналады, ал «Сен болсаң сенің бүгінің – мәнгілік», — дейді Августин.

Ал бұл Дүниедегі уақытты алатын болсақ, ол өткен, қазіргі және болашақтан тұрады. Өткен шақ — ол қазір жоқ, болашақ -ол әзір жоқ. Ал қазір егер өткен шаққа айналмаса, уақыттан мәңгілікке айналар еді.

Августиннің ойынша, уақыт — рухани өмірдің өлшемі. Адам өз өмірін өткенге, қазірге, болашаққа бөледі. Өткеннің қазірі -естегі нәрселер, қазірдің қазірі — ол ішкі сезім (intuitio — лат.сөзі, қадағалап қараймын), болашақтың қазірі — ол бір нәрсені күту, тосу, үміттену.

Тек қана біздің жан-дүниеміз үміттенеді, еске түсіреді. Оның күткендерінің бәрі іс-әрекет арқылы Дүниеге келіп, содан кейін естелікке айналады.

 

Зұлымдық және оның дүниедегі орны

Августин бұл мәселені егжей-тегжейлі талдап, оның онтологиялық-метафизикалық,  моральдық және  физикалық жақтарын қарастырады.

Метафизикалық-онтологиялық тұрғыдан келгенде, Ғарышта ешқандай зұлымдық жоқ, тек қана болмыстың әртүрлі сатылары ғана бар (өлі табиғат, өсімдіктер, жануарлар, адам т.с.с. Кейбір тіршілікте болып жатқан зұлымдық сияқты нәрселер, шынына келгенде, бүкіл Ғарыштық біртұтастық тұрғысынан алғанда көрінбей кетеді, біз тек бүкіл Дүниенің үйлесімділігін, керемет екенін, ұлы гармонияны байқаймыз, өйткені Дүниені мейірімді Құдайдың өзі жаратты. Әрине, шын өмірде бір нәрсе пайдалы, екінші зиян, бір нәрсе әсем, екіншісі түрсіз деп баға береміз, ал оның негізінде адамның өзінің ғана мүддесі мен мақсаты жатыр. Ал Ғарыштық біртұтастық тұрғысынан қарағанда, бұл Дүниеде әр жәндіктің, әр заттың өзінің болмыстық орны, мән-мағынасы бар. Олай болса, ол — дүниежүзілік гармонияның қажетті бөлігі.

Моральдық тұрғыдан алып қарағанда, Августин зұлымдықтың түп-тамырын адамның бұзылған еркінен табады. Әрине, адамның еркі, өзінің табиғаты бойынша, жақсылыққа ұмтылуы керек. Алайда шынайы өмірде неше түрлі қызықтыратын өтпелі заттар болғаннан кейін, кейбір жанның еркі Құдайдың көрсеткен жолынан ауытқып, жоғарғы игіліктерге ұмтылудың орнына төменгі құндылықтарды таңдайды, Құдайдың орнына оның жаратқан нәрселеріне ұмтылады. Сонымен Дүние құрылысының әртүрлілігі, баспалдақтық табиғаты адам еркінің ауытқуына, зұлымдықтың Дүниеге келуіне себепкер болады. Адамның күнәға батуы Құдайдың шексіз игілігіне шектелген уақытша нәрселерге берілу, дүниенің гармониясын бұзуда.

Физикалық тұрғыдан алып қарағанда, өмірде кездесетін бақытсыздықтар, ауру, өлім, жан-дүниенің қобалжып, денені қысуы, езуі т.с.с. мұның бәрі де — «алғашқы текті күнәнің» салдары, яғни моральдық бұзылудың нәтижесі. Августиннің айтуынша, «жан-дүниенің күнәлікке батуы бұзылған денеден емес, керісінше, бұзылған, күнәға батқан жан-дүние денені ауырлатып бүлдіреді. Бұл пікірге толығынан қосылуға болатын сияқты.

 

Ерік, бостандық жэне игі дэнекерлік

Дүниедегі зұлымдықтың түп-тамыры адамның еркінде болғаннан кейін, Августин оны егжей-тегжейлі талдап, еріктің тұрақсыздығын көрсетеді. «Ол мен едім, оны тілеген, сонымен бірге одан бас тартқан. Сонымен өз-өзіммен күресіп, өз-өзімді тырнадым», — дейді ойшыл.

Сократ уақытында: «Адамның зұлымдылыққа баруы — оның білмегенінде», — деген тұжырымға келген болатын.

Алайда адамдарды толғандыратын нәрсе — ол білім мен еріктің бір-бірінен алшақтығы. Жақсылық пен жамандықтың не екенін біле тұра, соңғыға ұмтылу — адамдардың өмірінде жиі кездесетін құбылыс.

Августин бұл мәселеге «коперникандық төңкеріс» жасап, «бостандық — ақыл-ойдың емес, еріктің қасиеті» деген пікірге келеді.

Ерік — ақыл-ойдың басқаша көрінісі. Ақыл-ойдың қабылдайтынынан ерік бас тартады. Ақыл-ой танып-біледі, ерік — таңдайды және оның таңдауы көбіне ақылға сыймайды.

Алғашқы тектік күнә — ол адамның тәкаппарлығынан шықты, ерік ауытқып, Құдай талабына сай келмеді. Адамның кеудесінде бос ұлылық пайда болып, менмендікке әкеледі, содан кейін тек өзін ғана мадақтап, өзін ғана сүйеді.

Августин: «Адамның еркі сонда ғана шынайы, егер ол зұлымдыққа бармаса», — дейді. Ондай талап адамға алдын ала қойылған болатын. Бірақ ол Құдайдың талабын бұзды, ал оның өзі оның еркін әлсіретті.

Сондықтан бірде-бір адам тек өз күшімен, қанша тырысса да, күнәлік шеңберден шыға алмайды, өйткені ол өз-өзіне жеткілік емес. Оған әрқашанда Жаратушының көмегі керек.

«Адам тек өз күшіне ғана сеніп, Құдайдың қолдауынан бас тартса,   ол   әрқашанда   күнәнің   олжасы.   Бірақ   әр   адамның құтқарушысына сиынып, ерікті түрде Құдайдың сыйына жетуіне мүмкіншілігі бар. Адам әрқашанда Құдайына сену арқылы өзінің күш-жігерін  зұлымдыққа  қарсы  күреске   жұмсап  қана   нағыз еріктікке ие болады».

Енді біздің Августиннің қоғам мәселелерін қалай шешетіні жөнінде қарауымызға мүмкіншілік келді.

 

«Жердегі қала» мен «Құдай қаласы»

Сонымен  залымдықтың  түп-тамыры  адамның  өзін   ғана сүюінде болса, игіліктің тамыры Құдайды сүюде, яғни ақиқатты, игілікті сүюде.

Құдайды сүйетін адамдар бірігіп, «Аспан қаласын» (яғни шіркеуді) құрайды, ал қалғандары — «Жердің қаласының» пенделері. Соңғылар адамның даңқын іздейді, ал біріншілер Құдайдың даңқын арттырады.

Бұл жердегі өмірде олар Кайн мен Авельдың тұқымдары ретінде бір-бірінен бөлінеді.

«Жер қаласының» адамдары бұл Дүниеде өздерін әлемнің патшасы ретінде сезінеді, ал «Аспан қаласының» адамдары дәруіш сияқты жүреді.

Августин адамзат тарихының басы болғаннан кейін, оның соңы да бар деген пікір айтады. Дүние соңында адамдарды қайта тірілтіп, қаһарлы соттан өткіздіретініне ол сенген.

Құдай адамға сүйіспеншілікті сыйға тартты. Сондықтан адам жақынды да, алысты да, дүниедегі заттарды Құдайдың риясыз жаратқан кейпі ретінде сүйсе, онда ол — нағыз сүю (charitas).

Ал адам өзін ғана сүйіп, жердің қызықтарына ғана құмартса, онда оны жалған сүю (cupiditas), (ындын құмартушылық) деп атауға болар еді.

Қорыта келе, Августиннің сенім шеңберіндегі философиясы өзінің гуманистік-адамгершілік бағытымен адамзаттың рухани қазынасында ерекше орын алады. Адамның өлшемі оның басқаларды сүю салмағымен анықталады. Августин айтқандай: сүй, сонда ғана не істегің келсе де, жасай бер!

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!