Өркендеудің жалпы теориясы | туралы қазақша

0

Экономикалық жүйенің дамуы заңдылықтарын зерттеу — өркендеудің айқын теориясының негізгі ережелеріне құрылуға тиіс. Ол кезде бастапқы ой түйініне негіз болатын пайымдау деп мына формуланы санау керек: егер өсу эволюцияның сандық жағын көрсететін болса, онда даму экономика серпінінің сапасы мен құрылымының бейнесі болып шығады. Дамудың барынша толық және шынайы көрінісін айқындау үшін, өсудің барлық факторларын, сондай-ақ сатылар мен дағдарыстардың теорияларын да ашып көрсету маңызды.

Экономикалық теорияда екі: кейнсиандық және либералдық бағыт белгілі. Либерализмнің теориясы экономикалық саясатты қысқа мерзімдік кезеңмен байланыстырады. Оның үстіне, аса танымал болып отырғаны — монетаристік бағыт. Бірақ тіпті экономикалық кезең аясында да оның назар аударатын шектерінен ғылыми-техникалық өрлеу (ҒТӨ), инновациялар, экономиканың салаларалық құрылымы мәселелері тыс қалып қоятыны кездеседі. Бұл доктрина мемлекеттің экономикадагы рөлін мейлінше төмендетуді ұйғарады. Экономикалық теорияның екінші бағыты (кейнсиандық) мемлекеттің белсенді рөлін қуаттайды, бірақ ол реформаторлар ойының негізгі ағынының сағасында тұрған жоқ, әрі олар жүргізіп отырған саясат оған бағдар ұстамауды жөн санайды. Ал сол шақта Қазақстан Республикасының экономикасы «неоклассикалық жағдайда» (әлеуетті ену және толық қамтылушылық) емес, «кейнсиандық» (репрессиядан кейінгі тірілу), яғни мемлекеттің экономикалық саясаттағы белсенді рөлін жақтаушылар жағында болып отыр.

Қалыптасқан жағдайларда экономикалық өсу мәселелерінде екі: либералдық және дирижерлік (тікелей басқарушылық) бағыт айқындалды. Либералдық багыт назарды төмендегідей мәселелерге аударады:

Мемлекеттің экономикаға қатысуы шамасы. Мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-ге қатысты үлесі; мемлекеттік меншік пен мемлекеттік кәсіпкерлік көлемдері; мемлекеттік басқарудың институттық құрылымдары зерттеледі. Қорытындылар мен ұсыныстардың маңызы экономикалық өсу мен мемлекеттің экономикаға қатысуы шамасының қарқындары арасындағы теріс байланысты анықтауда және негіздеуде жатыр.

Ұлттық валютаның нақты бағамы. Ұлттық валютаның нақты бағамын жүйелі түрде әлсірету ұсынылады. Бұл ұстаным экономиканың дамуының экспортқа тәуелділігіне айқындаушы мағына берілетін ашық экономиканың басымдық рөліне сүйенеді.

Институттық реформалау. Бұл кәсіпкерлікті, құрылымдық реформаны жэне экономикалық өсуді жандандыру мақсатында қолайлы институттық орта құру арқылы экономиканы ырықтандыруға бағыт ұстаудан көрінеді.

Дирижерлік бағыт тұрақты экономикалық өсу факторларын құру және қуаттау, инвестицияларды арттыру, сондай-ақ экономиканың құрылымдық қайта құрылуы іспетті мәселелерде мемлекеттің рөлін күшейту қажеттігінен келіп шығады. Осы мақсатта: бүкіл экономиканың алға ілгерілететін локомотиві болып саналатын, ғылыми негіздеуді талап ететін және жоғары технологиялық салалардың пайдасына табиғи рентаны қайта бөлу; қаржы қаражаттарын экономиканың нақты секторына бағыттау мақсатында проценттік мөлшерлемені жүйелі түрде төмендетіп отыру; жұртшылықтың жинақ ақшасын инвестицияларға айналдырудың мемлекеттік кепілдіктерін орнату; нақты инвестицияларды ығыстырып шығаратын мемлекеттік алыс-беріс (қарыз алу) қаражатын пайдаланудан бас тарту; кірістерді арттыру және жиынтық сұранысты ынталандыру талап етіледі. Дирижерлік үлгі техникалық өрлеуді, құрылымдық қайта құруды тікелей мақсат етіп қояды, әрі мемлекетті күшейту осы мақсаттарға қол жеткізуге байланысты. Ырықтандырушы бағыт тұрғысынан алғанда, құрылымдық қайта құру мәселелерінің жеке бизнеске салық жүктемесін төмендету және оның қызметін мемлекеттік бақылауды қысқарту жолымен «төменнен» өздігінен шешілуі жорамалданады.

Теория тұрғысынан экономикалық өсудің негізі болып жинақ ақшаның инвестицияларға айналдырылуы саналады, ал біріншісінің инвестицияға айналуы да, екіншісінің теңгерімі де тікелей және жанама реттеу саясатымен айқындалады. Негізгі капиталдың ұдайы өндірісіне ықпал ету барысында экономикалық саясат кезеңдік ауытқулармен ғана емес, ұзақ уақыттық өсумен де байланыстырылады. Ұзақ уақыттық өсуге бағытталған экономикалық саясат тұрғысынан бірқатар экономикалық сатыларды қамтитын бағдарламалар ғана пәрменді бола алады. Мысалы, ұзақ мерзімдік бағдарламалар — демографиялық, ғылыми-техникалық, құрылымдық өсуді ынталандырушы бағдарламаларға жатқызылуы мүмкін, өйткені олар өндіру тәсілдерін сан жағынан және сапалық өзгерту есебінен өнім шығаруды арттыруға бағытталған. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда, өсу шарттарына ақша-кредит және фискальдық саясат шаралары жатқызылуы мүмкін, -егер олар да өндірісті дамыту деңгейін өзгертуге бағытталған болса, — сондықтан нәтижесі сапаны жақсарту және өнімнің шығарылуын сан жағынан арттыру болып табылатын экономикалық саясаттың кез келген іс-шараларын экономикалық өсуге жатқызу керек. Өздерінің неолибералдық көзқарастары мен бағдарын көрсетіп жүрген қазіргі заманғы реформаторлар экономикалық өсуді — нарықтың өзі қамтамасыз ететін, сондықтан үкіметтің араласуын талап етпейтін шынайы құбылыс деп дәлелдеуге тырысады. Бірақ үкіметтің алдына өсу қарқындары мен сапаны арттыру міндеті қойылған кезде, олар тығырыққа тіреледі.

Өсудік ұзақ мерзімдік және орнықты қарқындарын қамтамасыз ету үшін, өндіріс факторларының саны мен сапасын өзгерту негізінде өнімнің жиынтық шығарылуын арттыруға келтіретін экономикалық саясат құралдарын жұмылдыру қажет. Бұл экономикалық өсудің ғылыми-техникалық және құрылымдық саясатының ұзақ мерзімдік те, қысқа мерзімдік те шараларын қамтитын арнаулы бағдарламаны: тиімді сұраныс пен тауар ұсынысын ынталандыруды, технологиялық өрлеуді, «адам капиталын» өзгертуді іс жүзіне асыруды талап етеді. Егер тіпті осы өзгерістерді тудырған жағдайлар әрекет етуін тоқтатса да, өндіріс факторларының белгілі бір деңгейіне қол жеткен жағдайда, бірлескен әрекет ұзақ дамуды қамтамасыз етеді. Мысалы, инвестициялық салық кредиті инновациялық жобалардың іске асырылуына ықпал еткен кезде, өзара байланысты (ілеспе) пайда мен мультипликация ондай кредит тоқтаған кезде де әрекет етуін жалғастыра береді.

Іргелі еңбектерде айтылғандай, XX ғасырдың басынан бері қарай ЖІӨ-ге қатысты мемлекеттік шығыстар артқан, ал дамыған елдерде тіпті екі есеге дейін көбейген. ЖІӨ-дегі мемлекеттік шығыстар үлесінің артуы үрдісі осы үрдісті XIX ғасырдың аяғында болжап айтқан неміс экономисінің есімі бойынша «Вагнер заңы» деген атау алған. Соған сэйкес: ұлттық табыс артқан кезде, мемлекеттік шығыстар үлесі де өсуге бет алады. Америкалық экономист Дэвид Ашауер 1970-1980 жылдар ішінде экономикалық өсу қарқындарының тежелуі мен инфрақұрылымға мемлекеттік шығыстардың қысқаруы арасындағы байланысты анықтаған. Жолдар, порттар, электр станциялары құрылысын салуға мемлекеттік шығыстар тікелей тауар ағындарының жеделдетілуіне және тиісінше экономикалық өсуге септігін тигізеді. АҚШ-та жыл сайынғы мемлекеттік инфрақұрылымдық инвестицияларға ЖІӨ-нің 2,3%-іне 1965-1969 жылдары жеке сектордың 13%-тен асатын пайда көлемі сәйкес келген. Сонымен қатар еңбек өңдірімділігі мен инфрақұрылымды дамытуға жұмсалатын мемлекеттік шығыстар арасындағы тікелей байланыс статистика тұрғысынан қадағаланып отырады. Жапонияда инфрақұрылымға бағытталған ең үлкен мемлекеттік шығындарға мейлінше жоғары еңбек өндірімділігі сәйкес келген. Осындай үрдіс Франция, ГФР, Италия, Канада, Ұлыбритания елдерінде де байқалған. Жүргізілген зерттеулер мен анықталған үрдістердің нәтижелері бойынша өндірістік инфрақұрылымның өркендеуіне мемлекеттің қатысуы әлемдік нарықта ұлттық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін көтеретіні туралы ойға қонымды қорытынды жасауға болады.

Баяндалған жай келесідей ой түйіндеуге мүмкіндік береді: өндірістің терең құлдырауынан шығатын экономика өзінің экономикалық әлеуетін қалпына келтіру және оны көбейту үшін экономикалық өсудің жоғарғы қарқындарына зәру. Экономикалық өсудің нақты талап етілетін қарқындарын қамтамасыз ету үшін, өндіріс факторларын, олардың саны мен сапасын өзгерту есебінен экономикалық нәтижелерді арттыруға септігін тигізетін экономикалық саясаттың барлық құралдары мен шараларын шоғырландыруды көздейтін арнаулы жалпы мемлекеттік бағдарлама әзірлеу және оны іс жүзіне асыру қажет.

Экономикалық өсудің тұжырымдамалары, өздерінің ғылыми және саяси бағаларына қарамастан, бірқатар: инвестициялық және тұтынушылық сұраныстардың артуын өсудің ішкі факторлары басым болатындай етіп қалай қанағаттандыруға болады; проценттік мөлшерлемені экономиканың нақты секторының табыстылығының орташа деңгейіне дейін қалай түсіру қажет, қаржы жүйесін жинақ ақшаны инвестицияға айналдыруға кедергі келтіретін түйткілдерден қалай тазарту керек; дағдарыстан шығудың материалдық негізі ретінде негізгі капиталды жаппай жаңартудың нақты құралдары қандай; қосылған құны жоғары, ғылыми негіздеуді талап ететін өндірістер салаларының пайдасына экономика құрылымының үдемелі қайта құрылуын қалай қамтамасыз етуге болады деген тәрізді маңызды сұрақтарға жауап берудің қажеттігі алдында тұр.

Пайдаланылған әдебиеттер: Аманбаев Ү.А., «Кәсіпорын экономикасы». Оқу құралы, Алматы: «Бастау» баспасы, 2012 — 432 бет.

#Өркендеудің #жалпы #теориясы

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз