Орхон ескерткіштері және эпикалық дәстүр туралы қазақша

0

Орхон ескерткіштерінің ең көрнектілері: Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жазуларында, түркі аңыз, дастандарында жиі кездесетін сарындардың орын алғаны назар аударарлық болып көрінеді. Сол сарындардың кейбіреулері төмендегіше.

Мифтік, эпикалық уақыт пен кеңістік. «Күлтегін» жазуындағы «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласын басқаруға ата-баба жаралды. Бумын каған, Істеми каған отырған, түркі халқы елін, заңын ұстай білген, иелік еткен» (1) деген сөздер мифтік дәуір ұғымының елесі. Сондай-ақ «…Ілгері күнбатыста, оң жақта — күн ортада, кейін — күнбатыста, сол жақта — түн ортасында. Соның ішіндегі халықтың көбі маған бағынды» (2) секілді тіркестер де дүниені төрт бұрышты деп есептеген ескі түсініктің көрінісі. Осындай ұғымдардың түркі халықтары фольклорында ұзақ замандар бойында орын алып келгеніне мысал мол… Хақас халқының қаһармандық дастанында дүниенің жаңадан жаралған кезі былайша суреттеледі: «Дүние алғаш жаралып, жұлдыздар пайда болғанда, жап-жарық ғалам орнап, халық тіршілік жасаған. Ақ шыңның баурайында, алты қия өрінде, алты жылғаға бөлінген Ақ-Талай судың қасында, биік құздың түбінде, алуан мал оттап жайылған (3). Тува (тобалар) халқының батырлық ертегісінде де адамзатқа қаскөй күштер «аспан мен жерді жабыстырып» қоймақшы болғанда, әділеттілік күрескері Хаа-Ченгей «бір қолымен аспанды әрі итеріп, екінші қолымен жерді бері тартып» орнына келтіреді (4). Бурят халқының эпосында оқиға «дүниеге нұр тұңғыш рет тарай бастаған, таң шапағы жаңа-жаңа атып келе жатқан, өсімдіктер бүршік жармаған, жердің орнында үлпілдек шаң-тозаң ғана көлбеген» (5) кезеңнен басталады. Бұл келтірілген мысалдар ғаламның пайда болуы туралы ұғым қадім-дәуірлерден бері халықтың ауыз әдебиетінде, ертегілерде, эпостарда, аңыздарда айтылып келгенін, Орхон жазуларында осындай ескі сарынның қайталанғанын сипаттайды. Қазақ жырлары мен ертегілерінде ұшырайтын «баяғы өткен заманда», «дүниенің төрт бұрышы» деп келетін тіркестер, сөз жоқ, әлгіндей архаикалық заман түсініктерінің бертінгі кездегі сілемі болып табылады. Мифтік сарын қазақ фольклорында аспан әлемі (космологиялық) аңыздарында көбірек сақталған…

Қаһарманның жедел жетілуі, асқан ерлігі. Орхон ескерткіштерінде қаһармандардың тұлғасын сипаттап, ерлігін баяндаған тұжырымды, қысқа хабарламаны қарасөз тіркестері деп қарау жеткіліксіз. Мәселен, «Он жаста Ұмайдай шешен қатынның бағына інім Күлтегін ер атын алды. Он алты жасында атам қағанның ел-жұртын сонша меңгерді… Күлтегін жауға жаяу ұмтылды. Оңтұстықты қарулы басшыларымен қолға түсірді. Ол әскерді біз сонда жоқ еттік» (6) секілді үзік-үзік сөздердің тасасында эпостық дастандарда айтылатын оқиғалардың сарыны сезіледі. Күлтегіннің он жасында ер, батыр атағына ие болғанын айту қаһармандық эпостың ежелгі дәстүріне орайлас берілген. Қазақтың батырлық жырларында бұған үндес көріністер мол. «Алпамыс батырдағы»: «Сол уақыттарда Алпамыс он жасқа толып, Жиделі-Байсын жеріне, қалың коңырат еліне бек болып, жұрт сұрап тұрды» (7) деген сөздер Күлтегіннің жастай батыр болғанын баяндайтын тұсымен бірдей екенін әркім аңғарса керек. Болашақ каһарманның жедел жетілуін мадақ ету жалпы түркі эпосында, соның ішінде қазақ жырларында жиі кездесетіні эпостық дәстүрдің бірі. Тасқа жазылған ескерткіштердегі көркемдік кестелер мен ауызша айтылып келген эпикалық жырлардың арасында терең байланыстар болуы мүмкіндігін кезінде ұлы ғұлама М.Әуезов те (8) атап көрсеткен еді.

Көне түркі жазуында батырдын соғыстағы қайратын, жауды жасқандырған айбатын мадақтайтын теңемелер көп. Сол кездегі түркі халқының қандай жауды да тас-талқан етіп қирататын, қауқары болғаны «тізеліні бүктірдік, бастыны жүгінттік» деген асқақ сөздерден де аңғарылады. Енді бірде Күлтегіннің қас дұшпандармен қырық жеті рет соғысқаны атап өтіледі. Сол соғыстарда батыр жеңіске жетіп, халқын қуанышқа кенелтіп отырады. Ешбір жаудан беті қайтпағандықты үлгі етіп көрсету де түркі эпостық жырларындағы негізгі сарындардың бірі. Орхон ескерткіштерінде түркі халқымен ұдайы өштікте өмір кешетін дұшпан табғаштар болса, кейінгі замандағы қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ жырларында эпикалық жау қалмақтар болып көрінеді. Бертінгі замандағы қаһармандық жырларда да батырлардың қалың жауға қарсы қаймықпай қарсы шабатыны «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» секілді көптеген дастандарда биік көркемдікке бөленіп берілген.

Қара сөзбен баяндалған Орхон жазуларында әсірелеудін алуан түрлері кездеседі. «Түркі, оғыз бектері, халқы есітің. Биіктен тәңірі баспаса, төменде жер айырылмаса, түркі халқы ел-жұртыңды кім қорлайды?» — деп өз елінің күшіне сенімді қаһарман ғана айтса керек. «Өлімші халықты тірілттім, жалаңаш халықты киімді, жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым, тату елге жақсылық қылдым», — деген сөздер мен қазақтың батырлық дастандарының соңында айтылатын «жауды жеңіп, ел тыныштық тапты, байлыққа кенелді, мұратына жетті» тәрізді тіркестердің арасындағы ұқсастық та айқын…». Қүғ Сенүн басқарған төрт түмен әскер келді. Түңкер тауда жетіп жайраттым, үш түмен әскерді өлтірдім» (9). «Білге қаған» жазуынан алынған бұл үзінді түркі халықтарының эпосында батырлардың мыңдаған жауды бір өзі жайпап түсетін жойқын ұрыс суреттерін еске салады.

Киелі мекен. Орхон жазуларында түркілердің құт мекені, қасиетті қонысы Өтукен туралы жиі айтылады, Өтукеннің негізгі мазмұны түркілердің ырысты жері, байлығы, бақыты, тағдыры дегенге саяды («Түркі кағаны Өтукен қойнауында отырса, елде мұң жоқ», «қасиетті Өтукен қойнауының халкы… біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың. Барған жерден не игілік таптың. Каның судай ақты, сүйегің таудай жатты, бек ұлдарың құл болды…»). Осы сөздердің аңғарына қарағанда, Өтукенді түркілер жерұйық деп санағаны сезіледі. Халық өзінің үміті мен сенімін Өтукенмен байланысты деп түсінген. Аты аңызға айналған осы жер туралы түрік ғалымдарының еңбегінде көңіл аударарлық деректер кездеседі. Зерттеуші Йылмаз Өзтүна Өтукенді көктүріктердің кіндік кенті, табиғаты өмір сүруге жайлы, Орхон және Селенга өзендерінің арасындағы жер еді (10) деп көрсетеді. Ал оғыз дастандарында Өтукен Тянь-Шань таулары мен Орхон аймағындағы киелі өңір деп сипатталады. «Диван лұғат ат-түрікте» Өтукен «татар шөліндегі ұйғырларға жақын бір жердің аты» делінеді. Енді бір мәнбелерде Өтукен жер тәңірісі деген ұғымды білдіретіні айтылады. Біз бүл жердің қай аймақта болғанын дәлелдеуді мақсат етпейміз. Қалай болған күнде де Өтукеннің көне түркі заманында халық қиялында үлкейтіліп, барша жақсылықтың рәміз-символы болып саналғаны анық. Қандай халықтың да бейбіт, берекелі өмір кешетін бай да байтақ өлкені іздейтіні дәстүрге айналған нәрсе. Түркі халықтарының дастандарында «оты мол, суы мол», зорлық, зұлымдық дегенді білмейтін жерлер жайында аңыз аз емес. Солардың Орхон ескерткіштеріндегі Өтукенмен үндестігі кездейсоқ деп қарауға болмайды. Асан Қайғының халыққа жайлы мекен, жақсы қоныс іздеп, жер-дүниені шарлауы туралы әпсана мен қазақ халқының Жиделі-Байсынды жер жәннаты деп қиялмен өсіріп, сағынышты, арман өлкеге айналдыруында Өтукеннің рухы жатыр десек, қателік болмайды. «Алпамыс батыр» жырындағы Жиделі-Байсын суреттерін еске түсірсек, бұған көзіміз жетеді.

Орхон жазулары тек тарихи оқиғалардың баяны емес, онда халықтың бақытты өмір, абат тұрмыс туралы мәңгілік арманы елес бергеніне осы мысалдар дәлел.

Ат таңдап міну. Түркі халықтарының жырларында батырдың ат таңдап мінуіне ерекше мән берілетіні белгілі. «Қобыланды батырда» Тайбурыл қырық күншілік жерге бір-ақ күнде жетеді, ешкімге құрық салдырмаған шұбар ат (Байшұбар) Алпамысты көргенде, бірден жуасиды. Батырдың батыр атанбағы өзіне лайық ат таба білгеніне байланысты болатыны қаһармандық дастанның бәріне тән ортақ сипаты. Міне, осы сарынның ерте заманнан келе жатқанын Орхон ескерткіштері, соның ішінде Күлтегін жазулары кәміл растайды. Тасқа ойылған үзік-үзік мәтіндер арасынан атқа мініп шапқан батырдың тұлғасы танылады. Ең алғашқы соғыста Күлтегін «Тадықан шордың боз атын», екінші жолы «Ышбар Йамтардың боз атын», үшінші кезекте «Йегін Сіліктің «ерттеулі торы атын» мініп шабады; Қырық Аз халқымен үрыста батыр «Байырқүнның ақ айғырына», тағы бір соғыста «алып Шалшының атына», Тоғу қаласында сайыста Азманның атына» (12) мінеді. Тағы бірде Күлтегіннің астындағы аты қаракер болады. Осы мысалдардан Күлтегіннің мінетін аттарының түсі көбінесе ақ немесе боз болып келетінін байқаймыз. Жорыққа шыққанда, әскердің ақбоз ат мінуі түрік қағанаты заманынан бұрын ғұндар дәуірінде қалыптасқан үрдіс екенін, бұл ай жарықта түнделетіп жүрген әскердің мінген аттары дұшпанның көзіне айқындалып көрінбеуі үшін ойлап табылған тәсіл болғанын академик Ә.Марғұлан өзінің ғұндар туралы енбегінде (13) атап өткен болатын. Орхон ескерткіштерінде жүйрік аттың «ер қанаты» болып суреттелуі ежелгі эпостық дәстүрдің мықты бір белгісі демекпіз.

Білге қаған өсиеті. Орхон жазуларында желі тартқан мәселенің бірі -ақылды, білікті басшының мемлекет тағдырындағы орны мен атқарған қызметіне қатысты. Ұлан-ғайыр кеңістікті мекендеп, ғасырлар бойында өз тәуелсіздігі үшін сан алуан жаулармен соғыса, арпалыса жүріп, адамзат тарихында өшпейтін мәдени игіліктер жасаған түркілер ісінің алға басуы қағандардың алдағыны ойлайтын көрегендігіне, елге парасатты көсем, қамқор бола білуіне тікелей байланысты еді. Ал, ел басшылары қарақан басының ғана қамын ойлайтын, дүниенің жылтырағына қызығып, байлыққа көзі тоймайтың жемқор, табансыз, екіжүзді жандар болса, мемлекеттің қисайған жүгі түзелмей, құрдымға бата беретінін, бардың жоқ болып кететінін ертедегі көк түріктің дарынды перзенттері үмытылмастай етіп, тасқа жазып, тарихтың сабағын күллі ақиқатымен айтып кетіпті. Күлтегін, Білге қаған,Тоныкөк сынды данышпандар Түрік кағанатының өрлеген кезінде, қасіретке душар болған тұстарын да келешек буынға шежіре етіп қалдыруы және оны тасқа жаздыруы дүние жүзінің тарихында түрік мәдениетінің озық тұрғанын әйгілейді. Дәл осындай тарихи, мәдени ескерткіштер әлемнің төрт бұрышынан табылмайды десек, артық айтылғандык емес.

Түрік қағандарының әлденеше буыны айналадағы дұшпандармен ғасырлар бойында сұрапыл күрес жүргізіп, ірі жетістіктерге қол жеткізгенін Орхон ескерткіштерінен айқын аңғарамыз. Сонымен қатар заманында ешбір жаудан беті қайтпаған қайсар халықтың әлсіз тұстары болғандығын да тас жазулар баянынан білеміз.

Түрік кағанатының күшін біріктірмей, оны әлсін-әлсін зор шығынға душар еткен қырсықтың бірі — мемлекет ішіндегі алауыздық. Осының кесірінен ата жауға жұмсалатың күш екінің бірінде-ақ өзара тартысқа, бақталастыққа бағытталып, ортақ күш-қуат ыдырай берген. Бұл хал Күлтегін жазуларында: «Бектерінің, халықтарының түзу еместігі үшін, табғаш халқының алдауына иланғаны үшін, өтірігіне көнгендігі үшін, інілі-ағалының дауласқандығы үшін түркі халқы елдігінен жойылды» (14) деп көрсетілген. Күлтегін жазуындағы: «Елді халық едім, елім енді қайда, кімге елдік жасаймын, кағанды халық едім, қағаным қайда? Қай қағанға күш-қуатымды беремін?» (15) деген зарнала сөздер әлемде айбары асқан мемлекеттің ойраны шыққанын көріп, күйінуден туған жаңайқай. Мұны білікті мақсат, ел бірлігі үшін тегеуірінді, дәйекті жұмыстар жүргізілмей, намыссыз жандар билік басына шығып, айбынды елді аяқасты еткеніне ашыну, баққұмар, таққұмар, жетесіз, тексіздердің асыл халықты қор еткендігіне қарата айтылған қарғыс десе де болады. Түркі ұлыстары мен тайпалары күш біріктіріп, аузын арандай ашқан жалмауыз дұшпанға қарсы шығудың орнына өзара қырқысуы қатарынан озып туған не бір есіл ерлердің жігерін құм еткен. Бір ғажабы — бұдан мың жарым жыл бүрынғы түрік бірлігі проблемасы еш заманда да өзінің маңызын жойған емес. Түркі ынтымағының арасына сын таққысы келетіндердің заһарлы, кесапат, жымысқы әрекеттерінің салдарынан туысқан ұлыстарды бір-біріне арандату оқиғалары соңғы кездерге дейін орын алып келгенін де ұмытуға болмайды. Мәселен, бүдан біраз жыл бұрын өзбектер мен қырғыздар, месхеттік түріктер мен өзбектер жанжалын ұйымдастырған қаскүнем күштер алақанын ысқылап, «тағы да кімдерді төбелестірсек екен» деп қолайлы сэтті күтіп жүргені де ақикат. Олар ендігі жерде Қазақстан мен Өзбекстан арасынан бір ілік табылса екен деп күндіз күлкісін, түнде үйқысын бүзып, пәлекет торларын құрып жүргені тіпті де жасырын емес. Түркі республикаларының басшылары сондай арам ниеттілердің түзағына түсуден сақ болуы ләзім. XXI ғасырға қадам қойған түркі елдерінің алдында түрған ең күрделі міндет рухани бірлік деп қазір де қайталап айтамыз.

Бағзы заманнан бері қарай хас жауларымыздың қолданып келген тәсілінің тағы бірі — түркілер арасына бөгде салт-сананы, жат діндер мен нанымдарды тарату, сөйтіп тұтас елдерді іштей іріту, тоздыру болған. Түркі қауымын ұстанып келген дәстүрінен, тілінен, дінінен айыру үшін сыртқы дүшпандар жүйелі бағдарламалар жасап, оларды жүзеге асыруға айла-амалын сарқып пайдаланған. Орхон ескерткіштерінде бұл жағдай да барынша анық тұжырымдалыпты. Дүшпан елдердің «тәтті сөз, асыл қазынасына көп сеніп, түркі халқы өлдің, түркі халқы жойылдың» (16) деген сөздер ешқашан да ұмыт болмауға тиіс. Тастағы жазуларда «түркі халқы жойылдың» деген тіркестер әлденеше рет кездеседі. Бұлар кемеңгер ата-бабалардың кейінгі буынға қалдырған қатаң ескертпесіндей естіледі. Аллаға шүкір, жаулары «құртамын» деп қанша әрекеттенсе де, түркі халқы мүлде жойылып кетпеді. Бірақ, қайта бірлесуі қиындап, жүздеген жылдар бойында күшті мемлекеттердің боданына айналды, басқыншы елдердін миссионерлік саясатының әсерімен өзіне тән қасиет пен құдіреттен алыстай берді. Тек XX ғасырдың акырғы тұсында ғана түркі ұлыстарының бірқатары тәуелсіздік тізгінін қайта ұстады…

Ілгеріде айтылған және басқа мәселелер бізге бұрынғы ата-бабаларымыздың имандай сыры, жан дауысы, кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты болып естіледі. Бұл өсиет сөздердің мәні қазіргі кезде де мысқалдай кеміген жоқ. Еуразияның ұлы кеңістігін жайлаған түркі халықтарының рухани бірлігі, тұтастығы, тіл мәртебесі, діни нанымы сақталуы үшін күрес әлі де көкейкесті проблема болып келеді. Осы күресті жалғастырып, алдағы ұлы мұраттарды жүзеге асыру — бүгінгі және ертеңгі қауымның қасиетті парызы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Айдаров Г. Орхон ескерткіштерінің тексі. — Алматы, 1990, 56-бет.
  2. Алтын Арыг. — Москва, 1988.
  3. Гэсэр. Бурятский героический эпос. М., 1973.
  4. Батырлар жыры, 2-том, Алматы, 1986, 100-бет.
  5. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. А., 1959.
  6. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. 1985.

#Орхон #ескерткіштері #және #эпикалық #дәстүр