Оқушылардың ғылыми-шығармашылық, зерттеушілік ізденісін қалыптастыру.

0


Оқушылардың ғылыми-шығармашылық, зерттеушілік ізденісін қалыптастыру.

Бағыты: Сынып жетекші Бөлімі: Мақала Сыныбы: Барлық сыныптар

Оқушылардың ғылыми-шығармашылық, зерттеушілік ізденісін қалыптастыру. Балаға өз бетімен зерттеуге мүмкіндік туғызған сайын одан әрі жақсы оқи түседі. Питер Клайн. “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының “ басты мақсаты оқушылардың талдау, синтездеу, әрі логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, яғни оқушылардың сабақ бойы ой еңбегімен шұғылдануын қамтамасыз ету, оқушыны ізденуге, өз бетімен қорытынды жасауға үйрету болып отыр. Білім — ел қазынасы, халқымыздың білімділігі еліміздің байлығының ең маңызды бөлігі десек, білімнің негізі мектепте, яғни бар ғылымның бастауы – мектеп, «Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп Елбасы бізге үлкен міндет артып отыр.Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы болатын – ұстаз қолында, сондықтан да біздің басты мақсатымыз – білім сапасын жақсарту. Қазіргі таңда білім берудің әлеуметтік құрылымы маңызды элементтердің біріне айналып отыр. Дүние жүзінде білімнің ролі артып, әр елдің өзіндік білім беру жүйесі тағайындалған. Бірақ, ол әлем халықтарының білім берудегі тәжірибесімен, бағыт-бағдарымен деңгейлес болуы қажет. Қазақстан Республикасындағы үлкен өзгерістердің білім беру саласында қамтылуы маңызды іс-шара болып табылады. Осы орайда білім беруді дамыту тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытудағы маңызды құжат екендігі сөзсіз. Білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру. Қазіргі кезеңде білім беру жүйелерінде қайта құру жүріп жатыр, білім беру жүйелерінің жаңа ұлттық моделі құрылуда. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгілерінің бірі жалпы білім беретін орта мектепте математика ғылымы негізінен берілетін білімді қайта жаңарту болып табылады.Міне, осындай маңызды мәселелерді шешуде жас ұрпақты сапалы да саналы ой еңбегіне тәрбиелеуде математиканың алатын орны ерекше. Қазіргі заман-математика ғылымының өте кең, жан-жақты тараған кезеңі. Ал талапқа сай математикалық білім берудің басты шарты-математикалық мәдениеттіліктің деңгейін көтеру болып табылады. Математика сөзінің өзі грек тілінде білім, ғылым деген мағынаны білдіреді.Олай болса ежелгі заманнан-ақ математикалық білімді ғылымдықтың жоғары дәрежесі ретінде қабылдаған.Математика барлық ғылымдардың логикалық негізі — күре тамыры. Математика ең алдымен оқушылардың дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады, дамытады және шыңдай түседі. Математикалық тілде тілдесу қабілетін, сөз коммуникациясын дамытады. Математика әлемде болып жатқан түрлі құбылыстарды, жаңалықтарды дұрыс қабылдап, түсінуге көмектеседі. Білім беру жүйесінің қайта жаңартылуы баланың шығармашылық дарындылығын тануға және болжам жасауға жаңа көзқарасты талап етуде. Дарынды балаларды тану – нақтылы бір баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ үрдіс. Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес (мысалы сынақтан өткізу). Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет. Дарындылықтың табиғаты шексіз. Осы дарындылық пен шығармашылықты дамытудың түрлі жолдарының ішінде баланың өзіндік зерттеу тәжірибесі ең тиімді болып есептеледі.Зерттеушілік, ізденушілік – бала табиғатына тән құбылыс. Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән дәстүрлі мінез. Педагогикалық үрдісте балалардың дарынын ашуда оқушы мен мұғалімнің ынтымақтастығы қажет. Зерттеу білігі мен дағдысы тек ғылыммен айналысатын адамға ғана емес, сондай-ақ әр адамның түрлі саладағы қызметіне қажет.Оқушының өзіндік зерттеу әрекеті оның өзіндік талабын қанағаттандыруға ықпал етеді. Оқушылар қоршаған ортамен таныса отырып өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйде емес, өзі ашады. Психологтар «зерттеу тәртібін» тұлғаның дамуы мен өзін-өзі дамытуда маңызды деп көрсетеді. Шынында да ізденушілік белсенділігі төмендеген сайын адам қолынан еш нәрсе келмейтін сияқты үрей туғызатын жағдайға тап болуы мүмкін. Сөйтіп, білімге деген ынтасы басылып, нәтижесінде өзінің қабілетін, мүмкіндігін әлдеқайда төмендетіп алуы ғажап емес.Зерттеу ісі қазіргі кезде ғылыми қызметкерлердің белгілі топтарына ғана тән емес, сондай-ақ бүгінгі заман адамының өмір сүру тәсіліне енген, кәсіби шеберлігін танытуда өзіндік көзқарасына сәйкес қызмет болып табылады. Бұл пікірді Абайдың жетінші қара сөзіндегі « Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Екіншісі – көрсем, білсем деп, ер жетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, «ол неге өйтеді?», « бұл неге бүйтеді?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді», — деген ой-тұжырымы растайды. Биік танымдық қабілет, тұрмыс-тіршіліктің сырын ұғуға талпыныс баланың ерте жасынан туындайды екен. Сондықтан оқушыны ізденушілікке баулу бастауыш кластан басталуы тиіс. Өйткені бастауыш класс оқушысының түрлі сөздіктер мен қызықты әдебиеттерді іздеп табуға, оқып танысуға деген құштарлығын басым болады. Баланы ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту бүгінгі білім беру саласының маңызды міндеті болып саналады.Дарынды бала қойылған проблеманы тұтастай көре біліп, оған байланысты болмыс сырларын көптеп шешуге, белгісіз нәрселерге зер салып, қызығады, түсініксіз нәрсені білуге ынтазарлық, түрлі сұрақтарға жауап іздеп, ой әрекетімен шұғылдануға бейім келеді. Дарынды оқушының ізденушілік қасиетін қалыптастыру оқытудың түрлі формалары мен әдістері арқылы жүзеге асырылады.Солардың ішіндегі ең тиімдісі (зерттеуге оқыту)- оқушылардың ғылыми қоғамын ұйымдастыру.Сондықтан мектеп оқушыларының дарындылығын дамыту жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру басты мақсат, ғылыми проблема болып табылады.Жеке тұлғаны дамытып қалыптастыру үшін олардың өзгермелі әрекеттерін айналадағы нақты құбылыстар мен таныс объектілерді зерттеумен байланыстырудың маңызы зор.Тақырыпты таңдағанда «мені не қызықтырады?»-деген сұраққа жауап беру керек.Тек мұғалім оқушыға жоба жаза алатынын және жақсы идеялардың барлығы да жазу кезінде болатынын түсіндіріп, оқушының жазуға деген қызығушылығын арттырса сонда бала зерттеу жұмысын жазуға талпынады. Зерттеу жұмысымен айналысу, шығармашылық жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу қабілетін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға көмектеседі. Оқушыны ғылыми-зерттеу жұмысына қатыстыру үшін алдымен, оны қызықтыра отырып, зерттеу талабын қалыптастыру керек. Яғни оқушы ақпаратты ала білуге, оны басқаларға хабарлай білуге талпынуы тиіс. Ең алдымен оқушыны өздігінен шешім қабылдауға, ақпараттар алуға, оны басқаларға жеткізе білуге үйрету қажет.Қазіргі білім мен тәрбиенің негізгі бағыты-жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру, тұлғаның «Мен» менталитетін қалыптастыру, өзін-өзі тану, өзін-өзі дамыту мәселесінің айналасында болып отыр. Расында да, тұлғаға дұрыс бағыт беру, даму, қалыптасу аймағына енгізу, өз белсенділіктерін туғызу, өзін-өзі тәрбиелеу іс-әрекеттерін ықпал ету-ұстаздар алдындағы жауапты міндет.Осы үрдістегі мұғалімнің ролін төмендегіше саралауға болады:- диагностикалық жұмыстар арқылы психологпен бірлесе отырып, ғылымға икемді, дарынды балаларды анықтау;- тәрбие жұмыстары арқылы оқушылардың ғылымға деген жағымдыкөзқарасын қалыптастыруға түрткі жасау;- танымдық белсенділіктерін дамыту үрдісінен іздену. Оқушылардың танымдық белсенділіктерін қалыптастыру – оларды ғылыми-ізденіс аймағына енгізудің басты жолы.Оқушылардың ғылыми қоғамы мұғалімдермен бірлесе отырып, балалардың ынтасы, қабілеттерін ескеріп, өз қалауларына жол ашып, іздену, зерттеу тақырыптарын алуды ұйымдастыру, ғалымдармен тікелей байланыса отырып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуі керек. Оқушыларды ғылыми ізденіске баулу мақсатында «Мен-зерттеушімін» , «Мен — жобалаушымын» деген дәптер арнату. Дәптерге оқушылар ғылым әлеміне енудің түрлі жолдарын жазады, ұлы ғалымдар еңбегі, өмірінен мәліметтер береді. Оның маңызы оқушыларға практикалық та, теориялық та көмек бере алатынында. Ол әр баланың алдында жатады. «Мен-зерттеушімін» тақырыбында оқушылармен «дөңгелек стол», әңгімелер өткізуге болады. Алғашқы әңгімелерде «ғылыми жұмыстардың түрлері» сөз болады. Бұл жұмыстың тиімділігі оқушылардың ғылым туралы ұғымдарын кеңейтуге ықпал етіп, іздену, зерттеу жұмыстарының түрлерімен таныстырады.


Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.