Оқушыларды сәндік қолөнерінің түрлерімен таныстыра отырып, шығармашылықтарын дамыту
Егемен еліміздің болашағы – білім беру жүйесі мен мектептерге байланысты. Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңында “Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға, кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, еңбек нарығында бәсекелесуге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру” деп көрсетілген.
Халық ортасы сәндік – қолданбалы өнердің қайнар көзі. Оқушылармен жұмыс барысында сәндік – қолданбалы өнердің жалпы сипаттамасы және оның басқа өнер түрлерінен айырмашылығы, өзінің ерекшелігі туралы түсінік қалыптастырып, халықтық сәндік өнердің негізгі көркемдік тілі, бейнелеуші құралдары, қолданбалы бұйымды жасау мен әшекейлеудің негізгі көркемдік принципі туралы жүйелі түсінік берілуі тиіс.
Жұмыс барысында қазақтың киіз үйі, ою – өрнек және оның кең тараған негізгі түрлерімен, символдық белгілерімен, бояу түстерімен, ағаштан жасалатын сандық, кебеже, қобдиша, ағашты өңдеу арқылы жасалатын ағаш қасық, тостаған, ожау бұйымдарымен таныстырып, оларды жасау және әшекейлеу жолдарын үйрету. Сонымен қатар музыкалық аспаптар туралы түсінік беріп, шеберлік сабақтарында домбыраның құрлысы және оның жасалу жолымен таныстырдым. Қазақ халқының тұрмысында кеңінен қолданылған теріден жасалған торсық, кесеқап, сәндік белдіктер және оларды ою – өрнекпен әшекейлеу әдістерін үйретіп, ер – тұрман, қамшы, жүген, ноқта сияқты ат әбзелдері түрлермен таныстырдым. Әр сабақта оқушылардың қабылдау мүмкіндігіне сәйкес эстетикалық тұрғыдан сапасы мен тәрбиелік мәні құнды сәндік өнер туындыларының суреттері мен слайдтарын тақырып мазмұнымен үйлесімді түрде пайдалану. Сәндік – қолданбалы өнер туындыларын қабылдау сабақтарын әңгіме, сұрақ – жауап, оқушылардың өнер шығармаларын өз бетінше талдай, зерттей білу, өз ойлары мен әсерлерін тұжырымдап айта білу дағдыларын дамытуға бағытталған практикалық жұмыс түрлерін ұйымдастыру арқылы жүргізу.
Білімді жан – жақты тәрбиелеп, қабілетті жастар ұлтымыздың баға жетпес қазынасы, сондықтан жастарды қабілетті азамат етіп өсіруде халық қолөнерінің тәлім — тәрбиелік, білім – танымдық рөлі орасан зор.
Соның ішінде ағашты өңдеу, әрлеу және одан бұйымдар жасау әдістеріне тоқтала кетпекпін. Ағаш – адам баласы жер бетінде пайда болған кезде алғаш тұтынған материалдардың бірі болып саналады. Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап өскен заманында біздің күнделікті өмірімізде ағаштың алатын орны зор.
Дүние жүзінің көптеген халықтары ағашты киелі санаған. Африка елдерінде ағашты жықпастан бұрын түбіне пальманың майын құяды екен. Поляктар жай соққан ағашты, өзегі бар қарағайды құрылысқа пайдаланбайды. Орыс шаруаларында жөке ағашын қиған адам орманда адасып кетеді деген сенім болған. Сол сияқты қазақта да ағашты артық қиюға тыйым салатын ырымдар болған.
Осыдан барып ерте кезден — ақ адамзат санасында экологиялық тепе — теңдікті сақтауға ұмтылушылық, табиғатты аялау, қорғау сияқты ізгі ниет болғандығын байқаймыз.
Бұрын қолөнер шеберлігіне қажетті ағаштың бәрін ұсталар тікелей өз қолымен даярлаған. Өз маусымында кескен, мезгелінде кептірген.
Ұсталар ағаш кесу жұмыстарына ара мен балтаны, шабу ісіне түрлі шоттарды, тегістеу үшін үстірікті, қырғыны, жоңғыны, түрпіні, ойып өрнек салу үшін пышақты, қашауды, тесу үшін бұрғы мен үскіні пайдаланған. Қазіргі заманда ағаш өңдеу механикаланған. Механикаланған құрал — сайманға электр ара, электр сүргі, электр бұрғы, электрлік және пневматикалық ажарлау аспаптары жатады. Жинақталған кескіш бәкілермен қатар метрлік өлшегіш, сызғыш, деңгейлік рейсмус деп аталатын өлшеу — белгілеу аспаптары да, ұста балғасы, ағаш балға, қысқыш, тістеуік, егеу, қашау тәрізді көмекші аспаптар да қажет.
Енді ағаш оюға тоқталсақ, оның бірнеше тәсілдері бар. Бедерлеп ою деп тегіс тақтаның бетіне өрнек салуды, шығыңқы етіп мүсіндік бейнелерді жартылай көлемімен мүсіндеуді, яғни ағашқа бедерленетін барельефті атауға болады. Жұмырлап ою ағаш ұқсату шеберлігінің ең күрделі түрінің бірі болып саналады. Мөлтек ағаштан тұтас шабылатын келі – келсап, аяқ – табақ, ожау сияқтыларды жасау тәсілін жұмырлап оюға жатқызамыз.
Бедерлеп оюдың өзін орындалу әдіс – тәсіліне қарай тарқатуға келеді. Егер тақтаға қашау ізін тік салсаң қиып ою деп, қашау жүзін көлбеу салып нұқи ойсаң кертіп ою деп аталады. Ағаш оюға кірісу үшін не жағдай керектігіне тоқталсақ шеберхана температурасы тұрақты, жел соқпайтын ауасы ылғалссыз, құрғақ болуы керек. Ағаш оюға жарықтың да әсері бар. Жарық ағаш оятын орынға қарсыдан не сол жақтан түсуі тиіс. Сонымен қатар арнайы үстел ( верстак) болғаны жөн. Егер қарапайым үстел болса, ойып жатқан тақтай сырғып кетпеуі үшін арнайы тежегіштерді пайдалану керек.
Өткір құралдармен жұмыс істегенде қауіпсіздік ережелерін орындаған жөн. Бедерлеп ою қолдың күшімен жасалатындықтан, бос қолды пышақ жүзі жүретін бағытқа апаруға болмайды. Ағашты әрлеу жұмыстарына келетін болсақ, кейбір өрнектер бірінен бірі саусақ бойы тереңдікте бөлектеніп тұратындықтан, оюларды даралап, сәнді көрінеді де, бояп әрлеуді қажет етпейді.
Ағашты әрлеудің лактау, эмалдау, жалатпалау тәрізді тәсілдері бар. Оюлы ағаш өңін өзгерту, ылғалға шыдамдылығын арттыру үшін морилка тәрізді дайын бояғыштарды, майлы бояуды қолдануға болады. Жоса, қына, томар бояуы тәрізді табиғи бояуларды да қолдануға болады. Шеберге бояу үйлесімділігін сақтай отырып, құнды шығарма жасау үшін көп еңбектену қажет.
Қолөнер дегеніміз – кәсіптің бірі. Ал, кәсіпшілік ол адамзаттың тіршілік көзі. Мектеп қабырғасында қолөнердің бастауынан нәр алған жастар болса, өмірде өз орнын таба алады.
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы,
Қоныстану селосы, Жаңашаруа қазақ орта мектебі.
бейнелеу өнері және технология пәні мұғалімі
Балмуханов Нурболат Кобланович