Омар Қарашұлы өмірбаяны | туралы қазақша

0
83

Омардың өмір тарихын білетін адамнан біздің қолымызға түскен, онымен елдес Қалел Есенбайұлы деген жолдас: ол жолдаспен сөйлескенде, Омардың жалпы өмір желісін білгенмен, басынан кешірген күндерінің мезгілдерін, əсіресе, туған жылын анықтап айта алмады. Сондықтан Омардың өмір тарихын біз бұл жазып отырған ақындарымыздың ішіндегі ең аз мəліметтісі деп санаймыз. Қалел айтқан мəлімет былай:

Омар, шамасы, 1876 жылдары туған. Туған жері бұрынғы Бөкей ордасы, Тал өкпе кесімі (кесім қазақша бөлім деген сөз. Бұрынғы кіші жүздің ел билеу жөнінде өзге Қазақстаннан өзгешелігі болған ғой. Сол өзгешелік бойынша, Бөкей ордасы төңкеріске шейін 7 кесімге ауданға бөлінген. Əр бір кесімде бірнеше болыс, əр болыста бірнеше ауылнай болатын болған. Кесім дегені осы), бірінші болыс. Қырық құдық деген жерде. Руы қазақ емес. Бөкей ордасында баяғы он сан ноғай дейтін елден біраз ноғайлар қалған. Ол ноғайлар қазіргі татар емес, одан баска түріктің бір бұтағы. Қазір ол ноғайлар ноғайлық салтын жойып, қазақ боп кеткен. Осы күні олар өздерін ноғай қазақ деп атайды. Омар осы ноғайлы руынан. Омардың əкесі Қараш момын шаруа адам болса керек, бірақ аталары, ауылы ноғайлының ішінде беделді, белді ата дейді. Омардың əкесі жасында өледі. Бір əкеден Сыдық, Құспан, Омар деген үш ағайынды жігіт қалады.

Бөкей елінің ішінде, беріш дейтін руда Құмар қалпе Жазықұлы дейтін ескіше оқымысты бір адам болады. Омар осы Құмар қалпеден сауатын ашып, оқу оқиды. Бұл молдадан сауаты ашылғаннан кейін, қазақ қаласының маңында Қашқар дейтін татар поселкесінде медресе ашқан Ысмағұл деген татардың молдасынан барып оқиды. Бұл молда сол кездегі қадымшілердің ішіндегі Смағұл Қашқари атанған атақты молданың біреуі болады.

Смағұлдан біраз оқыған соң, Омар бұрынғы Орал облысы, Жалпақтал (слами хин) деген қалада медресе ашқан Ғұбайдулла Ғаликеев деген атақты Ишанның шəкірті, əрі мүриті болады. Ишан Омарға біраздан кейін ершəт (диплом есебінде) қағаз беріп, ишандық құруға рұқсат береді. Содан кейін, Омар ауылына келіп, мешіт салдырып, ишандық құрады. Бөкей ордасы ол кезде Уфа қаласындағы духовный собранияға бағынады екен (дін жөнінен). Омар ел атынан духовный собранияға указной молда боп сайланып, имам қатип (əрі оқытушы, əрі үгітші молда деген сөз) боп белгіленеді. Осы қалыппен 1905 жылға шейін келеді.

1905 жылдары Омардың пікіріне үлкен өзгеріс туады. Бұл өзгеріске себеп, 1905 жылы болатын төңкеріс. Бұл төңкерістен Омар хабардар болады. Өйткені ишан болғанмен Омар құлшылықтан басқаны білмейтін ишан болмайды. Ол араптың, түріктің газет-жорналдарын оқумен қатар, татар тілінде шығатын «Уақыт», «Таржыман» сықылды газеттерді оқиды, 1905 жылдың ұрандарына ол осы газеттер арқылы түсінеді. Бұл бір.

Екінші, Омар «Өрнек» деген кітабында, өзіне ишандық жолының қателігін түсіндірген бір адамға алғыс айтады. Осы адамы Қалелдің айтуында, кəдімгі атақты Жəңгерей Бөкейұлы болады. Бөкейұлы Бөкей ханның барлық немерелері сықылды Саратовтағы кадетский корпусты бітірген, ғылымнан хабары мол адам екен. Сол кісі Омарды ғылым жолына түсіруге үлкен көмектеседі.

Осындай өзгерістерге жолыққан Омар, ең алдымен, мешітінің касынан орысша школ ашады. Мұсылманша оқуды жəдит жолына түсіреді. Мешітте сөйлейтін уағыздарын қазақ тілімен сөйлеп, уағыздың өзін ұлтшылдыққа айналдырып жібереді. «Ассалату уассаланың» орнына қазақтың отардағы үйден босануын, білімге ұмтылуын сөйлей бастайды. Сонымен елдегі ишан молдалар оны жек көре бастайды. Осы кезден бастап Омар көркем əдебиетпен айналысады. Ең алғаш татар баспа сөздеріне жазып жүреді де, артынан «Қарлығаш» дейтін өлеңдер жинағын шығарып, одан кейін: «Өрнек», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Тумыш» деген кітаптар шығарады. «Шайыр», «Көксілдер» деген халық əдебиет жинағын бастырады. Бірнеше пəлсафа мақалалар жазады. Осы бағытпен ол төңкеріске шейін келеді.

Төңкеріс артынан елі оны Уфадағы муфтиге қази ғып сайлайды. Сол қазылықпен жүріп ол 1917 жылы Орынборда ашылатын алашорданың съезіне кеп, алашорданың үкімет молдасының біреуі болады. Осы кезде бір жағынан «Қазақ» газетіне, бір жағынан Бөкей ордасында шығатын «Ұран» газетіне жазып жүреді. «Тұрымтай» атты төңкеріске қарсы өлеңдер жинағын шығарды.

1918 жылдың басынан Бөкейде кеңес үкіметі орнай бастайды. Бұл кезде Омар біраз еліне барып жатады да, 1918 жылдың сентябрінде кеңес ісіне араласады. «Ұранның» орнына шыққан «Дұрыстық жолы» дейтін газет пен «Мұғалім» деген жорналдың коллегиясында қызмет істейді. Соларда бірнеше өлең, əңгімелер жазады.

1919 жылдың ішінде торыққандығы ма, басқа себебі бар ма, қаладан кетеді де, еліне барады. Қалелдің айтуынша, Омар өз елінде Нұрғали дейтін бір атақты байдың көп тоқалының біреуі Жаманқыз деген адамға ғашық болады. Елге кеткен бас себебі осы еді дейді. Əрине, ол бас себеп емес қой. Негізінде онда қажығандық, наразылық болған. 1919 жылы ол коммунист партиясына кірген. Елге кеткенде коммунист екен. Сонымен жұмысқа тиіп-қашып істеп жүргенде 1921 жылы жазғытұрым Малайөзен деген қаладан шыққан бандылар Омарды үйінде қылышпен шапқылап өлтіріп кеткен. Омардың бізде бар мəліметі осы.

Омар 1927 жылы өлді. Ол көңілін, тірі болса бұдан ілгері көтерер ме еді. Болмаса бұдан да төмендетер ме еді? Бізге ол арасы қараңғы. Бірақ біздің қолға түскен материалға қарағанда, февраль құларда төмендеген көңілін Омар Қазақстан үкіметі құрылып, қазақ еңбекшілері теңдік алып, Омардың өзі партияға кіргенде де күте алған жоқ сықылды.

Омардың бізде бар шығармалары осылар-ақ болды. Оның «Қарлығаш», «Қырғи», «Тумыш» дейтін шығармалары (кітаптары) қолға қанша іздегенімізбен түспеді. Оларды түсіргенде, Омар туралы берген мəліметіміз толығырақ болар еді. Əйткенмен олардың негізгі сарындары біз көрсеткен шығармадағылар. Сондықтан шамалы түрде Омарды тануға осылар да жарайды-ау дейміз. Толықтыруды алдағы өмір тағы да көрсетеді.

#Омар #Қарашұлы #өмірбаяны