Өлең: Жамбыл Жабаев (Амангелді тойына)

0

Өлең: Жамбыл Жабаев (Амангелді тойына) казакша Өлең: Жамбыл Жабаев (Амангелді тойына) на казахском языке

Өлеңді айт дегенде ағылтқанмын,
Жүйріктей домбырамды сабылтқанмын.
Ел сүйген, еңіреп туған ерді мақтап,
Тынысын дұшпанымның тарылтқанмын.
Ойлансам сөзім шежіре, қиял желі,
Өтеді көз алдымнан тарих белі.
Толғанса батырлардың батыл ісін,
Қомданад сонда Жамбыл сөйлегелі.
Ардагер Амангелді ердің ері,
Кең өріс, жалпақ дала туған жері.
Елі мен мекенінің туын ұстап,
Қол бастап қан майданда аққан тері.
Ленинді жаны сүйіп соңына ерген,
Жауына ажал оғын тартқан мерген.
Шешеден ел қамқоры ұл боп туып,
Ер болып майданда да ұл боп өлген.
Қазасы батырымның жұртты еңіреткен,
Ол кезде Жамбылдың да жасын төккен,
Бұл күнде ер еңбегін қошеметтеп,
Шертемін жеңіс жырын мен де көппен.
Өлген жоқ, Амангелді әлі тірі,
Әнеки ілулі тур ақ семсері;
Орнатып, ол көксеген арманды ойын,
Мен де шат, рахаттанған қарттың бірі
Батыр бол, балаларым бәрің дағы,
Taп берген дұшпан иттің сынсын сағы.
Семсерін Амангелді тот баспасын!
Ел қорға, ұлы күннің туса шағы

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!