Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы («Адамның еркі қайда?» деп ақылдан сұрағаным) » ZHARAR
Қорғаным –
Жалғыз сен‚ ақыл,
Жүрегiм‚
Тiлегiм –
Шын менен мақұл.
Ақыл үшiн құрбан барлығым‚
Анық ұқсам жарлығын.
Налындым‚
Жалындым
Шиенi шеш‚
Еркiм‚ емiн тап‚ ойымды аш‚
Дертiм бас.
Жазамды кеш.
Рахым етiп‚
Менi аяп.
Бар ма еркiм‚
Сол дертiм.
Жетекшiм – себеп‚
Тым күштi ол‚
Бермес жол билеттiм деп.
Туғызған‚
Сол айдап
Жүргiзген.
Әр өмiрге
Кiргiзген.
Жылатқан‚
Уатқан‚
Қуантқан‚
Құлатқан да сол.
Ерiк қайда‚
Не пайда,
Жұлқынсам да табылар ма еркiн жол?
Жүрмек те,
Өлмек те,
Тумақ та сонан.
Кiм көнбес,
Кез келмес,
Салмақта‚ ойлан.
Себебi жоқ бiр iс қайда бар?
Бәрi соған байланар.
Ерiк жоқ,
Атқан оқ,
Бiр мен емес, барша әлемге жол.
Ойға да,
Бойға да
Еркiн бермес,
Неге осынша күштi сол?
Ойласам,
Барша адам –
Суға аққан дөңбек.
Себепке,
Кезекке
Тамам жан көнбек.
Әлсiз бен күш тағы себептен,
Кiм құтылар кезектен?
Жақсылық,
Жамандық,
Бәрiн себеп билеп алған зат.
«Мен бiлдiм,
Iс қылдым
Өзiм билеп» дегенiмiз, тiптi, ұят!
Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!
Дереккөз: zharar.com