Өлең: Қадыр Мырза Али (Моцарт пен Сальери) » ZHARAR

0

Өлең: Қадыр Мырза Али (Моцарт пен Сальери) казакша Өлең: Қадыр Мырза Али (Моцарт пен Сальери) на казахском языке

Сұмдығымен дүниені қараң ғып,
Сальериді жаратыпты сараңдық.
Алдап-сулап,
Ағыл-тегіл дарынның
Асты-үстіне түсіп отыр арамдық.
Жылы сөзге келген ылғи жарымай
Жүрегі пәк аңқылдаған дарын-ай!
Уға толы зұлымдықтың алдында
Қойды-ау саған сақтық деген дарымай!
Көрінгенмен ойлаған боп ел қамын,
Көмейінде Сальеридің жалған үн.
Сәл тамызып шарабына Моцарттың
Қойынына тықты удың қалғанын.
Сол уменен бірге жұтып ажалын,
Моцарт жанын кернеп кетті азалы үн.
Аз алы үнді ойнады да
Аһ!— деді,
Ah!—дегенде шықты ауыздан ақ жалын.
Ақиқат бар адам айтса сенгісіз,
Анығына жете алмайсыз енді Сіз.
Қанша жанды Сальерилер улады,
Қанша Моцарт өлді осылай?
Белгісіз!
Ең ғажабы — сұлулыққа таңдану,
Ең жаманы адамдардан алдану,
Қай залымның қалтасында жүр екен
Сальериден қалған у?!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Дереккөз: zharar.com